Суббота , 19 апреля 2025

АҚ  ЖОЛ ТІЛЕЙМІН!

  • Жарыққа шыққанына ширек ғасыр толатын «ДАТ»-пен таныстығыма, оның оқырманы болғаныма да осынша уақыттың жүзі болды.

Оның екі себебі бар. Бір жағы – ең алғашқы санынан бастап шығарып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, үзіліссіз шыдап, адалдық танытып келе жатқан басылымның бас редакторы Ермұрат інімізбен бір кездері Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде біраз жылдар қызметтес болдық. Екінші жағынан – газеттің мазмұндылығы, тереңдігі, көпшілік қауымның көкейіндегіні дөп басатын өткірлігі, өзектілігі достастырды.

Мен қарапайым, қатардағы оқырманы ретінде «ДАТ» газетін, редакция ұжымын басылымның 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық жетістіктер тілеймін! Көпшіліктің көкейіндегі өзекті мәселелерді көтере беріңіздер, қаламдарыңыз мұқалмасын! Еліміз, мемлекетіміз осындай тәуелсіз, оппозициялық газеттерді де өгейсітпей, қудаламай, басқа басылымдармен бірдей деңгейде оқуға мүмкіндік берер заманға жетсе деген тілегім бар.

Оған, әрине, сіздердің газеттеріңіздің қосып келе жатқан, әлі де қосатын үлестері ерекше мол. Бұған дәлел ретінде өзімнің жеке архивімде сақталған кейбір номерлерінің суреттерін жолдап отырмын (өзіме өте ұнаған сандарын сақтап қоятын әдетім бар). Мәселен, «СолДАТ»тың 1999 жылғы қазан айында шыққан 15-номерінде «Қазақи биліктің мазақи демократиясы» деген айдармен сол кездегі ҚР парламенті мәжілісі сайлауының қалай өтіп жатқаны жайлы «депутаттардың сайланып емес, биліктің пәрменімен тағайындалып жатқандығы» нақты дәлелдермен ашына жазылған.

2005 жылғы 15 қыркүйектегі 36-санында («Жұма-Таймс» газетінде) «Швейцария банктерінде бұғатталған Қазақстанның ақшасын қалай қайтару керек?» деген бүгінге дейін өзекті болып келе жатқан тақырып көтерілген. Жармахан Тұяқбайдың («Бедность народа – порок власти»), Серікболсын Әбділдиннің («Пятая ходка во власть»), Әкежан Қажыгелдиннің («Вместе мы победим») өткір мақалалары жарияланған.

Құрметті редакция! «ДАТ» жобасының мерейтойымен  құттықтай отырып, осымен екінші рет (1999 жылы сайлауға түсіп, өңірлік биліктің «көмегімен» дауыс пайызы «жетпеген» еді) парламент мәжілісінің додасына түсіп отырған басшыларыңыз, әріптес ініміз Ермұрат Бапиға бұл жолы сәттілік, ақ жол тілейміз!

Айтмұхамбет ҚАСЫМҰЛЫ, фотосы сенің уатсабыңда.

журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты,  

Өскемен қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн