- Төменде жарияланып отырған мақала Қаңтар қырғынынан кейін әр жерде айтылған, жекелеген сұхбаттарда қозғалған болжам-жоралғының жиынтығы. Шашырап қалған сол пікір-пайымдарды тағы бір ой елегінен өткізіп, қайтадан қозғаудың себебі – биліктің биік басында жүрген азаматтарға, тікелей Тоқаев мырзаның өзіне құлаққағыс қылудың реті еді.
Соңғы кездері бұрынғы «Жаңа Қазақстан» идеясының «Әділетті Қазақстанға» алмасуы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтарға қатысты ақиқатты қоғамға айта алмай жүрген талпынысынан туған, дәрмені қыстыққан әрекет пе дерсің. Артында ауыз аштырмас «айтқызбасы» бар сияқты көрінеді де тұрады. Әйтпесе президенттік пәрмені «періп тұрған» адамға Қаңтардың қитұрқысын жайып салу қаншалықты қиын болар еді?!
Жоқ жерден пайда болған «Екінші Республика» бастамасына да түрткі болған – Қаңтардан кейін «шашылып қалған» өзіне деген ел сенімін қайтаруға құштарлықтың әлпетіндей сезіледі. Бұл оның публикалық әр сөзінен тайға таңба басқандай аңғарылады. Енді, міне, кезекті рет кезексіз өтетін президенттік сайлау тағы бір карт-бланштың қажеттігінен туған шығар деп, өз-өзіңді алдарқатуға көндіргің келеді.
Оның үстіне Қаңтардың қайғы-қасіретін жылы бүркеп, келесі ұрпақтың шешіміне қалдыру мүмкін емес. Қаза болғандардың қаны қара жерге сіңіп, қабір топырағы кеуіп кетсе де, шерменде көкіректегі запыран қоғамның лоқсуын қажет қылады.
Ал президенттің пайымында Қаңтар қотарған қоғамды тыншытудың басты амалы – алдағы сайлау болып тұр. Тоқаев мырзаның аузынан «өңделіп» шыққан «Әділетті Қазақстан» іс жүзіне аспайтын болса, тағы бір Қаңтар тууы әбден мүмкін. Бұл әділеттілік қоғамға ғана емес, Тоқаевтың өзіне де ауадай қажет қағидат болуы тиіс. Бітеу жараның түбі бір жарылар шағы туарын президент пайымдамай отыр деуге келмейді.
Сондықтан биліктің «қорасынан» оқшау ой тудырып, алдағы сайлауға қам жасаған қоғамға Тоқаев мырза қалай қарарын қайдам, бірақ өзгерісті аңсаған халықтық процестің пәрменін тоқтату енді мүмкін болмайтын шығар. Ал сайлаудан кейін тағы да таққа отырудан, жеті жылдық құзыретті иеленетін дәмесі зор президент өздігінен өзгеріс жасауға бара ма? Бұл сайлаудың басты гәбі – осы.
Қаны шапшып тұрған «Қаңтар қырғынан» соң, еңіреген елмен бірге назарбаевтық нойыс режимнің мұрасын жойып, сірескен сеңді бұзуға бел буып, партия құрмақ азаматтардың бастамасы да өзгеріс жасаудың қамы. Тоқаевтың іште бүгіп жүрген ой-ниеті бұл қарекетке тұспа-тұс келе ме, жоқ па – бұл әзірге біз білмейтін құпия.
Бірақ «партия құру» демекші, бұл жерде биліктің басын бүгін болмаса, ертең әбден қатырар бір қитұрқы қылаң береді. Мәселен, партия құрмаққа қам жасап жүрген бұрынғылар – қоғамға етене таныс тұлғалар: абақтыда отырған Жанболат Мамай, партиясын тіркете алмай, «жабық есікті» басымен ұрып жүрген Болат Әбілов, Тоғжан Қожалы, Мұхтар Тайжан, Нұржан Әлтаев…
Оның бер жағында қиырына қатер төнген елдің бір шетіне шығып, шыр-пыр болған Арман Шораев, биліктің қиянатынан қанаты қайырылған Марғұлан Сейсембаев, елді сайлау арқылы өзгертуге тәнті Арайлым Назар мен Тоғжан Қожалы… тағы басқа бұрынғы оппозиция бар. Олар – назарбаевтар нығыздап қалыптастырған, тоқаевтар танбаған бұралқы заңның аясынан шықпаған, радикалдық қадамға бармай, әзірге саяси әдеп сақтаған, салқынқанды өзгеріс жолын таңдаған тәртіптің адамдары. Олар парламенттің партасында отырып, қоғамның қотырын жазамыз деген адами және азаматтық нысаптағы ниетті қалайды. Қаңтардың қайталануына тіптен де мүдделі емес.
Бұл арада «бұрынғылар» дейтін себебіміз – Ақорданың басын әңкі-тәңкі қылар, елде қалған жалғыз ғана легитимді президенттік билікті тартып алу үшін қарекетке кіріскен «қазіргілер» бар. Тағы бір Қаңтарды қолдан жасауға бейім нойыстар нақұрыс партия құруға кіріскенін тоқаевтар біле ме екен? Қаңтардың кегінен қашқан кешегі «назарбаевшы» байбектер шетелде шіреніп жатпағаны анық: олар өз қолдарынан сусып шыққан билікті қайтарып алудың алты амалын ойластыру үстінде. «КНБ»-ның саяси басқармаларына тікелей басшылық жасаған Самат Әбіш пен оның жандайшап нөкерлері де бұрынғы «мамыражай күніне» ертіп апарар билікке қайтып келуге мүдделі.
Тіпті биылғы жаңа жылдың алдында «өз еркімен» депутаттықтан кетіп, Түркия асқан тілеухандар да тыныш жатқан жоқ. Жатса-тұрса оқитын дұғасы – билікке қайтып келу.
Ал Тоқаев мырза Наурыз жолдауында ұсынған, бірақ әлі күнге бүркеулі жатқан саяси бастамалар заң тіліне көшетін болса, билікке қайтып келудің бүгінгі жалғыз және төте жолы – парламентті «басып алу». Осындай озбыр ойдың жетегіндегі «қашқындар» қазірдің өзінде ел ішінде аты мен заты бар азаматтарға «құда түсіп», ашқұрсақ қоғамда қайыршының кебін киген танымал тұлғаларды өзіне тартып жатқанын Ақорда аңғара ма? Алдағы президенттік сайлауға түсуге тәнтілердің қатарында «эмираттық эмиссарлар» жоқ па?
Кім білсін, мүмкін, биліктегілер сезетін шығар: ол озбырлар – халықтың қазынасын аяусыз талан-таражға салып, ұрлықтың ұсқынымен «тапқан» миллиондары мен миллиардтарын шеттегі шотқа тыққан «кекшіл» реваншистер. Олар – өздерінің арам пиғылын қоғамға таңу үшін, түпкі ниеті – кек қайтарудың құнкер партиясын құрудың қамын күйттегендер.
Жанболаттар парламентке елді өзгертеміз деп барар болса, Эмираттан екіленіп келетін эмиссарлар тасада тұрған қожайынын қайтадан билікке әкелейін деп барады. Оларға «Әділетті Қазақстан» қажет емес. Оларға бұрынғы билігін қайтарып алу, қазақты қанап тапқан байлығын сақтап қалу әлдеқайда қымбат.
Сонда мынау қарама-қайшылыққа қараңыз: сайлау науқаны барысында «қазіргілер» Тоқаев пен оның билігін жер-жебіріне жетіп сынайтын болады. Сайлауалды үгіт-насихаттың нобайымен компроматтар тасқынын селдей ағызады. (Компроматтың алғашқы легі Швейцариядан бері ағыла бастады, ал әзірге қаншасы қымталып жатқаны бір Құдайға ғана мәлім).
Мұндайда «елді заң жолымен өзгертейік» деп жүрген «бұрынғылардың» риторикасы айдалада қалады. «Қазіргілердің» төсектен өсекке дейінгі қаңқуы сөз аңдыған қалың қазақтың құлағына майдай жағары айдан анық. Біздегі әдет сол: «Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды». «Қазіргілер» халықтың жақтауы мен сайлаудағы дауысын жинау әрекетіне доллары мен долбарын аямайды. Өйткені олар үшін таразыға тартылған өл-тіріл мүдделі мәселе бар – билікке қайтып келу!
Дәл осындай жағдайда бұрынғы оппозицияға не істемек керек? Эмираттықтарға еріп, Тоқаевты тоңқалаң асырудың арам айласына қосыла ма, жоқ әлде әлі де өле қоймаған үмітпен тоқаевтық «Жаңа Қазақстан» жағына шыға ма? «Бұрынғылар» үшін екі таңдаудың қайсысы қолайлы? «Қазіргілерге» еретін болса, елді «бұрынғы Қазақстанға» қайтарады. Оларға ілеспейін десе, Ақорда «бұрынғыларды» маңайына жолатқысы жоқ.
Міне, осы екі таңдаудың қайсысы тоқаевтық билікке қолайлы болмақ? Енді осы сұрақтың бірі Тоқаевтың таңдауына бұйырып тұрған жоқ па?
Айтпақшы, сайлау кампаниясы кезінде «бұрынғыларға» үшінші жол болмайды. Сыртында «сақалдылар» тұрған партияның сөзін жақтайтын болса, Қазақстанды қайтадан баяғы боғына батырудың қамын қылады; ал назарбаевтық мұраға мұрындық болған Тоқаевтың «ит терісін басына кептеудің» керін қылмаса, сайлаушы электораттан айырылады.
Міне, Ақорданың басын қатыруы тиіс болашақ қитұрқының қисыны мен парадокстың пайымы – осы. Бұрынғы оппозициямен алысудың, оларды абақтыға айдаудың алдында бүгінгі билік екі таңдаудың бірін, бірі болғанда, халық пен елге етене жақын «бұрынғыларды» осы бастан өзіне дос қылудың қамын жасағаны дұрыс-ау!
Қалжыңы мен қағытпасын араластырып жүретін қазақ мұндайда «ежелгі жау атыспаққа жақсы» дейді. Ал билікке оралудың озбырлығын ойлап, қайтып келудің қамында жүрген «қазіргілердің» көзі қанталап тұрарын болжап білу қиын болмаса керек…
Ойланатын жәйт! Қасым-Жомарт мырза мен Қасекеңнің қасындағылар қатты ойлануы тиіс жағдай: бас жарып, көз шығармаған «бұрынғылармен» бірге бола ма, жоқ әлде «реванштың» ретімен билікті тартып алмақ пиғылдағы бүлдіргімен бірігіп кете ме?
Басқа таңдау жоқ!
Ермұрат БАПИ