«Отбасылық саясат» ұғымы қазіргі қоғамда маңызды әлеуметтік, демографиялық және мәдени мәселе ретінде қарастырылады. Мемлекеттер отбасыларды тұрақты әрі қолдау көрсететін институциалды орта ретінде қалыптастыруға ұмтылады. Себебі отбасы – қоғамның негізі. Оның әл-ауқаты, құндылықтары мен демографиялық болашағы мемлекеттің даму деңгейіне тікелей әсер етеді.
Отбасы институтын нығайтсақ…
Жалпы, отбасылық саясат дегеніміз – мемлекет тарапынан отбасылардың өмір сүру жағдайын, отбасылық институттың тұрақтылығын қолдау бағытында жүргізілетін әлеуметтік-саяси шаралардың жиынтығы. Мысалы, елімізде отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу ұстанымы «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі басымдықтары» деп көрсетілген. Ол көбіне «отбасыларды қолдау», «балалы отбасыларды ынталандыру», «гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын нығайту» сияқты элементтерден тұрады.
Ғылыми зерттеулерде отбасылық саясаттың әртүрлі модельдері аталады. Мысалы, әлеуметтанушы Есуна Дугарова «Жаңа әлеуметтік келісім» контекстінде Ресей, Қазақстан және Моңғолия жағдайларын зерттеп, отбасылық саясатты 1991–1999 ж.ж. (отбасы дестабилизациясы), 2000–2007 ж.ж. (отбасының жандануы), 2008–2016 ж.ж. (отбасы қысымы) кезеңдері деп үш кезеңге бөлген.
Сонымен қатар, отбасылық саясат халықаралық деңгейде «гендерлік сезімтал саясат» ретінде қарастырылады. Яғни әйелдер мен ерлердің қамқорлық және әлеуметтік міндеттерін тең қабылдайтын шаралар.
Отбасылық саясаттың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, балалы отбасыларды қолдау, балалар мен әйелдердің құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ демографиялық, әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін шешу. Қазақстанда қазір отбасы институтын нығайту мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу негізгі басымдықтар ретінде көрсетілген. Мысалы, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы аясында өңірлерде «Отбасын қолдау орталықтарын» ашу жұмыстары жүргізіліп отыр.
Гендерлік саясат та отбасылық салада аса маңызды рөлге ие. Әйелдердің еңбекке қатысуы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдар қарастырылады.
Демографияға дем берсек…
Нақты айтқанда, Қазақстанда отбасылық саясат мына бағыттар бойынша жүргізіледі:
1. Бала тууды ынталандыру, балалы отбасыларды қолдау.
2. Отбасы институтын нығайту, дәстүрлі құндылықтарды сақтауды дәріптеу.
3. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алу.
4. Отбасыларға (әсіресе қиын жағдайдағы) әлеуметтік қызметтер, қолдау орталықтары арқылы көмек көрсету.
5. Демографиялық саясатпен сәйкестік – халық саны, отбасы құрылымы, көші-қон, өңірлік айырмашылықтар мәселелері.
Енді «Отбасын қолдау орталығы» жобасына тоқталсақ, мемлекет тарапынан 2021 жылы 31 орталық, 2022 жылы 37 орталық ашылған болатын. Ол көрсеткіш 2025 жылы жалпы саны 143 орталыққа дейін артады деп жоспарланып отыр.
Қазір осы тақырып бойынша әлеуметтік мониторинг пен сараптамалық зерттеулер жүргізіліп отыр. Мысалы, Family policy as a power of political stability: Experience of Kazakhstan деген зерттеу тобы 106 сарапшыны қамтитын сауалнама нәтижелерімен отбасылық саясат тиімділігін бағалауға талдау жасаған болатын.
Бұл салада кемшілік те жоқ емес. Тиімділік пен мониторинг жүйесінің жеткіліксіздігі байқалады. Кейбір сарапшылар отбасы саясатымен айналысатын мемлекеттік органдардың қызметін төмен бағалаған. Ал, керісінше, зерттеу нәтижесі бойынша азаматтық сектордың тиімділігі жоғары болып тұр.
Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық теңсіздікке келсек, өңірлердегі отбасылардың табыстары мен мүмкіндіктері арасында әжептәуір айырмашылық бар. Оған бала туу деңгейінің төмендігі, халықтың қартаюы, көші-қон мәселелері сияқты демографиялық тенденцияларды қосуға болады.
Ажырасудың, бір ата-аналы отбасылар санының артуы сияқты отбасылық институт өзгерістері де басты назарда. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы 3 айында азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша ажырасулар саны 3,9 мыңға тең болды. Сондай-ақ биыл отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық 43,2%, ерлі-зайыптылардың бірінің маскүнемдік немесе нашақорлық жағдайы 39,7% және ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздық 35,8% деңгейін көрсетіп отыр. Соның салдарынан жалпы жұптардың ажырасу көрсеткіші өте жоғары сатыға шықты. Мысалы, 1 мың адамға шаққанда, шамамен 4,6 ажырасу жағдайы бар. Мұндай деңгей отбасы институтының қазіргі қоғамдағы өзгерістерін, дәстүрмен қалыптасқан отбасылық мәдениеттің трансформациясын көрсетеді. Сол себепті мемлекет позитивті тенденция қалыптастырып, қолдау қызметтері арқылы ажырасу санының төмендеуіне әсер етпек.
Халықаралық тәжірибеге бейімделсек…
Жаһандық тұрғыдан қарайтын болсақ, отбасылық саясат әр елде әртүрлі жүйемен іске асады. Мысалы, Еуропа мен Орталық Азияда «Гендерлік сезімтал отбасылық саясат» деген түсінік қалыптасып келеді. Мұнда әйелдер де, ерлер де отбасы ішінде қаралатын міндеттер жағынан тең құқыққа ие деген қағида жатыр. Сонымен қатар, кеңірек талдау көрсеткендей, посткеңестік елдер (оның ішінде Қазақстан) 90-жылдардан бастап әлеуметтік қорғау жүйесін қайта құру кезінде отбасылық саясат саласында көп қиындыққа тап болған.
Енді Қазақстан жағдайында отбасылық саясатты тиімдірек ету үшін мына негізгі 6 бағыт маңызды:
1. Мониторинг пен бағалау жүйесін жетілдіру: нақты көрсеткіштер мен деректерге негізделген қорытындылар жасау қажет.
2. Өңірлер бойынша теңсіздікті азайту: әр аймақтағы мүмкіндіктерді теңестіріп, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
3. Отбасылардың әртүрлі түрлерін ескеру: дәстүрлі отбасы үлгісінен тыс азаматтарды, бір ата-аналы, балаларымен қиын жағдайда тұрған отбасыларды ерекше қолдау.
4. Гендерлік теңдікті нақты іс-әрекет деңгейінде іске асыру: әйелдер мен ерлерге бірдей әлеуметтік, еңбек және күтім саласында мүмкіндіктер беру.
5. Балалар мен жастарға бағытталған қызметтерді күшейту: отбасыларға күтім көрсету, балалар тәрбиесі, менталдық денсаулық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактика.
6. Халықаралық тәжірибені меңгеру: басқа елдердің отбасылық саясатындағы тиімді модельдерді зерттеп, Қазақстанға бейімдеу.
Осының бәрін жинақтап, бір сөзбен айтқанда, елімізде ішкі отбасылық мәселелерді шешу, қызмет көрсетуге қолжетімділік, мониторинг пен ақпараттандыру деңгейі жоғары болуы керек.
Отбасылық саясат – мемлекеттік басқарудың маңызды саласы. Ол қоғамның әлеуметтік және демографиялық тұрақтылығына жол ашады. Қазақстанда осы бағыттағы істер бірқатар жетістікке қол жеткізгенмен, алда әлі де сондай көптеген мәселе тұр. Бұрынғы социалистік жүйеден нарықтық және әлеуметтік реформалар кезеңіне өткеніміз сияқты, отбасылар да жаңа шарттарға бейімделіп жатыр. Мемлекеттік саясат осы трансформацияны қолдап, отбасыларды жан-жақты нығайтуға бағытталуға тиіс.
P.S. Осы ұсыныстар іске асар болса, халықтың әл-ауқаты, отбасылық институттың тұрақтылығы артып, Қазақстан өз даму мақсатына қарай сенімді қадам жасай алады.
Ғали ТӨЛЕК