
Қаламгер Азамат Ермұрат Бапидың сайлауда жеңіске жетіп, Парламент мәжілісіне депутат болғанына мен де қуандым. Қазекемше айтқанда: «Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын», Ермұрат!
Жалғасып жатқан Н.Назарбаев дәуіріндегі бұл жолғы сайлау да әділ өткен жоқ. Менімен туыс, таныс, көрші тұратын сайлаушылардың көбі небір «хикаяттарды» айтып жүр. Биліктің өзі де қай округте дауыс беру барысында бұрмалаушылыққа жол берген комиссия мүшелерінің нешеуі жауапқа тартылғанын хабарлады. Ал биліктің шабармандары болып алған «жазғыштар»: «Халықаралық пәлен бақылаушы, түглен бақылаушы сайлаудың халықаралық талапқа сай өткенін айтты», – деп мәз.
Ермұрат, әрқашанғысынша, өзіне сенім артқан халықтың сөзін сөйлейді, берекесіз биліктің бұрыстықтарын анық, ашық айтады деп білем. Бірақ әріптестерінің арасынан оны батыл жақтайтындар аз болады-ау… Жоғарғылардың жобасымен сайланғандардың ол жаққа тек жылы жымиып қарайтындарына көзіміз жеткелі қашан! Әйтсе де, Ермұратқа өзінің халық қалаулысы екенін білетін Қызыр табылады, түсініседі, мақсат-мүдделері сабақтасады деп ойлаймын!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ