Қадірлі ағайын! Арман Шораевтың «ДАТ» газетіндегі сұхбатында айтылған мәселелерге шамам жеткенше жауап беруге тырысып, осы хатты жолдап отырмын. Біздің ұлттық мұрамыздың ең басты қамқоршысы да, оны ілгері сүйреуші де – халық екені даусыз. Сондықтан қазақ күресіне қатысты біраз жағдайды көпшілік біле жүрсін деп, осы мақаланы жарияға ұсынып отырмын.
Қазақ күресінің кейінгі 20 жылда қаншама биікке көтерілгенін көпшілік жақсы біледі. Ұлттық күресіміз өзінің алғашқы тарихи жеңісіне сонау 2004 жылдың мамыр айында Германияның Берлин қаласында өткен Бүкіләлемдік қазақ құрылтайында жеткен еді. Сол бір алқалы жиында 16 мемлекеттен келген қонақтар үлкен стадионда қазақ күресін тамашалап, бір жасап қалған еді. Сондай-ақ сол жиында ұлттық күресімізді дамыту, әлемдік деңгейге көтеру мақсатында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы (әрі қарай – ДҚКФ) құрылып, мені бірауыздан федерация президенті етіп сайлаған еді. Содан білекті түрініп тастап, қазақ күресінің өрлеуіне жан-тәніммен кірістім.
Кезінде өзім де күрестім, Қазақстанның түйе балуаны болдым. Ендеше жанымдай жақсы көретін ұлттық мұра үшін аянып қалатын жайым жоқ еді. Сондықтан қазақ күресін әлемге таныту үшін алдыма нақты мақсат қойдым. Бұл істе марқұм Бауыржан Жаналин бастаған бір топ азамат маған сүйеу, ақылшы, жәрдемші болды. Аллаға шүкір, сол азаматтармен тізе қоса, талмай жасаған еңбек, аянбай төккен тердің арқасында қазақ күресі бүгінде бірталай биікке көтеріліп, төрт құрлықтың ондаған мемлекеті танитын дәрежеге жетті.
Ал, Арман інім, «Өкпеден соққан жел жаман» демекші, барды жоққа шығарып, жылдар бойы жасалған қыруар шаруаны елемеу – ер-азаматқа жараспайтын қылық. «Қазақ күресінің насихаты аз болды, телеарналардан көрсетілуі көңілден шықпады» дейсіз. Сіз республикадағы білдей бір белді телеарнаны басқарған адамсыз. Басқа біреу айтса – бір басқа, телеарналардың ішкі шаруашылығын жақсы білетін сіздей адам ақпарат айдынында көрсетіліп жатқан қазақ күресіндегі басты жаңалықтарды көрмедім дегеніңіз ақылға сыймайды.
Ал БАҚ-тағы насихаты туралы дәлел керек болса, жілік майын шағып беруге дайынмын. Мысалы, әрбір дүбірлі чемпионаттың алдында көрермендерге «Qаzsроrт», «Алматы», «СТВ» секілді телеарналардан үздіксіз жарнамасын қолымыздан келгенше беріп тұрдық. Сонымен қатар ұлттық күрес жарыстары мен іс-шаралары көптеген газет, журнал, сайттарда толассыз жазылып тарқатылып, таратылып жатты. Және біз «Kazakh kuresh» атты мағыналы да мазмұнды журналды қазақ және ағылшын тілінде үзбей шығардық. Сол журнал шетелдердегі федерациялардың барлығына түгелдей таратылып отырды. Қысқасы, айта берсем, қазақ күресінің жеткен жетістігі ақпарат құралдары арқылы атойлатып беріліп отырғаны бір Аллаға аян.
Сонымен бірге сіз «әлемде 46 федерация ашқаны туралы мөрі болса көрсетсін» депсіз. Дәлел керек болса, оны да тайға таңба басқандай қылып айтып берейін. Біріншіден, қазақ күресін әлем аренасына шығарып, оны дамыту жолында 7 әлем чемпионаты, 5 әлем кубогы, 11 Азия, 4 Еуропа, 2 рет Панамерика және Африка чемпионаттары өтіп, төл күресіміз әлемнің бірнеше мемлекеттерінде салтанат құрды. Осы жарыстардың қатарына Еуропалық спорт ойындарын, Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын, Жастар арасындағы әлем чемпионатын қосуға болады. Сонымен қатар Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының мұрындық болуымен елімізде Бақытжан Жаңбырбаевтың жарысы, Ырғызбай Досқанұлы атындағы халықаралық «Гран-при» турнирі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Осы аламандардың дүниеге келуіне және жүйелі өтуіне басқа емес, біздер мұрындық болдық.
2015 жылы Біріккен күрес әлемінің (UWW) Стамбулда өткен алқалы жиынында ДҚКФ-ның жұмысы жоғары бағаланып, біздің ұлттық күресіміз 2017 жылғы жабық кешенде өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енетіні салтанатты түрде жарияланды. Азия қазақ күресі федерациясының президенті Марат Шәмшінұров елге оралған бойда сүйіншілеген хабарды үлкен жиын үстінде Арман Шораевқа жеткізеді. Арман дүйім жұрттың көзінше қуанудың орнына: «Бұл өтірік ақпар» деп, Мараттың намысына тиеді.
Арман ашуланды екен деп, басталған іс тоқтап қалған жоқ. Көп жылғы табанды еңбек пен қажырлы ізденістің арқасында ұлттық күресіміз Ашхабадта жабық кешенде өткен Азия ойындарының бағдарламасына енді. Егер 2005 жылы алғашқы Азия чемпионатын, 2006 жылы бірінші Әлем чемпионатын атқарып, одан бергі кезеңде төрт құрлықты дүбірге бөлеген ірі жарыстарды ұйымдастырмағанда, 2017 жылғы жабық кешендегі Азия ойындарына қолымыз жетпеген болар еді. Білген адамға бұл – ұлттық күресіміздің тарихи жеңісі болатын.
Ал Арман парасатты азамат болса, ДҚКФ-ның осы жетістігіне әділ бағасын берген болар еді. Өкінішке қарай, бұл жігіт біздің ісімізден тек кемшілік іздеуден жалығар емес. Ақиқатын айтсам, Шораевты Республикалық федерация басшысы қызметіне шақырған мен едім. Басында тәп-тәуір жүрген адам уақыт өте құбылып сала берді.
Иә, Арман Шораев ДҚКФ туралы тек сын айтуға құмар. Ол 2016 жылы Эфиопияда ЮНЕСКО-ның кезекті 11-сессиясы өтіп, сол жиында 17 мемлекеттің бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде қазақ күресі аталмыш беделді ұйымның материалдық емес, мәдени мұра тізіміне кіргенін жақсы біледі. Бірақ ол ДҚКФ-ның бұл табысы туралы да айтқысы келмейді. Эфиопиядағы сол жауапты жиынға қазақ ұлттық күресі туралы 30 минуттық мағыналы-мазмұнды деректі фильм жасап апардық. Фильм көрермендердің ықыласына бөленіп, жақсы бағаланды.
Сонымен бірге 2010 жылы Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында ЮНЕСКО қолдауымен ашылған Дүниежүзілік жекпе-жек өнерлері қауымдастығының (WoMAU) ауқымды жиыны өтіп, бірнеше мемлекет өздерінің ұлттық жекпе-жектерін осы ұйымға тіркеуге ұсыныс жасаған болатын. Негізі бұл жиынға әлемнің әр түкпірінен 30-ға жуық мемлекет қатысуға өтініш білдіріпті. Бірақ 30 елдің арасынан 4 елдің ұлттық күресі ерекше қаралды да, мойны озық «төрттіктен» қазақ күресі озып шығып, жоғарыдағы дүниежүзілік қауымдастыққа мүше болды.
Арман інім, басқасын айтпағанда, осы екі жеңісті олжалау үшін біздің қаншама бейнет кешкенімізді, қаншама ізденіске түскенімізді өзін зиялы әрі іскер азамат санайтын адам білсе, бағаласа керек еді. Өкінішке қарай, Арманнан ондай ірілік байқалатын емес. Біз Шораевтың мақтауына, бағасына зәру емеспіз. Әр істің дұрыс-бұрыстығына уақыт төреші, әділін халық айтады.
Арман Шораев мұнымен шектелмей, ДҚКФ ұйымдастырған әлем және Азия чемпионаттарын өзінің көңіл ауанымен, пендешілігімен жоққа шығарғысы келеді. Оу, Арман, ДҚКФ-ның барлық қызметкерлері сауатсыз, бәрі алаяқ дегіңіз келе ме?! Әлде біздің жарыстарымызға бас-көз жоқ, еш негізсіз келе салатын шетелдердегі әріптестер де сонша көрсоқыр болғаны ма?! Олар бізді мойындап, жарыстарымызға келуі үшін, біздер әуелі бірнеше мемлекетте семинарлар, таныстыру сабақтарын, жаттығу жиындарын ұйымдастырдық. Сосын барып федерациялар аштық. Қазақ күресінің ағылшын тіліндегі әдістемелік кітапшаларын, видеоматериалдарын көрсетіп, тегін тараттық. Бұған қоса, барған жерімізде ұлттық күрестің киімін сыйға бердік. Әр мемлекетке өз қаржымызбен мамандар жіберіп, ұлттық күресті насихаттаумен қатар, жергілікті бапкерлерге қазақ күресінің ережесі мен әдістерін үйреттік. Бұл қазір айтуға оңай. Ал осы сырт көзге елене бермейтін өте ауқымды әрі өте маңызды жұмыстарды атқару үшін, біраз жыл талмай еңбектене жүріп, қомақты қаржы, көп күш-қуат жұмсадық. Сіз болсаңыз, осының бәрін жоққа шығарғыңыз келеді.
Ал енді сіздер заңсыз деп есептейтін ресми чемпионаттарға келейік. ДҚКФ 2010 жылы бұрынғы FILA, қазіргі Біріккен күрес әлеміне (UWW) толықтай мүше болғаннан бері әлемдік деңгейдегі қандай да бір аламан жарыстардың бәрін айтулы ұйыммен бірлесе ұйымдастырып келдік. Осы жерде сол кездегі FILA президенті Рафаэл Мартинетти Астанадағы әлем чемпионатына арнайы келіп, ДҚКФ-ны FILA құрамына қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл қадамның сәтті болуына сол кездегі туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов белсене атсалысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рафаэл Мартинеттиді қазақ күресіне жасаған қамқорлығы үшін «Достық» орденімен марапаттады. Содан бастап қазақ күресінің әлемдік деңгейдегі әрбір бәсекесі әуелі FILA, сосын UWW кестесіне орай өткізіліп отырды. FILA-ға кіргеннен кейін бізге Еуропа, Америка, Африка чемпионаттарын, кубоктарын ұйымдастыруға жол ашылды. Осы жерде барлық жарыстардың UWW мамандарының қадағалауымен өткенін де айта кетейік. Арман інім, бұл сөзімізге де сенбесеңіз, онда UWW бас хатшысы Мишель Дюссон мырза қол қойған мына құжатқа назар салыңыз.
- «Уважаемый господин!
United World Wrestling, в которой насчитывается 180 федерации и 30 ассоциированных федераций, настоящим подтверждает, что «Всемирная Федерация Қазақ Күресі», расположенный по адресу Богенбай Батыр, 5. 10000. Астана, Казахстан, во главе с его президентом г-ном Исламом Абишевым, официально связана с нами в соответствии с нашей Конституцией и выплатила ее членский взнос за 2017 год. Следовательно, «Всемирная Федерация Қазақ Қүресі» является единственным признанным международным органом, управляющим Қазақ Күресі.
Искренне Ваш, Мишель Дюссон, Генеральный секретарь Объединенной Мировой Борьбы».
Бұл құжат ДҚКФ ұйымдастырып келген ресми чемпионаттары UWW тарапынан мойындалып, халықаралық талаптарға сай екенін білдіреді. Яғни, ДҚКФ ұлттық күрестен UWW мойындаған Қазақстандағы жалғыз федерация екеніне толық дәлел.
Ал Арман Шораевтар құрған Халықаралық қазақ күресі федерациясында мұндай құжат жоқ. Сондықтан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өткізген жарыстары UWW-дің жылдық кестесінде бар да, Халықаралық қазақ күресі федерациясы ұйымдастырған «әлем», «Азия» чемпионаттарын халықаралық турнирлердің деңгейінде ғана бағалау керек. Себебі UWW-дің құрамына енбеген федерация ұйымдастырған чемпионаттар WADA (Бүкілдүниежүзілік допингке қарсы агенттік) тарапынан ресми чемпионат ретінде мойындалмайды. WADA мойындамаған жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін әлем чемпиондары, әлем чемпионатының жүлдегерлері деп атауға болмайды. Ал мұндай жағдайда чемпиондар мен жүлдегерлерге «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын заңды түрде бере алмайсың.
Тағы бір маңызды мәселе: UWW мен WADA ресми түрде танымаған Халықаралық қазақ күресі федерациясы Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесіне қалай жол таппақ?! Бұл екі құзырлы орын UWW мен WADA-ға ресми тіркелмеген федерацияны есігінен қарата ма екен? Арман інім, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясына жөнсіз топырақ шашқанша, осы жағын неге ашып айтпайсыз?
Бұған қоса ДҚКФ шетелдердегі федерациялардың жұмысын жүргізу үшін демеушілердің қаржысынан соларға шама жеткенше көмектесіп тұрды. Мысалы, Монғолияның Баян-Өлгий ауданы мен Қытайдың Ұйғыр автономиясындағы Чанцзи аймақтық федерациясына мүмкіндігімізше жәрдем бердік.
Арман інім, сіз қазақ күресіне шын жанашыр болсаңыз, біз ұзақ жылдар бейнет кешіп жатқанда, қайда болдыңыз? Қазақ күресінің насихаты күшейіп, елдің қызығушылығына ие болған, еңсесін түзеп, халықаралық деңгейге жеткен кезде бәрін өзіңіз жасағандай болып, ұрандап шыға келдіңіз. Мен егер арзан ойлы адам болсам, сіздер қымбат көлік пен мол қаржы ұсынып, федерацияны сұраған кезде келісе салар едім. Жоқ, сыйлас азаматтармен бірге қазақ күресі үшін қатар жүрген жылдарды, үзеңгілес азаматтардың шын пейілмен жәрдемдескен кездерін, еңбегін ақшаға айырбастағым келмеді. Менен федерацияны алу үшін Арман бастаған жігіттер небір әрекеттер жасады. Тіпті қоқан-лоқы жасап, мені ықтырып алмақ болды. Бірақ ондайға біз көне қоймадық. Олар маған «Федерация басшылығын қисаң, Спорт министрлігінен қалаған қызметіңді береміз» дегенге дейін барды. Бірақ мен бастаған ісімді аяқсыз қалдырғым келмеді.
2017 жылы көктемде ДҚКФ тізгінін республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы, іскер азамат Ислам Әбішевке өз еркіммен тапсырдым. Ислам Әлмаханұлы федерацияның шаруасын бірден өрге сүйрей жөнелді. Ағамыздың көмегімен Оңтүстік Америка, Африка чемпионаттарын ұйымдастырып, Еуропаның біраз елінде жарыстар мен жаттығу жиындарын өткіздік.
Ісіміз өрге баса бастаған кезде Ислам Әлмаханұлы екеумізге жала жабылып, федерацияның аяғына тұсау салынды. Ислам аға екеуміздің жанымызға бататыны – бізге нақақ жала жауып, қаматып отырған өзіміздің қазақ жігіттері екендігі. Әбішев екеуміз қандай жағдайда да қазақ азаматтарын сот залына сүйремеген болар едік. Кей адамдардың осындай арзандығына жаның күйеді.
Серік ТӨКИЕВ,
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының
2004–2017 жылдар арасындағы президенті,
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы