«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы («ҚТЖ» ҰК» АҚ) Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшылары мен ардагер теміржолшы, осы бөлімшенің АСУ (автоматтандырылған басқару жүйесі) бөлімінің бұрынғы бастығы Алдаберген АЙМАҒАНБЕТОВ арасындағы айқас 12 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл мәселе Ақтөбе қалалық сотында қайта қаралуда. Біз жәбірленушіге хабарласып, осы іс төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– 2012 жылы ақпан айында Ақтөбе қалалық соты сізді үшінші рет «қызметінде себепсіз болмады», – деген ҚТЖ-ның жұмыстан шығарған бұйрығын заңды деп таныды. Одан бері қанша жыл өтсе де, сіз бұл шешімді қайта қарауды өтініп жүр екенсіз. Нәтиже бар ма?
– Рас, мұның алдында да ҚТЖ мені екі рет жұмыстан шығарып, үлкен күрестен кейін, сот оны «заңға қайшы» деп танып, 24.11.2009 жылы және 02.03.2011 жылы бұрынғы лауазымыма қайта тағайындау жөнінде шешім шығарды. Алайда ҚТЖ сот шешімін орындаған жоқ.
24.11.2009 жылғы сот шешімінің орындалмағанын 12.09.2010 жылы: «Судом установлено согласно материалов и пояснений сторон, что даже после вынесения решения восстановлений на работу, администрация ответчика не выполняла решение суда и лишила истца работы, что приводило его в отчаяние, так как, проработав более 37 лет, оставался кормильцем семьи» – деген сот шешімі дәлелдейді. Ал 02.03.2011 жылғы сот шешімінің орындалмағанын 08.02.2013 жылы аға мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы анықтады.
ҚТЖ мені үшінші рет жұмыстан шығарған кезде алдыңғы 2 сот шешімінің орындалмағанын жасырып қалып, 2012 жылы сотты шатастырды. ҚТЖ жұмысқа қайта орналастыру жөніндегі сот шешімін орындамай, керісінше, теміржолда 39 жыл қызмет еткен мені «Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің капитаны қалайша себепсіз жұмыста болмады» деген желеумен мені зейнеткерлік жасқа 1 жыл 10 ай қалғанда мазақ еткендей «прогульщик» атандырды. Осы әділетсіздікпен келіспей, әлі күресіп келемін. Бір қызығы – жұмысқа қайта орналастыру жөніндегі сот шешімін ҚТЖ-ның орындамағанын соттың өзі көрсетіп, сондай-ақ мемлекеттік аға сот орындаушысы анықтағанына қарамастан, 10 жылдан асты Көлік прокуратурасы, Әділет департаменті, сот та үнсіз. Осы жағдай тым түсініксіз.
Сондай-ақ 2007 жылы менің үстімнен: «938 мың теңгенің заңсыз актісіне қол қойды», – деп, Көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Алайда 16.09.2009 жылы істі облыстық сот қарап, заңсыз актіге мен емес, бөлімше бастығының бірінші орынбасары В.Петровтың қол қойғаны анықталды. Алайда бұл үшін В.Петровтың бір тал шашы да түскен жоқ.
– Сіз кезінде Ақтөбе облысы бойынша ҚТЖ басшыларының кейбір станциялардағы темір жол желілерін заңсыз жекешелендіріп алғаны туралы да дабыл қаққан едіңіз. Жұмыстан шығарылуыңыздың себебі осында жатқан жоқ па?
– Иә, айқас алаңының біреуі – Дөң станциясының жолы. Мәселенің қалай болғанын түсіндіре кетейін. 2006 жылы 16 мамыр күні Ақтөбе облысы Хромтау қаласының әкімі А.Жолдыбаев Дөң станциясының ауданынан темір жолға жанама жол салу үшін, «Темир жол-Брокер Сервис» ЖШС-іне 2,2326 гектар жерді жекешелендіру құқығы беріліп, 2 293 997 теңгеге сатылсын деген өзінің № 70 шешімін шығарады. Жолы болғыш «Темир жол-Брокер Сервис» ЖШС-іне аумағы 0,1144 гектар жер беру және оны 15623 теңгеге сату туралы дәл осыған ұқсас қаулыны бір аптадан соң, 22 мамыр күні Хромтау ауданының әкімі О.Далмағанбетов те шығарады. Темір жол бойындағы бұл екі жер телімінің жалпы аумағы 2,3470 гектарға, ал ұзындығы 730 метрге тең болады.
«Жолы болғыш серіктестік» дейтін себебіміз – бұл «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігінің тең құрылтайшылары басқа емес, нақ сол Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшысы Ж.Ізғұлов пен оның бірінші орынбасары А.Петровтың әйелдері Жанат Ізғұлова мен Оксана Петрова болып саналады. Екі жер телімін қосып көрсеткен себебіміз – олар қатар жатқан жер телімдері екені кейін анықталады. Бірақ «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігінің де, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның басшылары да «Дөң станциясының ауданынан» берілген жердің тағы да нақ сол станция тұрған № 30 «станциялық жолдың» өзі екенін, магистралды желінің бір бөлігі екенін жасырып қалады. Ал магистралды темір жол желісі «ҚР темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы заңының 5-бабы, 1-бөлігіне сәйкес жекешелендіруге жатпайды және ұлттық басқарушы холдингке сенімді басқаруға беріледі. Ж.Ізғұлов пен В.Петров өз әйелдерінің ЖШС арқылы жерімен қоса магистралдық темір жол желісінің үстінде орналасқан станциялық жолды да сатып алып, оның қызметін пайдалануды көздеді. Пайдаланды да! Мәселе осында.
Ал «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігінің тең құрылтайшылары Ж.Ізғұлова мен О.Петрова 2007 жылы 10 қазандағы «Сату-сатып алу жайлы келісімшартқа» сәйкес: 1. «Продавец» продал, «покупатель» купил Железнодорожный тупик протяженностью 730 метров, находящегося по адресу: г. Хромтау, ул. Новая станция, д. 6, с земельным участком площадью 3,3470 гекторов», – деп, «Олжа-2007» ЖШС-іне 1 350 000 теңгеге сатып жібереді. Магистралдық темір жол желісіне жататын, магистралдық жолға кіретін № 30 «станциялық жол» «темір жол тұйығы» аталып кеткен. Бұл – әдейі жасалған жаңылтпаш болатын. Жоғарыда аталған Хромтау қаласы әкімінің шешімі мен қаулысы заңсыз екенін 2011 жылы 14 желтоқсанда өткен Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы өзінің қаулысында: «В настоящее время после неоднократных сделок собственником указанного земельного участка по праву является АО «НК КТЖ», в соответствии с безвозмездным договором дарения от 8 февраля 2008 года. Таким образом, действие оспариваемого решения ныне аннулировано и исчерпано» деп көрсетеді. Бірақ бұл жерде аздаған, жұмсарта айтсақ, жаңсақтық бар. Мен бұл «договор даренияны» көрдім. Онда «Олжа-2007» ЖШС 2,3470 гектар жердің бар болғаны 0,3558 гектарын қайтарғаны туралы ғана айтылған. Әйтсе де, сот алқасының бұл қаулысы 2,3470 га жердің иелік құқығы ҚТЖ ҰК-ына жататынын тайға басқан таңбадай анық көрсетіп тұр.
– Сонда бұл заңсыз иемдену қалай жасалған?
– Меніңше, түсінбейтін ештеңе жоқ. Өйткені ҚТЖ да, Көлік прокуратурасы да, сот та менен құтылуға асық. Себебі мемлекетімізге келтірілген үлкен көлемдегі зиянды Көлік прокуратурасы жасыруының негізінде сот та жасырды. 04.09.2009 жылғы Қандыағаш аудандық соты үкімі 2007–2008 жылдардың, яғни 730 күннің 60 күнінде Қандыағаш станциясымен «композит жүгі» деп, шын мәнінде шикі мұнайдың жөнелтілгенін анықтап, мемлекетімізге 5 млрд 516 млн 809 мың теңге экономикалық зиян келгенін анықтады. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ҚТЖ басқармасы тасымалдау процесінің басшысы Е.Төлегенов Қандыағаш станциясымен шын мәнінде 2007 жылы және 2008 жылы «композит жүгі» деп, вагондармен шикі мұнайдың жөнелтілгенін анықтады. Сонда 670 күн бойы жөнелтілген шикі мұнайдың мемлекетке келтірген 1 млрд доллар көлеміндегі экономикалық шығынын кім іздейді? Бүгінгі күні біз сыртқа кеткен ақшаны іздейміз, ал іштегі миллиардтаған зиянды көрмейміз. Ал мемлекетке қыруар зиян келтірген ҚТЖ басшыларының біреуінің де бір тал шашы түскен жоқ. Ең сорақылығы – 2010 жылы 14 шілдеде Бас прокуратураның өкілі А.Б.Аманов тексеру кезінде 2007–2008 жылдары жөнелтілген әр вагон композиттің тарифтік бағасы шын мәнінде жөнелтілген әр вагон шикі мұнайдан 45 654 теңгеге кем екенін анықтады. Осы екі жылда Қандыағаш станциясынан 7000 вагоннан астам алынбаған тарифтік ақшасын кез келген азамат өзі-ақ есептейді және мемлекетімізге келген орасан зор шығынды көргенде, жағасын ұстары анық. Себебі әркім Көлік прокуратурасы емес қой, мұндайға көзін жұмып отыратын.
– Сонда мұның «желеп-жебеушілері» кім болды деп ойлайсыз? Бүгінгі жағдай қалай?
– Жекешелендіруге жатпайтын магистралдық темір жол желісінің бөлігі заңсыз жекешелендірілуіне байланысты сол кездегі Ақтөбе облыстық қаржы полициясы 2012 жылдың 23 мамыры күні Ақтөбе темір жолы бөлімшесі басшыларының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясы бойынша) 307-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғайды. Бірақ неге екені белгісіз, жер телімдерінің қайда орналасқанын нақты анықтап алмайды; шешім, қаулы шығарғыш қала мен аудан әкімдерінің заңсыз әрекеттеріне назар аудармайды. Алайда арада бір жыл өтпей жатып, аталмыш орган 2013 жылғы 13 қаңтардағы өзінің қаулысымен «темір жол тұйығы мемлекеттің меншігінде ешқашан болмаған» деген күлкілі желеумен (жоғарыда оның жаңылтпаш екенін ескертіп едік қой) өзі қозғаған қылмыстық істі өзі қысқартып тастайды.
Сонымен бірге № 7 станциялық жол бойындағы ауданы 658 шаршы метрді құрайтын, есептен шығарылған (списанный) Пакгауз ғимараты тұрған, аумағы 800 шаршы метр болатын түсіру-арту алаңы да, дұрысы осы алаңның астында тұрған жер – Хромтау ауданы әкімінің шешімімен жекешелендіріліп, «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігіне беріледі. Бұл алаңның, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген, жалпы ұзындығы 730 метр түсіру-арту алаңы бар екі жер телімі де Дөң станциясының аумағында орналасқандығына республикалық Бас көлік прокуратурасының комиссия мүшелерінің көзі жетіп, олар 2017 жылдың 11 сәуірінде осы жөнінде акт жасайды. Және 2017 жылдың 1 маусымында жоғарыдағы қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының күшін жояды. Сондай-ақ «тәбеті тамақ үстінде ашыла түсетін» «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігі № 30 станциялық жол бойынан тағы да 0,3515 г жерді 49 жылға жалға алады. Осылай Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшылары мемлекет өздеріне басқаруды сеніп тапсырған темір жол телімдерін өз пайдасына жұмыс істетті. Осыдан кейін «дорога государственная – карман частный» демей көр.
Міне, осының бәрі ҚТЖ шенеуніктерінің «бармақ басты, көз қыстымен» жергілікті әкімдермен сыбайласа отырып, заңсыз жекешелендіріп алған теміржол желілері еді. 12.10.2013 жылы Ақтөбе облысы бойынша Мамандандырылған экономикалық сот шешімімен 23.05.2012 жылы қаржы полициясы полковнигі С.Б.Қайдаровтың қабылдаған қаулысымен анықталған Дон станциясындағы теміржол станция жолын заңсыз жалға алған ҚТЖ Ақтөбе теміржолы басшыларының әйелдері Жанат Ізғұлова мен Оксана Петровалар еді. Соның арқасында айына мемлекет есебінен 1 млн 100 мың теңге пайда тауып келгені айтылмай, жабылып қалды.
– ҚТЖ-ның бүгінде үлкен қарызға батқанын Парламент депутаттары жария етті емес пе?
– 2024 жылы 9 маусымда Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Парламент депутаттарының алдында ҚТЖ-ның қарызға белшесінен батып, дағдарыстың алдында тұрғанын жария етті. Осыдан кейін араға 10 күн салып ҚР Бас көлік прокуроры ҚТЖ станция жолдарын заңсыз жалға бергенін айтты, соның ішінде Ақтөбе облысы да аталды. Мемлекетімізге 4 млрд теңгеден астам зиян келгенін жеткізді. Алайда әлі күнге ҚР Бас көлік прокуратурасы өзінің қарамағындағы қызметкерлерінің мемлекетімізге орасан зиян келтіргенін және азаматтардың құқықтары бұзылғанын көрмегендей болып, көлгірсіп отыр.
– Осы Көлік прокуратурасының қызметі жайында не айтар едіңіз?
– Облыс көлеміндегі шикі мұнай ұрлығын, стания жолдарын жалға берген сыбайластықты ашқан Ақтөбе көлік прокуратурасы емес, оны әшкерелеген Ақтөбе облыстық прокуратурасы. Содан кейін қылмыстық істі әрі қарай бақылап, істі сотқа жеткізу – Көлік прокуратурасының міндеті. Жоғарыда айтқанымдай, біздің жағдайда Көлік прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі қалай да жабуға тырысты, ал облыстық прокуратура бұл істі көрсе де, көрмеген болды. Өйткені жергілікті көлік прокуратурасы ҚР Көлік прокуратурасына қараса, облыстық прокуратура – ҚР Бас прокуратурасына қарайды. Екеуі бір-біріне бағынбайтын екі орган.
Атам қазақ «көрпеңе қарай көсіл» дейді. Мемлекетіміз 200 млрд доллардан астам шет мемлекеттерге қарыз. Үй-күйсіз жүрген де өзіміздің қаракөздеріміз. Қылмыс ашылмайтын болса, Бас прокуратура мен Бас көлік прокуратурасын несіне ұстап отырмыз? Меніңше, Бас көлік прокуратурасын қысқарту қажет!
– ҚТЖ-ға сын айтатындар көбейді. Көріп отырғанымыздай, салада өрескел заңбұзушылық, сыбайлас жемқорлық деректері тым көп. Сіздіңше, жағдайды реттеу үшін не істеу керек?
– Жаңа Қазақстан билігі Көлік министрлігін қайта қалпына келтірді. Осыған орай темір жол көлігі заңына өзгерістер енгізу қажет. Яғни, «ҚТЖ» АҚ президенті лауазымын, «ҚТЖ» АҚ Жолаушылар тасымалы, «ҚТЖ» АҚ Жүк тасымалы және т.б. қаптаған делдал АҚ-тарды алып тастап, Көлік министрлігі жанынан комитет ашу керек. Кезінде жабылып қалған Алматы теміржол басқармасы, Тың теміржол басқармасы, Батыс Қазақстан теміржол басқармасы бөлімшелерін қалпына келтіріп, комитеттің қарауына беру қажет. Сол кезде ғана теміржолдағы қарапайым жұмысшылардың еңбек өтіліне қарай берілетін ай сайынғы жалақысы қалпына келеді, жолаушы вагондарының күтімдері жаңа вагондар сатып алмай-ақ өзгеріске ұшырайды. Жүк жөнелтушілерден 2 тариф алынбайды (вагонды жалға алып пайда табушыларға). Бұл өз кезегінде теміржолдың қауіпсіз жұмыс істеуіне, маңдай терін төгіп жұмыс жасап жүрген қарапайым жұмысшыларға жағдай жасалатынына, жылы кабинеттерде отырып алып, қиналмастан көлденең пайда тауып отырған арамтамақ бизнесмендердің жолын жабар еді. Қазір Парламентте еліне, халқына жаны ашитын азаматтар бар. Кеш те болса бұл іске үкімет те назар аударады деп үміттенемін.
– Сізді Ақтөбе облысы әкімінен Алғыс хат алған, «Қазақстан дауысы» газетінде жарияланған «Жылығанды жұбатқан, жығылғанды сүйеген азамат» мақаласының бас кейіпкері дейді, рас па?
– Рас, 2011 жылы ҚТЖ үшінші мәрте жұмыстан шығарған соң 61 жасымда оқуға түсіп, 63 жасымда екінші жоғары білім, заңгер мамандығын алып шықтым. Облыс көлемінде көптеген азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге қосқан үлесім, оларға қорған болғаным – Заңгерлер палатасы төрағасының ұсынысымен кәдімгідей аталды.
– Демек, сіз тек ардагер теміржолшы ғана емес, сонымен бірге кәсіби білімі бар заңгерсіз де. Еліміздің сот жүйесі туралы не айтар едіңіз?
– Сот жүйесінде маған ұнамайтын бір мәселе бар, ол –мемлекетіміздің және оның азаматтарының бұзылған құқықтарын қалпына келтіретін судьялардың жағдайы. Заң талаптарына сәйкес, судьялар өз қызметінде ешкімге тәуелсіз. Ал шын мәнінде олай емес, біздің жүйемізде қалыптасқан ең осал тұс – осы, судьялардың өз басшыларына, қала берді жоғары тұрған органға тәуелділігі. Басшының ауызша айтқан ескертпелерін назарға алмай көр, ары қарай ілік табылады, аттестациядан өтпейсің, қызметіңнен кетесің және т.б. Осындайда судьяны кім қорғайды, сот па? Әділ сөйлесе, соттың өзі қызметінен қуылады. Өз басым мұны күнделікті көріп те, естіп те жүрмін. Бұдан шығудың жолы – Еуропа елдеріндегідей судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін жүйе енгізу.
– Сіздің әлі күнге шаршамай, шалдықпай, жұмыстан шығарылған кезіңіздегі сот шешімін даулап жүруіңіздің себебі неде?
– 2024 жылғы 18 қазанда сот 02.03.2011 жылғы сот шешіміне сәйкес: «Сіз 20.04.2011 жылғы аяқталған сот орындаушысы қаулысымен жұмысыңызға орналастыңыз, осыған орай, мерзім өтіп кетті», – деген ұйғарым шығарды. Алайда 20.04.2011 жылғы сот орындаушысының қаулысы 08.02.2013 жылғы аға мемлекеттік сот орындаушысымен «күшін жойғандығы» сот ұйғарымында қараусыз қалды. Егер құқықтық білімі бар заңгерлердің өзі заңсыздыққа ұшырап, әділетсіздіктің зардабын тартып жатса, қарапайым азаматтар құқықтарын қалай қорғайды? Бұл мен үшін принципті мәселе. Сондықтан да мен ақырына дейін күресіп, әділеттілік салтанат құрғанын қалаймын.
Осыған орай, мен 9 желтоқсан күні Ақтөбе облыстық сотының төрағасы А.Смағұловтың жеке қабылдауында болдым. Енді менің жазған шағымым 2024 жылдың 19 желтоқсанында облыстық сотта қаралатын болды. Келем деуші журналистер мен азаматтарға есік ашық.
Сұхбаттасқан Сисенбай ҚОШАМАНҰЛЫ