ДІНИ эмансипация экспансия және экстремизм

немесе Ұлт жанашырларының назарына!

Адамзат тарихында мәдени экспансиялардың әрқилы түрлері мен формалары болғандығы белгілі. Олар сайып келгенде, ұлттың биологиялық болмысын өзгерте алмағанмен, мәдени-тұрмыстық, рухани дүниеге көзқарастық келбетін мүлде өзгертіп, ақырында «басқа» ұлтқа айналдырды және бұрынғы экспансияға дейінгі табиғи, шынайы, игілікті келбетін мәңгілікке келмеске кетірді. Сондықтан да мәдени экспансия қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік ретінде танылғандықтан, глобализациямен қатар ұлттың қорғаныш тетігі ретінде глокализация үдерісі де жүріп жатыр. 

Оларға қарсы ұлттың қорғаныш тетіктері ретінде қайта ұлттану (реэтнизация) үдерісі де қарсы жауап ретінде көрініс тауып отыр, дегенмен осы екі текетірес жағдайында ұлттық идеология мен сыртқы мәдени экспансияның қайсысы жеңіске жететіндігі олардың идеологиялық-манипуляциялық қуатына байланысты болып келеді. Мәдени экспансия физикалық немесе саяси болмағандықтан, сырт көзге байқала бермейтін, бірте-бірте астыртын технологиялармен жүзеге асатын қатерлі құбылыс. 

​Қазақ халқындағы бірнеше жүздеген жылдық тарихымыздағы ұлттық рухани қауіпсіздікке жасалған әрқилы идеологиялық шабуылдардың зардаптары салдарынан өзгеріп, бұрмаланған ұлттық болмысымызды қайта қалпына келтіру жағдайында қазіргі таңда халықтың ұлттық рухы жанданып келеді. Бірақ та ұлттық рухани мәдениетімізге кері ықпал ететін идеологиялық күштердің әсері аймақ бойынша әрқилы және олар ресми, ресми емес, жоспарлы, жоспарлы емес, астыртын, ашық түрде жүргізілуде: вестернизация, орыстандыру, арабтандыру, т.б. салаланған. 

Осы ықпалдардың ішіндегі қатерлісі – ислам атын жамылған әлеуметтік институттар, жеке тұлғалар, кейбір ресми орындардың, т.б. ұлттық рухани мәдениетімізге жасалып жатқан экспансиясы. Қазіргі таңда елімізде «дүмше-саяси-кәсіпкерлік-экспансиялық ислам» беталысы алаңдататындай деңгейде өрбіп келеді. Оның ең қатерлі тұстарының бірі – ұлттық құндылықтарымызға шабуыл жасау (экспансия). 

​Бұл үрдіс, байыптап қарасақ, рационалды тұрғыдан сырттан бақыласақ, саналы ұйымдасқан, арнайы бірізді түрде құрылымданған, ақпараттық құралдар арқылы жүйелі түрде жүргізілетін, бірнеше жылдықтарға жоспарланған «арнайы операциялар» сияқты болып көрінеді. Бұл – біздіңше, діни исламдық экстремизм мен фанатизмнің заманауи жұмсартылған формасы, өңі айналған басқаша форматы ғана емес, ұлттық құндылықтарды жою мен бірте-бірте құлдырату арқылы Қазақ елінің болашақтағы даму перспективасына қатер тудыратын әрекеттер. Өйткені бұрын біз ашық түрдегі діни экстремизммен, радикализммен күресіп келдік. Оны күштік құрылымдардың бақылауы нәтижесінде біршама бәсеңдеттік, бірақ қазіргі заманға сай оның басқаша, жаңаша, өзгерген форматтары қалыптастып отырғандығы жете зерттелмегендігі өз алдына, ол жабық түрде құрылымданған. Діни фанатизм – парафанатизмге (фанатизмге ұқсайтын, соның төңірегіндегі құбылыстар), діни радикалдық – ақпараттық шабуылдарға, діни экстремистік әрекеттер – экстремистік пиғылдарға, ал олардың әрекеттері – қоғамдық сана мен биліктегілердің, тіпті кейбір зиялы қауымның дін үрейін пайдаланатын «мәдени экспансияларға» айналып үлгергендігін аңдамай да қалдық.

Бұл беталыс дәстүрлі ұлттық мәдениетті бірте-бірте, аңдатпай құлдырауға ұшырататын, ұлттық қауіпсіздікке жатқызылатын қатерлі үдеріс болғандығына қарамастан, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін үздіксіз жалғасын тауып келеді. Әсіресе ислам дінін уағыздаушы ресми институттар мен ресми емес парафанатиктер тарапынан ықпал ету өрісі кеңейе түсуде. Ал биліктегілердің кейбір топтары мен қоғамдық сана оның мәдени экспансиялық жақтарын жете түсінбей, жай ғана игілікті іс – исламдандыру-имандандыру үдерісінің бір элементі деп қабылдап отыр.

Қазақстандағы ислам дінін жаңғырту – өз алдына бөлек мәселе. Негізгі мәселе сол ислам дінін қайта жаңғырту үдерісін толықтай араб-мұсылмандық экспансиялаумен алмастыруда болып отыр. Шындығында, онымен зайырлы және толерантты деп саналатын ҚМДБ өкілдерінің кейбірі арнайы шұғылданып, ал көпшілік бөлігі «үнсіз» қолдағандай болып отыр. Ол ұлттық тіл мен дәстүр, тұрмыс пен болмыс, білім беру мен ағарту, ғылым мен өнер, т.б. көптеген рухани институт салаларына тұтастай ықпал ете отырып, «шабуылшылдықты» көздейді, ұлттық мораль мен жалпы адамзаттық адамгершілік құндылықтарын бұрмалап, жат пиғылды, керітарпа, тым төменгі деңгейдегі этикалық өлшемдерін қазақ қоғамына таңуға ұмтылып отырғандығы өз алдына, көп жағдайда практикалық нәтижелерге де қол жеткізіп отыр.

​Бұл беталыс, исламдандыру атын жамылған арабтандырумен көмкерілгендіктен, мәдени экспансиясын – рухани мұраларды, тарихымызды, тілімізді, кодымызды, т.б. құлдыратуды тұтастай, білдіртпей, бірте-бірте, әрқилы технологияларды қолдану арқылы жүргізіп отырған сыңайлы деп айта аламыз. Ал кей сәттерде ол ашық және анайы түрде көрініс тауып отыр. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан кейінгі 33 жыл ішінде әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізге деген шабуылдарға тоқталып өтуімізге болады: бірнеше жыл бұрынғы «харам эскпансиялық операциясы» (тұрмыстық элементтерді харамдандыру), «ширк экспансиялық операциясы» (мәдени элементтерді ширктендіру), хиджабтандыру, одан кейінгі «сақал» операциясы, «талақ экспансиясы», ана тілімізді экспансиялау (ахлақ, умра, ифтар), соңғыларының бірі – «махр» операциясы, т.б. кейбірі сәтсіз, кейбірі сәтті аяқталды, ал кейбірі «тынығып» алып, басылып барып, қайтадан өршу тәсілін де қолданады. «Хиджабтандыру операциясынан» қорғану әлі күнге дейін өзінің өзектілін жойған жоқ, ол исламшылдар тарапынан қайта-қайта жанданып, мемлекеттік-саяси деңгейге дейін көтерілгендігіне қарамастан, алдағы уақытта нақты алдын алу шараларын қолданбаса, үздіксіз жалғаса беретін тәрізді.

Бұл идеологиялар жай ғана діни схоластикалық философия, құр сөзділік, тек сөз жүзіндегі ноумендер емес, тұтас мәдени өмірімізге кері әсер ететін, ұлтымызды ұлттық кодтан айыратын керітартпа әдеттер мен адасулар болып табылады. Кейбір көзқарастар, олардың қатерлі тұстарын сезбей немесе сезсе де, сезбегендей болып, оларға мән бермей, жай ғана діни ұстаным деп санайды. Мәселен, қазіргі таңдағы жүргізіліп отырған «жастарды махрландыру операциясы» отбасын құруды мақсат еткен жастар, оның ішінде әсіресе материалдық жағдайы төмен ер азаматтар үшін қиыншылықтар туғызады.

Сөйтіп, тұтас отбасы институтына жасалған шабуыл іске асады, психоаналитикалық тұрғыдан келгенде, махр сұраушылардың санасына болашақта ажырасып кетуді ниеттейтін көңіл-күй туғызады немесе сол махр сұраушының бейсаналы түпкі теріс пиғылын білдіруі де ықтимал. Бұл тұстағы басты мәселе теріс пиғылды парафанаттар жүргізіп отырған араб-мұсылмандық мәдени экспансияны әшкерелеу, яғни халыққа ашып көрсету, технологияларын зерделеу, әдіс-тәсілдерін жариялау, сонымен қатар экспансияланған құндылықтарымызды араб мәдениетінен эмансипациялау, яғни кері қайтару, азат ету болып отыр. Біздің ұлттық мәдени кеңістігімізде соңғы отыз жыл ішінде (әрісін айтпағанның өзінде) қандай ареалдар экспансияланғандығы, біздің нені жоғалтқандығымыз тарихты зерделей алатын зерделі азаматтарға өздігінен-ақ түсінікті. Мұндай экспансиялар жай ғана үгіт-насихат түрінде емес, әрқилы психоаналитикалық, психотерапиялық, манипуляциялық технологиялар арқылы (бұл әдістерді саналы меңгермесе де, қолданып отыр) жүзеге асып отырған сыңайлы. Ең басты тірегі – қоғамдық санадағы «Құдайдан қорқуды» негізге алады.

Шындығында, ол жастардың санасына теріс ықпал етіп, мәңгүрттендіруге дейін алып баруы да ықтимал. Бұл, біздіңше, қатерлігі жөнінен Хаббард іліміне жуықтайды деп болжамдай аламыз (әрине, бұл мәселені әлі де психотерапиялық тұрғыдан тереңірек зерттеу керек). Өйткені қоғамдағы қазақ жастарының кейбірінің санасы «қайта қалпына келместей болып зақымданған». Негізінен алғанда, тек физикалық қана емес, осындай «психиканы зақымдаушы» топтар да жазалануы тиіс (Бірақ біздің қоғамда оларды сотқа беретін ата-аналар ұжымы қалыптаспаған: дінге бет бұрған баласының кенеттен мүлде басқа адамға, «діни мәңгүрт» адамға айналғандығы ата-анасы үшін қандай өкінішті жайт). 

Ең басты иллюзия: «Барлық имамдар жердегі құдайдың өкілі, олардың айтқандарының барлығы абсолютті дұрыс» деген түсінік. Шындығында, қарапайымдандырып айтсақ, «ол да өзің сияқты қарапайым тұлға, тек оның ақ шапаны бар» екендігін қоғамдық сана түсіне алмай келеді. Осы «имамофобия-имамофилия» түсінігі қарапайым халық тұрмақ, кейбір билік өкілдері, зиялы қауым, тіпті ғалымдарымыздың арасында да, олардың санасында жиі кездесетін жайт. Сол «заңсыз діни миссионер-зиялылар мен миссионер-ғалымдар» имам функциясын атқарып отырғандығын жасырады, миссонерлік қызметін ғылыми жұмыстарымен, рационалдылықпен, зерттеушілікпен бүркемелейді (бұны психоанализде бейсаналы түрдегі қорғаныш тетіктерін рационализациялау деп атайды). 

Келесі иллюзия: «Осы сананы зақымдаушы, ұлттық құндылықтарды экспансиялаушы ислам» келбеті кей сәттерде зайырлы, «дұрыс», игілікті ислам болып түсінілуінде. Бұл үлгіні де, сәйкесінше, билік басындағылардың, зиялы қауымдардың, ғалымдардың кейбірі қабылдағандай сыңай танытады.

Ендеше ұлттық құндылықтарды қорғау мен еліміздегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біз исламдық экспансияға қарсы мемлекет тарапынан мынадай шаралар қолдануды ұсынамыз:

1. Қазақ халқының мәдени-рухани құндылықтарына ислам институттары тарапынан жасалып жатқан әрқилы керітартпа ықпалдарды ресми түрде «мәдени экспансия» ретінде айыптап, «мәдени эмансипацияны» (мәдени-рухани құндылықтарды азат етуді) қолға алу. «Мәдени экспансиялаушылар» тек шағын, бөлек экстремистік топтар емес, кей жағдайда қоғамдағы ресми ислам институттары (мешіттер, уағызшылар, діни оқу орындары, діни ғалымдар, т.б.) өкілдері арасында да белең алып отырған үдеріс екендігін ресми түрде жариялау мен жазалау шараларын жүргізу.

2. Материалдық емес рухани құндылықтарды қорғаудың ЮНЕСКО-дағы бөлімшелерімен байланыс орната отырып, осы мәдени экспансияның алдын алу үшін, Қазақ халқының материалдық емес рухани құндылықтарын қорғау туралы заң қабылдау;

3. Мәдени-рухани құндылықтарды қорлау – Ту, Елтаңба, Әнұран, т.б. мемлекеттік атрибуттарды құрметтемеу мен қорлағандығы үшін қолданылатын заңдық-құқықтық айыптаулармен, жазалаулармен тең деңгейде қарастырылуы тиіс;

4. Мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында Мәдениет министрлігі жанынан ұлттық құндылықтарды қорғаудың ресми бөлімдері (комитет) ашылып, рухани құндылықтарға экспансия жасаушы ресми орындарды қоса алғанда (атап айтқанда, ҚМБД кейбір мүшелері, кейбір діни миссионерлік заңсыз шұғылданып отырған зиялы қауым мен ғалымдар, діни оқу орындары, т.б.), ислам дінін ұстанатын жеке адамдардың да көзқарастары мен теріс пиғылдарын зерттейтін тәуелсіз эксперттік комиссия (Дін істері агенттігінен басқа) тұрақты жұмыс жасауы тиіс. Оның құрамына теологтар немесе діни өкілдер емес, зайырлы тұрғыдан еркін ойлай алатын философтар, әлеуметтанушылар, психолог мамандар тартылуы тиіс.

5. Соңғы жылдары қабылданған «Дін туралы» заңдарға батыл және нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс: ұлттық құндылықтарды құрметтемейтін көзқарастардың барлығы «экстремистік» деп танылатын сияқты арнайы бап енгізу қажет. 

6. Материалдық емес ұлттық рухани құндылықтарды қорғау үшін, мемлекет тарапынан зайырлы болып саналатын қоғамдық ұйымдарға гранттық қаржыландырулар бөлінуі тиіс және атқарылған мекемелердің қызметтері жоғарыда аталған тәуелсіз комиссияның қатаң бақылауында болуы тиіс.

Р.S. ХХ ғасырдағы постмодернизм өкілдерінің көпшілігі өздері өмір сүріп отырған капиталистік қоғамның кемшіліктерін көре біліп, оны сынаудың теориялық әдісі ретінде басқаша бір бағдарларды таңдады. Ол – ащы шындықты өткір тілмен баяндау және аяусыз сынау технологияларын қолданды (Мәселен, Ж. Бодрийярдың гиперкритицизмі). Бұл технология сол дәуірдегі қоғамның ащы шындығын жасыратындар үшін әсірелеу, асыра айту сияқты болып қабылданды. 

Сондықтан да бұл айтылғандар «Ащы да болса шындық» тәрізді. Біздің ҚР ислам дінін лингвистикалық философиялық және психоаналитикалық зерттеулеріміз бойынша: «Ашық және анық айтылмаса да, атауы олай аталмаса да, заты бар, ондай тілдік ұғымдары болмаса да, мазмұны бар: «Ислам дінінің қазақты ұлтсыздандыру саясатының қазақстандық моделі», «Ислам дінін бизнеске айналдырудың қазақстандық моделі», «Діни үрейлерін өзгелерге таратып жүрудің «бұқаралық-ұжымдық перепатетиктік» қазақстандық моделі», «Саясиланған ислам өкілі екендігін жасырып жүрудің қазақстандық моделі», т.б. тәрізді бағдарлар кейбір исламшылдар өкілдері арасында арнайы жұмыс жасайтын бағыт ретінде қалыптасқан, ал қарапайым аңғал халық осы институттар мен бағыттарға қызмет етіп отырғандықтарын аңдамай да қалады» деген пайымдаулар ұсына аламыз.

Берік АТАШ

Республиканский еженедельник онлайн