Шерхан аға қайтыс болды… «Бір кем дүние…».
Тұла бойы тек қазақи қасиеттен ғана жаралған, теперіштен көз ашпаған қазақтың шерін шерткен Шер-ағамыз еді. Соңында қалған ендігі депутаттардың арасында алашқа араша түсіп, арыстандай арқырайтын азаматы түгілі, мияулайтын мысығы да жоқ. «Бір кем дүние…».
Менің Алматыға – сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне келуіме бірден-бір себепші болған, бұған дейін ырқы-тырқы болған «РКТРК» телекомпаниясына өзімен бірге ала кеткен абзал ағам еді. Сонда ғой, Шер-ағаңды басқаға қимаған «СҚ»-лық жігіттердің «Біреуі – «Вольво», екеуі – «Волга» мінді» деп жазатыны. Бірақ Шер-ағаң онда «Вольво» міну үшін емес, қазаққа ауадай қажет телекомпанияны қазақшалау үшін барған-ды.
Қазақшалады! Сонда ашылған «Таңшолпан» бүгінде шошақайлау болса да, Шерханнан қалған шолпысы анда-санда сылдыр ететіні бер…
Мені ел алдында «Ер Бапи» деп, мәртебемді көкке бір елі жеткізбей тастаған тағы сол Шер-ағам еді. Кейіннен депутат болып жүргенінде, «президент – біреу, халық оған тіреу» деп, назарбаевтық биліктің сойылын соғып кеткенде, «ДАТ»-тың біраз сынына ұшырады. Бірақ анда-санда той-томалақ, өлім-жітімде кездескен кезде ешқашан реніш білдірмеген: «Ер Бапи, елге сенің сөзің де керек…» десе де, үнемі қабағы қатулы ағаның көңіл аңысын аңдау қиын еді.
Енді, міне, қазақ журналистикасының бір дәуірі Шер-ағаңмен бірге кетті… (Жоқ, әлде сол дәуір артында асқар тау боп қалды ма екен?). «Біз Шерханның шинелінен шыққанбыз» дейтін бір төбе журналист ел мен жердің шерін шертуі тиіс біраз газетте, қиянатшының қысымынан қыстықса да, редактор болып жүр.
Кім білсін, толғағы тоқсан тағдырдың салуымен соңында кітаптарынан басқа мұрагер қалмаған (Шер-ағаңның өз сөзі) көңілін атына сай шер шайқап кетті ме екен, қайран ағаның…
«Бір кем дүние…» енді тіптен кетиіп қалды ма?
Қош, Асыл Аға!
«DAT»-тық журналистер атынан –
Ермұрат БАПИ