- «Бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз», – депті ШҚО әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Ал облыстың Марқакөл, Ақжар (Тарбағатай), Үржар аймақтарының халқы жабылып қалған шекаралық аудандарды қайтадан қалпына келтірмесе, бұл өңірлер тақыр-таза қаңырап қалады деп отыр.
Жуықта БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов аудандарды қалпына келтірудің орнына «өңірдегі шекаралық аудандарды дамытудың бағдарламасын» жасаймыз деп отыр. «…Мен арнайы комиссия құрдым. Қазір бес ауданда жұмыс істеп жүрміз. Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім аудандарына арнайы бағдарлама жасаймыз. Әлеуметтік жұмыстарды көтеріп, қосымша қаржы бөлеміз. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін, ондағы халықпен өзім кездесемін…Бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз. Неге десеңіз, аудан ашқанда тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 млрд теңге кетеді. Сонда халыққа не керек? Жаңа шенеуніктер ме? Оған қарағанда арнайы бағдарлама керек. Маған келген 45 ақсақалдың бәрі менімен келісті…» – деді ШҚО әкімі баспасөз мәслихатында.
Жемқорлық пен парақорлық жайлаған елде әкімнің «арнайы бағдарламасы» қаншалықты тиімді болады? Оның «бөлген қосымша қаржысы» жергілікті жерге жете ме, жоқ әлде талан-таражға түскен қаржы жемқорлардың жемсауында кете ме?
Ең бастысы – дағдарыс депрессиясына қамалған халықтың, жабылып қалған аудандардағы 100 пайыз қазақтың әлеуметтік көңіл-күйі мен психологиясын «арнайы бағдарлама» қалпына келтіре ала ма?
Осы сияқты сансыз сауалдар төңірегінде белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров өзінің ФБ-парақшасында жазған пікірімен толық келісуге болады.
«Өкінішті! Ертең осынау қиғаш қадамдарына қатысты әттеген-ай айтатындығы анық, – дейді саясаттанушы. Өйткені Даниал Ахметов тәрізді тәжірибелі, шаруашылықты дөңгелетуге қабілетті дейтін азаматтар «қаракөздің» әлеуметтік психологиясын түсінбейді, халықтың шынайы мұң-мұқтажына «қырын» қарайтындығын тағы да көрсетті.
«Қызыл директор» дегендер болған кезінде, кеңес заманында ірі шаруашылықтарды басқарып, жоспарлы экономика кезінде қызмет істеп, ұжымның мүдделерімен келіспей, шешім қабылдайтын «қырсық» басшылар. Халықтың айтқанын істесе, «тағынан» түсіп қалатындай әсер алады олар. Өздері тәкаппар, менменшіл, халыққа менсінбеген көзқараспен қарайды. ШҚО-ның басшысы да сол «қызыл директорлыққа» салынып отырған тәрізді. Өздері басқарып отырған жердің тарихын да, халқының мінез-құлқын да түсінбейді, түсінуге пейіл де танытпайды.
Біле білген адамға Шығыс Қазақстанның Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандары қазақ халқына біздің ата-бабамыздың қаны, олардың қиылып кеткен өмірі арқылы келген, ол жерлерді бүкіл қазақ қанқұйлы соғыса отырып иеленген.
Сол ата-бабамыздың ерлігі, өрлігі, бізге деген қамқорлығының арқасында келген жерлерден бүгінде, ел аман, жұрт тынышта халық үдере көшіп жатыр. Неліктен? Халық үкіметке, мемлекетке жақын болғысы келеді. Сондықтан орталыққа – Өскемен, Семей, Алматы, Нұр-Сұлтанға ауып жатыр. Шекара бос қалды. Сол шекараға бекет ретінде, аудандарды қалыпқа келтіру жөніндегі жергілікті халықтың «зар-айқайын» облыс әкімі Даниал Ахметов елегісі де келмейді. Халықтың жан-тәнін түсінбеушілік дегеніміз осы.
«Халықты тыңдауға қабілетті мемлекет» – бұл шенеуіктер үшін жәй ғана сөз. Ешқандай құндылығы, мәні жоқ. Бұл мәселе тек облыстық деңгейде емес, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсері бар республикалық мәселе. Сондықтан Қазақстан Республикасының үкіметіне, парламент депутаттарына осы мәселені мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастыру үшін үндеу жариялаймын! Бұл еліміздің территориялық тұтастығының негізгі мәселесі.
«Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа. Күнінде өзім болдым деп, кең пейілге таласпа!» деген қанатты сөзді бұл кісілерге кім айтар екен?
Ал дәл осы кезде халық босып, көшіп жатыр, ақсақал мұңын айтар адам таппай сабылып, облыс басшылығының табалдырығында жүр, аудандар тоқырап жатыр. Бүгінгі күннің шындығы осы. Облыс басшысында пейіл болмаса, халықта қандай мейір болмақ?» – деп, өз ой-пікірін таусылып жазған екен саясаткер Ерлан Сайыров.
Расында, аталған шекаралық аймақтағы әлеуметтік-демографиялық ахуал адам айтқысыз. Мәселен, бұрынғы Марқакөл ауданында – Қытаймен арадағы шекарадан бергі, Күршімге дейінгі 150–200 шақырымға жуық аймақта қаңырап қалған ауылдарда бүгінде жалпы саны 10 мыңға толар-толмас халық қалды. Жеке меншік малымен ғана күн көріп отырған жергілікті халыққа жұмыс қолы болатын бірде-бір өндіріс ошағы жоқ: кеңестік кезде салынған кәсіпорындар тегіс жабылды, бүгінде олардың қаңқасы да қалмады.
Ал қазақ айтпақшы, «бос жатқан жер жау шақырады». Бүгінде ел ішінде «қытай экспансиясы» деген үрей туған кезде шекаралық аймақтың халқы тұрмыстық-экономикалық дағдарыспен қоса, терең әлеуметтік-психологиялық күйзелісте күн кешуде. Жекелеген ауылдарда жартылай орташа мектептердің мұғалімдерінен басқа жастар қалмаған. Азын-аулақ малын баққан, көшіп кетуге жағдайы жоқ тұрғындардың дені отбасында тірі жүрген кәрі-құртаңның пенсиясын талғажу етеді.
Осындай күйзеліске тап болған шекаралық аймақтың әлеуметтік жағдайын Даниалдың «дара» бағдарламасы қарық қыла алмасы анық. Облыстың деңгейінде жасалған бағдарлама шекаралық өңірдің шаруашылығын қалпына келтіре алмайды. Ол үшін республикалық деңгейде жасалған мемлекеттік бағдарлама қажет. Ал ондай бағдарламаға бастамашы болып, мемлекеттік билік пен үкіметтің алдына аса күрделі мәселені шешу жөнінде ұсыныс жасаудың орнына облыс әкімі «бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз» деп, салы суға кеткен қапалы халықты қора-қопсықтың төңірегіне қамап қоймақ.
Жабылып қалған шекаралық аудандарды қайтадан қалпына келтіру үшін, шығыстық халық қоғамдық қозғалыс тудырғаны жөн сияқты. Мысалы үшін, нақты экономикалық есептеулер мен жергілікті мүмкіндіктерді есепке алып, республика билігі деңгейінде қозғау салған Нарынқол ауданының (Алматы облысы) тұрғындары өз дегендеріне жетті: бүгінде бұл аудан жеке территориялық бірлік ретіндегі статусқа қол жеткізді. Нарынқолдықтардың бұл жеңісі – шығыстықтарға үлгі болуы керек. Қазақта «жыламаған балаға емшек бермейді» деген тәпсіл барын ұмытпаған абзал…
Ермұрат БАПИ