Әлде оны біреулер еліктіріп жүр ме? Қоғам белсендісін қамау билікке қаншалықты қажет еді?
• Соңғы 10 жылда екі рет түрмеде отырып шыққан («саяси рецедивист» деуге болады) Ермек Нарымбай бес күндік әкімшілік қамау жазасына тартылып, ендігі абақтыдан шығып та үлгерді. Бірақ осы бір осқырынып жүрген жігіттің саяси-қоғамдық қызметі турасында бірер ауыз «бірдеңе» жазатын кез келген сияқты.
Ермекті тағы да не үшін қамады? Сиырқұйымшақтатпай, турасын айтар болсақ, қоғам белсендісі бұрынғы соттың шешімін орындамағаны үшін деген желеумен қоғамдық қызметі үшін қамалды (қаз-қалпында):
«…За неисполнение решения суда» деп, тұжырым жасаған прокуратураның айтуымен сот шығарған қаулыға көңіл аударайық (қазақ тілінде дұрыс ресми аудармасын таппаған соң, орысша нұсқасына жүгініп отырмын):
«В целях недопущения подобных действий с его стороны и восстановления социальной справедливости и воспитания лица, совершившего правонарушение, а также предупреждения совершения новых правонарушений, как самим правонарушителем, так и другими лицами, суд считает правильным подвергнуть Нарымбай Е.Е. административному взысканию в виде административного ареста сроком пять суток», – говорится в постановлении суда.
Иә, жоғарғы инстанциялар бұзбаған сот үкімі заң тұрғысында қабылданады, яғни Нарымбайды ноқталаудың заңды негізі бар деген сөз. Бірақ прокуратура мен сот Ермекті бес күнге еркінен айырғанда, саяси және атқарушы билікті «подставить» етіп, бұл қамаудың түп-тамырын саясаттың ісіне аудара салған. Осыдан кейін Ермек Нарымбайды қоғамдық қызметі үшін қамалды демеске дәрмен болмайды.
Көпшіліктің есінде болмауы мүмкін, 2023 жылғы 19 қыркүйекте Қонаев қалалық сотының шешімімен Е.Нарымбайдың қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынып, әлеуметтік-саяси тақырыпта жарияланымдар жасауына шектеу қойылған. Бұған дейін ол АЭС жөніндегі референдумға қарсы акциялары үшін әкімшілік қамауға алынған еді. 2022 жылы қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған.
Осыдан кейін Нарымбай қоғамдық-саяси қызметі үшін қамалғанын тәптіштеп жату қажет болмас. Дегенмен, оны қамаудың әкетіп бара жатқан қажеттілігі жоқ еді. Қоғамдық тұрғыда өз алдына бұлқан-талқан боп жүрген, не саяси ұйымы жоқ, не қоғамды қарсылық қозғалысына бастап шығуға серке болуға ықыласы аз адамды жеке пікірі үшін жауапқа тарту – ақылдың ісі болмаса керек. Бұл әкімшілік қамау қоғамдағы қарсылыққа май құйғаннан басқа, билік үшін пайда әкелмесі анық. Оның үстіне Нарымбай сияқты қоғамдық белсенділермен прокурордың тілінде емес, ең алдымен жергілікті биліктің ішкі саясат бөлімдері сөйлесу керек болатын.
Құдайшылығымды айтсам, Ермектің соңғы кездергі ФБ-жазбалары «хайп қуудың» төңірегіндегі дүниелер еді. «Мені үйткелі жатыр, сүйткелі жатыр, есігімді полиция торуылдап жүр, әне қамайды, міне қамайды» деп, соттан үш-төрт күн бұрын Нарымбай «Фейсбукта» жар салды. Ешкімнің айдауымен емес, өз бетіңмен қоғамдық іспен айналысуға бел буған кезде «қуғынға түстім» деп, қоғамнан жансауға іздеудің қажеті қанша? Өзіңнің азаматтық шешіміңе өз жігіттік жігеріңмен жауап бере білген жөн.
Дегенмен, жалаулатып жүрген жақтасы бар қоғам белсендісімен сол аралықта: «Ойбай, саған не болды?!» деп сөйлескен ішкі саясаттың бір қызметшісі тағы да болмады. Оның үстіне «сөзге шақырам, сөйлесейік, айтарым бар» деп, биліктің бір өкілін жалғыз өзі алқын-жұлқын диалогқа шақырып жүргеніне біраз болды. Украинаға өз бетімен «қашқындығынан» кейін, Қаңтар оқиғасы қанаттандырып, өз еркімен елге қайтып келіп: «Мен қоғам мен биліктің арасына көпір болу үшін оралдым…» деп жүрген белсендінің сөзін жергілікті биліктің бір адамы тыңдауы керек-ті. Алматыда тыңдайтын адам жоқ екен деді ме, Астанаға келіп, екі күннің бірінде әлемжеліні желпітіп жүрді.
«Құдайдың жарық күнінде неге топансу қаптатып жүрсің, не айтпақшысың?!» деп, белсендімен беттесуге ықылас танытқан бір ішкі саясатшыны көрмедім. Бірақ Украинадан Қазақстанға қайтам деген кезінде мен Ермектің өзіне айтқан едім: «Ақорда мен «Қараорда» (қоғам) арасындағы сенің бітімгершілік қызметіңе зар болып отырған билік жоқ, авантюрадан абай бол!» деп.
Айтпақшы, «мені қамағалы жатыр» деп Нарымбай науқан шақырар алдында, биліктегі білекті бір тұлғаға телефон соқтым: «Бұл сот Ермектерді есіртеді ғой, қоғамшылды қамау кері реакция тудырарын түйсінетін уақыт болды ғой?!» деп.
Сондағы жауапқа қарсы уәжім болмады: «Аға, бұған дейін Ермекті екі рет қамауға алмақ болғанда, араша түсіп, алып қалған едім. Құқық қорғау органдарының ісіне тағы да аралассам, «Нарымбайдың лоббиі» атанар түрім бар… Ермек те ессіз емес шығар, бұған дейінгі сот оның еркін шектеу шешімін шығарған, сөйте тұра, «…молаға жүгіру» – есті адамның қылығы ма?».
Сөйтсе де, ал енді не болды? Екі рет саяси сипатпен сотталып, бірер жыл түрмеде отырып шыққан, протестік қоғамда аты бар адамды тағы да «батыр» қылған кім? Әрине, өзінше «превентивті» пайымшыл прокуратура мен әкімшілік жаза қолданған сот! Бірақ әдетте кінәратшыны көрсетуден басталып, балағатпен бітетін әлеужелінің сөзі кімге тиіп жатыр? Саяси сасық «Фейсбуктың» қазақ сегментін әлдеқашан жаулап алған протестік қоғамның лақтырған тасы кімнің атына жауып жатыр?
Әрине, Президент Тоқаевтың! Нарымбайды адм-қаматтырған кім? Әрине, сот пен прокуратура емес, баяғы билік! (Белсенді азаматқа қатысты адм-шешім туралы кез келген хабардың астын қараңыз: үш комментарийдің бірінде билік кінәлі).
Қоғамдық пікір кімнің пайдасына теңселді? Әрине, қарсыластар қауымының!
Тып-тыныш күнде қоғамдық тостағанды тулату қажет пе еді? Соңында ерген саяси күші жоқ, атойлап жүрген адамы аз, «жеке батыр» Ермек ерігіп жүре бермес пе еді, оны міндетті түрде еліктіріп, қамауға алу кімге керек бола қалды? Әлде Ермекті «ермек қылып», тағы бір Қаңтарды аңсаушы көлеңкелі күштер қоғамның шабына ши жүгіртіп жүр ме?
Бұл сұрақтар Ермекті де, ол жете алмай жүрген Ақорданы да ойландыруы керек шығар…
Ермұрат БАПИ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты