Четверг , 10 апреля 2025

БІЗДІҢ ДЕ РЕСПУБЛИКАМЫЗ БАР ЕКЕНІ ЕСІМІЗГЕ ТҮСЕТІН ЕКІ-ҮШ КҮН

Бір ұлт қол жеткізетін ең басты мақсұт, ең ұлы құбылыс ол –дербес мемлекеттілік. Ұлттың болашағын айқындауға ең басты негіз де ол – тәуелсіз республикасы және оның бір тұтас территориясы.

Бізде – Қазақта бұл бар. Жер жиһан мойындайтын Республика да, Жер шарының жарамды аумағының 10%-ын алып жатқан алып территория да қазаққа басы бүтін тиесілі. Оған қолымыз жеткен.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп мақалдайтын да біз. Азат отанымыз барын бір жылда бір-екі күн ғана ойымызға алатын да біз. Ештеңені ұқсата алмай отырғанымыз да содан болар.

Бұл жолы көңілімізге медеу болған бір іс – мереке қарсаңында Астанадағы Спортты қолдау дирекциясы екі күндік бағдарламамен ауқымды шаралар ұйымдастырғаны еді. Мақсаты – спортшылардың жүрегіне ұлттық рух жүктеу екен. «Біздің батыр ұл-қыздарымызда күш те, техника да, мінез де бар. Егер жеңіске бір нәрсе жетпесе, онда ол ұлттық рух жетіспеуі болар. Республика күні байланысымен олардың ұлт алдындағы жауапкершілігін жетілте түсуге құлшындық», – дейді Дирекция басшысы Олжас Азатұлы Акимов.

Өзіміз де спортты, шынығуды жаны қалайтын кісі едік. Көк байрақты білегімен биікке көтерген батыр жігіттерімізбен бірге бұл шараға белсене қатыстық.

Республика күні құтты болсын! Мемлекетіміз мәңгі болсын!

Біз туған тауымыз да, даламыз да,

Басы бүтін қала ма баламызға.                      

Сұрақ бұл

қан ішкізген сан батырға,

Сұрақ бұл

Қайғы ішкізген сан абызға.

Сұрақ бұл

Болашақтың мың жылында,

Таң сайын жаңғыратын санамызда. …

Республикасы бар және оны мәңгі сақтауға міндетті екенімізді таң сайын есте ұстайық!

 Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн