Пятница , 4 июля 2025

ЕРКІН ОЙДЫҢ ОРДАСЫ ЕДІ

Атынан ат үркетін тәу­ел­сіз «ДАТ» газет­тер жоба­сы­ның «Жұма-Таймс», «Тасжарған» аталған 2004–2008 жыл­да­ры мен тіл­ші болып кел­дім. Ол кез­де газет­ті бағы­ты­нан айны­май­тын сол баяғы тұрақты үштік – Ермұрат Бапи, Бақыт­гүл Мәкім­бай, Кен­же­тай Айт­ба­ки­ев бар күш-жігері­мен алға сүй­реп шыға­рып жатқан.

«Әдет­те біз­ге жур­на­ли­стер жұмыс сұрап кел­ме­уші еді, сен жүрек жұтқан қыз бол­дың ғой», – деп, күлім­сірей мақтап, Ере­кең тала­бым­ды бір­ден ұштап қой­ды. Сөйт­ті де, маған газет­тің жеңіл оқы­ла­тын соңғы бет­терін­де­гі мәде­ни­ет, руха­ни­ят бөлі­мін тап­сыр­ды. Эст­ра­да жұл­ды­зда­ры­ның жылт еткен жаңа­лы­қта­ры, әнші-актер­мен сұх­бат, әрине, кеудесіне нан піс­кен авто­ри­тар­лы билік­тің кем­шілі­гін бетіне басу­дан әлдеқай­да оңай шаруа емес пе – мін­деті­ме құм­был кірісіп кет­тім. Қада­мым құт­ты болып, көп ұза­май қата­ры­мы­зға тәжіри­белі жур­на­лист Гүл­ми­ра Той­бол­ди­на, жас толқын Жұқа­мыр Шөке, Динар Ками­ло­ва да қосылды.

Бұл жер­де еркін ой, сөз бостан­ды­ғы бар, тәу­ел­сіз тіл­шілік жұмыс деп жұты­нып тұра­тын едік. Аз уақыт­та кіші­гірім редак­ция ұжы­мы қалып­та­сып, «бас оқыр­ман» – Ермұрат Бапи біз­ге ақы­лы мен біл­генін үйре­ту­ден жалы­қ­пай басқар­ды. Аға буын жур­на­ли­стер «Шер­хан­ның шинелі­нен» шық­са, біз «Ере­кеңнің мек­тебі­нен шықтық» деп мақта­на­ты­ны­мыз содан.

Ере­кең газет бет­те­летін сей­сен­бі, сәр­сен­бі күн­дері әр мақа­ла­ны ком­пью­тер­ден бас алмай оқып, редак­ци­я­лай­тын үйрен­шік­ті әдетіне кірі­сетін. Ал Бақыт­гүл әпке­міздің (марқұм­ның топы­рағы торқа бол­сын) апта­сы­на 3–4 күн сотқа қаты­су­дан қолы тимей­тін. Келе сала ком­пью­тер­ден бас алмай, мақа­ла­сын лез­де жазып таста­у­шы еді. Кен­же­тай бол­са, редак­тор өңдеп тастаған мате­ри­ал­ды түс­кен замат­та бет­ке қат­тап, тап-тұй­нақтай іс тын­ды­рып отыратын.

Газет шыға­тын сәр­сен­бі сай­ын біз­дей түл­кіқұр­сақ тіл­шілер­ге кәдім­гі­дей той еді. Сағат түскі бір­дің шама­сын­да Ере­кең басын көтеріп: «Бақыт­гүл, шай­ың дай­ын ба? Дастар­ха­ны­ң­ды кең қылып жай­шы», – дей­ді де, бәрі­мізді түскі асқа шақы­ра­ды. Кей­де таңер­тең база­рдан сатып әкел­ген 2–3 келі сом етті Бақыт­гүл­ге астыр­тып, сосын өзі піс­кен етті жапы­рақтай турап, бесбар­маққа той­ғы­за­тын. «Бастық –қыз­мет­кер» деп бөлін­бей­тін сол бір ұйым­шыл ұжым­да кіші­пей­іл­ділік, қара­пай­ым сый­ла­стық, қысқар­тып айтқан­да, нағыз демо­кра­тия үстем құрып, мұн­да жұмыс істе­удің өзі мен үшін бір ғани­бет болу­шы еді.

«ДАТ»-тың 25 жыл­ды­ғы­на тілерім – қаза­қтың еркін сөз мін­бері болған басы­лым­ның ғұмы­ры тоқта­ма­сын, мұн­да қыз­мет еткен жур­на­лист аға-әпке­лері­міздің қайт­пас қай­сар күрес жолы бар­ша жастарға жұғы­сты бол­сын дегім келеді!

Гүл­жа­нат ШОНАБАЙ,

2004 жыл­дан Қаза­қстан Жур­на­ли­стер одағы­ның мүшесі

«БІЗДІҢ КӨШЕДЕ ДЕ ТОЙ БОЛАДЫ…»

Иә, осы сөзді көп айта­тын Ермұрат аға­мы­здың тағы бір жиі қол­да­на­тын сөзі: «Демо­кра­тия жалғыз маған ғана керек пе?!» бола­тын. Ол кісі мұны қат­ты қапа­ланған сәт­тер­де айту­шы еді, бірақ… 

Той демек­ші, ең алғаш біз «СолДАТ»-та бес жыл­ды­ғы­мы­зды той­лап көр­ген­біз. Бірақ сол, Ресей­дің Руб­цовск қала­сын­да басып шығарған мере­келік саны­мы­зды елге жет­кіз­бес­тен, ФСБ мен КНБ жабы­лып жүріп, жол­шы­бай тәр­кілеп, пой­ы­з­бен жасы­рын әкелін­ген 500-дей ғана газет той­ы­мы­зға шашу болған-тын. 

Ол нөмір­ді шыға­руға кет­кен күшті айт­саңыз­шы! Ленин «Искра­сын» шыға­рар­да, тап мұн­дай қар­сы­лы­ққа тап бола қой­маған шығар-ау, бәл­кім?! Ол кез­де қазір­гі­дей ықшам­далған ком­пью­тер­лер жоқтың қасы. Оры­стың түр­лі-түсті теле­ди­да­ры сияқты сан­ды­қтай дәу ком­пью­тері­мізді құшақтап алып, күні­ге бір пәтер жал­дап, жасы­ры­нып, орын ауы­сты­рып жүріп шығарған да кез­дері­міз болған… 

Қаза­қстан­ның бас­па­ха­на­ла­ры бас тар­тқан сәт­тер­де, Ресей мен Қырғыз­стан­ды жаға­лаған кез­дері­міз ше?!. 

Айтпақ­шы, мені «Жар­лы Бай­ға­нин» қылып қалып­та­сты­рған да осы «Сол­ДАТ» бола­тын. Алғаш бәрі­міз бүр­кен­шік есім­мен жаза бастаған сәт­тен ауы­лым мен ауда­ным­ның ата­уын жамы­лып алға­ны­ма да ширек ғасыр өте шығыпты-ау! 

Міне, содан бері «Жар­лы Бай­ға­нин» болып келемін. 

Ал Біш­кек­те басы­лған газет­ті шека­ра­дан өткі­зу үшін не істе­медік? Кар­топ тиеген «КамАЗ»-дың асты­на жасы­рып, қан­ша­ма рет елге кір­гіздік. Мүм­кін, жасты­қтың жалы­ны да бар шығар, сон­да да еш жасы­май­тын­быз. Несін айта­сыз, талай құқай­ды көр­дік қой! Номер сай­ын сот. Қуда­лау. Қоқан-лоққы! 

«ДАТ» жоба­сын­да Ерағаң­ның еле­гі­нен өттім. Жау­ап­ты хат­шы, бас редак­тор­дың орын­ба­са­ры қыз­мет­терін де атқар­дым. Аты шулы «Қаза­қ­гейт» шырға­лаңы үшін жетін­ші саны­нан соң-ақ сот­пен жауып тынған «Сегодня – Бүгін» газетінің бас редак­то­ры ретін­де сот­ты бол­дым. Маған да жаса­лы­нған ескер­туді есі­ме алсам, әлі күн­ге шошып ояна­ты­ным өтірік емес. Соңғы сот­тан соң еш жер жұмысқа алмай, қан­ша жыл бос сал­пақта­дым да. Бірақ, шүкір, басым аман…

Ал сол газет­тің басы-қасын­да болған Шәріп Құрақ­бай, Марат Қабан­бай, Нұри Муф­тах, Батыр­хан Дәрім­бет, Ғалым­жан Мұқа­нов, Құмар­бек Қыбы­ра­ев, Асхат Шәрі­п­жан, Бақыт­гүл Мәкім­бай сын­ды атпал­дай аза­мат­тар­дың бар­лы­ғы дер­лік жұм­бақ жағ­дай­лар­да өмір­ден кету­лерінің өзі біраз жайт­тан хабар бер­ген­дей емес пе? Солай. Сосын состиып аман жүр­геніңе де қуа­на­ды екен­сің. Расы – осы.

Соны­мен, біздің көше­де де той басталған сыңай­лы. Мерейтой!

25 жыл­дық ашық күре­стен соң Ермұрат ағам мұра­ты­на жетіп, мәжілістің мін­бері­нен сөз алды. «Мұра­ты­на жетіп» деген­де, тура бір депу­тат болу­ды 25 жыл арман­даған екен деген де арам ой туын­да­маға­ны дұрыс болар. Еге­мен­нің тілі­мен айтқан­да, «елі­міздің ең жоғарғы мін­бері» атанған осы мін­бер­ден аға­мыз: «Енді айта­рым…» – деп, сай­рап бер­се екен деген ақ тілек қана!

Тек бір өкіні­штісі – редак­ци­ядағы жас жор­нал­шы­лар­ды «маңқа­лар!» дей­тін марқұм Мәкім­бай Бақыт­гүл апа­мы­здың аялы алақа­ны мен мей­ірі­мін енді ести алмай­ты­ны­мыз бен жоға­ры­да аты аталған аза­мат­тар­дың осы күн­ді көре алмауы. Осы той­дың төрін­де орын­да­ры­ның ойсы­рап бос тұруы. 

«Ұйқы­дағы адам­дар­ды ояту үшін жалғыз-ақ ояу адам жет­кілік­ті» – демек­ші, қалай десеңіз де, қалың ұйқы­дағы қаза­қты ояту­ды «ДАТ» жоба­сы­ның «СолДАТ»-тары жалға­сты­рға­нын ешкім жоққа шыға­ра қоймас.

Олай бол­са, «Көше­міз­де­гі той құт­ты бол­сын, достар!». Ал демо­кра­тия дегеніңіз жалғыз сіз­ге ғана емес, бәрі­міз­ге керек екен, Ераға! 

Өзіңіз айт­пақ­шы, «Ел аман бол­сын, бәрі­міз де аман болайық!».

PS

Ераға, есіңіз­де ме, жал­да­ма­лы пәтер­лер­де күні-түні біз тығы­лып жұмыс істеп оты­рған сәт­тер­де өзіңіз кар­топ аршып, тәт­тілеп қуы­рып беретініңіз бар еді. Дәмін әлі ұмы­та қой­ған жоқпыз… 

Нұрым­жан МАУЫТОВ,

«Жар­лы БАЙҒАНИН»

ДАТ – «Сего­дня-Бүгін» газетінің бас редакторы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн