Мемлекеттік тіркеуге алынбаған «Антигептил» экологиялық қозғалысы жетекшілерінің бірі Болатбек Біләлов – өткен жексенбі күні Астанада болған митингіге қатысып, сөз сөйлегендердің бірі. Бірақ митингіні ұйымдастырушы Азаматхан Әміртай оның қолындағы микрофонды жұлып алып, сөзін аяқтауға мұрша бермеген-ді.
Ол не айтпақ болып еді? Біздің тілшіміз Болатбек мырзаны сұхбатқа шақырып, мәселенің мән-жайы және басқа да тақырыптар төңірегінде тілдескен болатын.
– Соңғы жексенбіде Алматы мен Астанада бір-біріне ұқсас қос митинг өтті. Билік осы шараның өтуіне аяқастынан қалай рұқсат берді деп ойлайсыз?
– Билік қоғамға жаны ашығаннан митингіге рұқсат бермегені белгілі. Кезектен тыс өткен 9 маусымдағы президенттік сайлаудан кейін оянған елдің ығына жығылған түр көрсеткен кейпі. Бұрынғы жылдарда қоғам белсенділері митинг өткіземіз деп өтініш жазып, рұқсат сұрағаны үшін жазықты болып, 15 тәулікке қамалып, айып арқалайтын. Соның бірі – мен. Осы жолы әділетсіз сайлаудың қортындысына наразы халық рұқсат сұрамай-ақ, көшеге шығып кететінін көрген соң, амалсыздан жасалған қадам. Оның үстіне 6 шілде күні Мұхтар Әбілязовтың шақыруымен өтетін рұқсат берілмеген митингінің алдын алудың қамы жасалды.
– Осы митингіні өткізуге рұқсат алған жастар белсендісі Азаматхан Әміртай: «Бұл шараның бейбіт түрде өтуіне мен жауаптымын», – деп, сіздің қолыңыздағы микрофонды жұлып алуының себебі қандай?
– Митингіде маған сөз берілуінің өзіндік өрескел «тарихы» бар. Митинг өтерден бір күн бұрын ғана Арыс апат аймағынан келген едім, айтарым көп еді. Осы шараны ұйымдастырушылардың қолындағы күн тәртібінде кімнің сөйлейтіні, кімге сөз берілмеуі керек деген тізім жасалыпты. Сол «қара тізімде» мен де бар екенмін. Ұйымдастырушылар әкімдікпен жасалған келісім бойынша, бастары дауға қалмас үшін, сөйлейтіндердің тізіміне мені кіргізбеуге тырысыпты. Ондай қарсылыққа қарамастан, мен өзімнің пікірімді елге жеткізуді жөн көрдім.
Таңертең ертерек барып, ұйымдастырушылардың тізіміне сөйлеймін деп, аты-жөнімді жазғызып қойдым. Басында үшінші болып сөйлейсіз деген, кезегімді күтіп тұрдым. Оншақты адам сөйлеген соң, шыдай алмай, ұйымдастырушылардың қасына барып, қашан сөйлейтінімді сұрадым. Митингіге жиналған жұрт мені көріп: «Болатбек, Болатбек!» деп ұрандатқан соң, еріксіз маған сөз берілді. Сөзімді бастағаным сол еді, бірер минуттан соң, ұйымдастырушы қолымнан микрофонды жұлып алды. Рұқсат етілген жиында қолыңнан микрофонды жұлып алу – саяси этикеттің ғана емес, сонымен бірге адами мәдениеттің төмендігін білдірсе керек. Сөйтіп сөзімді аяқтай алмадым.
Митинг рұқсат етілген уақыттан ерте аяқталды. Ал жиылған жұрт тарап кетпей, сол жерде тұрып қалды. Содан соң біз өз жақтастарымызбен бірге өзімізше митинг өткіздік. Айтылмай қалған ойымды, пікірімді жиналған жұртқа жеткіздім. Содан кейін полиция қызметкерлерінің қасына барып: «Тәртіп бұздым ба, маған қоятын талаптарыңыз бар ма?» деп сұрап едім, «жоқ» деген жауап алған соң, көңілім орныма түсіп, үйіме қайттым.
– Сол күні «Нұр Отан» өз тарихында тұңғыш рет партиялық митинг өткізді. Олардың кенеттен «оянуына» түлен түрткі болған ба?
– Оларға қоғамның дамуындағы өзгерістердің билікке бағынбай бара жатқан бағдары себеп болған сияқты. Бұрындары олар барлық мәселе өздерінің уысында сияқты сезінетін еді. Ел-жұрттың митингке, көшеге шығуы әдетке айналып бара жатқаны да әсер етті деп ойлаймын. Билік мәскеулік саяси технологтардың мектебінен өтіп, халықаралық қауымдастықтың тәртібі бойынша, митинг тек қана наразылық шарасы еместігін, қандай да бір саясатты қолдау үшін де өткізуге болады деп ойлаған болулары керек. Содан бір күннің ішінде таласа-тармаса митинг өткізіп, елдегі әлеуметтік әділетсіздіктің бетін көлегейлеп, өздерінің «сарай бұлбұлдарын» сайратты. Халықаралық қауымдастықтың алдында билік партиясы да митинг өткізіпті деген көзбояушылық үшін де «Нұр Отанның» митингісі керек болған шығар.
– Жөн екен. Сіз жарылыстан кейін Арысқа алғашқылардың бірі болып барған азаматсыз. Көңіліңізге не түйіп қайттыңыз?
– Ең алдымен Арысқа бару себебім – арыстықтарға моральдық тұрғыдан қолдау көрсету еді. Біз республиканың әр аумағында: батыста, шығыста, оңтүстік-солтүстікте тұрсақ та, бір халық екенімізді білдіру үшін бардым. Алдымен Шымкентке барып, жарылыстан кейін мектепті паналаған жұрттың жағдайын көрдім. Одан кейін Арысқа бардым: жарылыстан қираған үйлер, бұзылған жолдар соғыстан кейінгі жағдайды көз алдыңызға елестетеді.
– Әлеуметтік желілерде Арысқа қатысты әртүрлі хабарлар тарап жатыр. Мәселен, билік жарылыстан қаза болғандардың санын жасыруда, ресми мәліметтерде нақты деректер ашық айтылмай жатыр деген сөз бар. Сіз осы жәйттің анық-қанығын айта аласыз ба?
– Мен деосы деректің нақты санын біле алмадым. Жергілікті тұрғындармен ауызекі сөйлескенде, қаза болғандардың көп екенін айтады. Қағазға түсіріп немесе камераға осы жайдың анық-қанығын, өздері білетін нақты мәліметтерді айтудан қорқады. Мен де Арыста жүргенімде, хабарсыз кеткен 350 адамның дерегін білмек болып, мән-жайды сұрастырған едім. Әкімдік төтенше жағдайлар қызметіне, «ЧС» – полицияға, қысқасы бір-біріне сілтеме жасап, ештеңе айтпады.
Бір білгенім – біздің мемлекеттік органдар мұндай төтенше жағдайға қатысты мәселені реттеуге келгенде, тым дәрменсіз екен. Ал біздің «ЧС» өрт сөндірумен ғана шектелетін мекеме сияқты. Әскери қойманың іргесінде тұрған қаладағы мемлекеттік мекемелердің апат жағдайындағы қызмет тәртібі реттелмеген. Тұрғындар өз күштеріне өздері сеніп, бір-біріне қол ұшын беріп, қолдарынан келген көмектерін жасады. Ал тиісті мекемелер болса, кім қауесет таратты деген далбасамен далбалақтап жүрді.
– Болатбек мырза, бұрын бізде бір ғана «шал» бар еді, ал сіз бұған Тоқаевты қосып: «Шалдар, кетіңдер!» деген талапты алғаш айтқан адамның бірісіз. Осы сөзіңіз үшін билік қудалап жатқан жоқ па?
– Митинг өткен күннен соң, қандай да бір қысым болатын шығар деп жүргенмін. Әзірге тыныштық… Қудалаймын десе, «шалдардан» басқа да сылтауларды табады ғой…
– Президенттік сайлауда еліміздегі жастардың белсенділігі артты. Алайда билік жастардың осы белсенділігі арқылы азаматтық қоғамды екіге жармақ : бірін – ескі, екіншісін – жаңа оппозиция деп. Осы жағдайда белсенді жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен айтарым – «Шалдар, кетіңдер!» ұранының екінші бетін айналдырып қарасаңыз, жастарға жол беру мәселесі тұр. Билік биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады, сондықтан ел болашағын жастардың қолына тапсыруы керек. Қазақстан ХХІ ғасырда өркениет көшінен қалмай, жаңа, озық технологияларды игеру үшін, жастардың күші мен мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Саяси-демократиялық өзгерістер – жаңашыл топтың қолында жаңаша дамиды.
Дегенмен, жастар өз елінің тағдырын өз қолына алуы үшін алдыңғы буынды ығыстыратыны – заңды құбылыс. Әрі бұл процесті бөліну емес, бірігу деп қабылдаған жөн. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген даналық сөздің астарында – кейінгі ұрпақ қоғам дамуын жалғастырушы деген түсінік жатыр.
Билік құрылымдарының әлсіздігі сол – қоғамды екіге, үшке бөлгеннен басқаны білмейді. Ал табиғат апаты, басқа да жергілікті жердегі әртүрлі жарылыс, өрт қаупі туындаған кезде не істерін білмей, дал болып, дер кезінде әрекет ете алмайтынына көзіміз жетті. Сондықтан азаматтық қоғам барлық мәселені өз жауапкершілігіне алып, бір жұдырықтай жұмылуымыз керек. Сол кезде биліктің қоғамды бөлшектеу мақсатындағы далбаса әрекеті ешкімге қажет те болмайды.
– Өзіңіз мүшесі болған «Антигептил» қозғалысының өкілдері бұған дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан экологияға зиянды «Протон» зымыран тасығыштарын ұшыруға тыйым салуды және Қазақстан аумағында ресейлік әскери-сынақ полигондарының жабылуын талап еткен еді. Енді АЭС – атом электр станциясын салу жөніндегі тағы бір экологияға қауіп әкелетін мәселе туындап жатыр. Алдағы уақытта «Антигептилдің» жұмысын жалғастырасыздар ма?
– «Антигептил» қозғалыс ретінде біраз шаруаны атқарды. Қозғалыс құрамында әртүрлі саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстың мүшелері болды. «Нұр Отан» мен коммунистік партияның да өкілдері де бізбен бірге жүрді. Бәрінің де мақсаты – «Байқоңырдан» ұшырылатын зымырандардың отыны, улы гептилдің қалдығы топырақ пен суға сіңіп қалмас үшін, өздерінің қарсылықтарын білдіру. Әртүрлі қарсылық шараларын өткізіп, қоғамның назарын аудардық. Екі жыл бойы белсенді қызмет көрсеттік. Өкінішке қарай, билік «Протонның» ұшуына шектеу қоя алмай, елдің наразылығына назар аудармай отыр.
Ал атом электр станциясын салу – елімізге одан да зор қауіп әкелетін мәселе. Арыстағы жарылыстан кейін билік ойлануы тиіс. Сәуір айының басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барған сапарында президент Владимир Путинмен кездескенде, Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсынысы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Атом ұлт, жыныс, жас, саяси және діни көзқарасқа қарамайды – бәрін құртуы мүмкін. Сондықтан бүгін АЭС салуға байланысты қарсылық пікір-ұстанымымызды білдіруіміз қажет. Экономикалық пайдасы үшін елдің қауіпсіздігін саудағы салуға болмайды.
Мен өзім Қазақстанда АЭС салуға қарсылық білдіру жөнінде митинг өткізу үшін өтініш берген едім, әкімдік оған рұқсат бермейтінін айтты. Әкімдіктің жауабын сотқа бердік. Әрине, сот қандай шешім шығаратыны белгілі. Алғашқы сот әкімдіктің шешімін дұрыс деп таныды. Бірақ ары қарай арыздана беретін боламыз.
– Болатбек мырза, сіздің өзіңізге қатысты қойылатын сұрақтарымыз бар. 2015 жылы сотты болғаныңызда, кінәңізді мойындап, «қоғамдық белсенділердің көпшілігі қылмыстық ісімді саяси мақсатта және өзін жарнамалау үшін пайдалануға тыйым саламын. Бұдан былай өзім үшін басты құндылық – отбасы екенін түсіндім» деп мәлімдедіңіз. Содан кейін билік сіздің бостандығыңызды шектеу жазасына тартты. Сол кезде сіз туралы қоғамда әртүрлі пікірлер айтылды. Осыдан кейін саяси алаңға қайтадан шығуыңыздың себебін түсіндіріп кетсеңіз.
– Мен өзімнің әрбір жасаған әрекетіме жауап беретін адаммын. Билік сол кезде маған түрмеге қамалу немесе бостандығымның шектелуі жөнінде таңдауды алдыма қойды. «Ұлтаралалық араздықты қоздырғаныңды мойында» деді. Мойындауыма тура келді: отбасым, кішкентай балаларым үшін, тар қапасқа қамалғанша, үйімде отырайын деп шештім. Осы жағдайдан кейін көпшілік менің ұстанымыма күдікпен қарайтынын білдім.
Сол кезде менің басыма түскен жағдайды кейбір қоғам қайраткерлері пайдаланғысы келді, менің атымнан халықаралық қауымдастықтан грант алмақ болды. Мен ондай «белсенділіктеріне» қарсы болып, сенімхат бермедім. Аттарын атап, кім екендерін жария еткім келмейді, өздерінің ұяты білсін.
Бостандығымның шектелу мерзімі аяқталған соң, қуанышқа кенелген жоқпын. Біздегі Қылмыстық кодекстің 174-бабымен айыпталғандар бірден «террорист-экстремист» деген қара тізімге ілінеді. Бұл тізімдегілер қоғамдағы шектеулерге тап болады, банктен шот ашу былай тұрсын, тіпті күнделікті тұрмыста, дүкенде қолданатын карточканы да аша алмайды, екінші бір адамға сенімхат бере алмайды, қандай да бір келісім-шарт жасап, ұсақ-түйек кәсіп те жасай алмайды. Қызметке орналасу мүлде мүмкін емес. Әйтеуір ел аумағында еркін жүре аламын, түнде, шақырған жерге, қонаққа, тойға бара аламын, соған да шүкір… Ал өзім ұстанған азаматтық қағидамнан айнымайтыным тағы да анық.
– Ендеше өзіңіздің азаматтық-қоғамдық ұстанымыңызбен депутаттыққа кандидат ретінде алда келе жатқан парламент сайлауына қатысуға болар еді…
– Әрине, еркім болса, қатысар едім, бұл мен үшін керемет мүмкіндік! Менің азаматтық құқым шектелгенін жоғарыда айтып өттім. Сондықтан сайлауға түсе алмаймын.
Кез келген маңызды мемлекеттік проблемалар, оның ішінде жер-су атауларына, Астана атауының өзгеруіне қатысты мәселелер әділ сайлау өткізу арқылы, бүкілхалықтық референдум арқылы халықтың ерік-жігерімен шешілуі тиіс. Өзімді осы мақсаттарға жету жолындағы күресте жүрмін деп санаймын.
– «Ақиқат» партиясы парламенттік сайлауға дайындық барысында азаматтық қоғамның танымал белсенділеріне өзінің алаңын ұсынып отыр. Осындай саяси мүмкіндікті пайдалану мәселесі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл – «Ақиқат» партиясының өте жақсы бастамасы. Хабардармын. Ортақ мақсат-мұратымыз үшін бірге қызмет етіп, біраз шаруаны тындыруға атсалысудан бас тартпаймын. Кез келген сайлау әділетті өтсе, қоғамның дамуы ілгері басады. Ең бастысы – біз бір-бірімізге лас сөздер айтып, қараламасақ, саяси мәдениеттің үлгісін көрсетіп, ел мүддесі тұрғысында топтаса білсек, парламенттік сайлауда жеңіске жетудің мүмкіндігі өте зор.
– Ендеше сіздің саяси ерік-жігер танытудағы азаматтық талпынысыңызға табыс тілейміз!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»