Пятница , 18 апреля 2025

Ежелгі ескерткіштерге ЕРЕКШЕ КҮТІМ КЕРЕК

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа !

Еліміз тарихи ескерткіштерге бай. Барлық аймағы көне жәдігерлерге тола. Айта берсек, әрбір ауданы киелі орындар, күмбезді мекендер.

Мәселен, бір Түркістан облысының өзінде Отырарда Арыстан баб, Созақта Ысқақ баб, Бәйдібекте Домалақ ана, Сайрамда сансыз бабтар мекені бар. Сондай-ақ Төле би ауданында «Ғайып ерен, қырық шілтен», Түркістанда Гауһар ана мен Үкаша ата, Қазығұртта Ақбура, Созақта Қарабура мен Баба түкті Шашты Әзиз әулиелер жатыр. Көпшілігі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енеді.

Дегенмен, оларды күтіп ұстау бағытындағы жауапкершілік жергілікті жерде бірде-бір мекемеге жүктелмеген. Сондықтан көпшілігі қараусыз. Ашық аспан астында жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр. Мұның салдары тарихи орындардың құлауына әкеліп жатыр. Жуырда Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында орналасқан Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып қалды. VI ғасырға тиеселі тарихи нысан 2020 жылы қыруар қаржыға жөндеуден өткен болатын.

Тағы бір мәселе – бүгінде Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі жергілікті тарихи мұра объектілері тізімінде тұр. Дегенмен, астындағы жері бір кездері жеке шаруашылыққа беріліп кеткен. Сондай-ақ мұндағы Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелер мен туристік орындар жеке сектор меншігінде қалып қойған. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға үлкен кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан тек жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Тіпті кей азаматтар сол маңды қаржы табу көзіне айналдырып алған. Тарихи нысандарға келіп-кетіп жатқан туристердің есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Аталған мәселені заңдастырсақ, Түркістан өңіріндегі туризмнің дамуына үлкен септігі тиер еді.

Ең алдымен киелі орындарды күтіп ұстау жауапкершілігін жергілікті коммуналдық мекемелерге беруді ұсынамын. Әрине, бұл тарихи нысандардың жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады.

Екіншіден, ҚР «Жер туралы» кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өту жөнінде заңда қаралған. Бұл жерде тарихи нысанды тұрған жерімен бірге толық қабылдайтын толықтырулар мен өзгеріс енгізуді сұраймын.

Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысанға түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ әрбір нысанға арнайы курстардан өткен шырақшы-ГИД отырғызу жайын қолға алуымыз керек. Себебі келген туристке, зияратшыға сол маңда болған тарихи оқиғалар мен киелі орындар туралы түсіндіріп, сауатты түрде құран бағыштаса – мәдениетіміздің жанғаны деп білемін.

Қазақ даласындағы әрбір тас пен топырақ – біздің тірі тарихымыз. Ал тарихты құрметтеу – бүгінгі ұрпаққа жүктелген маңызды міндет. Аталған мәселені назарға алып, орындалуына оң ықпал етуіңізді сұраймын.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Республиканский еженедельник онлайн