Соңғы 30 жылда төрткүл дүние геосаяси ахуалынан бастап, қарапайым тұрмыста қолданатын құрылғыларына дейін адам айтса нанбастай өзгерді.
Біз кезінде таңданып, тамсанып қарайтын заттар мен ғимараттар әдірәм қалды. Галактика мен азон қабаты, алты құрлық пен төрт мұхит, өсімдіктер мен жануарлар әлемі – түгелдей өзгеріс үстінде. Өзгермеген тек Қазақстан ғана, сол баяғы орысша, сол баяғы «шал», сол баяғы өтірік сайлау. ҚР президент Н. Назарбаев өз орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындағаннан соң, кезектен тыс сайлау жариялады. Жарайды делік! Енді неге үміткер Тоқаев өңірлерді президент ретінде аралап, шетелдерден келген делегация өкілдерін президент ретінде қабылдап жүр? Оның құқы басқа үміткерлерден неге артық?
Екіншіден, жеті кандидаттың сайлау кампаниясы тең емес екендігін қазір жас бала да біледі. Коммунистер атынан түскен Жамбыл Ахметбеков келмеске кеткен КСРО-ның басқару жүйесін насихаттап, өз-өзімен әуре болып жүр. Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясынан ұсынылғандықтан, тек қана ауылдың маңын шиырлау үстінде. 28 жылда тас-талқаны шыққан, қаңыраған ауылдарды қалпына келтіру оңай шаруа емес екенін өзі де жақсы біледі. «Ақ жол» партиясынан түскен депутат Дания Еспаеваны, жоқ кәсіподақтың жалаң туын «желбіретіп» жүрген Амангелді Таспиховты қалың бұқара былай тұрсын, ақпаратқа қанық журналистер қауымы танымайды екенбіз. Сәдібек Түгел ағамыздың «дүрмегін» өзге түгілі, өзі де түсінбейтін сияқты.
Ал осы сайлауға қарапайым халық бармай қоюы мүмкін деген билік пен оның саясат технологтары Әміржан Қосановпен астыртын ымыра жасасқан сыңайлы. «Сен осы жолы президент сайлауына түсіп, аңқау қазақты уақытша алдай тұрсаң, келесі жолы депутаттар тізіміне қосып жібереміз» деп, Ақорданың «атжалмандары» уәде еткенін көкірек көзі ашық қауым біліп отыр.
Содан «Жаңа Қазақстан» құрам деп жүрген Әміржан Қосанов өзінің ымыраластары Айдос Сарым мен Расул Жұмалы үшеуі аяқ астынан екі күнде «жақтастарының» 120 000 қолын «жинап алды». Бұл команданың кампаниясына Хасен Қожа-Ахмет, Жасарал Қуанышалин, Балташ Тұрсынбаев сияқты сарабдал саясаткерлер күдік келтіріп отыр.
Сондықтан бұның бәрі әдейі ұйымдастырылған саяси ойын, президент сайлауын сайқымазаққа айналдыру. Бүйректен сирақ шығарудың қажеті шамалы. Саясат пен оппозицияның ақсақалы Серікболсын Әбділдиннің «Назарбаевтың айлакерлігіне құрық байланбайды» дегені шындыққа жанасады. Әміржан Қосанов бұл сайлауды қыздыру үшін ғана келген «тамызық» іспеттес үміткер. Бәрібір ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан ақ тер, көк тер болудың қажеті жоқ.
Жұмамұрат ШӘМШІ,
тарих ғылымдарының кандидаты