ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Аида Балаеваға!
Бүгінгі таңда елдің рухын көтеретін, елді біріктіретін, жастардың патриоттық сезімін арттыратын құрал – төл тарихымызды ұлықтау болып табылатыны анық. Осы орайда «Бұланты шайқасы» жайлы деректерді жинақтап, біздің тарих сахнасында қазақ болып сақталғанымыз туралы деректер болғанымен, оны ұлықтау дұрыс деңгейде еместігі көпті ойландырады. 2027 жылы қазақ тарихындағы маңызды тарихи оқиға – Бұланты шайқасына 300 жыл толады.
Кеңес заманында ғылыми айналымда аталмағанымен, елдің шежіресінде, қариялардың есінде және де басқа деректерде сақталып, Қазақ елі тәуелсіздік алысымен оқиғаның маңыздылығы туралы сөз көтеріле бастады. Жоңғар басқыншылары 1723 жылы Түркістанды алғаннан кейін, қазақтың басына қиын қасірет төнді, тарих бетінде ол кезең «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталды. Күллі шығыс аумақ жаудың қол астында қалып, Қаратаудан асқан ел Қарақалпақтың шөл даласы мен Бетпақдаланы пана етуге мәжбүр болды. Жоңғарлардың қарауыл тастары Сарысу өзенінің сол жағалауындағы төбелерде әлі күнге дейін тұр. 1726 жылғы Ордабасындағы бүкіл қазақ Құрылтайында бір-бірімен қайшыласып жүрген төре-сұлтандардың арасынан бір қолбасшы – Кіші жүздің ханы Әбілқайырды – сайлағаннан кейін орын алған басты тарихи оқиға, халыққа рух берген Ұлы шайқас – Бұланты шайқасы!
Зерттеушілердің айтуы бойынша, 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзенінің ортасында өткен ұрысқа екі жақтан 100 мыңға жуық сарбаз қатысыпты. Жан-жақты ойластырған әскери тактика мен стратегияның арқасында қазақ қолы жоңғарларға күйрете соққы беріп жеңді. Бұл жеңістен кейін майдан кіндігі болған Білеуті өзені «Қалмақ қырылған» атанды. Сол жеңістің жаңғырығы Жетісу бағытына қарай шегінген жаудың ізімен Жетіқоңыр құмындағы Ақкеңсе маңында «Қалмақ қырылған» деген жер атауында көрініс тапты.
Ал талайларды тамсандырып, аңызға айналған атышулы соғыс «Бұланты шайқасы» деп аталып, ұлт тарихында алтын әріппен жазылды. Өлшеусіз тарихи маңызы бар бұл жеңіс жайлы Мұхтар Мағауин былай деген еді: «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген жоңғарлар енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді».
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ел мен жердің тағдыры сынға түскен Ұлытау өңіріндегі «Бұланты шайқасы» стелласы ашылған болатын. Ол жерге осы шайқасқа қатысқан Бөгембай, Қабанбай батырлардан бастап, басқа да батырларға көптеген құлпытастар қойылып, ел жиналып, үлкен ас берілген.
Осыған орай:
1. 2027 жылы Бұланты – Білеуті шайқасының 300 жылдығын республикалық деңгейде атап өту жөнінде арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуді;
2. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын, археологиялық және деректанулық жобаларды, деректі фильмдер мен оқу құралдарын дайындауды қолдауды;
3. Ұлытаудағы Бұлантыдағы батырлар стелласын абаттандыру және туризм инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын қолға алу мәселесін қарастыруды сұраймын.
Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат САТЫБАЛДИН