
- Қазақстандық саясаттанушы, «Қауіп-қатерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев «Азаттыққа» берген сұхбатында президент сайлауды дәл қазір өткізуге не түрткі болғанын, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені өзгертуге неге құлықсыз екенін және Қазақстанды алдағы жеті жылда не күтіп тұрғанын айтып берді (ықшамдалып жарияланды).
– 2022 жылғы президент сайлауы Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанмен» және саяси реформалармен мүлде үйлеспейді. Сайлауалды науқан Назарбаев кезіндегі ескі сценарий бойынша жүріп жатқан сияқты. Мұның сыры неде?
– Бұған таңғалатын нәрсе емес. Өйткені Назарбаев жүйесі жойылған жоқ. Сол баяғы саяси институттар мен адамдар өз орнында қалды.
«Сайлауға» дайындық жұмысына жауапты шенеуніктер Назарбаев тұсында мансабын бастап, осы жүйеде қалыптасқан бюрократия аппаратының принциптерін бойына сіңірген. Бұл принциптер автократияға арқа сүйейтін жүйеге бейімделген. Нұрсұлтан Назарбаев отыз жыл бойы өзіне ыңғайлы жүйе құрумен болды.
Соның нәтижесінде мемлекет әртүрлі салада отыз жылды текке өткізді, жеке басқа табынушылық, олигархиялық экономика қалыптасты. Назарбаев өзіне қарсы тұра алатын күштер шықпауы үшін, гладиаторлар алаңында саяси элита өкілдерін бір-біріне қарсы қойып, шекістіріп отырды. Мұндайда жүйе өз бетінше жұмыс істеп, қоғам пікірін елемейді.
Қазір Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» ұранымен құрып жатқан жүйесі Назарбаев моделіне ұқсайды: президент жүйедегі басты ойыншы болуға тырысады, бәрін өзіне тәуелді етіп, бақылауда ұстап, билік тармақтарының, сот және заң органдарының қызметін қадағалайды.
Мәселе сайлауда немесе жалған сайлауда (псевдо) емес (бұл науқанның немен аяқталатынын бәрі біледі), Тоқаевтың алдағы жеті жылда не істейтінінде болып отыр. Ол президент қызметінен кеткенде, бәрі бір адам мен оның маңайындағыларға байланған тұйық жүйе жойыла ма?..
– Қаңтар оқиғасынан кейін кезектен тыс сайлау болатыны белгілі еді. Ақорданың бұл қадамға баруының басқа да себептері бар ма?
– Маусымдағы Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі референдум алдағы сайлауға дайындық еді. Біріншіден, референдум кезінде президент әкімшілігі мен сайлауға дайындықпен айналысатын адамдар қоғамдық көңіл-күйді бақылап, Тоқаевтың рейтингін сынап көрді.
Екіншіден, қарқынды геосаяси өзгерістер басталып, әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап, Қазақстан үшін үлкен қауіп саналатын инфляция артып келе жатқан тұста билік алдағы бір-екі жылдың өзін болжай алмаудан қорықты. Билік сайлау өтетін 2024 жылды былай қойғанда, келер жылы не болатынын білмеді. Сондықтан Тоқаев мықты оппозиция жоғын пайдаланып, уақыт ұтуға тырысты.
Қазіргі іс-қимылдар екі мотив бойынша жүріп жатыр. Біріншіден, Тоқаев жеке билігін күшейткісі келеді, екіншіден, әлеуметтік жарылыс немесе элита ішінен шыққан жаңа қарсыластың әсерінен билігінен айырылып қалудан қорқады. Бірақ ұзақ мерзімді болашақтағы қорқыныш – ең нашар мотиватор, өйткені ол қоғамға қысымды күшейтеді.
– Биліктен айырылып қалудан қорықпайтын авторитар мемлекетті көрген жоқпын…
– Қорқыныш туралы неге айтып отырмын? Бұл – өте маңызды психологиялық дүние. Тоқаев неге дәл осындай сайлау өткізіп жатыр дегенде, 2019 жылғы сайлау билікке «соққы» болғанын ұмытпауымыз керек. Биліктің қолдан құрастырған әдемі жүйесі бір сәтте қирап қалады деп ешкім күткен жоқ. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға белсене қатысып, мықты саяси күшке айналды. 2019 жылы Тоқаев әлсіздік танытса, әдемі сценарийлердің күлі көкке ұшатынын түсінді.
Сондықтан қазір билік 2019 жылғы жағдай қайталанбауы үшін, қысымды күшейте бастады. Президенттікке кандидат ретінде тіркелген адамдарға қараңызшы: мүлде солғын. Арасында бірде-бір белгілі тұлға жоқ.
– Иә, бұл тізімдегілердің кейбірін сайлауға дейін мүлде танымағанымды жасырмаймын.
– Саясаттанушылардың көбі көп жыл көлеңкеде жүріп, Назарбаевтың ұжымында болған адамдарды көргенде таңғалды. Әрине, кей кандидаттар сәл де болса белсенділік танытып келді, бірақ Назарбаев белгілеген шеңберден шыққан жоқ.
Мемлекеттік қызметте бес жыл еңбек етуі керек деген талап – Қазақстанда саяси өзгерістер болмағанын байқататын негізгі көрсеткіш. Өйткені көп адамды сайлаудан шеттеткен бұл сүзгі Назарбаевтың кезінде сайлау процесі мен қатысушыларын бақылау үшін енгізілген.
Қызыл сөз бен конституциялық өзгерістерге қарамастан, Тоқаев саяси сегрегацияға негіз болған антиконституциялық талапты сол күйінде қалдырды. Бұл талап бойынша, ақ адамдар және қалғандары бар. Ақ адамдар дегеніміз – жүйе ішінде жүргендер. Жүйе оларды өз адамы көріп, сайлауға түсуге мүмкіндік береді.
Ал қалғандары, оның ішінде елге қызмет еткісі келетін азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері сайлауға қатыса алмайды, өйткені шенеунік болмаған. Бұл да Тоқаевтың қорқынышын білдіретін маңызды көрсеткіш: жүйеден тыс адамдар сайлауға қатысса, билікке қауіп төндіреді. Сондықтан Назарбаев кезіндегідей кандидаттарды жүйе ішіндегі адамдардан тағайындаған әлдеқайда жеңіл.
– Конституцияға президенттің өкілет мерзімін жеті жыл деп белгілеу туралы өзгеріс енгізуді Тоқаевтың осыған дейін билікте болған уақытын есептен шығару амалына жатқызуға бола ма?
– Иә. Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін берген сұхбатында «Мен – Назарбаев емеспін, Конституцияны өзгертпеймін» деп сендіруге тырысты. Бірақ жазда Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдум өтті, кейін президенттік сайлау кезектен тыс өтетіні жарияланды. Бұл сайлау Тоқаевтың билігін заңдастыру үшін ғана өткелі отыр.
Бірақ легитимдік пен заңды билікті шатастырмау керек. Билік қағаз жүзінде ғана заңды болуы мүмкін. Мысалы, президент сайлауы өтеді, әлемдік тәжірибе бойынша, кандидаттар арасында бәсеке болады, Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жариялайды.
Билік легитимдігі сайлаудан кейін қоғамның Тоқаевқа, ол құрған жүйеге деген сенімі арта ма, жоқ па, соған байланысты. Тоқаевтың қазіргі іс-қимылына қарап, Қаңтар оқиғасынан кейін президент жүйені өзгертеді деп сенген адамдардың өзі «Неге «жаңа» Қазақстан «ескі» Қазақстанға ұқсайды?» деп ойлана бастады.
– Тоқаевтың алдағы жеті жылда елді қалай басқаратыны туралы болжамдар бар ма?
– Негізгі мәселе: Тоқаев президент қызметінде соңына дейін қала ала ма? Жеті жыл ішінде не жасай алады? Шынымды айтсам, Тоқаев Қазақстанда жаңа ережелер, саяси институттар мен ойыншылардан тұратын, күштер тепе-теңдігіне негізделген жүйе құра алады дегенге күмәнім бар.
Ол саяси реформаны сот-құқық жүйесінен бастауы керек еді. Бұл – елдегі кез келген реформаның негізі, құқықтық мемлекет құруға алғашқы қадам. Тоқаев жүз пайыз жаңа саяси жүйе құрып үлгермесе де, мықты сот-құқық жүйесінің негізін қалап үлгерер еді. Сонда сот жүйесі президент кеткеннен кейін де элиталық топтардың билікті тартып алуына, заңды бұзып, Конституцияны қайта жазуына жол бермейді.
Azattyq.org
- «DAT». 10.10.2022.