Еліміздің театр өнері үлкен қайғыға ұшырады. 76 жасқа толар шағында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Түркі елдерінің халықаралық театр фестивалінің екі мәрте лауреаты, «Алтын қанатты адам» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Балтабай СЕЙІТМАМЫТҰЛЫ өмірден өтті.
Балтабай Сейітмамытұлы 1950 жылы 11 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қастек ауылында, қасиетті Суықтөбе тауының баурайында дүниеге келді. Әкесі Сейітмамыт ферма бастығы, шешесі Орынбике үй шаруасында болды.
1974 жылы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының жанындағы драма актерларын даярлайтын екі жылдық студияны үздік бітіріп, Қарағанды қаласына С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрына жіберілді. Аз уақытта «Ұлан-асуда» – Абылай хан, «Жаралы гүлдерде» – Военком, «Ғашықтарда» – Асылхан, «Менің құрдастарымда» – Рахмет,«Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Қозы, «Бажалар мен балдыздарда» – директор секілді басты-басты рольдерді ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
1976 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрына арнайы шақырумен келіп, 1978 жылы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрына актер болып ауысты. Осы театрда М.Әуезовтың «Абай» трагедиясында – Айдар, Вампиловтың «Тұңғыш» спектаклінде – Бусыгин, С.Жүнісовтың «Өліарасында» –Нестер, Р.Сейсенбаевтың «Түнгі диалогында» – Адай, «Мен сіздің әкпеңіз…» спектаклінде – Спэтлайг, тағы басқа көптеген рөлдерді сомдады.
Ол кино өнеріне де жиі араласты. 1982 жылы Алматыда өткен «Бастау‑1» кинофестивалінде «Қазақфильм» киностудиясының «Тұмарлы тұлпар» фильміндегі қойшының ролі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» лауреат атанды. «Отырардың күйреуінде» – Алонхан, «Абай» фильмінде – Базаралы, «Десант» фильмінде әке рөлін ойнады. Жалпы 100-ден аса фильмде дубляж жасап, ұзын саны 35 фильмге түскен. Сондай-ақ «Ескерткіш», «Айнамкөз», «Қар қызы» видеофильмдерінде де басты рөлдерде болды.
Ал Әкім Таразидің «Індет» спектакліндегі Қызыл командир рөлі үшін 1998 жылы Қазан қаласында өткен Дүниежүзілік түркі тілдес халықтардың театр фестивалінде лауреат атанды. Жалпы театр сахнасында 60-тан астам рөлде ойнаған. Осыдан-ақ марқұмның ұлттық театр және кино өнеріне сіңірген еңбегін бағамдай беруге болады.
Балтабай Сейітмамытұлы кішіге аға, үлкенге іні бола білді. Қолынан келген көмегін ешкімнен аямады. Ұжымда өз орны бар, өнерде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әртіс әрі режиссер де еді. 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтының режиссерлік факультетін профессор Есмұқан Обаевтың шеберханасында қызыл дипломмен тәмамдап, «Дон Жуанның думаны» спектаклін сахналады. Одан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында Ө.Боранбаевтың «Қаңбақ шал» спектаклін, 2002 жылы Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдық мерейтойына арнап, жазушының «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын қойды. 2005 жылы «Махаббат сазы» поэзиялық кеш қойылымын сахнаға шығарды. 2002 жылы тағы да Қазан қаласында өткен Дүниежүзілік түркі тілдес елдердің театр фестивалінде Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектакліндегі басты кейіпкер – Қорқыт ролін ойнап, «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша екінші рет фестиваль лауреаты атанып, «Алтын қанатты адам» сыйлығын иеленді.
Әр жылдары «Тұншыққан сезім», «Адасқан жұлдыз», «Таудағы түн» спектакльдерін сәтті сахналап, көрермен ілтипатына бөленді, театр мерейін көтерді. Өзі инсценировканың авторы әрі қоюшы режиссері болып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен «Мен ұмытылмаймын» атты қойылымды сахналады.
Кейінгі жылдары бірнеше тарихи фильмдер мен телехикаяларға түсті. Әсіресе «Тар заман» тарихи кинотуындысында «Алаш» партиясының белсенділеріне қаржылай қолдау көрсеткен меценат, кейін өзі де репрессия құрбаны болған бай – Әбілғазы рөлін шебер орындап шықты. Ал «Ирина Қайратовна» студиясы түсірген «Отыздан асып барамын» фильмі көрермендер арасында зор резонанс тудырып, «Ютуб» арнасында бір аптаның ішінде 7 млн қаралым жинады.
Амал нешік, сұм ажал дарынды өнер иесін арамыздан жұлып алды. Балтабай Сейітмамытұлының ұлттық санасы қайта жаңғырып келе жатқан қазақ өнеріне берері әлі де көп еді. Әттең, беу, дүние, тағдырдың жазуы солай болды.
«Дат» медиа-жобасының ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптес аға-інілеріне көңіл айтады.
Бақұл бол, өнер биігіне өрлеген Алтын қанатты Балтеке!
***
Телевизия саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ардагер журналист Ләззат Сапаховаға өмірлік жолдасы
Балтабай СЕЙІТМАМЫТҰЛЫНЫҢ
қайтыс болуына байланысты курстас достары қайғысына ортақтасып, терең қайғыра көңіл айтады.