Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа
Құрметті Президент мырза! 10 қаңтар күні «болашақта болады» деген саяси реформалар туралы сөзіңізді көпшілік естіді. Ол айтқаныңыз халықтың көңілін басқа жаққа аудару екені түсінікті. Байғұс халық 30 жылдан бері осылай алданып келеміз. Бірақ бұл айтқандарыңызды өткен жылы да айтып едіңіз, одан 1% да өзгеріс болған жоқ. «НСОД» деген ұйым құрғасыз, ол да ешбір жұмыс тындырмай тарап кетті.
Қысқасы, сіз президент болған бір жыл сегіз айдың ішінде бірде-бір мәселе оң шешілген жоқ. Осы Ашық хаттың иелері жеке өз атыңызға 6 рет өтініш жаздық. Көшірмелері сақтаулы. Жауап жоқ.
Жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деп, жалпы қарапайым халық атынан наразылыққа шыққан жастарды түрмеге қаматтыңыз, айыппұл салғызып, 15 күннен 2 айға дейін абақтыға жаптырдыңыз. Осының бәрін көріп, сізге деген сенімнен айырылып отырмыз.
Қарапайым халық бар жиған-тергеніне қосып, банктен қосымша қарыз – кредит алып, өлгенде әрең салған үйін Алматы әкімі Тасмағамбетов трактормен бұздырып, жермен-жексен еткенін көріп, оған қарсы шығып, тоқтау айтқан Арон Атабекті 18 жылға қатаң түрдегі түрмеге жауып қойған – осы біздің елдің соттары. Бүгінгі күні оның жасы 70-ке таяды. Түрмеде отырып бір қол, бір аяғы істемейтін мүгедек болды. Осы бейкүнә тұтқын туралы өзіңізге төрт рет хат жазғандардың ішінде біз де бармыз. Бүгінде шал болған азаматтан неге қорқып отырсыз, оны түрмеден шығаруға пәрменіңіз жетпеді ме?!
Жер шетелге сатылмасын, жалға берілмесін деп айтқан бір ауыз сөзі үшін Макс Боқаев пен Талғат Аянды бес жылға соттадыңыздар. Жер туралы айтқаны болмаса, бұлардың басқа бір ауыз жаман сөзі болған жоқ. Ұрлыққа барған жоқ. Ешкімді өлтіріп атқан жоқ, Жаңаөзенді атқызған жоқ. Сол кездерде парламентте сенаттың төрағасы болып отырып, бәрін көрдіңіз, білдіңіз. Бірақ үн шығармадыңыз.
Сіз президент болғалы жағдай тіпті ушығып кетті. Жәй халық сізден жақсылықты былай қойғанда, болар-болмас қамқорлық ниетіңізді көрмеді. Түк көрмегендей, Нұрсұлтанға жақсы адам болып, «сен тимесең, мен тимен» болып, жүріп жатырсыз.
Дулат Ағаділді полицияда әдейі тапсырмамен өлтірткен – сіздің төңірегіңіздегі жендеттер. Баласы екеуін бірдей өлтірген қылмыскерлер әлі ұсталған жоқ. Әрине, мұндай мәселелерге көңіл аудармайсыз.
Жер сатылмасын, жалға берілмесін, парламент сайлауы әділ өтсін деп күні кеше, тіпті парламент сайлауы өтіп жатқан 10 қаңтар күні көшеге шыққан шал-кемпірлерден бастап, наразы азаматтарды полицияға итше талатып, түрмеге жіберттіңіз. Біз қасында көріп тұрдық. Бұл кезде Нұрсұлтан Назарбаев «әп-әдемі», «тап-таза» адам болып, резиденциясында шіреніп жатты.
Енді парламент сайлауы бітерге жақындаған кезде сағат күндізгі 11-де жақсы «ақылды» президент болып, сайлау участкесіне келіп, дауыс беріп тұрып: «15 қаңтарда парламенттегілермен жиналыс өткізем, ақылдасам, болашақта саяси реформа жасаймыз, мәжілістегілердің санын азайтамыз» деп және тағы басқа уәдені үйіп-төктіңіз. Жалпы халықтың түсінгені: баяғы парламенттен кетіп қалған Дариға Назарбаеваны ақырын жылжыта-жылжыта келіп, мәжіліске әуелі депутат етіп алып, болашақта болғалы тұрған парламенттік республиканың бірінші бастығы етіп қояйын деп отырсыздар. Бұл жоспарды Нұрсұлтан осыдан 5 жыл бұрын құрып қойған.
Құрметті Тоқаев мырза!
Бүкіл Қазақстан халқының арман-тілегі – Дариға Назарбаеваның парламент мәжілісіне бірінші бастық болуын көрмеу! Нұрсұлтан оған: «Бірінші бастық болып отырсаң болды, басқасын полиция мен сот орындап береді» деп айтқан шығар. Сіз Дариғаның ой-өрісінің қаншалықты екенін, білімінің қаншалықты терең екенін осы күнге дейін білмей жүрсіз бе? Әлде сізге бәрібір ме? Біз олай деп ойламаймыз: бізге парламентте салауатты, халықшыл, ұлтқа жаны ашитын адамның жетекші болғаны керек.
Нұрсұлтан Дариғасын тықпалап, буынсыз жерге пышақ ұрмасын! Дариға мемлекетіміздің бір басшысы болса, қоғамда теңселіс басталады!
Ең алдымен «Панама құжаты» бойынша жарияланған Дариғаның шетелдердегі тыққан ақшасын анықтап алу керек. Лондондағы жылжымайтын мүліктерінің анық-қанығын тексеру қажет. Шетелдік баспасөз бен қаржылық тексеру агенттіктері күдікке алған адамның парламент депутаты болғанының өзі ешқандай заң түгілі, адами моральға да сай келмейді.
Дариғадан 10 есе артық білімді, ақылды, жалпы халық қамын, оның болашағын жоспарлап ойлайтын ер азаматтар жеткілікті. Мысалы, Дариға далаға шығып, қырды басып, қазақтың қара жерін, егіс алқабын, мал қорасын көрді ме? Кешегі өртеніп кеткен, жер жүзі жылаған 5 жас нәрестенің жағдайын біле ме?
Туған елім, жұртым, қандасым, бауырларым деп, Қытайдан қашып келген Сайрагүлге өз елінен орын бере алмадыңыздар. Ал сол Сайрагүл шетелге кетуге мәжбүр болып, атақты, абыройлы атанып, халықаралық марапатқа ие болды!
Тоқаев мырза! Енді Дариғаны билік басынан көрмейтін болайық. Сізді Назарбаев президенттіктен босата алмайды, халық сізді қолдайды.
Дәл осы заманда халық арасында кейбіреулер аузына не келсе, соны сандала салатын болды. Мысалға алсақ, ресейлік Жириновский мен қазақстандық Қуаныш Сұлтанов сияқтылар қазақтардың өзіне тиісті жері болмаған деп сандырақтап жүр. Қуаныш Сұлтанов өзін туған ата-бабаларын ғана емес, қазақ мемлекетіндегі қазақ халқының ар-намысын, жер бетіне пайда болғалы бергі өмірін, тарихын жоққа шығарып, аяқ астына таптағысы келеді.
Басқа да саяси ақымақтар жеткілікті. Ал Қуаныш Сұлтанов Қазақстанда туған, осында тәрбиеленген, қазақ жастарына өз еліміздің, қазағымыздың өмірін, тарихын кезінде үйретпек болған адам емес пе еді? Оның қасындағы депутатсымақтар баяғы үнсіздікте отыр, біреуінің аузы ашылмайды. Мұның не сандырақ демеді. Сұлтановтың бұл пікір-сандырағы Ресейдегі дұшпандарымызға қолайлы көзір, факт болатын болды. Қызықтың көкесі әлі алда. 20–30 жыл парламент керегесінде жұмыссыз отырып, үйренген үлгісі шығар. Нұрсұлтан Назарбаевқа осы біздің ұсыныс-пікірімізді жеткізіңіз. Сұлтанов та соның кадры. Бірін-бірі ерекше сыйлайды.
- Сізге халықтың біраз өкілдері атынан өтініш-тілек білдірушілер: 4 академик, 14 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, қалғандары пенсионерлер мен қарапайым халық: С. Сәкенжанов, Б. Берғали, Р. Орманбек, Б. Көкішев, З. Орынғали, М. Сәкенов, Ж. Боранбаев, М. Сақтыбеков, С. Әуелбек, М. Сағызбеков, Р. Дәуренбеков, З. Сергеева, Ж. Мамырхан, Д. Рымбеков, М. Солтанбек, Қ. Рахымов, Р. Мүсілімов, Б. Қорғасбай, Ж. Дәрменов, С. Сақтағанов, М. Яценко, Қ. Жәрменов, Д. Бектұров, З. Ноғайбек, Р. Тынышбеков.
11 қаңтар 2021 жыл