Пятница , 18 апреля 2025

«БІЛМЕГЕН – У ІШЕДІ» Намысты қазақтарға құлаққағыс

«ДАТ» гәзетінің бесінші санынан «Қытайдағы қазақ мәселесі: қарсыластар мен жақтастар» деп аталған топтаманы (5–7-беттер) оқып, қатпар-қатпар жәйттердің біраз құпиясына қанықтым. Тіпті өзімнің «Оралмандар қашанғы опық жейді?» деген хатқа қол қойғанымды білдім.

Қаламдас інім Құдияр Біләл үйіме телефон шалып, Қытайдан келген қазақтар өзара түсініспеушілікке ұрынып жүр, соларға төрелік айту сыңайда сөзді бастап, сол жайында жазылған хатқа қол қояр-қоймасымды барлады. «Сендерге сенемін ғой, қолымды қоя берсеңші!» – дедім.

Иә, бұрын да хаттарын, әлбетте, бүгінгі берекесіз билікке наразылықтарын бірден құптап, қолымды сырттай қойғанмын. Қателеспегенмін. Сол «екпінім» бұл жолы кері бағытталған болып шығыпты. Оның мән-жайын ақын інім Темірхан Медетбектен естідім. Жолсапарға шыққалы теміржол вокзалына барған сәтінде асығыс болса да анық айтып үлгіріп: «Ғаб-аға, ол «жұмбақ» хатқа қол қойғанымыз ыңғайсыз болды, енді қайтеміз?» – деді. Мен: «Түсіндім. Алаңдамай аттан, жолың болсын! Мен қазір оларға наразылық хат жазамын, қойған қолымнан бас тартамын, келіссең – екеуіміз жазған боламыз», – дедім. Темірхан көңілденіп: «Сөйтіңізші! Ол хат «Абай.кз» сайтында шығыпты», – деді. Мен екеуіміздің атымыздан дереу хат әзірлеп, сайтқа жібердім. Жариялауды, көшірмелерін «айтысып-тартысушы» екі топтың басшыларына жеткізуді өтіндім, арғы жағы маған әзірше белгісіз.

Темірхан екеуіміз үшін «жұмбақ» хатты осы гәзеттен көріп, оқып, оның биліктің сөзі екеніне ешбір күмәнданбай, Азамат Серікжан Біләш інімнен, оның ұйымдас дос-жолдастарынан ғафу өтінуді жөн көрдім. «Серікжан, бізге реніштеріңді ұмытқайсыңдар, атамыз қазекем: «Білмеген – у ішеді» деген ғой. Сендерден жақсылық көрген ағайындарға, Сайрагүл мен Уәлиге де айтарым – осы».

Серікжанның кім екенін Ермұрат Бапимен осы жолғы сұхбаттарынан анық білдім. Соңғы айларда көз шіркінім «еркелеп», оқу-жазуымды тежеңкіреп жүр еді, мына хат-сұхбат топтаманы күштеп оқыдым. Ендігі айтарым:

«Бойында қазақы намысы бар бауырларымІ Серікжан БІЛӘШ жетекшілік етіп отырған «Атажұрт еріктілері» ұйымының Қазақстан мен Қытай арасында тауқыметке тап болып, бір отбасы екіге еріксіз жарылып, билікшілдердің қақпақылдарына айналған қазақтарға бірден-бір қамқоршы, сүйеніш-таяныш екеніне шүбәланбасаңдар екен! Гәзеттегі сұхбатты оқығандарың ақиқатты таба алдыңдар деп білем. Олай болса, бұдан былай Серікжанды ауызша жақтап қана жүре бермей, жұмылып қорғайық! Оған қоқиланушы әкімі бар, соты бар, жалдамалы жалбақайлары бар топқа заң жолымен жазбаша қарсылық көрсетейік! Басқа жол жоқ!.

Тәуелсіздік бұйырған елімізде адам құқы сөз жүзінде қорғалатын, ал іс жүзінде қорланатын болғанын 2002 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысы премьер-министр Қ.Тоқаевтың жуан жұдырығымен талқандалғанда (талқандатылғанда) түсінгенбіз. Ал «мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтірген» әкім Ғалымжан Жақияновты 7 жыл түрмеге кескен, мемлекеттің 3,2 миллиард теңгесін талан-тараж еткен министр А.Мырзахметовтың бас бостандығын 5 жылға шектеп, тұтқыннан босатып жіберген сот жүйемізден әділдік іздегенше, Гоби шөлінен раушангүл іздеген оңай боларын сезгенбіз.

Ақиқаттың жолы даңғыл болған емес. Ал Қазақстан–Қытай арасындағы тірлік жолымыз онымен жүруге мәжбүр қарапайым қазақтар үшін тым жіңішке де, тым бұралаң. Сол қысталаң соқпақтардағы қандастарымызды қолтығынан демеп, хал-қадари жәрдем жасап жүрелік!».

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

(11. 02. 2019 ж.)

Республиканский еженедельник онлайн