«Байқоңыр» космодромындағы жақында болған апат қоғамдастықты алаңдатып отыр. Редакцияға келген ақпаратта: «Роскосмос» басшылығы мәлімдемесінен 31-алаңдағы, адам ұшырылатын сақталып қалған жалғыз старттық кешен орналасқан жерде орын алған құрылымның тас-талқаны шығып құлауы жағдайды қайтарусыз нүктеге жеткізді. Бұл оқиға нысанды әрі қарай пайдалану техникалық та, ұйымдастырушылық та тұрғыдан мүмкін еместігін көрсетті. Қайғылы жағдайдан бірнеше сағат өткен соң-ақ ғарыш саласы басшылығы, Үкімет өкілдері және техникалық қызметтер шұғыл кеңес өткізіп, барлық ықтимал нұсқаларды қарастыра бастады.
Кешке таман-ақ кешенді қалпына келтірудің мәні жоғалғаны анық болды. Ондаған жылдар бойы жүктемелер мен модернизацияларды көтеріп келген старттық қондырғы ақырында өзінің ресурсынан айырылды. Металлоконструкциялардың ірі бөліктері деформацияға ұшырап, кейбір іргетастар толықтай қираған. Сарапшылар жөндеу құны жаңа нысан салудан да қымбатқа түсетінін, ал қалпына келтіру мерзімдері бірнеше жылдан асатынын растады.
Осыдан кейін бүкіл инфрақұрылымның болашақ тағдыры талқылана бастады. Дәл осы сәтте шешуші шешім қабылданды: «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу мерзімін жоспардан тыс тоқтатып, оны Қазақстан жағына мерзімінен бұрын тапсыру және барлық адам қатысуымен ұшатын бағыттар мен маңызды технологиялық жобаларды толықтай «Восточный» ғарыш айлағына көшіру. Бұл шешім көптен бері пісіп-жетіліп жатқан еді. Құлау оқиғасы тек ұзақ уақыттан бері жинақталған қажеттілікті жеделдетті – сала болашағын 1960 жылдардағы конструкцияларға сүйеніп құра алмайтынын түсінді. Ал старттық құрылғы іс жүзінде жойылғаннан кейін, бұл мәселе теориялық деңгейден практикалық кезеңге өтті.
Саланың тұтас құрылымын қайта жоспарлау басталды. Басшылық бөлімшелерді, архивтерді, жабдықтарды және мамандарды кезең-кезеңімен шығару жұмыстарын бастауды тапсырды. Мерзімдер анықталды: бүкіл инфрақұрылым 2026 жылдың 1 мамырынан кешіктірілмей «Восточныйға» көшірілуі тиіс.
Қызметкерлер үшін уақытша көшу бағдарламалары дайындалып жатыр, техникалық қызметтерге тасымалдауға жарайтын жабдықтарды бөлшектеу туралы тапсырмалар берілді, ал инженерлік бөлімдерге жобаларды «Восточныйдағы» жаңа жұмыс алаңдары арасында қайта бөлу міндеті жүктелді.
Қазіргі уақытта «Байқоңырда» жоспардан тыс жұмыстар жүріп жатыр. Комиссиялар қираған нысандарды бағалап, апатты аймақтарды жою кестелерін жасап жатыр. Жабдықтардың бір бөлігі есептен шығарылады, бір бөлігі консервацияланып, нысандармен бірге Қазақстанға беріледі. Жұмыс көлемі орасан, бірақ мерзім тым қысқа – толық көшуге дейін бәрін аяқтау қажет.
Біртіндеп басқа көрініс айқындала бастайды. Ондаған жылдар бойы адам қатысуымен ұшырылатын бағдарламаның жүрегі болған «Байқоңыр» эстафетаны «Восточныйға» табыстауда. Онда кеңейтілген жүктемелерді қабылдауға дайындық жүруде, жаңа модульдерге арналған алаңдар әзірленген, келесі буын ұшырылымдарына арналған жобалар жасалуда.
Осылайша 31-алаңдағы құлау тек апат емес, бүкіл саланың даму траекториясын өзгерткен символикалық нүкте болды. Қабылданған шешім жаңа дәуірге өтуді жеделдетті: Қиыр Шығыста орталықтандырылған дамудың, технологияларды жаңартудың және өз міндетін адал атқарған ескі инфрақұрылымнан бас тарту дәуірі басталды.
Мен білетін мұндай жағдай үш рет қайталанды. Бірінші жағдай КСРО құлап, Қазақ елі егемендік алып жатқан тұста 22.02.1992 ж. – 27.02.1992 ж. аралығында «Байқоңыр» ғарыш айлағында солдаттар көтерілісі болды. Нәтижесінде «Байқоңыр» зымыран ұшыру айлағындағы (Арал 4, 5, 6, 7 гарнизоны, Каспий флотиласы, Приозерск, Сарышаған гарнизоны, Қарақұм, Азғыр ракета сынақ полигондары, Сәтбаев гарнизоны, Арыс құмы гарнизоны, Ембі гарнизоны, Шиелі гарнизонын қоса алғанда, қазақ жерін әскери етікпен таптаған әскери адамдар жұмысы РФ президенті Ельциннің жарлығымен жабылды. Осы стратегиялық өңірдегі 1 миллион 4 мың әскери континент (11 армия, 3 әскери округ, 1200-ге тарта әскери полк, мыңдаған құрылымдар) ықшамдалып, таратылды, кейбірі Ресейге қайтарылды және жауынгерлік күзетте шахтада тұрған 456 МБР жойылды немесе залалсыздандырылды. АҚШ, Франция, Германия, Қытай үкіметтерінің араағайындығымен жеріміздегі Ресейдің атом қаруынан құтылдық.
Байқоңыр қаласында әскери отбасыларға арналған 303 көпқабатты үй-ғимараттар болды. Старт алаңдарындағы пәтерлерді қоса алғанда, пәтерлер саны 31 000 болыпты. 14 отбасылық жатақхана болған. Қаланың өзіндегі тұрғындар саны 82 мың адам болған. Қазақтардың үлесі 4 пайыз болған екен.
1992 жылы сәуірде әскери қала Байқоңыр – ҚР құзырына берілді. Қаланың алғашқы әкімі болып Виталий Брынкин ҚР президенті жарлығымен тағайындалды.
ҚР территориясында Әкімшілік институты енгізілді. Жергілікті мәслихат құрылды. Алайда Байқоңыр қаласындағы қазақ билігі 1994 жылы таратылып, Брынкин Ресейге асты. Қала қайтадан РФ құзырына жалға беріліп жатты. Қаланың инфрақұқрылымы қирады. 27 көпқабатты үйлер, жатақхана, қонақүйлер қирап, қаңырап қалды. Қаланың Мәдениет үйі қасақана өртелді. Аласапыран басталып кетті. Әскери отбасылар жұмысы қысқарып, Ресейге тобымен көшіп жатты. Төретам, Ембі, Арал, Жосалы, Арыс, Балқаш стансаларында жүк контейнерлері жетпей, айқай болып жатты», – делінген.
Осы хабарды алғаннан кейін Байқоңыр қаласындағы тиісті мемлекеттік органдарға хабарластық. Олар берген мәлімет бойынша, ғарыштық мақсаттағы зымыран штаттық режимде, ешқандай ескертусіз ұшырылып, кеме халықаралық ғарыш станциясына сәтті түйіскен.
Әрбір ұшырудан кейін орындалатындай, ұшыру алаңына тексеру барысында старт үстелінің бірқатар элементтерінің зақымданғаны анықталған. «Қазір старт кешенінің жағдайына баға беру жұмыстары жүргізілуде. Қалпына келтіруге қажетті барлық қосалқы бөлшектер бар және жақын уақытта бұл зақымдар толық жойылады. Зақымданудың нақты себептері анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, бұл кабина толық тазаланбауынан немесе газдинамикалық жүктемені қабылдауға арналған қорғаныс плитасының істен шығуынан болуы мүмкін.
«Роскосмос» баспасөз қызметі ұшулар кестесіне өзгерістер енгізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып, қазіргі уақытта барлық құрамдас бөліктер жиналып, старт алаңын жөндеудің мерзімдері бағаланатынын хабарлады. «Адам қатысатын бағдарлама қауіп-қатерде емес», – деп мәлімдеді мемлекеттік корпорация.
Қай мәліметке сенетімізді білмей, не де болса уақыт көрсетер деп отырмыз.
«ТС» ақпарат Садуақас АҢСАТТЫҢ ФБ-парақшасынан алынды