Балташ ТҰРСЫМБАЕВ: ЖЕР МӘСЕЛЕСІ Назарбаевқа ТІРЕЛІП ТҰР

  • «Ел мен Жер» қоғамдық қозғалысының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ ТҰРСЫМБАЕВ бастаған ұлтшыл азаматтар Жер кодексінің жаңартылған жобасын жасап, Жер комиссиясына ұсынбақ. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Жер мәселесінің «майын ішкен» маман-менеджер қазақтың тағдырын шешетін шаруаға қатысты айтар ойымен бөлісті. Сонымен бірге өткен аптада бір топ ұлтшыл азаматтарды бастап, Қордай ауданындағы Масаншы ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп қайтты. Қазақтар мен дұңғандар арасындағы кикілжіңнің әлі күнге дейін шешілмегеніне тоқталды.

– Балташ аға, биылғы жылдың соңында Жерді сатпау және шетелдіктерге жалға бермеу жөніндегі мораторийдің мерзімі бітеді. Осыған орай өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Жер комиссиясының жұмысын жалғастыру жөнінде мәселе қозғады. Сіз «Ел мен Жер» қозғалысының жетекшісі ретінде бұл комиссияның жұмысын қайтадан жандандыру жөнінде қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Президент Тоқаевтың осы комиссияның жұмысын қолға алғаны – дұрыс қадам. Алайда осы орайда кеңес заманында Қиыр Шығыстағы балықшыларға қатысты бір ескі әзіл еріксіз есіме түсіп тұрғаны: советтік және жапондық балықшылар кездесіп, балық ауланбай қалған уақытта әңгіме-дүкен құрады екен. Жапондар: «Балық ауға түспеген кезде бастықтарың не істейді?» – деп сұраса, советтіктер: «Бастықтар жиналыс өткізеді, комиссия құрады, ал өздеріңнің бастықтарың ше?» – дейді. Жапондар болса: «Бізді қайтадан теңізге қуады, комиссия мен жиналыс бізге балық аулап бермейді», – депті. Сол сияқты Тоқаевтың ұстанымы комиссия құрудан ары аспай тұр.

Жерге қатысты нақты шешім, тиянақты тұжырым қажет. Мемлекет басшысының аппараты үлкен, қолданыстағы Жер кодексін жан-жақты талқыласын, шешім қабылдап, «Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлер шетелдіктерге сатылмайды» – деген мәселені Кодекс арқылы тоқтатуы тиіс. Ал жалға беруге қатысты мәселе бойынша да жер шетелдіктерге берілмейтіні тасқа басқандай етіп көрсетілуі керек. Біздің шолақ белсенділер мен латифундистер миллиондаған гектар жерді жалға алып алған. Соның бәрі қайтарып алынып, жер арқылы пайда тауып, байып жүргендерге заң арқылы тосқауыл қойылуы тиіс.

Бұл орайда «Ел мен Жер» қозғалысы Жер кодексін қайта қарап, оның жаңа жобасын жасады. Толық мәтінін жақын арада БАҚ-та, бірінші кезекте ел сенім артатын «ДАТ» газетінде жариялаймыз.

– Жалпы, елдегі жер мәселесіне қатысты биліктің іс-әрекетіне деген наразылық қайтадан қозып кетпеу үшін, «Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді» деген талапты Жер кодексіне бірден енгізуге не кедергі? Билік осы мәселені сиырқұйымшақтатпай, заң жолымен тыйым салуға неге ынталы болмай отыр деп ойлайсыз? Халықтың талабына биліктің ерегісіп, қарсы болуының астарында қандай қитұрқылық бар?

– Бұл мәселенің астарында бір ғана мәселе тұр. Назарбаевтың маңына топтасқандар, жағымпаздар өз қожайыны не айтса, соған бас шұлғиды. Қарсы шығуға қауқарлары жоқ. Біз үкіметте қызмет еткен кезімізде өз қарсылығын ашық білдіретін біраз азаматтар бар еді. Ата заңды 1995 жылы өз құзырына қарай икемдеп алған соң, Назарбаев толық диктаторға айналды. Бір адам оған қарсы шықса, қызметінен кетеді немесе қуғынға түседі. Отыз жылда мемлекетті асырап отырған мекемелерді шетелдіктерге сатқанымен, түпкі иелік ету құзыры Назарбаевтың отбасына өтті. Оның ішінде «Қарметкомбинат» сияқты кен-металлургия саласын, «Қазақмыс» сияқты түсті металл өндірісін, мұнай мен газ секторын, т.б. маңызды өндіріс ошақтарын өзіне меншіктеп алды. Енді осы байлықтан түсетін қаржы көзі де таусылуға айналды. Демек, жерді жалға беру арқылы байлыққа кенелуді көздеп отыр.

Жерді сатып та, жалға да алатын – Қытай, басқа ешбір мемлекетке оның қажеті жоқ. Себебі өркениет көшінің алғы шебінде жүрген, демократиясы дамыған елдер Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа батқан, бір адамға тәуелді сот, прокуратура, ҰҚК, полиция үстемдік еткен, автократиялық елмен былығып несі бар?

Ал жерге ие болған қытайлықтар елге де қожайын болғысы келетіні белгілі. Әскерін енгізеді, қауіпсіздік қызметі жалға алған жерін қоршап, бекітіп, айналасындағы қазақтарға қоқан-лоққы көрсетеді. Малын жайғызбайды, суын ішкізбейді, үй ішінен үй тіккеннің көкесін көрсетеді. Ал ашкөз, ақша десе бәрін сатуға бейім тұратын біздің билікке сенім жоқ. Қытайлар жер мен елді басқаратын құрылымын біздің «сатқын» билікке басқартып, алдап-арбайды. Бейбіт экспансия деген осы!

Сол себепті қазақтың тоқымдай жерін шетелдіктерге еш уақытта сатуға, жалға беруге болмайды! Кезінде шетелдіктерге жер сату, ұзақ мерзімге жалға беру баптары бар Жер заңы жасалғанда, халық өре түрегелді. Назарбаев болса, отбасы бизнесін жалғастыра берем, қазақтар тырп ете алмайды деп ойлап отыр. Сөйтіп ойласа, қатты қателескені! Өмір бойы жаншып, қазақты өзгелерге құл етіп берем деп ойламасын! Қазақ халқы әзірге төзіп отыр, шыдамның да шегі бар, бір күні дүр етіп көтеріледі. Біз – диаспора емеспіз, осы мемлекеттің иесі саналатын ұлтпыз.

Бір сөзбен айтқанда, жердің бүгінгі жағдайын түбегейлі шешу Назарбаевқа тіреліп тұр, бұл да уақытша мәселе, жердің ертеңгі болашағы – қазақ ұлтының қолында.

– Өткен аптада Тоқаевтың өкіметі жылдың экономикалық қорытындыларын жасаған сыңаймен үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Сол отырыста Асқар Маминнің ескіден қалған «жаңа» үкіметі жасаған есебіне көңіліңіз толды ма? Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің жылдық инфляция 7 пайыздан асып кеткені жөніндегі мәлімдемесі қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл аз ба, жоқ әлде үкімет әлденені жасырып отыр ма?

– Қайдан келгені белгісіз Мамин дегенге ешқандай сенім жоқ. Үкімет басқарудағы қабілетінің қандай екені былтырғы пандемия кезінде әшкере болды. Ел ішін індет жайлаған кезде білегін сыбана кірісіп, құзырлы мекемелердің есебін тыңдап, шешім шығаруға қауқары жетпеді. Ғаламтордағы мәліметтер қол жетімді, ашып қалсаң, қауіптің деректері сайрап тұр. Мамандығы инженер шығар, бірақ экономика саласынан толық мақұрым екен. Осы экономикалық топастықтың кесірінен індет кезінде қаншама адам өлді, сондықтан Маминге қандай сенім артуға болады?!

Бірақ сайлау өткен соң, «үңгірде» өткен жиында оның қожайыны Назарбаев: «Мамин қайтадан тағайындалса, қарсылығым жоқ», – деп шықты. Ал Тоқаевтың оған қарсы шығар қауқары қайсы? Ол да қожайыны айтқан сөзге көнді.

Маминнің қайтадан тағайындалған үкіметінен ешқандай нәтиже күтпеймін. Дағдарыстан шығуға ықпал ететін ешқандай бағдарламасы жоқ үкімет елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын түзете қоймасы анық, бұрынғы жемқорлық жалғасып, ұрылар қаржысын шетелге асырады. Батыс елдерінде зәулім сарай тұрғызғандар сол сарайда қызмет ететіндердің жалақысын, тиісті салығын төлейді. Елдегі қазақ халқының жағдайы сол мүшкіл қалпында қала бермек. Бюджетті дұрыс пайдалануды жолға қоя алмаған мемлекеттің болашағынан қандай қайыр күтуге болады?! Ал бюджетті жасақтайтын үкімет екенін ескерсек, экономикалық дағдарыс пен пандемия кезінде ол үкіметтің дәрменсіздігіне көзіміз жетті. Бүгінгі билік халықтың қаһарынан қорқып отырған жоқ, керісінше, қолындағы барынан айырылып қалмас үшін, халыққа оқ атуға баратынына куә болдық.

– Былтырғы жылдың соңында Тоқаевтың жарлығымен Экономикалық реформалар жөніндегі агенттік пен арнайы комиссия құрылды, реформаның алғы шарттарын жасайды деген үмітпен шетелдік маман жетекші-кеңесші болып тағайындалады. Осы құрылымдардың жұмысынан хабарыңыз бар ма? Бұлар үн-түнсіз не тындырып жатыр деп ойлайсыз? Әлде бұл халықты алдарқатудың амалымен жасалған кезекті қулықтың сықпыты ма?

– Мұндай агенттіктің құрылғаны дұрыс қадам еді. Бірақ сол құрылымның басшысы тәуелсіз қызмет етеді дегенге кім сенеді? Алдын ала берілген тізім бойынша, кімді тексеру керек, кімге жеңілдік жасалуы тиіс деген тапсырма бойынша жұмыс жүргізеді. Ірі компаниялар мен корпорациялардың, билікке етене жақын жеке тұлғалардың қаржысына тиіспеу атап көрсетіледі. Шағын және орта бизнес өкілдерінің итін шығарып, тексеру жүргізіп, аяқтарына тұсау салады. Сырт көзге агенттік қызу жұмыс жүргізіп жатқан сияқты көрінгенімен, мемлекетті тонаушы жемқорлар тасада қалып қояды. Бюджетке қаржы құятын шағын және орта бизнес, «реформаның» сорын тартатындар да – осылар. Сондықтан назарбаевтық режим жағдайында ешқандай агенттік реформаны қарық қыла алмайды, ел экономикасы ешуақытта дамымайды да, алға да баспайды. Негізгі олигарх Назарбаевтың өзі тұрған кезде әлеуметтік-экономикалық реформадан да, оның болашағынан да үміт күтуге болмайды.

Балташ аға, әңгіме барысын ұлттық, елдік арнаға бұрайық. Өткен аптада бір топ қоғамшыл азаматтарды бастап, Қордай өңіріне барып қайтқан екенсіз. Бұл сапардың мақсаты не болды?

– Мақсатымыз – ел ішіндегі жағдайды көзбен көріп қайту еді. Статистикалық мәліметті қарайтын болсақ, Қазақстандағы дұңғандардың жан саны 62 мың адам екен. Ал билікке сын айтатын, наразылыққа шыға алатын бір ғана ұлт – қазақтар. Сондықтан қазақтарды тұқыртып, аз ұлыстарды алақанында ұстау – бүгінгі биліктің саясаты.

Ресей патшалығының премьер-министрі болған Столыпинның бір кітабынан оқығаным бар. Столыпин қол астындағы министрлерін жинап алып: «Мырзалар, егер өз ұлтыңа жаның ашымаса, оны қолдамасақ, онда басқа ұлттардың тыңайтқышына айналамыз. Ресей империясының аумағында осы тыңайтқыштардың есебінен өзге ұлттар күш жинап, біздің есебімізден дамиды» деген екен.

Демек, сол айтқандай, өзімізді қолдамасақ, дамытпасақ, шынымен де, тыңайтқыш сияқты өзгені гүлдендіріп, өзіміз құрып кетеміз. Мен дұңған халқына қарсы емеспін, жан басы аз халық екен, бірақ сол өңірде тұратын қазақ пен дұңғанның әлеуметтік мәртебесі тең болуы тиіс қой. Бүгінгі таңда Қордайдағы жағдай бойынша 51 адам істі болған. Барлығы дерлік – қазақтар!

Дұңғандар қоныстанған Масаншы деген ауылға бардық, ар жағында қазақтар тұратын Қаракемер ауылының іргесі тиіп тұр. Масаншының орталық көшесінде үлкен дүкендер орналасқан, тауарды көрші қырғыз елінен контрабандалық жолмен таситыны жергілікті жұртқа белгілі жайт екен. Саудамен айналысқан дұңғандардың қаржысы мол, әлеуетті, ал қазақтардың қолында көк тиыны да жоқ, қарабайыр тұрмыс кешуде.

Қанды оқиғаның неден басталғаны белгілі – 82 жастағы қазақтың қариясын қасындағы немерелерімен қоса дұңған жігіттер соққыға жыққан. Өздерінің айтуы бойынша, кек қайтармақ болған қазақтар қас қарая көрші ауылға келіп, қан төгіліп, екі жақтан да адам шығыны орын алған. Қараңғы түнде кімді кім өлтіргені белгісіз, көшеде камера орнатылмаған. Ақырында адам өліміне тек қазақ жағы кінәлі болып шықты. Сол кездегі облыс әкімі Сапарбаев оқиға ортасына барып, жиналыс өткізіп, «ешкімді соттатпаймын, жұмған ауыздарыңды ашпаңдар» деп кеткен. Біраз уақыттан соң айтқанынан айнып, жағдайды әділ сот шешеді деп шыға келген. Тергеушінің қолында нақты дәлел де, айғақ та жоқ, біреулердің көрсетуімен жазықтысы бар, жазықсызы бар 51 адам ұсталған. Егер бастап барғандар табылса, шартты түрде жазаға тартуға болар еді.

– Қазақ-дұңған қақтығысынан кейінгі жергілікті жердегі жағдай қалай екен? Екі халықтың арасындағы кикілжің басылып па?

– Мұндай кикілжің басылар еді, егер екі тарапты да тексеріп, жағдайды жіті тексеріп, елмен кездесіп, жиі-жиі бастарын қосып, мәмілеге шақырып, осы күнге дейін ортақ шешім шығарылса. Жағдай тынышталғанымен, жергілікті халықтың ішкі наразылықтары басылмаған.

БАҚ-та аз жазылған жоқ: дұңғандардың балалары әскер қатарында азаматтық борышын орындауға бармайды екен, бәрі мүгедек деген құжат алған. Тиісінше осы «мүгедектер» бюджеттен жәрдемақы алады. Қандай жолмен осындай құжат алғаны тексерілуі тиіс. Мемлекетте қаржы жетеді, мың адамға шаққандағы полицияның саны бойынша дүние жүзінде оныншы орындамыз: елді мекенге полиция күзетін қойып, бақылау жасау – Қордай өңірінде әділеттілік орнатудың бірден-бір жолы.

Жергілікті жердегі қазақтардың айтуынша, дұңғандар үшін қазақ тілінде білім алу былай тұрсын, тіпті орысшаны қойып, өз тілдерінде білім алады екен. Бұл – жергілікті халықтың арасына ұлттық, әлеуметтік жарықшақ түсіретін жағдай ғой! Мемлекет қай заңға сүйеніп, оларға дұңғанша білім береді? Өзінің тілі бір, мәдениеті бір, менталитеті ұқсас миллиард қытай тұр деп, күш көрсетіп тұрғандары ма? Бұл қайдан шыққан менсінбеушілік өзі? Билік қайда қарап отыр?

Егер сотқа тартылғандардың ақ-қарасын анықтап, абақтыдан босатып, тиісінше шартты жаза қолданылса, жұрт сабырға келер еді. Олай болмаған жағдайда жергілікті наразылық іште бұғып, сәті келгенде тағы да бұрқ ете түсуі әбден мүмкін.

– Айтпақшы, сол 51 адам жауапқа тартылып жатқан Қордай қақтығысына қатысты соттан недей мағлұматтар ала алдыңыздар? Тағы да қазақты жазғыру саясаты белең алып тұрған жоқ па екен?

– Соттан түскен мағлұмат ала-құла. Бірақ бір білетінім – халықты бөлшектеу, алалау саясатының кесірін қазақ көріп отыр. Өткен жылдардағы Қарағандыдағы армян мен қазақтың кикілжіңінде, Ащысайдағы, Маловодныйдағы оқиғаларда да соттар қазақтарды «кінәлі» етіп шығарды.

Масаншыда әділеттілік орнаса, қаржысы көп дұңғандармен қоса, ақша десе ұлтын сататын өзіміздің қазақтардың да әрекетін тексерген жөн. Біз осындай жағдайды көзімізбен көрдік, жергілікті билік кездесуге арнайы дайындаған шалдарды алып келген. «Неге келдіңдер, екі ұлттың мәселесін неге көтересіңдер, оны өзіміз шешеміз?!» деп даурықты. Сұрақ қоятын да осы шалдар, ешкімді сөйлеткілері келмейді. Пысықсынған біреуі «Бентли» көлігімен Қордайдан арнайы келгені белгілі болды. Сұрастыра келсек, бұрын аудандағы МАИ-дың бастығы болыпты. Көлігін мектептің ауласына қаңтарған әкімнің орынбасары да біз көтерген мәселеге қарсы уәж айта алмай, табанын жалтыратуға мәжбүр болды.

Кездесуге жиналған жергілікті жұрт бастапқы кезде қорқақтап еді, біраздан кейін бойларын жиып, шындықты жайып салды. Дегенмен, айтары бар біраз азаматтарды жиынға жібермеген. Бұл мәселе назардан тыс қалмауы тиіс, бұл оқиға қайталанбас үшін, Тараздағы сотқа да қатысып, қолдау көрсетуіміз керек.

– Ұлтаралық мәселе қозғалғанда, жоғарғы биліктің қатарына жайғасқан ассамблеяның айға бата жасап отырған кейпін айтуға тура келеді. Осы құрылым Қордай қақтығысына қатысты не бітіріпті, біле алдыңыз ба?

– Ассамблея – бутафория құрылым! Назарбаев отыз жыл бойы осы құрылымның «жетістігін» айтып, әлемдік қауымдастықтың алдында өзіне бедел жинады. Бірақ ассамблеяның нәтижесі не болды? Барлық жердегі ұлтаралық кикілжің жанжалға, қантөгіске дейін жетті. Тоғыз депутатты құрамына кіргізіп, қандай да бір келіспеушілік орын алса, қазақты төпештетіп, «аз ұлттарға тиісіп жатыр» деп байбалам туғызғаннан басқа бітіргендері жоқ.

– Сұхбат барысында пандемия кезінде үкіметтің пәрмені болмағанына тоқталдыңыз. Енді қоғамдағы тағы бір дүрмек Covid-ке қарсы вакцина салу мәселесіне қатысты болып тұр ғой: сіз өзіңіз екпе салдырасыз ба?

– Қоғамда тарап жатқан әртүрлі ақпарат көздерін сараптап, ден қойсақ, бұл вакцинаға деген сенім жоқтығына көзіңіз жетеді. Тәуелсіз сарапшылар, ғалымдар Ресейдің вакцинасына сенуге болмайтынын дәлелмен айтып жатыр, бірақ екпе салу біздің елде басталып кетті. Нәтижесі оңды болмайтыны анық. Өзім ешқандай екпе салдырмаймын, отбасым да осы ұстанымда. Тұмау болған кезде де екпе салдырып көрмеппіз, дәрі-дәрмек қабылдап, жазылып шыққанбыз. Сақтық шараларын жасаймыз.

– Алматы қаласы бір аптаның ішінде карантиннің «қызыл» аймағына кіріп, екі-үш күннің ішінде «сарыға» түсіп, апта соңында қайтадан «жасыл» аймаққа өтті. Осы бұлталаңның астарынан сіз недей саясат аңдыдыңыз? Әлде жағдай шынында да аумалы-төкпелі болып тұр ма?

– Осы мәселеде «светофорлық» карантин жағдайын жариялау бір ғана Бекшин мырзаның құзырындағы шаруа емес. Оған айтқызатын қожасы бар. Ол жоғарыдан түсетін нұсқауды ғана орындаушы. Қолма-қол әр түске ауыстырып отырған билік бақсыға айналған сыңайлы. Бұл статистика жедел шара қолданып, ауру санын азайттық деп, елді алдап, одан кейін сырт елге жалған ақпарат таратудың амалы.

Одан кейін әдейі «жасыл» аймақтамыз деп вакцина жасаудың айласы. «Қызыл» аймақта қалсақ, ауруға шалдыққан адамның «саны көбейіп», екпе салу науқаны кейінге ысырылады. Жаппай екпе салуға көшіп, екі-үш айдан соң ауру санын азайттық деп әлемге жар салу үшін жасалып жатқан шара. Халыққа жаны ашымайтын биліктің бүгінгі сиқы осы!

– Бұл билік те мәңгілік емес шығар. Ашық айтқан әңгімеңізге рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн