Бекзат МАҚСҰТХАН: ҚАЗАҚЫ ҚАҒИДАМЕН «Атажұрттың» мұрагерлігіне ТОЛЫҚ ҚАҚЫМЫЗ БАР

– Бекзат мырза, «Нағыз Атажұрт» – тіркелмеген ұйым, атқарып жатқан жұмыстары заңсыз деген пікірдің ақ-қарасын айырып берсеңіз.

Бұл әңгіменің төркіні қай жақтан шығып жатқаны бесенеден белгілі.«Нағыз Атажұрт» біздің атымызды жамылып жүр деп, жала жауып жатқан «Атажұрт еркітілері» деген қоғамдық ұйым қыркүйек айында тіркелгені ел-жұртқа мәлім. Негізінде, «Атажұрттың» атын әлемге танытқан – Серікжан Біләш еді. Ендігі ерегестің мәнін түсінбеймін. Серікжанның: «Мыңдаған «Атажұрт» атты ұйым болса да, Қытайда қан қақсап жатқан қазақтар үшін артық емес», – дегені бар еді.

«Айтпаса – сөздің атасы өледі» демекші, енді осы тіркелген ұйым «Нағыз Атажұртқа» шабуыл жасағандарын қояр емес. Олармен тіресуге, айтысуға уақытымыз тапшы, сондықтан Қытайдың геноцидіне ұшырап, көмек сұрап келген қазақты шатастырмас үшін, тіркелмеген ұйымды «Нағыз Атажұрт» деп атадық. Бұл бір жағынан мәжбүрліктен туған әрекет болса; екіншіден, әу бастағы «Атажұрт еріктілері» мүшелерінің басым бөлігі біздің қатарымызда, яғни атқарылған жұмысты жалғастырушы да – біз! Қазақы қағида бойынша, «Атажұрттың» мұрагерлігіне толық қақымыз бар.

– Дегенмен осы орайда қазақ қоғамын екіге жарған «қытайшылдар» деген топтың пікірінше, арғы беттегі қазақтардың жағдайы оңалып, Қытай билігінің беті бері қарады деген әңгіме тарап жатыр. Осы пікір шындыққа сая ма?

– Қазан айының басында ҚР Сыртқы істер министрінің «Қытайдағы жағдай жақсарды» деген хабарынан құлағдар боларсыз. Бірақ іле-шала қазанның 8-інде Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы қос шекараны «бұзып өтті»: жағдайдың оңалғаны сол ма?! Түрмеден бес адамды босатса, жиырма қазақты қайтадан қамауға алып жатқаны жөнінде деректі екі жігіттің аузынан естідік. «Қытайшылдар» елді алдарқатып, назарын басқа жаққа бұру үшін, «қазақтарды босатып жатыр» деген хабар таратып жатыр.

– Тіркелген ұйымның жетекшісі Ербол Дәулетбектің айтуынша, сіздер «Атажұрттың» эмблемасын заңсыз иеленіп жүрген көрінесіздер, оларда эмблеманың патенті бар екен…

– Біз ол белгіні өзгертіп, оның басқа нұсқасын жасадық. Сырт көзге ұқсас көрінетін шығар, бірақ біздегі эмблеманың ерекшелігі бар. «Патенттелді» деген эмблеманың жасалуына үлес қосқанның бірі –мынау отырған Гүлжан Тоқтасын. Халықтың қолдауымен алынған бейнекамераларды олар да иемденіп отыр. Бірақ Қытайдың империялық зорлығымен алысып жатқан кезде дүние даулау – ойымызда жоқ.

Даулы мәселенің мән-жайын арыдан бастап айтар болсақ, «Атажұрт еріктілерінің» бүкіл жұмысын, оның парламенттік жүйесін жасақтаған – Серікжан Біләш. Шетелге ақпарат таратуға, ұйымға қаржы тарту мәселесі мен үгіт-наситхатқа жауапты да –Секең болды. Ұйымды парламенттік үлгіде басқаруда ақсақалдар – Дәулетжан Шаймұранұлы, Әбілқайыр Төлеуханұлы, Гүлжан Тоқтасын, Тілек Ниязбек, Ербол Дәулетбек, Қайрат Байтолла отырды. Қайырымдылық шараларын өткізу үшін, мұқтаж отбасылардың тізімін Гүлжан Мұса жасап, мұқтаждарға бес мың теңге мөлшерінде ақша бөлу дауыс беру арқылы шешілетін болған. Банк карточкасы Ербол Дәулетбектің атында ашылып, оны қолдану Гүлжанға тапсырылғанымен, ол өз бетімен ақша алу, аудару жұмысын жеке жүргізе алмайтын, бұл мәселе жеті адамдық парламенттік топтың дауыс беруі арқылы шешілетін. Серікжанға жетекші ретінде басым дауыс берілген жоқ. Сол кезде ұйым басшылығына бір адам бір рет қана сайланатыны, бір жылдан кейін басқа адамның ұсынылатыны шешілген еді.

Біләш қамалған соң, ешқандай басшылық құзыреті болмаса да, Ербол Дәулетбек Гүлжан Тоқтасынның қызметіне шектеу қойды. Одан кейін Дәулетжан Шаймұранұлы мен Қайрат Әбілқайыр да ұйымнан кетуге мәжбүр болады. Ербол Гүлжанның отбасылық жағдайына да араласып, ұйымға оралса, күйеуіңнен ажыратамын дегендей сес көрсетті. Әбілқайыр Төлеуханұлына да қайтып келетін болсаң, отбасыңнан ажырайсың деп ескерту жасалып, ұйымнан қуылды. Тілек Ниязбек қана Серікжан түрмеден шыққанша жұмыста қалып, кейін ол да кетті.

Серікжан басшы болған кезде тағы бір ұйымды тіркетіп қоюды Ерболға тапсырған екен. Сол арқылы заңсыз жиын өткізді деген жаладан, ұшы-қиыры жоқ айыппұлдан құтылудың жолын іздеген екен. Сол мүмкіндікті пайдаланып, ұйымды өз атына тіркетіп алды. Ал тіркеуге берілген ұйымның мүшелері ретінде өзінің туыс-тумаларын көрсеткен. Олардың бірде-біреуінің «Атажұртқа» қатысы жоғын, олардың ешқандай жиынға қатыспағанын дәлелдейтін видеолар бар. Тіпті «Атажұртта» кім қызмет атқарғаны жөніндегі мағлұматтар мен фотосуреттер «ДАТ»-та да аз жарияланған жоқ. Ербол белгілі бір «мекеменің» түртпектеуімен ұйымды тіркетіп алып, солардың сызып қойған шеңберінен шықпайтын, аты бар да, заты жоқ ұйымның миссиясын атқарып отыр. Халықаралық ақпарат көздерінің бірі «Азат Еуропа» радиосы қазанның 12-сінде «Ресми алаяқ билікшіл «Atajurt» Қазақстанда тіркеуден өтті» деп мақала жариялағанын айтсақ жеткілікті шығар.

Бірақ біздің тіркелген ұйыммен жарысайық деген мақсатымыз жоқ, тек «Нағыз Атажұртқа» қатысты жалған ақпарат таратпаса болды. Қиянатқа қамалған қазақтың құқын қорғайтын ұйымның көп болғаны жақсы емес пе?! Біз тіпті Серікжанның түрмеден шығу құрметіне жайылған дастархан басында менің жетекшілікке ұсынылғанымды Ерболдың қостап, арада екі сағат өткен соң, оның: «Серікжан арандатушы, радикал, оппозиция, Қытайдың қазағын билікке қарсы қояды» деген мәлімдемесіне де мән бермедік…

– Бекзат мырза, Серікжан Біләштің қоғамдық қызметі жеті жылға шектелген соң, «Атажұрттың» жұмысы әлсіреп қалған жоқ па?

– Ол сөзіңіздің жаны бар. Біз де бірер ай абдырап, не істерімізді білмей қалдық. Қыркүйек айынан бері қайтадан жиналып, есімізді жиып, жұмысты жалғастырып жатырмыз. Серікжанның деңгейіндегі белсенділікке жету үшін, қыруар шаруа атқаруға тура келеді.

– Ал «Нағыз Атажұртты» тіркетуге әрекет жасап көрдіңіздер ме?

– Құрылтай кеңесін ашып, ұйымды тіркетпек болған әрекетімізден ештеңе шықпай жатыр. Біріншіден, қаржылық мүмкіндігіміз қолбайлау болып тұр. Одан кейін ұйымды тіркету үшін тұрақты мекенжай таппадық. Бұл мәселенің де бір шешімі болар…

Бірақ Қытайдағы зобалаңнан зорлық көрген қазақтардың арыз-шағымы бұрын қалай қабылданса, бүгін де сол жұмыс жалғасуда. Геноцид құрбаны болған адамдардың арыз-шағымын ағылшын және басқа тілдерге аударып, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жөнелтіп жатырмыз. Қандастарымызды құтқару жолында жанкешті еңбек жасаған, Қытай геноциді туралы қоғамда және халықаралық деңгейде ең алғаш дабыл қағып, қазақты оятқан Серікжанның ұйымдастырып берген, іргесін қалаған ұйымның жұмыс тәртібі еш өзгерген жоқ.

Сондай-ақ экономикалық тұрғыда зардап шеккендердің де арызын қабылдап жатырмыз. Жерінен, үйінен, жайылымынан айырылып қалғандардың арызын қабылдау үшін, Талдықорғанға барып, нақты деректерді тізіп, арыздарын алып келдік. Қараша айында астанада екі бірдей баспасөз жиынын өткізуге мұрындық болғанымызды «біз атқардық» деп, жар салып жатқан жоқпыз.

– Тіркелмеген ұйымның арыз-шағымын билік ескеріп жатыр ма?

– Ескерсе де, ескермесе де, біз тиісті ісімізді атқарып жатырмыз. Бізге өз аяғымен келіп, қытайдан көрген қорлығын айтқан адамдардың бейне-арыздарын ағылшын тіліне аударып, Еуропа елдері мен АҚШ-тағы халықаралық адам құқығы жөніндегі ұйымдарға жолдадық.

Ал биліктің ескеріп жатқаны сол – қудалап, тыныштық бермейді. Алматының қақ ортасынан бір кеңсені жалға алып едік, бір ай өтпей жатып шығарып жіберді. Одан кейін Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының қасынан тағы бір кеңсеге алдын ала алты айға ақысын төледік. Жалға алған күннің ертеңінде арызданған жұртты жинап, арыздарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен халықаралық ақпарат көздеріне жолдамақ болған едік, кеңсенің иелері есікті құлыптап, мөрін басып, кіргізбей қойды. Бірақ алған бетімізден қайтпай, Жанболат Мамайдың кеңсесіне барып, ел-жұрттың арызын тиесілі жерге жөнелттік. Сол күні халықаралық ақпаратта тіркелмеген «Нағыз Атажұртты» қудалау жүріп жатыр деген хабар тарады. Соның себі тиді ме, үшінші рет жалға алған кеңсемізде әзірге тыныш отырмыз.

– Серікжан Біләштің өзімен хабарласып тұрасыздар ма?

– Қоғамдық қызметі шектелген азаматты той-томалақта көреміз. Лагерьден босап шыққан, туыстарымен, отбасымен қауышқан қазақтар Секеңді іздеп тауып, алғыстарын жаудыруда. Қаншама қандасымыздың азап пен қорлықтан құтылуына Серікжан Біләштің еңбегі сіңгенін мойындауымыз керек. Бірақ дәл бүгін Секеңнің ақыл-кеңесі, тәжірибесі ауадай қажет-ақ. Қайтейік, соттың шешімінен шыға алмай отырмыз…

Айтпақшы, айтуға тұрарлық бір маңызды мәселе – геноцидке тап болған қазақтар туралы мәліметтерді жинап, статистикалық деректер жасауды қолға алдық. Бейбіт заманда, ел аман, жұрт тынышта қазақ деген халықтың бір бөлшегі саяси нәубеттің құрбаны болып жатыр. Болашақ ұрпаққа қажетті мағлұматтар қазақ тарихының бір беті болуы керек деп ойлаймыз.

  •  

Дәйек сөз

Гүлжан ТОҚТАСЫН:

– «Лагерьлер жабылып жатыр» деген лақапқа қатысты айтарым: мәселен, Қытайдан бізге келіп, жасырын сұхбат берген қазақтардың айтуынша, көзге көрініп тұрған үлкен лагерьлердің биік қоршауларын алып тастаған. Лагерьге айналған мектептердің есік-терезесіндегі темір тордың орнына пластик терезелер орнатып, мектепті қалпына келтірген. Қазақстанмен байланысы бар, халықаралық ұйымдарға арызы жолданған аздаған қазақты босатқанымен, басым бөлігі 40-50 мың адамдық арнайы салынған түрмелерге жөнелтілген. Ол түрмелер елді мекеннен жырақ, көзге түспейтін жерге салынған. Қазақстан мен Қытай билігінің «үйрену лагерьлері жоқ» деген ресми мәлімдемелерінің «шындығы» осы. Халықаралық қауымдастыққа әшкере болған үйрену лагерьлері жабылғанымен, басқа түрмелер салынған. Мәселен, Нылқы ауданындағы «Май қоймасында» салынған, 40 мың адам қамалған түрмедегі жағдайдан кім хабардар? Оған «қамалғандар – қылмыскер, заңды түрде сотталған» деген уәж айтылуда. Олардың адвокаттары қайда, сот болғаны жөніндегі құжаты қайда? Кім соттаған, не үшін соттаған? Ондай мәлімет жоқтың қасы. Қытайдағы қазақтар қылмыс жасамақ түгілі бір-бірімен қаттырақ сөйлесуге қорқады, әр жерге қойылған бейнекамералар күн-түні аңдыса, қылмыскерлер қайдан шыққан?

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн