Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов мырзаға жолданатын бұл депутаттық сауалда мен бір жағынан азаматтардың жеке мәселесі сияқты көрінсе де, қоғамдық тұрақтылық тұғырын теңселтіп, ұлттық мәдени бірегейлік пен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндірер қатерлер төңірегіндегі тақырыпты қозғамақпын. Сөз нәзік діни дүниені жалбағай жамылып, елдің интернет әлемінде халықтың санасына манипуляция жасайтын «псевдодіни авторитеттер» турасында болмақ.
Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір «имам-сымақ» үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне «сыйға тартқанын» жайбарақат жария етті.
Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!
Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптеуі тиіс дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс!
Ал мұны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист қарындасым Жанар Байсемізова ең құрығанда журналистік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамауы – нағыз хайп қуу: ақырында оның өзі де әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырамын! Әрбір редакция мен журналистің есінде болғаны абзал: мыңжылдық ұлттық мұраттарға қастық жасауға, кәсіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуі тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек!
Екінші бір керенау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жариялаған сақалы бар, мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!
Бірақ, құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарықшақ асқынып кетпесін десек, ушығып бара жатқан жағдайды әкімшілік жазамен ғана ауыздықтау мүмкін емес! Әсіресе әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын.
Түптеп келгенде, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор зардабын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ. Ең бастысы – бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз әсіресе буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылып, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар «жоғалған ұрпаққа» айналуы ғажап емес.
Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын «махаббат жұмағы» мен «нәпсі ләззатына кенелу» насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды.
Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту – харам! Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар – харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен!
Осы ретте мен теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: «Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық құндылықтар мен дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан-ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Қазақшалап айтқанда, «алды-артыңа бір уыс топырақ!».
Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам діни алаяқтардың кесірінен адасу шылауына шырмалып, «ақпараттық терроризм» деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет!
Іс жүзінде халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу – Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз! «Қазақстан – зайырлы мемлекет» деп, Ата заңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу – қылмыс!
Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда отырып қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік! Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз. Кері қайту қиын болады: рубикон тақау қалды! Себебі бүгінде әсіресе жастардың сенім-танымы мен қоғамдық көзқарасы дәстүрлі діннің мешіттерінде емес, әлеуметтік желілерде қалыптасуда. Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады.
Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдыруға тырысқан, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда.
Бас прокуратура, тиісті құзіретті ведомстволар мен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы қитұрқы құбылысты шектеу әрекетіне жедел және шұғыл кірісуі керек!
Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебін киген тәрізді.
Қарапайым тілде «ДУМК» деп қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауынан арашалап қалуы тиіс!
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат БАПИ
Бұл депутаттық сауалды қолдап, қол қойған депутаттар:
- Дания Еспаева мен Азат Перуашев бастаған «Ақжол» партиясының фракциясы толығымен; Нұргүл Тау, Мұрат Ергешбаев, Ұласбек Сәдібеков, Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайыт, Айдос Сарым, Абзал Құспан, Ерлан Сайыров, Мақсат Толықбай, Болат Керімбек, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Мұқаш Ескендіров, Мұрат Әбенов, Еркін Әбіл, Ерболат Сатыбалдин, Аманжол Әлтай, Серік Ерубаев.