Серік АБДРАХМАНОВ:

- (Соңы. Басы газеттің 21 мамыр күнгі санында)
– Кезінде елдегі саяси жағдай жөнінде Назарбаевқа, одан кейін Тоқаевқа да хат жазып, мәлімдеме жолдадыңыз. Бұларға қатысты тиісті жауап алдыңыз ба?
– Депутат болып жүргенде, басшыларға жазғанымды парламент мінберінен де естіртетінмін. Жаңғырығы БАҚ арқылы тарайтын. Мезгіл-мезгілімен президентке кіріп елдің ахуалын бүкпесіз жеткізетінмін. Қызу талас, бәсеке арқылы мандатқа жеткен соң, біреудің қабағына, әкімнің нұсқауына қарау дегенді білмейтінбіз. Ол кезде мәжіліс құрамында аз болса да, нағыз «халық қалаулысы» деген атқа сай ірі тұлғалар болды. Жалғыз Серікболсын ағамыз-ақ биліктің зәресін алатын. Премьер-министр алдымызда қиналып, терлеп-тепшіп тұратын. Міне, осындай жағдайда депутаттардың хаттарына жауап бермеу қиындау еді. Ылғи да дегенімізге жеттік деп айта алмаймын, бірақ нәтиже де болды. Сол кезде парламент биліктің тежеуші, тепе-теңдік сақтаушы тармағына айнала бастады…
Атаған үрдіс атқару жүйесіне үлкен қауіп төндіріп, сапында ырың-жырың тууына себеп берді. «ДВК» атты бір топ Назарбаевтың өзін қызметінен шеттетпек болды. Алтынбек Сәрсенбаев оппозициялық тұрғыдан мінез көрсетті. Ащы «шындығын» айтып Заманбек Нұрқаділов шықты. Екеуі де атылды. Кінәні «мықтылардың» босағасында жүрген Өтембаев мойнына алды. Рахат Әлиев компроматтарын шығарып, биліктің берекесін кетірді. Бұл жанжал билеушілердің артын ашып, абыройларын жұрдай қылды. Талай лауазымды шенеуніктер, генералдар мен прокурорлар түрмеге түсті… «Жабық» соттар НКВД-нің «үштіктеріне» айналды. Есеп айырысу әлі басылған жоқ.
2007 жылы өткен конституциялық «реформа» сайлауларды толық партия тізімдеріне өткізіп, парламентті «Нұр Отан» партиясының қуыршақ театрына айналдырды. Бүгін мәслихаттар әкімдердің ойыншығы болды. Басшыларға келісілмеген хат жазу да, сұрақ қою да тыйылды.
Қазақстанды билеп отырған ХОЗУ деңгейінде өткен жабық «реформалар» Назарбаевтың өзін шектеп тастады. «Қоймашылар» қатаң цензура орнатты. Президент өз еркімен ешкімді қабылдай алмайды, «керексіз» хаттар ол кісіге жетпейтін болды, ал қабылдау бөлмесі нарықтық былықтарға батқан бүгінгі қатардағы кеден бекетіне айналды. Бұл ойларым дәлелдермен толықтырылып, 2007 жылдан кейін Назарбаев пен Тоқаевқа жолдаған, бірақ хаттарымның үзінділері оларға жетпеген. Ол жолдауларымда босағасында жүрген «кеденшілердің» міндеттеріне кіретін мемлекеттік қызметтерін атқару (госуслуга) қандай тарифтармен орындайтындарын да көрсеткенмін. «Президенттің қабылдау бөлмесінде құрылған «шлагбаум» барлық іс-әрекеттерді коммерциялық негізге қойған…» деп те жазғаным бар. Айтқандарымды дәлелдеп беруге даяр екендігімді де айттым…
Бірде-бір жауап алмадым.
2000 жылы «Тұңғыш президент туралы» заң қабылданғанда: «Назарбаевтан – Брежнев жасамаңдар» дегенім бар, сол кезде-ақ Назарбаевты «берілген» көмекшілері шектей бастаған. Осы кезде-ақ олар Нұрекеңді үдемелі түрде мадақтауларын жаудырып, президенттік тіктікті (вертикаль) нығайту мен мемлекет басшысының құзіретін шексіз кеңейтуге бағытталған «реформаларын» қызу жүргізе бастады. Бұл науқанға жағымпаз, күнбағар әдебиетшілер, тарихшылар, ғалымдар қосылды. «Сүйіспеншілік» астарында не жатты?
Назарбаевтың айналасының өткізген «реформаларының» шынайы мақсаты: биліктің тармақтарын демократиялық бірін-бірі тежеу мен тепе-теңдік принциптерін сақтау қабілетінен айыру еді. Қарапайым сөзбен айтқанда, сайланған президентті компартияның бас хатшысы (генсек) дәрежесіне түсіру болатын. Бас хатшының рөлі өткен шақта идеологиялық негізде болса, бүгінгі президенттің құзіреттерін нарықтық, сауда-саттық жолға түсіру еді. Сұрақ қоймайтын жасанды парламент, тағайындалған сот осыған керек болды. Қуыршақ партиялар да осы «мақұлбектер» сапына кірді.
Ал президент атына жиналған шексіз құзіреттерді шектейтін мемлекет органдарының аттары бар да, заттары жоқ. Нұрекеңе «берілген» лауазымды «қоймашыларға» керегі де осы еді. Олар елбасының құзіреттерін өздеріне қаратып алды. Барлығы миллиардер. Мұнай, газ, алтын, мыс, хром, жеріміздегі барлық қазба байлықтарымыз осылардікі. Халық болса, солардың босағасында қайыршы жағдайында.
Жазғандарымды өзіне ауызба-ауыз жеткізейін деп, 2015 жылдан бері Назарбаевтың қабылдауына кіре алмай жүрмін…
– Сізді алда-жалда қабылдай қалса да, өзін пайғамбарға теңеп жүрген адам сөзіңізге құлақ түрері неғайбыл. Саяси жүйені әділ сайлау арқылы өзгерту – ол үшін құрдымға кетумен тең. Дегенмен осындай жағдайда елде саяси реформа жүргізуге президент Тоқаевтың мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?
– Ондай қадамға баруға Тоқаевтың құзіреті жетпейді. Назарбаевтың ескі көмекшілері Тоқаевтың айтқанын жасатпайды. Екеуінің де босағасына қағаз тасып жүргендер керектісін кіргізіп, керек емесін алып қалады. Биліксіздік (безвластье) деген осы!
Мен билікке жау емеспін, «дос жылатып айтады» деген, Назарбаевқа да, Тоқаевқа да жамандық ойламаймын. Халқымның бүгінгі жағдайы тұрғысынан пайымдаймын. Менің ой-пікірімді жақтап, артымда миллиондар тұр десем, артық айтты демессіз. Биліктегі біраз азаматқа ақыл-кеңесімді айту үшін талпындым, «ертең көздеріңе көк шыбын үймелейді, халық сеңді қозғайтын деңгейге жетті» деп те ескерттім. Кәрім Мәсімов те бұрын қабылдайтын, бүгінде мені төңірегіне жуытпайды.
Кезінде Наполеон Бонапарттың библиографтары жазған екен: «императордың жанында «жоқ» деп айтатын адам қалмағаннан кейін, ол шайқастарда ұтыла бастады» деп. Сол сияқты Назарбаевты да тек «мақұл» дейтін жандар қоршап алды. Шын жанашыр бауырлары оған жете алмайтын көрінеді.
Ескі аппарат Тоқаевты да қоршап алған.
– Қазақстанды «еститін мемлекет» деп жариялаған еді ғой, бірақ биліктегілердің құлағы бітеліп қалған сияқты ғой?..
– Бітелген құлақты ашудың бір-ақ амалы – таза сайлау. Парламентте нағыз халық қалаулысы отырса, айтылған сөз атылған оққа айналар еді. Жоғарыда дәлелдерімді жеткілікті келтірдім.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін билік» керек дегені өте дұрыс. Өкінішке орай, Қасекең бір шекелері май, екінші шекелері қан болған қулардың ойындарынан аса алмады. Президентіміздің аузынан шыққан «еститін билік» ұранын Қазақстанның шынайы бишілері – қоймашылар кезекті науқанға айналдырды. Әкімшілікте арнайы «еститін аппарат» (слуховой аппарат) құрып, кезекті көппарақты іс-шаралар құрастырғандай. Басқаша айтқанда, арнайы көмекшілер президент нені естіп, нені естімеуі керекті қолдарына алған.
Бір ғана мысал айтайын. Өткен жылы Қордайдағы қанды оқиғаға қатысты ҚазТАГ пен тәуелсіз БАҚ ақпанның 5-інен бастап нақты және шынайы ақпаратты үзбей жариялап тұрды. Ал президенттің баспасөз қызметі керісінше, бұл оқиғаны «арандатушылардың әрекеті» дегенді таратты. Тоқаев та солардың сөзін қайталады. Епті көмекшілері «есту аппараты» арқылы шындықты өзгертіп, жағдайдың жаңғырығын ғана құлағына жеткізді. Ақпанның 8-інде үйлерді өрт шалып, адам өлімі болған кезде ғана президент Тоқаевқа шынайы хабар жетті.
Неге көмекшілері Тоқаевты алдады? 5 ақпан күні тиісті шаралар қолданғанда, Қордайдағы жағдай бар болғаны «бұзақы екі топ арасындағы дау» болып қалар еді. Қордайдың контрабанда мен есірткі жолында отырған генералдар мен әкімдерге ешкім шүйлікпейтін еді. Президентке өтірік ақпарат беру арқылы 5-7 ақпан күндері жоспарланған әрекетсіздік орын алды. Шиеленіс ұлтаралық деңгейге көтеріліп, қан мен өртке жалғасуы біреулерге керек болды. Тәуелсіз ақпарат құралдары осыны жазды. Бұл еш басшының құлағына жетпеді.
Қордайдың шынайы «иелері» өзгерді.
Күннің-күнінде президенттің өзі осындай төңкеріске түсіп қалмайтынына кім кепілдік бере алады? Мәселе осында.
Есту керек. Ең керегі – естігенді қорытып, нәтижелі әрекет жасау…
– Жаңа тарихтың өткен кезеңіне көңіл аударсақ, 1999 жылғы парламенттік сайлауда Назарбаев бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің көмегі арқасында Абдрахманов жеңіске жетті деген сөз бар. Сіз сол жылдары Назарбаевқа жақын жүргеніңіз рас: осы жеңістің жай-жапсары қалай болғанын айтып бере аласыз ба?
– Иә, естідім, білем. «Серік Абдрахманов ай сайын Рахат Әлиевтен 1,5 мың доллар алып тұрыпты, оның демеуімен Шәмша Беркімбаеваны парламенттік сайлауда жеңіп шығыпты» деген сөз де тараған. Мұнда шындыққа жанасатын бірде-бір сөз жоқ. Егер де мен кішкентай олқылық жіберсем, қарсыластарым мені аямас еді. Сол кезде маған Назарбаевтың өзі айтқан: «Серік, біз сенің Рахатпен болған барлық әңгімелеріңді тыңдап отырдық» деп. Мен ешкімнің қорасына кіріп кеткен жоқпын. Заңдылық жолынан шыққан емеспін. 1996 жылы ХҚК-де (КНБ) топ құрылып, маған «АҚШ шпионы» деген айып тағу көздеген. Мен бұл «құпияны» біліп қойып, уақытылы жария етіп, БАҚ арқылы ұйымдастырушыларының абыройларын кетіргенмін.
1999 жылы мен сайлаушыларымның арқасында мандатқа ие болдым. Ол кезде маған 10 Беркімбаева қарсы шықса да, жеңер едім. 2004 жылы сол округта маған қарсы 8 үміткер шықты. Мен бірінші турда 55 пайыз алып, жеңіске жеткенмін.
Ел алдында арым таза!
– Сол сияқты, өз жерлестеріңіз – атылып кеткен марқұмдар – Заманбек Нұрқаділовпен, Алтынбек Сәрсенбайұлымен арақатынасыңызға сызат түскені ел аузында біраз уақыт әңгіме болды. Себебін білуге бола ма?
– Жасыратыны жоқ, Жоғарғы Кеңестің таратылуын ұйымдастарудың басы-қасында марқұм Заманбек Нұрқаділов болды. Кейіннен өзі өкініп, мәлімдеме жасап, қателескенін, алданған себебінің анық-қанығын айтты. Сол алғашқы парламент тарқатылатын кезде: «Зәке, мұндай қадамға бармаңыз» деген едім, көзқарасымыз келіспеді. Ал парламентті таратудың идеологы болған – марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен бүгінде елшілікке кеткен Марат Тәжин еді. Қазіргі оңбаған жүйені өздері қалыптастырып еді, ақыры өздерінің түбіне жетті…
Бұл жағдайды 2006 жылы Алтынбек атылған күні ашық айтып, өліміне билікті кінәладым. Үндеуім ақпарат құралдарына шықты.
– Дегенмен, әлі күнге дейін билікке бүйрегіңіз бұрып тұрмай ма?
– Мен де адам баласымын, эмоцияға беріліп, Назарбаевқа жанкүйерлік жасаған кездерім болды. 1993 жылға дейін оған менен жақын адам болған жоқ. Әкім, министр болуға ұсыныс жасады, «Терещенконың министрі» деген атақты көтере алмаймын» дедім. Ешкімге тәуелді болғым келмеді.
Жемқорлық – біздің мемлекеттілігімізді жегідей жеп, құртып барады. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзі ең кірісі мол бизнес көзіне айналып отыр.
Сайлау күресі арқылы келіп, халықтың қамын ойлап, мемлекет үшін қызмет ететін элита – табиғи элита. Ал билікке кіріп алған «патамушто-патамуштолар» өздерін «қаймақпыз» деп ойлайды. Қайдағы қаймақ? Олар қазанның түбінде күйген қаспақтар ғой! Осылардың кесірінен жабайы капитализмге өттік. Өздері де жолдан адасып, бізді де адастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында осындай ой түйемін деп кім ойлапты?..
– Бүкпесіз айтқан ашық әңгімеңізге рахмет, Серік аға!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D»