Бас прокурор Рашид Түсіпбеков нені ашық айтты?

Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстанның саяси сахнасын сұмдық қылмыс шулатты. Белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев қатыгез қастандықтың құрбаны болды, деп хабарлайды Orda.kz.аңғыстау

Бұл іс бойынша сот процесі екі рет өтті: 2006 жылы Талдықорғанда және 2014 жылы Қаскелеңде. Қаскелең соты алғашқы үкімді қайта қарағандай көрінді. Судьялар бұл қылмысқа Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қатысы бар деген шешім шығарғанымен, ақиқаттың түбіне жете алмады.

Жәбірленуші тарап бұл істі алғаш рет тергеуге қатысқан сол кездегі бас прокурор Рашид Түсіпбековті сотқа шақыруды талап етті. Бірақ судья Бейімбетов бұл өтінішті қанағаттандырмады. Оның орнына Түсіпбековтің 2012 жылы берген жауабы ғана оқылды. Бас прокурордың сол сөздерімен malim.kz бөлісті. 

Түсіпбеков сол кездегі жауабында көп нәрсені есіне түсіре алмағанын айтқанымен, кейбір саяси факторлардың өзіне мәлім екенін мойындады. Оның айтуынша, киллер Рустам Ибрагимовтен жауап алу процесі өте күмәнді жағдайда өткен.

Түсіпбековтің жауабы

«2006 жылдың ақпанында мен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметін атқардым. Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның күзетшісі және жүргізушісі қаза тапқан соң, қылмыстық істі ашу мақсатында арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеуге Ішкі істер министрлігінен вице-министр Қ.Қасымов, ал прокуратура тарапынан бас прокурордың орынбасары Е.Мерзадинов жетекшілік етіп, екеуі де Алматыға барды.

Мен де Б.Мұхамеджановпен бірге тергеу барысын бақылау үшін Алматыға бардым. Сол жерде алғашқы тергеу шаралары басталып, күн сайын атқарылған жұмыстар жөнінде жиналыс өтті. Біз Алматы қалалық ІІД ғимаратында департамент басшысының бірінші орынбасары В. Бугаевтың кабинетінде болдық.

Ибрагимовтің ұсталуы және тергеу барысы

Жедел тергеу іс-шаралары барысында қылмыстық іске Ибрагимовтің қатысы бары анықталды. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы А.Әубәкіров оны ІІД-не шақырып, ол сол жерде ұсталған.

Ибрагимовпен алғашқы болып Қасымов пен Мерзадинов сөйлесті. Қасымов пен Мерзадинов Ибрагимовпен сөйлескендерін және ол өзінің қылмысқа қатысы жоғын айтып, бет бақтырмай отырғанын, сондай-ақ өзінің жоғары жақпен байланысы барын айтып, жұмыстан шығартамын деп қорқытқанын маған және Мұхамеджановқа баяндады.

Осыдан кейін мен кабинетті арнайы тыңдау құрылғысымен жабдықтатып, Ибрагимовті менімен жеке сөйлесуге әкелуді бұйырдым. Алайда Ибрагимов ІІД ғимаратындағы менің кабинетіме келгенде, сөйлесуден бас тартты. Осыған байланысты Ибрагимовпен сөйлесу мәселесін прокуратураның ғимаратында өткіздім. Сонымен қатар Алматы қалалық прокуратурасындағы менің бөлмем полиция қызметкерлерінің көмегімен алдын ала дыбыстық жазба құралдарымен жабдықталды.

Ибрагимовті кабинетке алып келгенде, жанымда Б.Мұхамеджанов болды. Әңгімелесу барысында Ибрагимов өзіне белгілі бір кепілдіктер берілсе, А.Сәрсенбаев пен оның адамдарын ұрлап әкетуге тапсырыс берген адамды көрсетуге уәде берді, бірақ қылмысқа қатысы жоғын айта берді. Сөйлесу кезінде Ибрагимов тыңдайтын құралдан қауіптенді ме, сыбырлап қана сөйледі. Содан кейін оның отбасының қауіпсіздігін сақтау және елден кедергісіз шығып кетуге кепілдік беру жөнінде хат дайындалды. Кепілдеме хатты нақты кімнің дайындағаны есімде жоқ, мүмкін, Мұхамеджанов па, Қасымов па немесе солардың бұйрығымен басқа біреу ме, есімде жоқ. «Кепілдеме хатқа», меніңше, Қ.Қасымов қол қойды ғой деймін. Бұл жағдайға аса мән бере қоймадым, өйткені бұл тек Ибрагимовтен шынайы тапсырыс берушінің атын білу үшін жасалды.

Осы шаралар жасалып біткенде, Ибрагимов менің шақыртуымды күтіп, көрші бөлмеде отырғанда, тапсырыс берушінің суретін газеттен көргенін мәлімдеді.

Мен сол газетті әкелуді бұйырдым. Менің кабинетіме газетті кім әкелгені есімде жоқ, қазіргі кезде Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінде жұмыс істейтін менің көмекшім Асылбек Дүйсенов болуы мүмкін. Ол үлкен газет болатын, аты есімде жоқ. Газеттің ішкі айқарма бетінде баспалдақпен түсіп келе жатқан ҚР президентінің суреті бар екен. Оның артқы жағында Б.Өтемұратовтың, Т.Досмұхамедов және Е.Өтембаевтың бейнелері бар. Осы фотодағылардың әрқайсысын саусағыммен көрсетіп, сұрай бастадым.

Ең соңында Өтембаевты нұсқап көрсеткенімде, Ибрагимов қылмысқа тапсырыс беруші ретінде Өтембаевты меңзеп, басын изеді. Содан кейін Ибрагимов Өтембаев екеуін Алексей Кекшаев таныстырғанын және өзара байланыстары туралы айтып берді. Ибрагимовтің айтуынша, олар Өтембаев екеуі бірлескен бизнес жобасына байланысты бірнеше рет кездескен. Біздің әңгімемізді тыңдап тұрған Б.Мұхамеджанов Е.Өтембаевпен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, оның А.Сәрсенбаевқа қастандық жасауға қатысы бар дегенге бастапқыда сенбеді. Әңгімелесу аяқталғанда, біздің сөзіміздің жазбасын Мұхамеджанов өзімен алып кетті.

Өтембаевтың қамауға алынуы

Өтембаевқа қатысты ақпараттың сұлбасы алынған соң, Ибрагимов Өтембаевтың көмекшісі Айдос Есполовқа телефон соғып, Өтембаевтың өзіне хабарласуын сұрады. Ибрагимов пен Өтембаевтың сөйлескендерін жазып алу мақсатында байланыс құралдарына техникалық қадағалау құрылғылары қойылды. Алайда Өтембаев кері хабарласпады. Сондай-ақ Өтембаевтың ауруханада жатқаны мәлім болды. Мен өзім «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» АҚ-ның басшысы А.Байгенжинге хабарласып, Өтембаевтың ішімдік салдарынан ауруханада жатқанын білдім. Байгенжиннің айтуынша, ауруханаға түскен соң Өтембаевқа дәрігерлік көмек көрсетілген, алайда оның иіні түсіп, көңілсіз күйде жүргені және түні бойы ұйықтай алмай шығатыны туралы мәлімет алдым.

Байгенжиннің сөзінен кейін Өтембаевтың нашар көңіл-күйде жүргенінен қауіптеніп, ол өзіне-өзі қол салмасын деген оймен оның жеке бас қауіпсіздігін сақтау мақсатында Мұхамеджановқа полиция қызметкерлерін күзетшілікке жіберуді тапсырдым. Алайда Астана қаласының ІІД қызметкерлерінің мәлімдеуінше, Өтембаев ҚПК-нің 132-бабы бойынша ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамауға алынғанын білдім. Өтембаевтың жеке бас қауіпсіздігін қорғау туралы менің бұйрығым орындалмай, Өтембаевтың қамауға алынуы қалай деген сұрағымның жауабын Мұхамеджанов «үнсіз телефонға» сілтеп, Астана қалалық ІІД басшысы оны дұрыс түсінбегенін алға тартты.

Мұнан кейін мен Ибрагимовпен кездеспедім. Ол тергеушілерге процессуалды түсініктеме беруге жіберілді.

Рахат Әлиевтің ықтимал қатысы

Тергеу барысында Ибрагимов қылмысқа қатыстылардың бірі Рахат Әлиев болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ бұл ақпараттың қаншалықты тексерілгені белгісіз. Сонымен қатар Қ. Кәрбозовтың Ибрагимовті Н. Дүтбаевқа екі рет апарғаны туралы жедел ақпарат түсті. Бұл мәліметтің рас-өтірігін анықтау мүмкін болмады.

Сұрақ-жауап бөлімі

 Сұрақ: Сіздің түсініктемеңізге сәйкес, Ибрагимовпен сөйлесу барысында оның отбасының қауіпсіздігі туралы кепілдік құжат берілгені айтылады. Сол құжатта Ибрагимовті ішкі істер органы қызметкерлерінің жасырып-жабуы туралы айтылған ба?

Р. Түсіпбеков: Нақты ештеңе айта алмаймын, өйткені ол құжаттың процессуалдық маңызы болмағандықтан және жедел тергеу амалдарының құралы болған соң, аса мән бермедім.

Сұрақ: Е. Өтембаев аса танымал тұлға емес және газет пен БАҚ-та сирек көрінеді. Соған қарамастан, айқарма бетінде Өтембаевтың суреті бар газеттің Ибрагимовтің Алматы қалалық прокуратурасында отырған кабинетте болғаны сіздің күмәніңізді тудырмады ма?

Р. Түсіпбеков: Иә, ол жағдайдың күмән тудырғаны рас. Сондай-ақ Мұхамеджанов екеуміз Өтембаевтың үлкен саясаттан алыс адам екенін білетінбіз. Өтембаевтың ішімдікке әуестігі бәріне мәлім, сондықтан оның Ибрагимовпен әңгімесі мас кезінде болуы да мүмкін.

Сұрақ: Сіз Аман (Амангелді Ред.) Мақашовты (Р. Әлиевтің бизнестегі серіктесі) танисыз ба?

Р. Түсіпбеков: Мақашовты бір іс-шара кезінде көргенім бар. Мені Мақашовпен таныстырған Мұхамеджанов еді. Олардың өзара әлдебір байланысы бар болатын.

Сұрақ: Іс материалдарында Р.Әлиевтің аты-жөні бар ма еді?

Р. Түсіпбеков: Келтірілген нұсқаларды сараптай келе, мұның барлығын Р.Әлиев ұйымдастырған деген болжам айтылды. Ал Өтембаев жеке бас араздығы бар адам ретінде пайдаланылған болуы мүмкін. Бірақ Ибрагимов пен Әлиевтің арасындағы байланыс туралы нақты дәлелдер болған жоқ».

Қорытынды

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу барысында көптеген күмәнді жайттар анықталды. Ибрагимовтің қылмысқа қатыстылығы расталғанымен, оның шынайы тапсырыс беруші туралы мәлімдемелері күмән тудырды. Тергеу кезінде Өтембаевтың есімі аталғанымен, оның қылмысқа қатысы бар-жоғы әлі де толық дәлелденбеген.

Сонымен қатар Өтембаевтың қамауға алынуы бұйрыққа қайшы жүзеге асырылғаны, оның денсаулығының нашарлағаны және қауіпсіздік шаралары ескерілмегені байқалады. Бұл істі тергеу кезінде Рахат Әлиевтің ықтимал қатысы туралы да ақпараттар болғанымен, оның нақты дәлелдері ұсынылмады.

Тергеу барысындағы қарама-қайшылықтар, Ибрагимовтің кепілдік сұрауы және саяси ықпал ету әрекеттері бұл қылмыстың тек жеке бас араздығы емес, кең ауқымды саяси астары бар іс болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ істің түпкілікті шындығы мен барлық қатыстылардың рөлі әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.Ильдар АДИЛЬЧЕНОВ

Республиканский еженедельник онлайн