Досай Кенжетай: Исламда қыз балаға ОРАМАЛ ЕМЕС, білім алу басты парыз

«Қазіргі таңда қоғам мен мектеп арасында хижап мәселесі жиі дау тудырып, өзекті дүниеге айналды. Өзге ұстанымдағы қандастарымыз зайырлы мемлекеттің заң талаптарын елемей, қыздарын жалпы білім беру ошақтарына тұмшалап жіберуі көпшілік тарапынан талқыға айналды. Бір қызығы – балиғатқа толмай басына «қара жамылған» қаракөздерді қолдайтындар да бар. Ұлттың ертеңін ойлап, улап-шулағандар да жетерлік. Мәселенің мәнісін философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдан сұраған едік», – деп, Jasqazaq.kz порталы ғалыммен келелі сұхбат өткізген екен.

Діни таным мен ұлттық талғам тақырыбының ара-жігін ажырату үшін, оқырман қауымға жәрдемші болар деген оймен осы сұхбатты қаз-қалпында көшіріп басып отырмыз.

– Досай Тұрсынбайұлы, соңғы кездері елімізде қыз балалардың басына орамал тағу мәселесі жиі көтеріліп жүр? Неге бұл ахуал ушығып кетті?

– Ол рас, орамал тағу емес, «хижап» қоғамдық санада елеулі қайшылықтар алып келгені жасырын емес. Егер орамал тағу діни танымдық мәселе ретінде көрініс берген болса, оның жарасы жеңіл. Оның сауатын ашу, діни негіздерін көрсету арқылы танымын кеңейтіп, ағартушылық жолмен шешкен болар едік…

Негізінен бұл мәселе төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, мақалалар жарық көрді. Бірақ халық арасында қоғамдық санаға әсері байқалмай келеді. Енді оның себептерін анықтауға тырысып көрейік. Біріншіден, қазіргі БАҚ ішінде осы құбылысты іздеп жүріп жариялайтын тенденциялық әрекеттер байқалады. Демек, осы тақырыпты үдету туралы тапсырма болуы әбден мүмкін. Бұл тапсырыс біздің қоғамның ішкі тұрақтылығына сызат іздеп жүрген сыртқы саяси күштерден болуы ықтимал.

Екіншіден, осы орамал арқылы сыртқы құқық қорғау орталықтары қоғамдағы жыныс негізіндегі саясаттарына жол салып жатқан сыңайлы. Мысалы, гендерлік саясаттың қазақстандық шаблонына діни мотивтерді қосып, жан-жақтан қысым көрсетуге дайындық жасап жатқан да болуы мүмкін. Сонда хижап олар үшін қоғамда қайшылық туғызудың жыныстық (гендер), діни, әлеуметтік, саяси, құқықтық орталығына өз-өзінен айналып шыға келеді.

Рас, сыртқы күштерге, олардың осындай тұзағына құрал болып кетпеу үшін де біздің қоғамдық, демократиялық келісімге негізделген зайырлылық ұстанымына құрылған мемлекет пен дін қатынасының мазмұны мен идеясын қоғамның кез келген қабаттарына түсіндіру жұмыстары жетпей жатыр.

Үшіншіден, діни тұрғыдан алсақ, алты жасар қыз баланың Алла алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Сондықтан ол баланың осы жаста жынысын нақтылап, діни ерекшелігін көрсетіп, сыныптастарынан оқшаулануы дінімізге де, ділімізге де, заңымызға да қарсы әрекет. Енді осы әрекетті сол бала жасап отырған жоқ, оны тәрбиелеп отырған ата-анасы. Оған оның еркі де, санасы да, ақылы да, ішкі діни сезімі де жетпейді. Бұл ата-анасының баласын құрал қылуы, сол арқылы еркін заңға қарсы екендігін, зайырлылық талаптарын мойындамайтындығын көрсетіп отыр.

Біз – ислам арқылы мәдени болмысқа айналған, ұлттығымызды қалыптастырған, дәстүрлі мемлекеттілігі мен тарихи тәжірибесі бар халықпыз. Біз кеше ғана мұсылман болған ел де емеспіз. Қазіргі қоғамдағы неосәлафилік тенденция осы жоғарыда айтылғандардың бәрін жоққа шығарып, діндарлар арасында теріс психологиялық пиғыл қалыптастыруға мұрындық болып отыр. Бұл үдеріс отбасы институтын зайырлы қоғамнан оқшаулау, имманентті мәндегі ішке бүліну, қоғам талабына немқұрайды қарау, заңды елемеу, кеңістік пен уақыт үндестігі үйлесімділігіне қатыспауды өз құралдарының ерекшелігі мен сипаты ретінде сомдап жатыр.

Төртіншіден, исламда жынысына қарамастан – ер ме, әйел ме – жаратылысынан тең, бір рухтан шыққан. Біреулердің негіздеп жүргеніндей, «исламда әйел еркектің қабырғасынан жаралмаған». Алла алдында тең болғандықтан да, исламда әйел мен еркекке бірдей білім алу парыз етілген. Бұл білім алудың мазмұны да сол уақыт пен кеңістіктің талабына сай болуы қарастырылған. Бүгінгі жаһанданған дүниеде білім алу мазмұнында еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын көздеген болса, Ханафи мазхабы да бұл шартты қолдайды. Еліміздің білім беру жүйесі зайырлы сипатта, бұл – шарт. Олай болса, діни үкім тұрғысынан да – ол діндар әйел не еркек болсын – Алла алдындағы жауапкершіліктен ада болады. Бірақ еліміз ислам дінінің өркендеуіне барынша қолдау көрсетіп отырған бірден-бір мемлекет.

Зайырлылықты елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құндылық ретінде танытты. Ал құндылық – аксиологиялық тұрғыдан құрметтелуі тиіс тұғыр. Сондықтан алты жасар бала ғана емес, балиғатқа жеткен, орта мектепте оқитын кез келген жасымыз діни атрибуттарды желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Осы жастағы кез келген жасөспірім мектептен білім алуы шарт, мемлекеттік міндетті білім стандартынан аттап кете алмайды. Зайырлылық ұстанымы бұл мәселені де шешіп қойған – діни атрибуттармен білім алатын арнайы мектеп, оқу орындары бар. Ал мектепті бітіріп шыққан соң, ол азамат әрі қарай жоғары білім ала ма, алмай ма – өз еркі.

Бесіншіден, ерекше ескеретін жайт – мектеп, отбасылық құндылықтар мен зайырлы талаптар еліміздің ертеңі болатын болашақ жастарға педагогикалық стандарттарды қалай, қандай жолдармен сіңдіру төңірегінде жеті ойланып, мың толғанып шешілу керек. Қазіргі мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүкті болып қалатын, жүкті қылып қоятын «бала-әке, бала-шешелердің» белең алуы ата-ананы алаңдатпай қоймайды. Ата-ана баласын діни танымдық шеңберлерге тыққысы келетіндіктері де қазіргі мектептегі осындай келеңсіздіктерден болуы ықтимал. Яғни, мектепте білім беру мен тәрбие жұмыстары өзара қабыспай жатыр деген сөз. Міне, ата-ана осындай сенімсіздіктен діни психологиялық күйзеліске түсіп, баласына мына қоғамның білім беру жүйесіне параллель «пананы» діни танымнан іздеуі табиғи жайт болса керек. Бұл ата-ананың үрейі балаға ауысқанда, қандай қос үрей пайда болатындығын психологтар жақсы түсінсе керек-ті. Содан ортада зардап шегетін бала болып қала береді.

Түптеп келгенде, қыз баласын мектепке жібермей қоюдан ата-анасы сенімді болғанымен, болашақта ол қыз қоғамға да жиіркене қарауы ықтимал. Күдік, үрей, қорқу, өкіну, жеккөру, соңында режимге қарсы тұру психологиясының бұлағы екендігін есте сақтағанымыз жөн. Бұл психология сейілмесе, қоғамда уахабилік тенденция өршімесе – әлсіремейді. Оларға осы тұс нағыз азық, нағыз «сыныққа сылтау» болып қала бермек. Нәтижесінде мұндай қоғамда діни таным ғылыми танымға қарағанда басымдыққа ие болады.

Алтыншыдан, қоғамда уахабилік тенденция модаға айналып бара жатыр. Ол жастардың діни танымдық сұрағынан нақты көрініс береді. Ол – «Құранда бар ма?» сұрағы… Кез келген мәселе, құбылыс яки өмірдің қарапайым мысалдарына Құраннан жауап іздейді. Ең болмаса, Құран осы мәселеге қалай қарайды деп бір ұстаным, түсінік, тұжырым, таным ретінде сұраса – айналасың. Олар ұғым, қағида, ереже, заң ретінде сұрайды. Егер ұғым ретінде қарасаң, Құраннан молда, медресе, ораза, намаз, пайғамбар, хижап, құдай, т.б. ұғымдарды таппайсың. Бұлардың арабша баламалары бар: саум, салат, наби, расул, хумур сияқты. Сондықтан бұл тенденцияны біздің жастарымыз діни киім ретінде қабылданған «араб мәдениеті мен діни танымын» қоса-қабат алып келіп жатқандарынан бейхабар. Кісісі өлген жесір сияқты «қара жамылып», ерте қартайғысы келген қауға сақал шайх болып жүргендерге араб мұсылмандығының өкілдері екендіктерін түсіндіру қажет-ақ. Бұларға осы көріністерімен-ақ қоғамдағы «исламофобия» ескерткіштері екендіктерін мойындату керек.

Жетіншіден, хижаптың артында ұлттың трансформациялануы, дәстүрдің ревизиялануы, ділдің тілімденуі келе жатыр. Қазақ мәдениетінің, салт-санасының, отбасының орталығы – ана. Уахабилік таныммен тұмшаланған қыздарымыз, болашақ аналарымыз арабтың салт-санасымен де тұншықтырылып жатыр. Бұл кешегі коммунизм идеологиясынан да қауіпті. Бірге туыс-ағайындар осы ұстаным арқылы, егер үйде бауыры жоқ болса, босағадан аттап кіре алмайтын жағдайға жетеміз. Неге? Үйде ері жоқ. Қазақы діл кейінге шегініп барады. Бара-бара жеті ата да қалады. Себебі Құранда емшектес болмаса – болды, некеге рұқсат. Осындай діни таныммен тұмшаланған қазақтың баласы ертең немере қарындасына басқаша көзбен қарамасына кім кепіл?

Жалпы, бұл уахабилік таным қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігі, діни танымы, ділі мен салт-дәстүрін де реставрациялағалы тұр. Қазақ формаға емес, мазмұнға, феноменге емес, мәнге көңіл аударатын халық еді. Енді бүгін қыздар тұмшаланбаса, фитнаға себеп болатын болыпты. Бұл жерде қазақ қыздарына жарасқан ұлттық киімі болғандығын айтып отырмыз. Егер осылай кете берсек, кез келген ұрғашы – ол жеңге демей, қарындас демей, фитнаға себеп болады дейтін болармыз. Ал Құранда әуретті жабудың ар жағында жүректі жабу тұрғандығына назар аудармайтын болдық. Сондықтан қарындастарыма айтарым – жамылғыны жүрекке салайық, алдымен білім алайық, надан болып қалмайық. Ертең анасы надан ұрпақтан қандай білімді ұрпақ, елі үшін ой толғайтын азамат шығады? Ата-аналарды да төзімділік пен шыдамдылыққа шақырамын.

– Қарап отырсақ, кейбір діндарлар мен оқу орны басшылары бір мәмілеге келе алмауда. Себебі неде?

– Себептеріне жоғарыда тоқталдым. Бұл мәселе екі жақтың да діни танымдық, зайырлылық тұрғысынан сауатсыздығына тіреліп отыр. Ең бастысы – бұл дау қоғам шарттарын, кеңістік пен уақыт талабын тани алмаудан туындауда. Жалпы, ислам дінінде қыз балаға ең бірінші «білім алу парыз ба», әлде «орамал тарту ма»? Исламда қыз балаға білім алу – парыз. Аллаға құлшылық ету үшін де, алдындағы түпкілікті міндеті мен жауапкершілігінің шегі мен мүмкіндігі арасын ажырату үшін де білім, таным, ойлау, сана тұрады. Орамалдың да кезегі келеді сосын.

– Бұл мәселені шешудің қандай оңтайлы тетіктері бар?

– Басты тетік – біздің зайырлы заңымызда нақты көрсетілген, онда «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» тетіктер бар. Сол тетіктер қолданыстан тыс қалып қойған. Ол – қоғаммен үндестікте, үйлесімділікте қолданатын мемлекеттік институттар мен қоғамдық діни ұйымдар арасындағы «көпірді» қайта жарақтау қажет. Екі институттың да бағыттары мен мүдделері тоғысып, бірін-бірі толықтырып отыруы тиіс. Мемлекет – «әке», қоғам – «ана» рөлін жақсы белсенді атқарса, ортада «бала» да ешкімге құрал болмас деген ойдамын…

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –

Зарина КИБАЕВА,

Jasqazaq.kz

Республиканский еженедельник онлайн