Журналист Тоқтар Жақаштың дерегіне сүйенсек, Қордайда бунт көтергендер 2003–2007 жылдары Қырғызстаннан қуылып келген дүнгендер көрінеді. Журналистің дерегіне сенсек, сол қашқын дүнгендер елімізге емін-еркін еніп, Қазақстан азаматтығын бар болғаны үш-ақ мың долларға сатып алыпты. Сұмдық емес пе?!
Сонау бір жылы Қытаймен екі ортада сауда жасайтын бір қазақ əйелі ұйғырлар Қазақстан азаматтығын екі мың долларға сатып алып, шекарадан əрлі-берлі, емін-еркін өтіп жүре береді деген еді. Қазақстан азаматтығының ит пен құсқа тиын-тебенге сатылуы жоғарғы биліктегі жемқорлық тамырының тым тереңге дендеп кеткендігінің көрінісі. Қазіргі президентімізге жемқорлықты жою шараларын əуелі күштік құрылымдарды, əсіресе кеден мен полицияны толық тазартудан бастағаны жөн.
Əйтпесе жуық арада жемқорлық салдарларынан көз ашпайтынымыз анық. Кез келген қазақ шендісін сатып алуды əбден меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері Қазақстанда ойларына келгенін істеуде. Кешегі дүнген дүрбелеңі соның айқын айғағы. Заңсыз жолдармен əртүрлі тауарлар сату мен есірткі саудасын жолға қойып алған олар шексіз байып кеткен. Тіпті олар Қордай ауданының шұрайлы жерлеріне дейін сатып алған деген ақпарат тарап жатыр. Рас болса, сұмдық енді! Осының бəрі жемқорлықтың салдары.
Үй-жайын, қора-қопсысын тастап қашып жатқан дүнгендер жайлы видеолар тарап жатыр. Олар сол қашқаннан қашып, Алматыға келеді. Естуімізше, Алматы дүнгендердің мол шоғырланған жері. Сондықтан мұнда қашып келген дүнгендерді оқшаулап, ерекше бақылауда ұстаған жөн. Қытайдағы коронавирус эпидемиясы басылған соң, қытайлық дүнгендерді жайлап шекарадан шығарып жіберсе, тіпті құба-құп. Өздерінің де Қытайға өткісі келетін ойлары бар көрінеді ғой.
Айтпақшы, Алматыдағы Масаншы көшесін көзге күйік қылмай, жуық арада ауыстыру керек. Масаншы көшесіне заманында Алматыны қазаққа толтырған Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілсе дейміз…
Тағы бір мəселе – дүнген дүрбелеңінің артында Қытай билігі тұруы мүмкін. Қазақстанға АҚШ елшісінің келіп кетуі Қытай коммунистерін ұйқысынан айырды. Қытай билігі Қазақстанға жасап отырған қазіргі ықпалынан өлсе де айырылғысы келмейді. Қытай үшін Қазақстаннан асқан майшелпек жоқ, əрі Қазақстан олар үшін Еуропаға ашылған алтын қақпа. Бұл қақпа жабылып қалмас үшін, олар бəріне барады. Қазақстан жөніндегі Қытайдың жымысқы жобалары толып жатыр. Келешекте олар бұл мақсатқа дүнген мен ұйғыр факторын пайдалануы бек мүмкін. Сондықтан əр адымымызды өлшеп басып, іс қылуымыз керек. Қамсыздықтың шегі болуы керек қой…
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ
БАСТЫ арандатушы – БИЛІК!
Қордайдағы қазақ-дұңған жанжалы еліміздегі ұлтаралық саясатта жіберілген қателіктердің кезекті бір көрінісі. Бұл – басынушылық! Бұл менсінбеушілік! Бізге не істей қояды деген еркінсушілік! Қазір қанымыз қызып отыр. Енді ұлтаралық саясатта күрделі өзгерістер болмаса, билік бұл бағытта бұрынғы көз жұмушылығын жалғастыра беретін болса, қазақ халқы бұл жерге кім ие екендігін өзі дәлелдеуге мәжбүр болады.
Қазақ жеріне тағдырдың түрлі жағдайымен келген түрлі ұлт өкілдері мен жергілікті ұлт – қазақтардың арасында соңғы жиырма шақты жылда ондаған қақтығыстар орын алды: қазақ-түрік, қазақ-тәжік, қазақ-ұйғыр, қазақ-шешен, т.б. Осының басты себебі – мемлекет құраушы қазақ халқының құқығы еш жерде қорғалмауында. Кез келген осындай жайттарда қазақтарды жығып беру әдетке айналған. Содан барып, келімсектер қазақтарды басынады. Ал қазақтар өз құқығын өзі жұдырықпен қорғауға мәжбүр.
Мұны тоқтатудың жолы қандай?
Мұны тоқтатудың жолы – қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін Конституция арқылы мойындау және басқаларға мойындату. Қазақстанда тұратын диаспоралар тағдырын қазақ мемлекеттілігі мен мемлекеттік тілге негізделген заңдық тәртібі ғана шешуге тиіс!
Қазақ елінің заңы мен тәртібін мойындамаған ұлт диаспораларының өкілдерін азаматтықтан шығарып, Қазақстаннан 24 сағатта қуу қажет!
Ресми орындардың түсіндірмесінен Қордайдағы тұрмыстық қақтығысты арандатушылар ушықтырды деуге бейімділік байқалады. Ол қайдан шыққан арандатушылық? Әлеуметтік желілерде Қордай жанжалына қатысты видеолар өріп жүр. Ойға көп нәрсені содан түйе аласыз. Көзге бірден ұрып тұрғаны – дүнген жастарының қазақтар түгілі, оның полициясын да көзге ілгісі келмегендігі. Қолға мылтық алған да солар.
Ал бұл қайдан шыққан менсінбеушілік? Кеудесіне нан піскен астамсуға не түрткі? Дүнгендердің Қытайдан қашып шығып, қазақ жеріне қоныс аударған соңғы 130 жылдың ішінде мұндай қақтығыс ешқашан болмаған. Арада олардың этникалық психологиясы қандай өзгеріске ұшыраған? Билік айтып отырған «арандатушы» кім болды сонда?
Жақаурататын ештеңесі жоқ, бірден ашығын айтайық, ең басты арандатушы – билік! Бұл неден көрінеді? Бұл алдымен Қазақстан билігінің қазақ халқының мемлекет құраушы құқығы мен міндеттерін аяқасты етуінен көрінеді. Қазақстан Конституциясының еш жерінен осы мемлекеттің қазақ халқыныкі екендігін таба алмайсыз. Мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі онан қашқан, мұнан қашқан түрлі ұлт диаспораларының мәртебесіне дейін төмендетіліп тасталған. Егер Ата заңымызда қазақ халқының осы мемлекеттің иесі екендігі, ол осындағы барша ұлт өкілдерінің, диаспоралардың азаматтық құқықтарының сақталуына жауапты екендігі көрсетілсе, әлгіндей кеудемсоқтықтарға құқықтық негіз тумас еді. Режимнің осындай соқыр саясаты еліміздің ұлтаралық қарым-қатынастарының болашағына о бастан баяу жарылатын «миналар» көміп кетіпті.
Екіншіден, режим Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы 7-баптың бірінші тармағын көзге ілмей, ресми орындарда орыстілді орта қалыптастырғаны, қазақ тілін атқораға ысыруы түрлі ұлт диаспораларының қазақ тіліне деген менсінбеушілігін туғызды. Қордайда дұңғандар түгелдей балаларын орысша оқытуы, қазақтармен орысша сөйлесуі қазақтарға да, қазақ тіліне де шекеден қарайтындығын көрсетеді. Олар қазақтарға «өз еліне, өз тіліне ие бола алмаған сорлылар» деп қарайды. Мінеки, режимнің қазақ халқын сүмірейткен ұстанымының, мемлекет құраушы ұлт пен диаспораны теңдестіріп қойған саясатының «жемісі». Осының салдарынан қазақ-түрік, қазақ-шешен, қазақ-ұйғыр, қазақ-армян, қазақ-тәжік қақтығыстары туып жатыр. Қандастарымыз осы елдің, осы жердің иесі қазақтар екендігін білектің күшімен дәлелдеуге мәжбүр. Ал маңдайына тырманың сабы қанша тиіп жатса да, билік дыңғыр етер емес.
Үшіншіден, режим Қазақстанда демократиялық қоғам емес, коррупциялық қоғам орнатты. «Бәрін сатып алуға болады!». Осы ұғым қазақтарға қарағанда, әлдеқайда бақуатты тұратын өзге ұлт өкілдерінің санасына әбден сіңген. Олардың бәрінің құқық қорғау органдарында «крышалары» бар. Сатқын жүйе кез келген тұрмыстық дау-дамайда қазақтарды жығып бере салады. Ұлтаралық қақтығыстардың хронологиясына қарасаңыз, бәрінде қазақтар «жазықты» болып, темір торға солар қамалады. Қордайда да полиция қызметкерлеріне бағынбай, қол жұмсап жатқан видеода дұңғандар біріне-бірі: «Позови прокурора!» дейді. Сыбайлас болмаса, бұлай айта ма? Дұңғандардың этникалық психологиясының өзгеруінің сыры осында!
Қордайдағы топалаң қазақ халқының тек дұңғандарға ғана емес, билікке деген ашу-ызасының бір бөлшегі. Менменсіген этнос өкілдерін орнына қоюы. Қайыршылық пен кемсітушілікке ұшыраған қазақ жұрты өз мемлекеті қорғамаған соң, өзінің құқығын өзі осылай жұдырықпен қорғауға мәжбүр. Бұл билік үшін сабақ, ол қалай да халықпен санасуға тиіс. Бұрынғыдай себеппен емес, салдармен күресу енді еш нәтиже бермейді. Мәселені түп-төркінінен, яғни Ата заңнан бастап түзеткен абзал. Өкінішке қарай, әдеттегідей қазақтарға қысым жасалса, енді «ұшқыннан жалын лаулауы» әбден ықтимал. Сондықтан кеше қамалған жігіттердің босатылғаны да дұрыс болды деп есептеймін.
Марат БӘЙДІЛДӘҰЛЫ, (Тоқашбаев), жазушы-публицист
Бұл қайдан шыққан «НЕВЕЖСТВО»?
Қордай қақтығысына байланысты қазір желіде бір «невежество» деген сөз алаулап тұр. Оны айтып жатқандар – негізінен орыстілділер, өздерін гуманист санайтын ақылдылар және кейбір журналистер мен құқыққорғаушылар. Ал осы «невежество» кімнің тарапынан орын алды? Ақсақалдың сақалына жабысып, екі баласымен соққыға жыққан кім? Оларды жауапқа тартуға келген тәртіп сақшыларына доңайбат көрсетіп, ұрып-соғып, шаңға аунатып, киімін дала-дала қылған кім? Оған жол берген кім?
Қазақ жұрты өз елінде әлі күнге дейін ұлт дәрежесіне көтеріле алмай, Қазақстандағы көп ұлыстың бірі секілді шетқақпай көріп, ұлт тұтастығының негізі болуға тиісті тілі жетімсіреп, босағадан сығалаумен жүр. Әртүрлі ұлыстар мен диаспоралар мемлекетті құрушы ұлтты сыйламаса, тілін менсінбесе, орманға қарап ұли берсе, қазақ кайтпек? Қарап тұрып жан бере ме? Әрине, мұндай кезде шартсыз рефлекске жол беріледі!
«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек», – деген Имам Шәміл. Біз кішкентай халық емеспіз, «үлкен қанжарға» да құмарлығымыз жоқ, бірақ байтақ жерді ұйытып, басқаны бауырына алып, жылытып отырса да, қазақ қазір сол Имам Шәміл айтқан «кішкентай халықтың» күйін кешіп отыр.
Халық – асау өзен. Бабын тапсаң – баяу ағады, бағыңды жайнатады. Бауырын түртіп, тессең – ағызып кетеді. Тасып, топалаң жасайды. Бауырын тескен әлеуметтік теңсіздіктен елін сақтау үшін, тұтастығын сақтау үшін, берекесі кетпес үшін, амал жоқ, білекке сүйенді! Бұл – «невежество» емес! Бұл – халықтың өзін-өзі сақтау инстингі!
Ұлтты біріктіретін –тіл! Бәрімізді жарастыратын да – тіл! Құшақты ашып, бауырға басатын да – тіл! Егер жеріміздің байлығы өзіне бұйырып, түрлі ұлыстар бір тілде – қазақ тілінде сөйлеп, шын мәніндегі хұқықтық, унитарлы мемлекетке айналсақ, «невежествоға» жол қалмас еді ғой?!
Данияр САЛАМАТ