Пятница , 18 апреля 2025

Баймұрат ЖҰМҒАЙҰЛЫ: «ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ» деген атақ ТҮРМЕДЕН ҚҰТҚАРДЫ

Алматыдағы «Атажұрт жастары» қоғамдық ұйымының кеңсесінде Қытай түрмелерінде тауқымет шеккен қазақтар туралы шаралар күн сайын өткізілетіні белгілі. Кеңсеге жиналған қандастар әртүрлі тағдыр тауқыметін шегіп жатқан туыстары туралы жанкешті жағдайларды баяндағанда, басқа бір Қазақстан деген мемлекетке тап болғандай күй кешесіз.

Қытай қазақтарының мәселесі – «ДАТ»-та үнемі көтеріліп, жазылып жатқан тақырып. Дегенмен күрмеуі шешілмейтін мәселе тіпті шиеленісіп бара жатқандай. Қоғам жетекшісі, ұлтжанды азамат Серікжан Біләш басқарған азаматтар тобы өз еріктерімен мойындарына артып алған жауапкершілік басқа қазақты айналып өтпейтінін жалпақ елге түсіндіре алмайтын күйге түскеніміз де рас. Қазақ деген ұлттың тағдыры – мемлекеттік мәселенің бірінші тақырыбы болуы керек десек, ешкім де жаңалық ашып отыр демес. Кеңес заманындағы кеңшарларда малшы байғұс бір басты жоғалтса, не болмаса өлтіріп алса, өкімет жемтіктің басын көрсетуді сұрап, талай шопанның екі аяғын бір етікке тығатынын көрген едік. Бұл қазақ жоғалған малын да іздейді: ал мыңдаған қазақ жоғалып, із-түзсіз және жазықсыз қытай түрмелеріне қамалып жатқанда, оларды неге іздемеске, неге бейкүнә тағдырларға араша түспеске?!

Бүгінгі заманда қазақ деген ұлт топ-тобырымен түрмеде тоғытылып, қуғынға түсіп жатса да, оларды іздейтін бас иесі болмаған соң, әркім өз білгенінше қауһар қылып, жоғалған адамына сұрау салып, осы «Атажұрт жастарының» табалдырығын тоздыруда. Бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр, бірақ ресми мемлекеттік деңгейде өз бағасын ала алмай тұр. Әрине, екі ел арасындағы жағдай дипломатиялық жолмен шешілетінін екінің бірі біледі. Оңай шаруа емес екені анық, бірақ уақыт өткен сайын қазағың қиналып жатса, қол қусырып қарап отырғаннан басқа амал жоқ па?

Ешкімге қол жаймай, ешкімді міндеттемей-ақ, «Атажұрт жастары» арызданып келген қазақтардың мәселесін жалпақ әлемге жариялап, әшкере етіп жатыр. Біз барған күні «Foreing folisy», «New York times», «Washington post» газетінің тілшілері әрбір арызданушыдан жеке-жеке сұхбат алып жатыр екен. Бұған дейін Франция, Германия, Бельгиядан арнайы келген журналистердің қазақтар шеккен азап туралы материалдары, Қытай түрмесіндегі сұмдықтар дәлелді деректермен түзіп, ғаламтор бетінде жария болып жатыр.

Айтпақшы, осы мәселенің халықаралық деңгейдегі декларация арқылы шешілетін жағы да бар. 1948 жылы Парижде БҰҰ-ның Бас ассамблеясында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданып, онда барлық мемлекеттер құжат талаптарын орындауға тиіс болуы қадағалап жазылған. Декларация 500 тілге аударылыпты. Биліктің Декларациядағы 13 және 14-бабында көрсетілген құқықтарды дұрыс қорғамай жатқаны туралы ақпараттарды да шетелдік сарапшылар көзге шұқығандай етіп, жазып жатыр. Бұл баптарда «әр адамның кез келген мемлекеттен кетуіне (соның ішінде өз мемлекеті де бар) және өз еліне оралуына құқығы бар» екені және «өзге мемлекеттерде қудаланғандықтан, өз елінен баспана сұрауға және сол баспананы пайдалануға құқығы бар» екені айтылған. Оған пысқырып отырған ақордалық билік қайсы?

Шыңжаңда қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар, дүңген ұлттарына қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен басталды. Сол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері Қытай тарапы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергені, сонымен бірге Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққаны туралы ресми хабарлаған еді.

Ал Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы өткен күзде жариялаған арнайы есебінде Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды жапанға жария етті. Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен осы лагерьлерде қамауда отырғандарды босатуды талап еткен HRW ұйымы «Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек», – деп кеңес те бергенінен хабардармыз.

Қытай билігі болса, «саяси үйрену орталығы – аз ұлттарды азаптау орны» деген айыптауларды мойындамай жатқан жайы бар. Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь 2018 жылы қыркүйекте Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады», – деп мәлімдеген.

Былтырғы жылдың соңында Қытай билігі Шыңжаңға 12 елдің дипломатын шақырып, саяси тәрбиелеу орталығын көрсеткен. Лагерьлерді аралаған дипломаттар ондағы жағдайды мақтаған. Үйрену лагерьлерінде ән салып, би билеп, көңілдері шат-шадымен болып жүргендерді көрсетіп, көзбояушылық жасап, дүйім елді алдамақ болған әрекеттеріне әлгі дипломаттар иланғаны анық. Қытай билігі оларды түрлі кәсіпке баулитын орындар деп көрсетіп келеді. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, мұндай орталықтар «радикалды діни ағымдардың жетегіне ілінген азаматтарды түзеп, қоғамға қайта қосу» мақсатымен ашылған деседі. Үйрену лагеріндегі шындықты көзімен көрген қазақтар ғана жекелеген дерекпен «Атажұрт жастары» ұйымы арқылы әшкере етуде.

Айтпақшы, біз естісек те, естімей отырғандай болып, қандастар мәселесінің бізге қатысы жоқ деп, сырттан бақылап жүргенде, қаңтардың 17-сі күні Бішкекте митингке шыққан халық биліктен этникалық қырғыздардан басқаларға азаматтық беруді тоқтатуды талап етті. Сонымен қатар олар билік өкілдерінің халыққа шығып, талаптарын тыңдап, сұрақтарға жауап беруін сұрауда. Олар Қытайда этникалық қырғыздардың лагерьлерге қамалып жатқанына наразы. Соңғы екі аптада Қырғызстанда антиқытайлық 3 митинг өтіпті. Тағы да қырғыздардан қалып қойған бүгінгі күннің жалпы сипаты осы.

Қытайға барып, кері қайта алмай қалған қазақтардың арасында Қазақстаннан ықтиярхат алып, Қытай азаматтығынан шықпағандар да бар. Кейбірі Қазақстан азаматтығын алып, Қытай төлқұжатын өткізбеген. Қазақстаннан Қытайға барған соң, кері қайтуы қиындаған. Осы жағдайды басынан өткізген Қазақстан азаматы, Шыңжаң өлкесі Санжы облысы Шонжы ауданындағы саяси тәрбиелеу орталығында бір жарым жыл полиция көмекшісі болып жұмыс істеген Баймұрат ЖҰМҒАЙҰЛЫНЫҢ көрген-білгендері туралы өз аузынан естігенді жөн көрдік.

Баймұрат, өзіңіз Қазақстан азаматтығын алған соң, Қытайға кері барып, қиын-қыстау күндерге қалай тап болдыңыз?

– Мен әуелде Қытайда тудым, сол жердегі мектепте білім алдым. Атамекенге 2009 жылы бет алып, 2010 жылы отбасымды көшіріп әкеп, әйелім, балам үшеуміз қазақ елінің азаматтығын алдық. Елімізге келгенде, екінші баламыз дүниеге келді. Осы баламның аяғы кемістеу туып, ем-домды қажет етті. Жаспыз, жылап-еңіреп, амалымыз таусылып, Қытайға барып емдетуге бел будық.

Өйткені туған-туыстардың бәрі сол жақта, көмектесіп, қол ұшын беретін ағайындар да баршылық. Қытайға баратын визамызды 2013 жылы аштырып, отбасымызбен жолға шықтық. Ол жаққа Қазақстанның бел баласы, азаматы ретінде көгілдір тудың, көк паспорттың буымен еңсемізді көтеріп, мақтанышпен бардық. Баламды емдету үшін екі жыл уақыт керек екен.

– Ал енді содан бері 6 жыл айналып қалғаныңыз қалай болды? Екі жылдан соң қайтуға мүмкіндік болмады ма?

– Енді ойлап кетсем, өкінем… Туыстар болса, «Қазақстанға өздерің ғана көшіп кеттіңдер, мына жақтағы қалың туыстан алыстадыңдар, тым болмаса балаңды емдетуге көмектесейік, ортамызда болыңдар» десті. Баламызды емдетіп, өзіміз де жұмыс істеп жүріп қалдық. Сөйтіп жүргенде, қазақстандық көк паспорттың уақыты түгесіле бастады, сол себеппен жергілікті жердегі – Санжыдағы паспорт бөліміне бардық. Сөйтсек, менің кезіндегі тіркеуім сақталып қалған екен. Санжы облыстық көші-қон полициясына барып, шетел азаматы екенімді, балам толық сауығып кетуі үшін, ұзақ уақыт Қытайда қалу керектігін айттым. Олар «сен Қытайдың азаматтығынан әлі шыққан жоқсың, сондықтан Қазақстан азаматтығын анықтайтын құжатыңды осында өткіз де, елде тұра бер» деді. Қос азаматтықпен жүргенімді сол кезде ғана білдім. Себебі Қытайдағы тіркеуім жойылмаған екен, ал мен болсам, басқа елдің азаматтығын алған адам автоматты түрде азаматтықтан шығады деп ойлаған едім.

– Қазақстанның төлқұжатын бермеуге болмады ма? Олардың басқа елдің құжатын алуға қақысы жоқ еді ғой…

– Соны айтыңызшы, жастық па, заңдылық тәртібін білместік пе, ештеңенің де байыбына бармай, баламызды емдетуді ғана ойлап, бәрін де құп көрдік. Сол куәлікпен жұмысқа тұрып, күнкөріс қамын жасадық. Отбасын асырауым керек, «екі қолға – бір күрек» деп, тірлік етіп, көшеде жеміс-жидек саттым. Сол екі арада үш-төрт жыл өтіп, 2016 жылы Санжы ауданында ауыс-түйіс, өзгеріс болып жатты. Орта мектеп бітіргендерді кәсіпке бағыттайтын оқу орны ашылып жатыр дегенді естіп, құжаттарымды өткіздім. Алғашында, 35 жастан кейін қабылдамаймыз деп еді, кейіннен 40 жасқа дейінгілерге де рұқсат етіпті. Бертінде қатардағы қарапайым азаматтарды жаппай сақшылыққа қабылдап жатқанын естіп, осы жұмысқа кіру жөнінде өтініш жаздым. Кейін өтінішім қабылданып, қытайлардың «кәсіпке баулу орталығына» оқуға кірдім.

– Ол «орталық» қандай кәсіпке баулиды екен?

– «Оқу-ағарту мектебі» деп аталады. Оқуға кіре сала күн-түні саяси ұрандарды жаттатқызады. Одан басқа кәсіпті үйретер түрлері байқалмады. Аудан орталығында сақшы (полиция) көліктері қаптап, әрбір 300 метр жерге сақшы пункттері салынды. Жүрген адамдардың барлығын аппарат, камера арқылы бақылап отырады. Аттап басқан сайын салынған сақшы кеңселеріне бейне-бақылау камералары, көшенің бұрыш-бұрышына камера орнатылды. Бастығымыз күн сайын жиналыс ашып, тәртіпті қатайта бастады. Ішімізден «бұлар неменеге дайындалып жатыр» деп күдіктене бастадық.

Әр сақшының қолында бақылау аппараты болады. Күдікті адамның жеке куәлігі мен телефонын сол аппараттан өткізген кезде оның ішіндегі барлық суреттер мен жазулар шығып тұрады. Ұйқы-күлкі жоқ, бізді сақшының көмекшісі етіп, жұмысқа шекті. «Бұдан көкөніс сатқаным артық еді, қайдан ғана тап болдым, шығып кетсем бе екен» десем, білетіндер: «Бір кіргеннен кейін құтылуың қиын», – деді. Бір қызығарлығы – айлық жалақысы тәуір болды.

Жергілікті қазақтар сырттан, әсіресе Қазақстаннан келген адамдармен сөйлесуден қорқып, «пәлесі тимесін» деп, бір-бірінен қашып жүреді. Артық ауыс сөз сөйлемейді. Бір күн болса да жарық дүниені көргісі келген адамдар «бәрі дұрыс саясат» деп айтады. Өйткені оларды «баратын жерің – анау» деп, орталықтарды меңзеп қорқытады.

Ұсталған адамдарды қайда апаратынын, қалай қамайтынын білдіңіз бе?

– Білдік. Шонжы ауданында төрт «саяси тәрбиелеу орталығы» бар.Шыңжаң билігі Шонжыдағы қазақ орта мектебін «саяси тәрбиелеу орталығына» айналдырды. Ең үлкен орталық осы мектеп ғимаратында болды. Шамамен 600 адам бар деп естідік. Молдаларға арнайы орталық жасақтапты. Үшіншісі «үлкен түрме» деп аталады. Төртіншісі – ақыл-есі кем жандарға арналған орталық. «Саяси үйрену орталығында» 13 жастан 80 жасқа дейінгі адамдар бар. Таңертеңнен кешке дейін оқытады.

Орта мектепті жан-жағынан темір сыммен қоршап, тоқ өткізіп, бақылау камераларын төрт бұрышына орнатып, түрмеге айналдырды. Бір кезекшілікте осы мектептің ауласына үңілуге мүмкіндік болды: іші толған адам, таныстарымды көріп, көзім атыздай болды. Сөйлесуге дәрмен жоқ, жан-жағымыз толған камера, адымыңды аңдиды.

Жағдай 2017 жылы тіпті ушықты. Таңертең алаңға ту шығарады, сол жерге келіп, серт беріп, саяси ұран айтуға қатыспағандар қара тізімге ілінеді. Екі аудан да тіркеліп, мәселен, Тұрфан мен Санжыда жұмыс істегендер, мешітке барғандар, шетелмен байланысы барлар (телефон арқылы сөйлескендер, хат жазғандар) ұсталды.Лагерьлерде ғана емес, ауылдарда да күнделікті кешке үйрену сабақтары өтеді. Сабаққа 13 пен 60 жас аралығындағы тұрғындар түгел қатысады. Аптасына ауылдарда бір рет ту көтеріліп, Қытай еліне және басқарушы партияға мадақ айтылады.

– Ал түрменің ішіндегі жағдайды өз көзіңізбен көрдіңіз бе?

– Жоқ. Түрменің ішін көрген жоқпын, сабақ беруге барып келгендер көргенін айта алмай, үйіне келгенде, есі ауып, мәңгіріп отыратынын көрдік.

– Өзіңіз сақшының көмекшісі ретінде «кінәлі адамдарды» ұстауға қатыстыңыз ба?

– Тікелей өз тарапымнан қатысым болған жоқ. Жаппай тексеріс кезінде менің міндетім – көшеде кетіп бара жатқан адамды, көлікті тоқтатып, құжаттарын тексеру. Егер құжатында қандай да бір сәйкестік болмаса, жауапты сақшыларды шақырып, «күдікті» дегендерді қытай сақшыларына табыстау керек болды. Кейіннен имам-молдаларды, олардың тағы басқа таныс-туыстарын ұстап әкетіпті деп еститін болдық. Көбінесе ұйғыр ұлтының азаматтары ұсталғанын естідім. Қыстақта тұратын қарапайым шаруалар «тудың көтерілуіне» келмеді деген желеумен ұсталып, топырлата қамалды. Үй бетін көрмейміз, сақшының кеңсесінде түнейміз, әйтеуір айлығымызды уақытында береді. «Саяси тәрбиелеу орталығына» баратын адамдарды жергілікті әкімшілік пен полиция өкілдері тізімдеп, құжаттарын облыстық, қалалық басқару мекемелеріне жібереді. Құжатқа олардың сөйлеген сөзі мен телефонынан табылған суреттерін тіркейді.

Ендігі кезекте 2018 жылы бәріміздің паспортымызды жинау науқаны басталды. Мен 2013 жылы келген кезде Қазақстанның көк паспортын алып алғандарын айтсам, «заңды бұздың, еліңе қайтпаған екенсің, енді сен де үйренуге кіресің» деп, төбемнен жай түсірді. Екі аяғымнан әл кеткендей күй кештім. Ертеңіне есімді жиып, «денсаулығыма байланыста бір ай демалысқа шығатынымды» айтып, жұмыстан кеттім. Қайтып келем деп қойдым.

Содан жанұшыра жүгіріп, паспортымды өткізген мекемеге жеттім. Олар болса, бет қаратпайды, заңды бұздың деп, желкелеп тұрып, кеңседен шығарып жіберді. Амал жоқ, не істерімді білмей дал болдым. Жанашыр бір ағайын Қазақстанның Үрімжідегі консулына бар деп кеңес берді. Жағдайымды айтып, консулға да жеттім. Қолымда бірде-бір құжат жоқ, көк паспортымды Санжының паспорт үстелі алып алған, қуғын-сүргін басталған кезде қолымда бар жеке куәлік, ИИН», т.б. құжаттарымызды жоюға тура келген еді. Енді қайттім деп амалым таусылды. Консулдық қызметкерлері «Қазақстан азаматы екеніңізді анықтайтын қандай да бір құжат болса, көмектесеміз, қорықпаңыз» деп, дем берді. Сол сөзді етіген кезде әйеліміз екеуміз қосыла жылап жібердік. Үміт үзілсе, екеуміздің алдымыздағы екі таңдаудың бірі – түрмеге түсу қаупі тұрды. Екі баламызды туыстарға табыстап, қамауға түссек, қашан шығатынымызды бір Құдай білсін?!

– Ал енді Қазақстанға кері қайтудың сәті қалай туды?

– Ішкертін жақта оқитын студент-туыстарымызға хабарласып, Қазақстаннан азаматтығымызға қатысты қандай да бір құжат алғызып берулерін өтіндік. Олар да тездетіп, «ИИН» нөмірлерімізді алғызып берді. Консулдық осы нөмір арқылы Қазақстанға қайта сұрау салып, азаматтығымызды анықтады. Сол арада біраз уақыт өтті, сарғайған таңды күзетіп, күн санап, «шықпа, жаным, шықпа» деп жүрдік. Бір айдың ішінде консулдықтан хабар жетіп, «елге қайтасыңдар» деді. Сол қуанышымызды айтып жеткізе алмаймын! Бағыма қарай, Қытай тарапы да өздері берген жеке куәліктің тіркеуін доғарып, күшін жойған екен. Бірақ сонда да болса, таскенеше жабыса кетеді емес пе: «Қайтадан тіркеліп, қытайлық куәлікті аласыңдар, содан кейін Қазақстанға баратын виза ашамыз», – деп, сиырқұйымшақтатты. Ол әркеттерінің артында тағы бір жымысқы қулық бар екенін ішім сезді. Тіркелген бетте үйрену лагеріне әкететіні белгілі. «Кезінде білмеппін, баламды емдетем деп, құжатымның заңдылық тұсын ескермеппін» – деп, әрең құтылдым.

Бір апта өткен соң, әлгі жерге қайта барсам, Қазақстанның құжатымен виза ашуға келісіп, рұқсат берді. Визамызды алған күні Қорғасқа тарттық. Бұл жерде де қатаң тексеруден өтіп, 2018 жылы тамыз айында елге жеттім. Шекарадан өткенше, жанымыз мұрнымыздың ұшында тұрды.

– Аман-есен елге оралғаныңыз анадан қайта туғаныңыздай болған екен…

– Айтып жеткізе алмаспын! Мені елге тартқан көк туымыздың, көк паспортымның киесі ғой! Мен сияқты талай қазақ атажұртқа жете алмай, зарығып жүр. Енді мені қорғайтын елім бар, заң бар, соған шүкірлік етемін! Бір балам Қазақстанда туған, сол періштемнің арқасы ғой деп қоямын.

– Елге келген соң, арғы беттен ескерту жасағандар болды ма?

– Соңғы бір он күннің ішінде «Атажұрт жастары» қоғамы арқылы халықаралық, оның ішінде америкалық «Foreing folisy», «New York times», «Washington post» басылымдарына сұхбат бергеннен кейін, Қытайда қалған туыстарыма ескерту жасалыпты: «Аяғын аңдап бассын, қай жерде жүрсе, сол жерден алып кетеміз» деп сәлем жолдапты. Әрине, ішкі дүниемдегі қорқыныштың бары рас, ол – қытай жақтан келетін қауіп. Бірақ ондай қоқан-лоққыдан неге қорқуым керек, өйткені мені қорғайтын елім бар, көк туым – панам! Ел президенті өз қазағын жылатпас деп ойлаймын.

– Ендеше еліңізді тапқан қуанышыңыз құтты болсын! Аман-сау болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн