Жаза алмасам – маған сын,
Баса алмасаң – саған сын.
Автордан
Иә, бұл қазаққа не керек? Не жетпейді?!
Міне, біз үшін мәнді мәселе: халыққа қызмет ететін коммунистік қоғам құрдық деген жетпіс жылда қандай едік, тәуелсіз елге айналған отыз төрт жылда қандай елге айналдық? Меймілдеген ен байлықтың үстінде отырған аз халық неге шарасыз, пұшайман халде?..
Осыдан ондаған жыл бұрын іргеміздегі миллиард жарым халқы бар елге жолы түскен бауырымызға бір қытай: «Сендер өте азсыңдар ғой, бір-бірлеріңді жақсы танитын шығарсыңдар?» – деп қызыға сұрапты. Ол уақытта бүгінгідей емес, ұзын санымыз он жеті миллиондай ғана екенбіз. Ұлан-ғайыр кеңістікті меншіктеп, әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындамыз деп күпінгенімізді естіген ҚХР-дың премьер-министрі ішін тырналаған қызғаныштың қызыл итін тежей алмай: «Құдай әділетсіз! Ол әділетті болса, осындай аз халыққа осыншама жерді бере салар ма еді?!» – депті дегенді де құлағымыз шалған. Бұл оның Астанаға табаны тиген кезде көзімізді бақырайтып қойып айтқаны дейді.
Өстіп айтса, айтатындай-ақ жөні бар. Аспан тіреп, асқақтаған Алатауымыз, ана шеті мен мына шетіне көз жетпей көсілген кәрі Қаратауымыз, есіліп ағатын ерке Есіліміз бен Ертісіміз, даламызды нұрландырған Нұрамыз, толықсыған Тобыл мен жайылып келіп, Каспийге құятын Жайығымыз бар, балығы тайдай тулаған Балқаш пен басқа да толып жатқан көлдеріміз, қазақтың өзіндей кең, ұшы-қиырына көңіл құсымыз да қалықтап жетпейтін Арқаның кең жазира даласы әне! Оның сыртында Менделеев кестесіндегілердің бәрі-бәрі табылатын, жерінің асты да, үсті де әлемді алақанында ұстауға құлшына құмартқан, әлеуеті асып-тасыған қай елдің де көз құртына айналғаны да белгілі!
Солардың арасында ықпалын алабөтен асырып, темір ноқтасымен құрсаулы қыспаққа алғаны орыс патшалығы еді. Ғасырларға ұласқан сол тегеуріні босаңсыған сайын, іргеміздегі қайыс ноқталы аждаһа елі еліріп, ентелеп ене түскені сондай, олар қаламызда да, даламызда да топ-тобымен өріп жүр. Оларға керегі – ата-бабаларымыздың бізге мұралап берген құтқа толы қазыналы жері. Өкінетініміз – біз ә дегенде-ақ иіміздің жұмсақтығы мен парықсыз жомарттығымыздың кесірінен шекара шебімізді белгілеген әлеттің өзінде ғана Солтүстік Қазақстан облысы кеңістігіндей жерімізді, «мә, ала қойыңдар» деп бере салдық. Бүкіл билікті бір басына үйіп-төгіп иеленген президентіміз мемлекеттік мүддемізді жанкештілікпен қорғайды, елімізді Дубай секілді жарқыратып, жайнатады деп, барша үмітін күллі пейіл, ниетімізбен ақтарыла артқан өз қазағын қарық қылады дедік емес пе? Алайда арада өткен отыз төрт жылдық тәуелсіздігіміз оңдырмай опық жегізген кер кезеңге айналды. Қазақтың ащы жасы көзінен кетпеді. Қай жаққа қарасаң да – зарлаған ел, запыран құсып, қайда барарын, кімге барып мұң шағарын білмей сарсылған жұрт… Апырмай десеңші, осылай боламыз деп пе едік?!.
Әрине, себебін іздейміз, кінәліні айдай әлемге әшкере еткіміз келеді. Сонда күллі қазақтың алдында кешірілмейтін күнәға белшесінен батқан тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бізге алдымен керегі – экономика, содан соң саясат» деді ғой. Сөйтіп, сөздің түбін түсіре сиқырлап, бәрімізді аузына қаратып, айрандай ұйытты-ау! Сан соқтырған салдары – тек қана шикізатқа иек артқан экономикамыз тұралаған үстіне тұралады, көңілімізді көншітетін іс болмады. Қай саламызды алмайық, жемқорлықтың ұйығына батып, шатыса шырмалды. Ең ауыры – дін мәселесі, ол ынтымағы ұйыған қаншама шаңырақтың шаттығын шат-шәлекей етті. Бір үйлі жанның бір дастархан басында шүйіркелесіп шәй іше алмайтын қасіретінен асқан азапты нәрсе, бақытсыздық бола ма? Осы қасірет қитұрқы НӘН саясатының күшімен, асқан аярлықпен жүзеге асырылды.
Одан бір де кем түспейтін мәселе тіл еді, мемлекеттік дәреже-деңгейде салтанат құруға тиісті қайран тіліміз әбден қайраңдады. Сөйтіп, дәмімізді татып, бар бақытын осы топырақтан тапқан, байлыққа бөккен өзге ұлт өкілдерінің күлкісі мен мазағына айналдық. Кеше кеңестік кеңістікте бірге болған республикаларда мемлекетті құрушы ұлттың тілі – ортақ мақсат пен нақты мүддеге жетелейтін тұғырлы тетік, тегеурінді күш екенін көрсек, ол бізде даулы, тартысы бітпейтін көкпардың нақ өзі!.. Соның бәріне себепкер – орыс тілді билік. Заң қабылдаушы парламентіміздің бар жұмысы орысша, атқарушы билігіміз орысша, сот, прокуратурамыз, ішкі істер қызметіміз орысша. Аяқ-қолымыз байлаулы, тіліміз күрмеулі. Әлбетте, бұл бүкіл елге, елдің ертеңіне әсер етті. Ойымыз ойран болып, қазақтың жүрегі қазағым, ұлтым, мемлекеттік мүддемді биіктетейін деп соқпаса, қандай береке-бірлік, бәтуәлі іс болсын?!
– Аға, үйге келіп қалдым, – деп телефон шалды Астанада үлкен жерде қызмет істейтін баласына кеткен желтоқсандық бір азамат. Ол ҚазМУ-дың тарих факультетінің түлегі, Алматыдағы іргелі университеттің бірінің ұстазы болған, мені ұлтжандылығымен де жанына жақындатқан жігіт болатын.
– Әл-әзір келмейтін едің ғой, – дедім алдыңғы күнгі сөзін есіне салып.
– Ой, аға, ішім от-жалын… Сенсеңіз, үйге сыймай, әзер отырмын. Келе аласыз ба? – деді даусы жарықшақтанып.
Үйі жақын маңда, кешікпей жетіп бардым. Ойын айран-асыр қылған оқиғаның сырын сонда білдім.
«Жалғыз ұлым ғой, – деді. – Екі немеремді көрейін деп барсам, бойлары таралып өскен. Екеуі де орыс мектебінде оқиды. Үйде де, түзде де тек қана орысша сөйлескендерінің кесір-кесапаты шығар, екеуі де мақұрым-ау, мақұрым. «Әй, балам, сен мыналарды қырт орыс қылыпсың ғой. Ақыры орыс болған соң, бүтіндей орыс болсын, бірінің атын Иван, екіншісінің атын Сергей қой, сонда арманыңа армансыз жетесің», – дедім өзіне. Келін тыржиып теріс қарады. Балам бірдеңе деу керек қой. Сондағы айтқаны: «Ой, папа, сіз түсінбейсіз, біз қазір басқадай уақытта өмір сүріп жатырмыз», – деп, орнынан тұрып кетті.
Кешінде жақсы араласатын қызметтес досын әйелімен үйіне шақырды. Құр отырамын ба, алайда елге, жерге, тілге қатысты айтқан әңгімем оны мүлдем қызықтырмады. Әңгімелері орысша.
«Екеуің де үлкен жерде қызмет етесіңдер, сенгеніміз сендер болсаңдар…» – дедім күйініп.
Айтыңызшы, аға, солар жоғары мемлекеттік жұмыста. Ақ үйіміздің белді адамдары. Алатын ақшалары да аз емес. Ол – халықтың ақшасы. Мінгендері мемлекеттік машина. Тұрып жатқан үйлері кең сарайдай. Бірақ іс-әрекет, әңгімелері халықпен тіпті қабыспайды. Солай екенін көріп, біліп отырып, қалай құрметті қонақ болып қастарында отырайын?
Омар Һәйам бабамыздың:
Арам қат сен арамнан тойғаныңша,
Мешкей жесін қарыны толғанынша.
Тәттісінен бас тартып, сүйек кемір,
Жексұрынмен табақтас болғаныңша, – дегенін ұстанған азамат емеспін бе, кеттім де қалдым…».
Иә, көбіміз өстіп бұлданып, мінез көрсете аламыз ба? Жоқ! Сондықтан да құрығы ұзын орыстың соры қалың саясатын сарнатқан ресейлік телеарналарды тоқтату былай тұрсын, уақытын азайтыңдаршы деуге де шамамыз жетпеді. Таңның атысынан – түннің ортасына дейін, тіпті кейбірі тәулік бойы орыстың ұлылығын дәріптейтін хабарлар береді, өнер жұлдыздарының әні мен әңгімесін тыңдатады. Оларға қазақтың менмін деген марқасқалары қосылып, біз айырылмайтын халықтармыз, мәңгі бөлінбестей бітісіп, тарихи тамырласып кеткенбіз деп, айтар ойларын орыстардың өздерінен де аспандата асырып жібереді. Осы қасіреттің әбден шырмағаны емес пе, қазағы жетпіс-жетпіс бес пайызға жеткен Алматының көп қабатты үйлерінің қай ауласына барсаң да, орысша шүлдірлеген балаларды кезіктіресің. Бірден көңілің құлазиды. Қазақ десе өзегі үзіліп тұратын Ақселеу ағаның үңірейген орнын сезінесің. Есентай өзеніне қапталдаса қатар тұрғызылған тоғыз қабатты үш үйдің тау жақ басынан жарқ етіп көрінгенін көзі шалған балалардың бірі «Ақселеу ата келе жатыр!» деп сыбыр ете түседі. Сол сөзді естіген бәрі бірден қазақша сөйлеп қоя беруші еді-ау! Кейбіреуі ең бірінші барып сәлем беру үшін құстай ұша жөнелетін. Ахаң да сырбаз, асықпайды. Даусын әуездете созып, «Ай-й-на-аа-лайын!» дейді. Содан соң аса таяғы мен қолжазба қағаздарға толы былғары папкісін ұзын орындықтың шетіне қойып отырады да, «кәне, әпшуіңді көрсетші» дейді. Сол аралықта айналасына қарсы беттегі бес қабатты үйлердің балалары да жүгіре жетіп, қатарласып тұра-тұра қалады. Бәрі бұттарын аша бастайды. Олай болатыны, Ахаң әр балақайдың әпшуін зерлі шақшасындағы насыбайды құшырлана атқаны секілді үсті-үстіне түшкіре атып, сүндеттелгендерінің ешқайсысын қалдырмай, қойын қалтасындағы блокнотының арасында қатталып тұратын бір сомдықтардан үлестіреді. Әлі сүндеттелмегендерінің де көңілін түсірмей: «Өй, айналайын баласынан, сені неге мұсылман етпей жүр? Әкеңе Ақселеу ата сүндетке отырғызсын деп айтты де», – дейді.
Біз бір үйде тұрғанда, Ақселеу Сейдімбек ағамыздың осындай қазақшыл қасиетіне әбден тәнті болдық. Өзіміз де сол кісіге ұқсауға ұмтылдық. Отаршыл ұлттың тілінде сөйлесіп тұрған жастарды кезіктірсек, жандарынан жай ғана өте шықпай:
– Айналайындар, өз тілдеріңді білесіңдер ме? – деймін тілім қышып. Ұяты барлары:
– Білеміз, білеміз, – деп қызарақтап жауап береді.
– Ендеше неге аналарыңның аяулы тілінде сөйлеспейсіңдер? Біз 1986 жылы желтоқсанда қазақ тілі үшін де алаңға шығып, қанға бөккен ұрпақпыз, – деймін.
Әйткенмен барлық уақытта әңгіме дәл осылай үйлесе бермейді. Сөзбен шекісіп қаламыз. Осы таяуда ғана троллейбуста қара шалбар, қара күртеше киген әдемі келіншек бір-екі аялдама бойы төрт-бестер шамасындағы баласымен озбыр ұлттың тілінде айналып-үйіріліп сөйлесті. Баласының тілі, ашық үні, ақиқатын айтқанда, орыстардың өзі сүйсінетіндей. Менімен бірге олар да түсті.
– Қызым, қазақша білесің бе?
– Білгенде қандай! – деді жадырай түсіп.
– Мына балаң қандай сүйкімді. Орысша өте жақсы сөйлейді екен. Қазақша біле ме?
– Кейін үйренеді ғой.
– Кейін деген іс кеш болады. Анасысың ғой, осы бастан үйретпейсің бе? – деп едім, шамшылдау екен, бірден түрі өзгеріп шыға келді.
– Оның сізге қандай қатысы бар? Бұл өз балам ғой, ол жағын өзім білемін,– деді.
– Өзім білемін деме, қызым. Бұл бір сенің ғана балаң емес, қазақтың баласы болғаннан кейін айтып тұрмын, қарағым! – дедім даусымды нығарлаңқырап.
***
Ұрпақ тәрбиесі – міндеті зор ұлы мәселе. Ол ең бірінші отбасынан басталады. Ұл-қыздарын өмірге әкелген анасы қазағын қастерлеп, тілін қасиеттей білсе, ондай шаңырақта мейіріңді қандырып, мерейіңді тасытатын әлди әуені самалдай еседі. Сәбидің былдырлаған тәтті тілі ата, апа деп шығады. Сондай тәрбие, тағылым беруде оларға өмір сыйлаған әке-шешесінің жөні бөлек. Әсіресе ақ сүтімен нәрлендіріп, мәпелеген аяулы анасының аялай білуі ерекше-ақ.
Ұлт бұзылса, ол әуелі қыз-келіншектерінің бұзылуынан басталатынын кезінде ақылы асқан ағаларымыз айтудай айтып өткен. Осы жерде бір мезет Астанадағы елімізді қорғайды дейтін әскери қызметтегі бауырларымыздың әйелдерінің «Путинді шақырамыз!» деп, еліре сес көрсетіп, солтүстік аймақтардағы орыстарша шабаланғанын естеріңізге түсіріп көріңіздерші. Қандай жаман еді!.. Қарғыс атқан «қара орыс қатындар» (басқа сөз аузыма түспей тұр) сонда өз қазағына қарсы өшіккені соншалықты, тура Украинадағыдай қанды қырғын жасағысы келді-ау, ә?!
Әсте ел айтатын қасірет деген осы шығар! Өз қазағына қасқайып қарсы шығудан, ұлттық мүддеге илікпей, кеуде көрсетуден артық кесірлі, кесапатты пиғыл, әрекет бола ма? Ауыздарынан ондай іріген сөз шығатындар еркекпін, қазақ азаматымын дейтіндердің ортасынан да табылады екен. Соның бірі осы таяуда ғана Астанадан бой көрсетті. Мемлекеттік қызметте біраз жерге дейін барған, ай сайын күреп ақша алатын, соның арқасында қағанағы қарық, сағанағы сарық болып жүрген неме қоғамдық көліктегі төленетін жолақыны 500 теңгеге бір-ақ көтерейік деді. «Өй, азаматым-ай, сен өзі айда жүрсің бе, қайда жүрсің?» дедім ішімнен күйініп. Өстіп әр тараптан күйзеле күйінгендер әлеуметтік желіні ұлардай шулатты. Әлгі шіркін «озық ойдың кеніші» екен, арада бірер күн өтпей «қазақша сөйлейтіндер көбейіп кетті» деп және даралана бой көрсетті. Естігенде: «Ой, қасиетсіз! – деп тіксіндім. – Сен апаларымыз ашынғанда айтатын «шіріген жұмыртқаның» нақ өзі екенсің ғой!» дедім. Өз ұлтына қарсы аярланып, өзі су ішкен құдығына түкірген бейбаққа қарапайым қазақтардың айтпаған ренішті сөзі қалмады. Билік жағынан мына көргенсізді тезге салайын деген пиғыл бола ма, жоқ па дегендер де шықты. Әй, ондай ниет болмады-ау дейді бір ойым. Өйткені Олжас Байділдінов «мен казакша билмеймин» дейтін, сол тарапта тайраңдап жүрген талайлардың айта алмаған ойын еш именбестен жеткізді емес пе?!
«Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда бізде даудың шегі болмайды», – деген сөз қалдырыпты аяулы арыстарымыздың арасынан алғашқылардың бірі болып ажал құшқан Жүсіпбек Аймауытов. Не деген ауыр сөз! Жазылғанына жүз жыл өтсе де, классик қаламгердің мәні мен мазмұнын жоймаған ойын айғақтайтын жаман, жиіркенішті нәрселер мұндай тірмізік, өлермен болар ма, біз жаға жыртысудан, бітіп болмайтын даудың отын алаулатудан бір танбай келеміз. Бірлікшіл, тірлікшіл болайықшы, ұлт болып ұйысайықшы, қазақ болып тілімізді де, білімімізді де өсірейік, дамуына жағдай жасайық деген ой, ниетімізді жүзеге асыра алмай ит әуреміз. Банкке қарызға белшесінен байланған, бар өмірі ай сайынғы еселенген өсім ақшасын қайтсем кешіктірмей төлеймін деп түнгі ұйқысы да, күндізгі күлкісі де жырымданып, берекесі қашқан қарапайым, момақан қазақ бауырларымызға не дегендейміз? Барлық мәселе жоғарыда, ел билігінің төңірегіне жымдаса топтанып алған арамзаларда. Әңгіменің ашығы дәл солай! Оларға осылай орыс тілінің үстемдік құрып, кеуделеп тұра бергені керек. Неге десең, олар өздерінің бүгінгі ахуалын ғана емес, қазақ тілі десе шоршып, шошитын ұл-қыздарының ертеңін де қаперде ұстайды. Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтсе де, мектеп мәселесінің шешілмей, қазақ балаларының қиын-қыспақты жағдайда білім алуы – сондай қаскөй көзқарас пен жаулық, жауыздық әрекеттерінің кесірі. Бұрын ұлтымызға қарсы өктемдік атаулының бәрін Мәскеуден көруші едік. Өйткені біздің қазаққа ұлы орыстық шовинизммен уланғандар ешбір дес бермей, көресіні көрсетті. Соған шыбын жаны шырқыраған ақын Қасым Аманжолов:
«Тағы» емеспін, тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам», – деп ашына жырлап еді. Әйткенмен өзгерген ештеңе жоқ: жылаған, мезгілсіз көз жұмған теперішті сұм тағдыр қазақты тұншықтыра тұқыртып, еңсесін езіп, жаншумен келеді. Ұлт ретінде ілгерілемедік. Енді көресіні «қара орыстардан», жалтақ биліктің жәдігөй саясатынан көрудеміз. Осы сөзіме Алматыда ашылған нөмірі 224-ші «жайлы мектепке» байланысты ушыққан оқиғалар дүрмегі нақты мысал болса керек. Әу баста оның іргетасы қазақ балалары үшін қаланып, бой көтерген. Енді бітті, пайдалануға беріледі деген кезде орысша, қазақша аралас мектеп болатындығы туралы сөз шығады. Бұл әр сыныпта ұл-қыздары қырықтан тығылысып, сығылысып оқып жатқан ата-аналардың зығырданын қайнатады. Әңгіме әбден ширыға келе, осы мәселенің отын үрлеп отырған Алматы қалалық әкімдігінің мазасын май ішкендей қашырды. Жаңадан ашылатын мектепке балаларын беретін ата-аналар, мұндай әңгімеден бейтарап қалмайтын зиялы қауым өкілдерінің бірі едім деп мен де бардым. Ұлт мүддесі үшін болған «қақтығыстың көкесін» сонда көрдім. «Баррикаданың» бір жағында біз болсақ, екінші жағында бүгінгі биліктің атынан Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы Сайфеденов, қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбековпен осындай шулыған әңгіменің дүрмегі үшін арнайы бөлінген әкімдіктің астыңғы қабатының бір бөлмесінде бетпе-бет келдік. Сондағы біздің қойған бір-ақ талабымыз – бұл таза қазақ мектебі болсын. Бітті, сонымен сөз тәмам!!!
Мен сонда тура 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсан кезіндегідей отты қыздардың шегедей қағып айтқан тегеурінді сөздеріне еріксіз тәнті болдым. Солардың бірі төрт баланың анасы:
– Сайран Тәпенұлы, біз сізге өткенде де мектептің қазығы қағылған кездегі жобалық жарғысын әкеліңіз деп едік. Біздің білуімізше, сонда бұл таза қазақ мектебі болатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған, – деді. Бірақ Сайран мырза да мықты екен-әй, сағат жарымдай уақытқа созылған «шайқаста» шыдап берді. Дегенмен нақты жауаптан жалтарудың айла-тәсілін әбден меңгерген екен! Бұл терісіне сыймай тырсылдаған ата-аналарды одан бетер ашындырды. «Бостандық ауданында жалғыз ғана қазақ мектебі барын жақсы білесіңдер. Өз еліміз, өз жеріміз ғой, мына мектепті аралас етудің қандай қисыны бар?» деген сөздерін естіген кезде көзіме жас тығылды. Не деген қасіретті қорлық, аянышты жағдай еді!..
Иә, сонда бәрінен де қатты, ашынып айтқан – Желтоқсан қаһарманы Құдаяшүкір Абдуллаев болды. Бұдан бұрын да ұлт намысы тапталып жатқан сәттерде ышқына сөйлеп, әрекет ететінін білуші едім. Сол үшін әлденеше рет әкімшілік жазаға тартылды да.
– Біздің елде мемлекет құрушы қай ұлт? – деді төрдегі екеуінен көзін айырмай. Жауабын күтпестен сөйлеп кетті: – Қазақтар! Әлемнің қай елін алмайық, мемлекет атын алған ұлтқа үстемдік беріледі. Ресейде миллиондай қазақ тұрады. Неге бірде-бір мектеп жоқ? Бізде неге басқаша болуы керек? Сендер осы жерде қазақты қорлап, тұқыртып отырғандарыңды ұғасыңдар ма?!.
Бұл кездесуге келгендердің ішінде қатты, қатқыл айтпаған ешбірі қалмады. Солардың арасынан осы оқу жылының бас кезінде Алматыдағы нөмірі 215-мектепті қазақ мектебі етіп ашу үшін әкімшілікке келіп, одан он-он бес метр ұзай бере ұсталып, он бес күнге қамалған ұстаз Дархан Ардақұлының заңнан ауытқымай айтқан сөздерін естідім. Міржақып атамыз айтатындай, өмірге өзгеріс жасайтын тілі де, түрі де, мұқалмайтын мінезі де бар екенін көріп, сүйсіне қарадым.
Мен сол күні жүздескен қыз-жігіттер өздерінің қазақтығын қасиет санап, ұрпақтарының да қазақ болып өскенін қаласа, ал оларға қарсы атойлап шыққан «қара орыстардың» сөздері мен іс-әрекеттерінен, қазақ болып туғанына арланатын, орысты ұлы тұтып, дәріптейтін пиғыл, пайымдарын анық байқадым.
Хош, сонымен діннің де, тілдің де, білім ошағы – мектептің де қазақ қауымы үшін шешімін таппаған қасірет әңгімесі екенін тілге тиек еттік. Солай болуына кінәлі халық емес, соны саяси ойынға ұластырған билік екенін анық ұқтық. Билік тізгініне тас кенеше жабысқандардың ұстанымы ұлттық мақсат-мүддеден алшақтап, халықпен үндеспейтініне көзіміз жеткен үстіне жете түсті.
«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дейді бабаларымыз. Қазақ билігі кеуделі, көзсіз кердеңдікке көшіпті. Сондықтан елді де, ешкімді де қаперге алмайтын, әрбірден кейін қарсы шыққанның бәрін қағып тастайтын, қамап тастайтын, ол аз десеңіз – атып тастайтын қанды қасірет шегіне жетті ме деймін. Менің осы сөзімнен тіксініп, «Ойбай-ау, Талғат, соншалықты қара аспанды төбемізге төндіретіндей не болды?» дейтін шығарсыз. Олай дейтінім, Мөде ханның «атымды сұрап еді, бердім, әйелімді сұрап еді, оны да бердім, енді келіп жерімді сұрағанда көнбедім, әр қадамы үшін соғысып өлемін» дегені біздің басымызға келді. Бұған дейін еліміздің әр өңірінен қытайларға жер сатылып жатқандығы жөнінде еміс-еміс естіп жүр едік. 27 қазан күні «Фейсбуктен» өлкетанушы Нұрлыбай Қошаманұлының жазбасынан бұл нақты сатқындық әрекеттерге ұласып, кең жайылып бара жатқанына көзіміз жетті.
«…бүгін әлеуметтік желіде бір ақпарат желдей есті, – деп жазады Нұрлыбай. – Оны бір қазақ азаматы «Фейсбуктегі» парақшасында бөлісіп, жоғарғы құзырлы органдарды белгілеп, пост жариялады. Азамат қаптаған қытайлықтардың шығыс облыстардан қазақ жерлерін меншіктеп алып жатқанын айтады.
…шығыс облыстарда қытайдан келіп қоныстанған «кейбір қандастарымыз» қытайлықтармен сыбайласып, өз аттарына алған жер телімдерін қытайлықтарға сатып жатыр», – дейді.
Мәселен, қазіргі кезде Абай облысының Үржар, Мақаншы аудандарына қарасты Көктал, Қаратұма, Қарабұта, Келдімұрат атты шекаралық қазақ ауылдары төңірегіндегі ең шұрайлы жерлерді қытайлықтар толықтай өз меншіктеріне алып, түрлі кәсіптерін ашып, игеруге көшкен, – деп, жерді кімдердің сатқандарына дейін ап-анық жазады. Олар: Абдрашев Тұртан (3 мың га жер), Турбин Марат (130 га жер), Мұратбеков (800 га жер). Жер сатып алған кәсіпкерлер бүгінде өңірде құмырсқадай өріп жүр дейді ол. Бұл да бей-берекетсіз Қазақстанға бағытталған адами экспансияның көрінісі. https://www.facebook.com/share/v/19ZSi4KRyW/
Кеше «Ютубта» жарияланған философия ғылымдарының кандидаты Нұртаза Қадырниязовтың ҚР Ішкі Істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнап жазған хатын елім, жерім, қазағым деген кім-кімнің де бейжай оқуы мүмкін емес.
«2025 жылдың 4 шілдесінде Е. атты Қазақстан азаматы, Алматы облысы, Талғар ауданындағы 400 сотық жерді қытай азаматы Х.В.-ның меншігіне сатып жіберді.
Бұл жерде ерекше мән беретін мәселе (тенденция), ол – Қазақ жерінің Қытай (Ресей) азаматтарының (компанияларының) жеке меншігіне сатылу фактілері ерекше белең алып, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп бара жатыр!
Осы ретте: «Бізді алдаған кім? – деп бәрімізге қатысты ортақ сауал тастайды автор. Сөйтеді де, 2016 жылы жазда 1,7 млн гектар жерді жеке меншікке сату мәселесі көтерілгенде, жаппай халықтық қарсылыққа ұшырады. «Өзінің тағынан айырылып қалам» деп қорыққан Н.Назарбаев жерді сатуға 5 жыл мораторий жариялады.
Мораторий мерзімі біту қарсаңында (20 шілде 2020 жылы) Президент Тоқаев Үкімет отырысында: «Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз», – деп айтқан болатын.
Тоқаев араға уақыт салып, 2021 жылы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Тәуелсіздік бәрінен биік» атты мақаласында: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әрбір азамат санасына берік сіңіруі қажет!» десе, дәл сол жылдың 25 ақпанында «Ұлттық қоғамдық сенім» кеңесінің 5‑ші отырысында:
«Жер – мемлекетіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын», – деді.
Қараңызшы, Президент өз сөзін айтты. Ол сол сөзін үсті-үстіне қайталап, нықтады. Ендеше қазақ жерлерінің шетелдіктердің (әсіресе қытайлықтардың дейікші!) меншігіне сату (жалға алу) фактілерінің белең алғанын қалай түсінеміз?
2024 жылдан бастап Қытайдың «Xinjiang Lihua» компаниясы Түркістан облысындағы «Көксарай» су қоймасыының айналасындағы 50 мың гектар жерді қалайша ұзақ мерзімге алды? Сол жерде жұмыс істейтін қытайлардың айтуынша, ол жер 49 жыл мерзімге жалға беріліпті.
«Сонда бізді (халықты) кім алдап отыр – Тоқаев па, әлде Үкімет пе?» – дейді мемлекеттік, халықтық, қазақтық мақсат-мүддені қаузап, шырқырап үн қатқан Нұртаза Қадырниязов. Содан соң…
Иә, содан күн өткен сайын өршіп, енді дес бермейтін қарқын алатын жер жөніндегі у‑шу әңгіменің бәріне жымысқылықпен жол ашқан «Жер кодексінің» «ұрлана бұғып» жатқан мына бір тұсы – 23-бабының 3, 4‑тармақтарын назарымызға ұсынады. Біздің «халықшыл» парламентіміз талқылап, қабылдап, одан кейін Президент қол қойған Заң емес пе, кәне, сіз де оқыңыз!
«3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншігінде ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, орман өсіру үшін, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерін салу үшін берілген (берілетін) немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін».
Қараңызшы, сау адамның өзін шатастыратын қитұрқылықпен құрған сөйлеммен «негіздеп» алады да, одан кейін қасиетті жерімізді шетелдіктерге беру туралы НӘН-нің отыз жыл бойы жүзеге асыра алмай келе жатқан ойын «білдіртпей» өткізіп жібереді.
Қалай дейсіз бе? Ендеше оқыңыз!
«4. Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жерді қоспағанда, осы баптың 3‑тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелері шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншігінде болуы мүмкін».
Мүмкін екен! Ол қазақ жерінің шығысында да, оңтүстігінде де, басқа өңірлерде де жүзеге асып жатыр ғой!
Бұл – жақсылықтың нышаны емес! Ойландыратын, ес жиюға шақыратын жағдайлар. Булығып, жарылардай күйге келген халық енді шыдамайды. Өйткені жарылатын шекке келді.
Енді қазаққа өз жерінде емін-еркін өмір сүретін жағдай керек. Қол-аяғы байланған, аузы буылған қазақ ешкімге қарамай, еркіндікке ұмтылады. Адамдық құқының тапталмауын талап етеді. Ата-бабаларынан қалған қасиетті жерге қол сұғылмауын қалайды. Сондықтан «Жер кодексіндегі» асқан қулықпен енгізген 23-баптың 3, 4‑тармақтарын өзгерткендеріңіз жөн болады, депутат мырзалар!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті жазушысы, ҚР мәдениет ісінің үздігі, «Құрмет» ордені мен «Ұлт қайраткері» медалінің иегері