Ерлан БАЙСАРЫ: РЕФЕРЕНДУМ – мемлекеттік мәселе!

Президенттік сайлаудан кейін елімізде «тәуелсіз бақылаушылар» деген жаңадан пайда болған әлеуметтік саяси күш республикалық референдум өткізу бастамасын қолға алып, астанада үлкен жиын өткізді. Осы жиынның мән-жайын оқырман қауымға жеткізу үшін, Алматы қалалық бастамашы топтың жетекшісі Ерлан БАЙСАРЫ мырзаны әңгімеге шақырған едік.

– Сонымен, референдум өткізу жөніндегі республикалық жиынға заң талап ететін кворум жиналды ма? Адам жинауда қандай қиындықтар болды?

Референдум бастамасын қолдағандардың алғашқы жиыны астанада қарашаның 10-ы күні өтті. Жиын өтетін залдың кіре берісіне тіркеу үстелдерін қойып, республика аумағынан келген өкілдерді тіркеуден өткізіп, тізімі жасалды. Жиынға 500–600 адам қатысқанын нақты айта аламыз. Референдумға қатысуға тиісті кворум толық қамтылды.

Әрине, мұндай жиын өткізу бір күннің шаруасы емес, бастамашыл топ референдум өткізуді жариялаған күннен бастап, дайындық жұмысына қызу кірісті. Астанадағы жиынға қатысуға келген әр азаматтың уақыты мен өз қалтасынан шығатын жол қаржысы да ескерілді. Осындай қиындықтарға қарамастан, ел ішінен жиынға қатысқысы келетіндердің қатары өте көп болды, қаржылық мүмкіндіктері бар азаматтар алдын ала жол жүру билетін алып, діттеген уақытта жиналды.

– Кедергі жасаған адам жиыннан шығарылғанын әлеуметтік желіден көрдік (фото). Басқадай арандату оқиғалары болды ма?

– Жиын басталған кезде түсініксіз жағдайлардың орын алғаны рас. Бір жігіт орнынан тұрып, негізі жоқ сұрақтар қойып, кедергі келтіргісі келді. «Кворум болған жоқ» деп, жала жаппақ болған арандатушылық әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойып, әлгі азаматты жиыннан шығарып жібердік.

Сондай-ақ, бізге жеткен хабар бойынша, жергілікті жердегі атқарушы билік пен құзырлы мекемелердің шенеуніктері бастамашы топтың мүшелеріне ескерту жасап, жиынға бармау жөнінде талап қойыпты. Кейбір азаматтарға ескерту жасағандарымен қоймай, қорқытып-үркіткендері белгілі болды. Алматыдан баратын бастамашыл топтағы азаматтардың бес-алтауы жолға шыққалы тұрған кезде жиынға қатысудан бас тартуларына тура келді. Тізе берсек, мұндай деректер өте көп.

– Жиналыстың заңдылығын бекіту мақсатында мандат комиссиясы жасаған есеп Әділет министрлігі немесе Орталық сайлау комиссиясы тарапынан қабылданды ма?

– Әділет министрлігіне және Орталық сайлау комиссиясына өткізу үшін жиында қабылданған құжаттар мен азаматтардың тіркелгені жөніндегі тізімдер реттелуде. Ол құжаттарды астанада мұқият рәсімдеп, бірнеше күннен кейін өткізейік деп әзірлеп жатыр. Ол құжаттарды рәсімдеу тәртібіне бас-көз болып жүрген азаматтар –Нұрлан Есқалиев, Жанбура Баекин, т.б. Осы азаматтардың жауапкершілігінің арқасында жиынымыз өз деңгейінде өтті, олардың жұмсаған уақыты мен еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Референдум өткізу жөніндегі заң тәртібі талап ететін құжаттар да дер кезінде тапсырылатынына сеніміміз мол.

– Республикалық референдумға ұсынылатын ең басты сұрақ анықталды ма?

Референдум өткізу – жеңіл-желпі мәселе емес. Қарашаның 10-ында астанада осы саяси науқанды өткізудің ең алғашқы шартын орындап, бастамашыл топтың жиналысы өткізілді. Референдум сұрақтары жиында жан-жақты талқыланып, жобасын жасадық, әзірге сол жобаның нұсқасы мынау:

1. Мемлекетті басқару ісіне азаматтарды іс жүзінде тарту мақсатында: ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына пропорциялық жүйемен тең мөлшерде бір мандаттық сайлау жүйесін енгізуге;

2. ҚР «Саяси партиялар туралы» заңына саяси партияларды мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелік санын 40 мыңнан 1 мыңға дейін азайтуға қатысты заңдарға түбегейлі өзгеріс енгізуге келісесіз бе?

Елімізде осы екі заңға қатысты мәселе өте өзекті екені белгілі, сондықтан осы жоба өзгеріссіз қалуы да мүмкін.

– Қолданыстағы заң бойынша, бұл бастаманың бұдан былайғы қадамы қандай болмақ?

– Алдағы уақытта қыруар шаруаны атқаруға кірісеміз. Бастамашыл топ құрылды. Бұл топқа республиканың 17 аумағынан 62 адам мүше болып сайланды. Осы топ онлайн тәртібі бойынша өзара келісіп, Орталық сайлау комиссиясына құжаттарды өткізу мәселесін шешеді. Одан кейінгі кезекті «Референдум заңы» бойынша белгіленген уақытта Орталық сайлау комиссиясы жауап беруі тиіс. Ескертпе жасаған тұстары да болуы мүмкін, оған да жауап беріледі. Содан кейін Орталық сайлау комиссиясы тарапынан берілуге тиіс референдум өткізуге қол жинау жөніндегі құжаттарды алып, жергілікті жердегі бастамашыл топтың мүшелеріне тапсырамыз. Сөйтіп, 200 мың адамның қолын жинау үшін ел аралап, референдумның қажеттілігін айтып, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Егер 200 мың қол жиналып, тізімді Орталық сайлау комиссиясына өткізіп, қолдау тапсақ, ары қарай қашан өтетін уақыты белгілі болады да, қаржыландыру мәселесі де өз шешімін табады. Өйткені референдумды өткізу – мемлекеттік мәселе болғандықтан, қаржыландыру мемлекет тарапынан жүргізіледі. Сондықтан бұл науқанға ел азаматтары белсене араласуы керек деп санаймын.

– Осы референдум тақырыбы, жиында қабылданған мәселелер төңірегіндегі ақпарат елі ішінде, әлеуметтік желілерде неге қызу талқыға түспегенінің себебін біле алдыңыз ба?

– Референдум мәселесі осы бастаманы қолдағандар мен еліміздің белсенді азаматтарының арасында қызу талқылануда. Әлеуметтік желіде де пікір айтылып жатыр. Өзіміздің жеке чат-топтарымызда өте қызу талқы жүріп жатыр.

Белсене кіріспесе де, ниеттес болып, іштей қолдауға дайын отырғандардың саны да көп екенін білеміз. Өйткені биліктің қудалау әрекеттерінен қорқып отырған азаматтарды түсінуге болады. «Мемлекеттің ісіне араласуға болмайды» деген қасаң пікірден шыға алмай жүргендер де бар. Шын мәнісінде, Ата заң бойынша кез келген азамат мемлекетті басқару ісіне араласуына қақысы бар.

Замануи технологияны пайдаланып, жарнама жасауға болар еді, оған қаржылық мәселе қолбайлау болып отыр. Бізге қаржылай қолдау көрсетіп отырған ешкім жоқ. Ғаламтордан өз сайтымызды аштық, жарнама жасау тағы да сол қаржыға тірелуде.

Әлеуметтік желі қолданушылардың басым бөлігі – жастар. Олар өз кезегінде жеңіл тақырыптарға әуестігінен саяси мәселе тасада қалып қояды. Белсенді блогерлерге осындай тақырыптар жөнінде қалам тартуға тыйым салынғаны да жасырын емес. Алайда референдум өткізудің маңыздылығы алдағы уақытта жан-жақты қозғалатын мәселе екеніне сеніміміз мол.

– Тәуелсіз бақылаушылар бір саяси партия құру мәселесін қолға алса, тиімдірек болар ма еді деген қоғамдық пікірге не айтар едіңіз?

– Бастамашыл азаматтардың қатарында саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыс мүшелері көп. Әркімнің көзқарасы мен ұстанымы әртүрлі болса да, мемлекетті дамыту мәселесінде саяси өзгерістер жасау жөніндегі пікірлері осы референдум өткізу үшін ортақ келісімге келді.

Тәуелсіз бақылаушылар саяси мақсатқа жету үшін партия құру жөнінде әртүрлі көзқараста. Тәуелсіз ұйымның кез келген мүшесі өзі қалаған саяси партияға мүше болуына қарсылық жоқ. Ал жарғы бойынша, қоғамдық бірлестік саяси партия жасақтай алмайды.

Дегенмен, тәуелсіз бақылаушылар ешқандай саяси күштерге тәуелсіз болмауды қалайды. Қолымызға алған жауапкершілікті саясиландыру бағытын қаламаймыз. Біз тәуелсіз бақылаушыларды сайлау науқанына дайындаймыз, бұл үлкен күш пен ерік-жігерді талап етеді. Сайлау науқанының әділ өтуіне үлес қоссақ, басқа мәселені өз кезегімен бағдарлаймыз.

– Ендеше іске сәт, Ерлан мырза!

Бақытгүл КӨПБАЙҚЫЗЫ,«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн