Суббота , 5 июля 2025

ДАБЫЛ САҒАТЫ ҚАШАН СОҒАДЫ?

Ел білетін «ДАТ» газетінің осы жылғы қаңта­ры­ның 17-сі күн­гі санын­да менің «Енді қайт­пек керек?» деген мақа­лам жарық көрді. 

Тек­тен-тек­ке тіл безе­уден аулақ­пыз: қоғам­дық-сая­си өмірі­міз­де, жеке­ле­ген адам­дар­дың тағ­ды­рын­да орын алып жатқан кесір­лі көрініс, кереғар оқиға­лар жүрек­ке жүк болып, көр­сек те – көр­ме­ген, біл­сек те – біл­ме­ген кей­іп­те бұғып қалу бой­ы­мы­зда жоқ, сон­ды­қтан да шыда­май, ширы­ға жаз­дық. Біре­улер «осы-ақ қой­ма­ды ғой, бұған не жет­пей­ді өзі?» деген де шығар. Ішкі істер сала­сын­да қыз­мет етіп, зей­нет­ке шыққан аста­на­лық аға­мыз: «Айт­паға­ның қал­мап­ты-ау, Талғат! Билік­те­гілер кісә­пір бол­ма­са, ойла­ну керек қой» деп, теле­фон шалды. 

– Жазға­ны­ң­ды оқы­дым, – деді аза­мат­тық ұста­ны­мы нық, мінезді ақын аға­мыз Темір­хан Медет­бек дәл Жазу­шы­лар одағы ғима­ра­ты­ның алдын­да кез­дескен бет­те. – Орден, медаль алған­дар тура­лы жазып­сың. Өткен жылы, Тәу­ел­сіздік күні қар­саңын­да мен «Пара­сат» орденін алдым. Сұрап алған жоқ­пын, одақ бас­шы­ла­ры ұсы­нып­ты, жоға­ры жақ бұл осын­дай адам ғой демей – бер­ді. Бірақ мен оны алғанға дей­ін қан­дай бол­сам, дәл сон­дай­мын – өзгермедім…

– Ой, аға, сізді өте жақ­сы біле­мін. Ал бір аға­мыз Пре­зи­дент сти­пен­ди­я­сын алып, төсіне орден­ді тағып еді, сөзін өзгер­тіп сала бер­ді. Құд­ды әлдекім тала­са­тын­дай, «Нұр­сұл­тан­ның нұр­лы жолы» деген­ді ең бірін­ші айтқан мен­мін!» деді.

– Иә, солай бол­ды… – деп жыми­ды Темір­хан аға.

Расын­да, бұл сөзі ыңғай­сыздау естіл­ді. Жыл­дар бойы билік­тің халы­ққа көр­сет­кен қырын қылы­ғын аямай сынап, жер-жебіріне жетіп жүр­ген аузы дуа­лы ақсақал жазу­шы­мы­здың пікірінің әп-сәт­те аунап түсуіне қарап, мына заман­ның раха­ты­на бөленіп, жемқор­лық жай­лаған жоғарғы жақтың сой­ыл соғар­ла­ры болып жүр­ген әлдекім­дер: «Көр­дің бе, бұлар осын­дай ғой», – деді. Олар­дың ойы­на сен­сең, қара халы­қтың сөзін сөй­леп, кор­руп­ци­я­ның ми бат­пағы­на батып, жер, тіл, жұмыс­сыздық тура­лы ойла­ры­нан қайт­пай, айтып, жазып жүр­ген­дер­дің бәрі өкі­мет­ке өкпе­лілер, оппо­зи­ци­о­нер­лер. Соларға тәуір қыз­мет беріп, төстерін сөл­ке­бай­мен сән­деп, ауы­зда­рын жақ­сы­лап май­ла­са, сол замат­та-ақ сөз­дері өзгеріп, рай­ла­ры­нан қай­та­ды екен. Бигел­ді секіл­ділер­ді мысал ете­ді. Алай­да бәрін бір­дей солай сана­уға тіп­ті бол­май­ты­нын біл­гілері келмейді.

Адам­дық ар-намыс, пара­сат­ты сезім дей­тін қым­бат қаси­ет­тер бола­ды. Ол әкенің қаны­мен келіп, ана­ның сүті­мен сүй­ек­ке сіңеді. Оны ардақтаған адам кісілік кел­бетін өмір бойы аялап өте­ді. Осы ойым­ның ада­стыр­мас нақты дәлеліне Миха­ил Ива­но­вич Есенә­ли­ев­ті кел­тірер едім. Үкі­мет үйін­де, ана­дай үлкен лау­а­зым­ды қыз­мет­те жүріп, Жел­тоқ­сан көтерілісі жөнін­де бірін­ші болып сөз қозға­ды, қазақ жаста­ры­ның іс-әре­кет­терін тек­се­ретін мем­ле­кет­тік комис­сия құры­лу қажет­ті­гін көтер­ді. Жазу­шы­лар Софы Сма­та­ев пен Бей­біт Қой­шы­ба­ев та сол үшін пар­тия мен оның үкі­меті арқа­дан қағып, маң­дай­ла­ры­нан сипа­май­ты­нын біле тұра, қар­сы кел­ген­дер­дің бәрін тап­тап, жай­пап өтетін мем­ле­кет­тік маши­на­дан қай­мы­қ­па­ды. Бірі Орта­лық Коми­тет­те жүріп, айтар ойын ашық айт­са, екін­шісі Жоғарғы Кеңе­сте өткен ашық пар­тия жина­лы­сын­да ленин­дік ұлт сая­са­ты­ның бұзы­лып, қаза­қтың қыз-жігіт­тері шови­ни­стік пиғыл­дың құр­ба­ны­на айналға­нын ғылы­ми, сая­си тұрғы­да пай­ым­дап жет­кізді. Дәл сон­дай сой­қан­ды оқиға­лар ашы­қтан-ашық жүзе­ге асып жатқан ызғар­лы кезең­де ол кісілер­дің мұн­дай ісін ерлік демей көріңізші!

Жел­тоқ­сан­ның сол бір қара­лы, ауыр, аза­лы күн­дері­нен бері көп уақыт өтті. «Қазақ – қазақ болға­лы жет­сек екен деумен, алы­сып, арпа­лы­сып, сан ғасыр­лар бойы қан­ша­ма қырғын шай­қастар­да қан төгіп, арман­дап кел­ген Тәу­ел­сізді­гі­міздің арай­лы күні аялаған, күл­лі әлем мем­ле­кет­тері мой­ын­даған елде­міз». Осы­лай деп лепіріп, көпіріп айтқанға ғажап-ақ! 

Ал шын мәнін­де біз сон­дай ғажап, таң­дай қаға­тын таңға­жай­ып жағ­дай­да­мыз ба? Ата-баба­ла­ры­мыз аңсаған, біз мақ­сат етіп көз­де­ген, көкей­де­гі тәу­ел­сізді­гі­міз­ге жет­тік пе? Жет­сек, оның рахат шуағы­на кім ие? Тәт­ті дәмін тал­мауға тиісті елдің де, жер­дің де нағыз иесі халық еді, олар нелік­тен қаға­жу көріп, шет­теп қал­ды? Кім соған жет­кізді? Сол үшін қан­дай жүйе құр­ды? Кім­дер жан­дай­шап­тық жасап, әләуләй­шісі болды?.. 

Көкей­де мың сау­ал бар. Алай­да олар­дың бәрінің де жау­а­бы дай­ын. Олай дей­тінім, тәу­ел­сізді­гі­мізді жари­я­лаған екі-үш жыл­дан соң-ақ, біздің айны­мас, ат ауы­стыр­мас пре­зи­дент демо­кра­ти­я­лық иде­я­ны әлди­леп, өз жолын табуға бағ­дар­лы бағыт алған пар­ла­мен­ті­мізді бірі­нен кей­ін бірін тарат­ты. Ұлт­тық мақ­сат-мүд­де үшін тіресіп тұрып, халы­ққа адал қыз­мет ететін депу­тат­тар­дан ары­лып, соңын­да жеке басы­ның ой-арма­нын айбын­бай жүзе­ге асы­ра­тын, тек өзі ірік­теп тағай­ын­дай­тын қуыр­шақ қала­у­лы­лар­дан құра­ла­тын пар­ла­мент жасақта­ды. Содан кей­ін, Мұх­тар Шаха­нов аға­мыз айта­тын­дай, депу­тат­тар бір­ден «жепу­тат­тарға» айналды. 

Бүкіл мем­ле­кет­тік билік аппа­ра­тын пре­зи­дент жасақтай­тын бол­ды. Заң бар, бірақ ол билік­тің сөзі­нен аса алмай­ды. Сон­ды­қтан да біздің мем­ле­кет­ті­гі­міз үшін күрес­кен Заман­бек, Алтын­бек секіл­ді тұлға­ла­ры­мыз ажал құшты, қалған­да­ры бас сауға­лап, әлем­нің әр қиы­ры­на қашты, Жаңаө­зен қырғы­ны орын алды және одан кей­ін де қан­ша­ма қасірет­ті оқиға­лар болып жатыр. Күл­лі Қаза­қстан бір-ақ кісінің – пре­зи­дент­тің жеке мен­ші­гі сипа­тын­да. Табиғи бай­лы­қта­ры­мыз қай елге саты­лып жатыр, қан­шаға саты­лып жатыр, бұл жағы мүл­де айтыл­май­тын, тіп­ті Н.Ә.Назарбаевтан пре­мьер-мини­стр­дің өзі де баты­лы жетіп сұрай алмай­тын қара басы­ның құлып­та­у­лы құпи­я­сы­на айналды.

Айты­ңыз­шы, Қазақ ханды­ғы құры­лған­нан бері, күні бүгін­ге дей­ін осын­дай масқа­ра жағ­дай бол­ды ма? Рас, қазақ жау­гер­шілік­тің аза­бын тар­тқан шығар, Голо­ще­кин дәуір­леп тұрған жыл­дар­да адам айтқы­сыз ашты­ққа ұшы­рап, азып-тозып, қына­дай қыры­лған болар. Бірақ мына­дай – тіліне, дініне нұқ­сан кел­ген, баба­лар қал­ды­рған қаси­ет­ті жері­мізді, жер асты, жер үсті бай­лы­ғы­мы­зды билік бөтен елге өз еркі­мен бөліп беретін қасірет­ті бастан кешті ме? Әлбет­те, «Жоқ!» дей­сіз сіз де. Соған қара­май, нұро­тан­шыл «халық қала­у­лы­сы» Бақыт Хаме­но­ва бақыт­тан басы айна­лып: «Елба­сын­дай ерен тұлға тұрған­да, мен елім­нің ертеңіне сене­мін!» – дейді. 

Бұл бар­ри­ка­да­ның халы­ққа қар­сы жақ бетін еншілеп алған­дар­дың бірінің ғана ойы бол­са, мей­лі ғой. Өздері аз емес. Ара­сын­да Қуа­ныш Сұл­та­нов сын­ды ана заман­ның да раха­тын көр­ген, мына заман­ның да май­лы жілі­гін ұстап, меміл­деп жүр­ген мықты­лар бар. Ең көр­нек­тісі, сұңғы­ла шешені ака­де­мик Мыр­за­тай Жол­да­с­бе­ков «Нұр Отан­ның» бір съезін­де Нұр­сұл­тан Әбі­шұлы­ның көзін бақы­рай­тып қой­ып: «Алла­ның бер­ген сый­ы­сыз» деді; «Арғы-бер­гі заман­да қаза­қтың басы­на мұн­дай бақ қонған жоқ» деді. Оған да көңілі тола қой­май, сөзінің соңында: 

Ұлан-бай­тақ дала­сы бар,

Аста­на­дай қала­сы бар.

Нұр­сұл­тан­дай дана­сы бар,

Қаза­қстан жасай бер­сін! – деп өлеңдетті. 

Әсте, Ақор­да­ның айна­ла­сы­на ұялап алған­дар бір-бір­лерінің аузы­на түкіріп қоя­тын бол­са керек, күні кеше үкі­мет­ті таратқан кез­де, екі жарым жыл­дай пре­мьер-министр болған Бақыт­жан Сағын­та­ев та тілін безеді-ай кеп! «Мем­ле­кеті­міздің негізін қалаған әкесіз» деді. «Аз ғана уақыт­та мем­ле­кеті­мізді құрып, халы­қты қырғы­нға ұрын­дыр­май, қиын-қыстау кезең­нен аман-есен алып өттіңіз…», «Қаза­қстан халқы бүгіні мен бола­шағын өзіңіз­бен ғана бай­ла­ны­сты­ра­ды» деді. Шексіз алғы­сын айт­ты. Өрт­ке ора­нып, бей­мез­гіл өліп жатқан сәби­лер мен жұмыс­сыздық қасіретін айтып, ұлар­дай шулаған жастар­ды, үйсіз қаңғы­ған, қайт­сек мына­лар­ды ашы­қтыр­май, тары­қтыр­май өсіре­міз деп, әкім­дер­дің ұйқы-күл­кісін қашы­рған көп бала­лы әйел­дер­дің жағ­дай­ын бір министр де еске алып, кешірім сұрамады. 

Үкі­мет құра­мы түгел­дей өз ұлты­мы­здан құралған. Қазақ болған­ды­қтан, олар билік бас­пал­дақта­ры­мен биік­теп, әкім, министр болған­дар. Бірақ бәрі де халы­қтан өздерін ақыл­ды санай­ды, зар жылаған елді, көз жасын көр­гісі кел­мей, тыжы­ры­на қарай­ды. Сол шір­кін­дер тәу­ел­сіздік деген­нің не екенін, оның жолын­да Алаш ары­ста­ры­ның бәрі дер­лік азап шек­кенін, аты­лға­нын, айда­уда азап шек­кенін біле ме екен?..

«Қаза­қта білім­ді адам жоқ емес, көп, бірақ солар­дың көбі, құт­ты, бәрі өз білі­мін халалға емес, хара­мға жұм­сап ғадет­тен­ген», – деп нали жазып­ты Ахмет Бай­тұр­сы­нұ­лы. Сол заман­да өздерін білім­ді санай­тын қаза­қтар сон­дай болған екен. Енді қазір ше? Қазір оқы­ған, қос-қостан диплом алған қаза­қтар көп, өте көп. Ғалым­да­ры да, қалам­гер­лері де, өнер мен спорт­тың төңіре­гін­де жүр­ген­дері де, сая­сат­шыл мықты­ла­ры да жыр­ты­лып айы­ры­ла­ды. Солар­дың аза­мат­тық сана-сезім дең­гейі қандай? 

Міне, біз шүй­ілетін бар мәсе­ле осын­да! Өліп-өшіп, халы­ққа қыз­мет ету­ге мін­дет­ті мини­стр­лер­дің бүкіл ойы бір кісі­де – өздерін министр еткен НӘН-де ғана бол­са, одан кей­ін қаза­қтың мем­ле­кет­тік қай­рат­кер­лері тура­лы не деу­ге бола­ды?.. Күштік құры­лым жүй­е­лерінің бәрінің іс жүр­гі­зу тәсіл­дері түгелі­мен солай бей­ім­дел­ген. «Құдай­сыз қурай да сын­бай­ды» демек­ші, сот, про­ку­ра­ту­ра­мыз Аста­на қалай дер екен, қалай етсек ойла­ры­нан шыға­мыз деп, Арқа жаққа құлақ түреді, құп­тай­тын нұсқау күте­ді. Бір-бір­лерін сатып, саты­лып жатқан бір әлем… Қай­да бар­саң да, шын­ды­ққа жете алмай, шыр-шыр еткен қаза­қта­ры­мыз. Өз елін­де өгей­дің күй­ін кеш­кен халы­қтың аузы буы­лып, қол-аяғы бай­ла­нып, маталған. Істей­ін десе, жұмыс жоқ, ал бай­шы­ке­ш­тер­ге жал­да­нып барып, тыр­ба­нып тапқан ауыз арзы­май­тын ақша­сы­ның өзін бер­мей зарлатады.

«Заман ақыр болғанда

Шет­тен келіп жау алмас,

Жама­ның салар құрықты…».

Әбубәкір Кер­дері осы­лай деп айтқан ақыр­за­ман кел­ді ме екен, әйте­уір біз бір тұй­ы­ққа тірел­дік. НӘН бастаған жемқор билік ұйлы­ғып, милы­ғып және қан­ша тыра­штан­са да, одан өз бетін­ше шыға алмай­тын қоры­сқа кір­ді, ұйы­ққа шым батты.

Осы қасірет­ті бол­дыр­май, бетін қай­та­руға, той­та­руға бола­тын ба еді? Бола­тын еді! Мем­ле­кет тіз­гіні қолға тиісі­мен ниеті қарау билік­те­гі кісі сатып-сау­у­ды бастаған­да, ондай­ға үрке қарай­тын елдің бет­ке ұстар өкіл­дері бір­ден өре тұр­ды. Шер­хан Мұр­та­за аға­мыз рес­пуб­ли­ка­лық теле­ра­дио коми­тетінің тіз­гінін ұстаған кезді еске түсіріңіз; Жоғарғы Кеңес­ке (ол кез­де солай ата­ла­тын) Серік­бол­сын Әбділ­дин төраға­лық еткен пар­ла­мент жұмысын көз алды­ңы­зға кел­тіріңіз: мини­стр­леріңіз былай тұр­сын, пре­зи­дент­тің өзі депу­тат­тар қалай қыспаққа алар екен деп, алда­ры­на имене-имене кел­ме­уші ме еді?.. 

Түп­кі көз­де­ген ниеті бұзық, арам­ды­ққа құры­лған екен, аяр­лық әре­кеті­мен иіп әкеліп, халы­ққа қыз­мет етуді мият тұтқан пар­ла­мент­тің өзін тас-талқан етіп тарат­ты. Біре­удің қолы­мен от көсеп, бүл­дірудің «мастері» екен. Кей­ін НӘН-нің сөзіне еріп, сон­дай жаман іске ара­ласқа­ны­на Заман­бек Нұрқа­ді­лов аға­мыз өкі­ну­мен өмір­ден кетті!

Одан кей­ін ҚДТ қозға­лы­сын да еске түсіріңіз. Біз діт­те­ген­нен бөлек, демо­кра­ти­я­лық, аза­мат­тық мем­ле­кет құру­дан мүл­де басқа қауіп­ті бағы­тқа бара жатқа­ны­мы­зды көріп-біле тұра, үнде­мей қал­май­ық деген қозға­лыс жетек­шілерін қыз­мет­тен қуды, сот­та­ды, сан­дал­тып жібер­ді. Одан бөлек қан­дай қасірет­ті оқиға бол­ма­сын, бәріне әйгілі қалам­гер қауым өкіл­дері қаты­сты, мем­ле­кет­тік­ті мұрат тұтқан, елдік­ті, ұлт­тық мүд­де­мізді көз­де­ген сөз айт­ты. Олар­дың бар қаруы қала­мы емес пе, міне, соған сүй­ен­ген Ғаб­бас Қабы­шұ­лы (жасы­на қарап, бас иіп жазып отыр­мын) бастаған үркер­дей топ күні бүгін­ге дей­ін күре­су­мен келеді. Солар­дың ара­сы­нан әділет­ті ту тұта­тын, «Тәу­ел­сізді­гі­мізді сақтап қалай­ық, ұрпақ қамын ұмы­туға қақы­мыз жоқ» деуден бір жаңыл­май келе жатыр. Айт­са – тіліп айта­ды, жаз­са – жазға­ны­на өкін­бей­тін­дей, сол үшін билік қалай жаза­ла­са да дай­ын екен­ді­гін біліп жаза­ды. Осы ойым айдай ақиқат! Сен­бе­сеңіз, 2009 жылғы 5 науры­зда «Жас Алаш» газетін­де бір бет болып басы­лған «Кісә­пір қоғам, дағ­да­рыс және шара­сыздық» деген атпен жарық көр­ген өлең­дері­нен еке­уін ғана өздеріңіз­ге қай­ы­ра ұсынайын.

КІСӘПІРДІҢ СӨЗІ

Құлқы­ны –

Қырық құлаш шыңырау,

Ара­ны –

Алпыс кез апан.

Той­ым­сыз бір кісәпір

«Елді тонаған­дар­дың

Жел­кесі қиыл­сын» деді.

«Таза жүрей­ік,

Таза тұрай­ық.

Елі­міз құл­пыр­сын» деді.

Сол сөзді тыңдап

Біре­улер­дің –

Есі шықты.

Біре­улер­дің

Есі кір­ді.

Ал маған

Сол бір сөз

Үлкен дәрет­ке отырып

Бұра­лақтай нан жейтін

Қомағай адам­ның

Таза­лық туралы

Айтқан сөзін­дей естілді.

Міне, сөздің сөзі! Бәрі­міздің көз алды­мы­зға келе қалған кісә­пір кісі тура­лы бұдан артық өткізіп, жеріне жет­кізіп айтуға бола ма?

САТҚЫНҒА

Еліңнің рухын саттың – 

Өмір­дің ұры­ғын саттың.

Дініңді сат­тың,

Тіліңді сат­тың,

Сат­тың!

Лас пен балшыққа 

Бел­шең­нен баттың.

Дәл қазір

Сенің атың аталса,

Ашу­лы сөздерден 

Оқ-дәрінің

Иісі шыға­ды!

Бұл – осы­дан таба­ны күрек­тей он жыл бұрын жазы­лған өлең­дер. Ішін­де бом­ба­сы бар өлең! Өстіп Темір­хан аға ғана жаза ала­тын еді, әлі де жазу­дай жазып келеді.

– Сіз мықты­сыз, аға! Нағыз пара­сат­ты, ар-ұятын бәрі­нен биік қой­ып, аялай білетін асыл аза­мат­сыз. Қазақ елінің, қия­нат­тан көз ашпай, жылап-еңіре­умен келе жатқан қазақ ұлты­ның күрес­кер ұлы­сыз. «Пара­сат» Сіз­ге жара­са­ды! Дәл осы жылы билік қате­ле­с­пей, иесін тура тауып бер­ген­дей көрі­неді. Ал мен өз есебі­ме жүгін­сем, Сіз одан да зор мара­патқа лай­ық едіңіз. Тәу­ел­сіздік үшін түк істе­мей, елдің барын – жоқ қылып, тонап, өз қаза­ғы­на көр­сет­пе­ген­ді көр­сетіп жатқан біре­улер «Еңбек Ері» ата­нып жатқан­да, Сіз­ге мына­дай уақыт­тың уыты болған, халы­қтың ащы ойын жет­кі­зе біл­ген жыр­ла­ры­ңыз үшін «Халық Қаһар­ма­ны» атағын беру керек еді. Сөйт­се, оған ешкім­нің дауы бола қой­мас еді, аға! – дей­мін мен. 

Бүгін­де Қаза­қстан­ның тыны­сы ауыр­ла­ды. Халқы­мыз өте қиын хал-күй­ді бастан кешу­де. Мыңғы­рған мал­дың есебі мар­дым­сыз, мил­ли­ард­тап астық жинай­тын алқап­та­ры­мыз азып-тозған. Өндіріс ошақта­ры­мыз сауық-сай­ран мекеніне, сауда-сат­тық орда­сы­на айналған. Аштық үрейі қазақ дала­сын шыр айна­ла кезіп жүр. Жап­пай жай­лаған жұмыс­сыздық халы­қты шыдат­пай­тын шегіне жет­кізді. Өткен жылы әлем елдері ара­сын­дағы адам­дар­дың өлім-жіті­мі жөні­нен алға­шқы орын­дар­дың біріне шығып­пыз. Биы­лғы жыл­дың қаңтар айын алсақ, оның алдын­дағы жыл­дар­мен салы­сты­рған­да, өз-өзіне қол салып құр­бан болу оқиға­сы 20 пай­ы­зға өсіпті. 

Тәу ететін Тәу­ел­сізді­гі­міз­ге ғана емес, әрқай­сы­мы­здың өмірі­міз­ге қауіп төн­ді. Момақан, қой аузы­нан шөп алмай­тын көн­біс қаза­қтың көп бала­лы ана­ла­ры көше­ге бекер­ден-бекер шұбы­рып шыққан жоқ. Олар­ды қол­дай­тын, қорғай­тын ел көп. Күл­лі қазақ дала­сын жай­лаған халық үде­ре бас көтер­се, «неге сөйт­тің­дер?» деп уәж айта­тын билік­те бет қалмады. 

Енді осы­ған орай Иран-Ғай­ып ақын­ның мына шумағы­мен айтар ойы­ма түй­ін жасасам:

Өңкей жемқор жырындың,

Жарып тұр гүл-қауызын.

Бүйт­кен «Бостан­ды­ғым­ның» –

Әкесінің ауы­зын! – дей­тін­дер де көбейді. 

Жемқор билік халы­қтың тала­бы­на құлақ асып, тез ара­да ес жима­са, 1986-ның Жел­тоқ­са­ны былай қала­тын даб­ыл саға­ты қоңы­ра­у­ла­тып жете­ді-ау, әсте…

Республиканский еженедельник онлайн