Ермұрат Бапи: АЛДАҒЫ САЙЛАУҒА Нұрсұлтан Назарбаевтың ӨЗІ ДАЙЫН ЕМЕС…

Жуықта «Қазақ-таймс» интернет басылымынан бір журналист бауырым: «Аға, сізден едел-жедел сұхбат керек боп тұр…» – деп, қолқа салған еді.

Сұрақтары уақытпен үндес қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде екен – сұхбат бердім: оны «ДАТ»-тың оқырмандарына да жеткізейін деген оймен газеттің көшіріп басуына ұсынған едім.

– Жақында үкімет «төтенше жағдайларда ғаламторды бұғаттауға» байланысты қаулы шығарды. Биліктің бұл қадамы нені білдіреді?

– Бұл – «Суға кеткен тал қармайдының» кебін білдіреді! Осы заңды ақыл-есі дұрыс адамдар – парламент депутаттары қабылдап отырса да, мен осылардың санаға сыймайтын қылықтарына таң қаламын: бір жақта жер сілкініп, адамдар зардап шегіп (қырылып) жатса, бұлар бұ жақта интернетті бұғауламақ екен! Көкем-ау, мұндайда, керісінше, төтенше жағдайдың жай-жапсары мен қауіп-қатерін ел-жұртқа кеңінен жеткізу үшін интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек емес пе еді?!

Ал осы заңда «әлеуметтік төтенше жағдай» деген тіркес бар. Бұл қандай төтенше жағдай? Бұны бүгінгі Қазақстанда екінің бірі білуі тиіс: ол – биліктің іс-әрекетінен әбден азар-безер болған халықтың алаңға шығуы; билікті орнынан тайдыруға ұмтылған қоғамның толқуы мен қозғалысы; сан мыңдаған адамның билікке қарсы митингі өткізуі. Міне, биліктің көксеп отырғаны – осындай мүмкін болар халықтық талапты тыю, алаңға атойлап шыққан қарсыластарын басып-жаншу, қажет болса, Жаңаөзендегі сияқты, халыққа оқ ату және осы қанды қылмысын әлем жұртшылығынан жасырып-жабу үшін, интернет пен әлеуметтік желілерді тұмшалап тастау.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға жасаған сапарында «Қазақстанның негізін қалаған адам ретінде сайлауға қатысуға құқығым бар» деп мәлімдеді. Қалай ойлайсыз, 2019 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауы бола ма?

– Болуы әбден мүмкін! Нұрсұлтан Назарбаевтың аласұрып, ел-жерді аралап, халыққа жолдауын ерте жолдап, жалақыны көтеру, коммуналдық тарифтерді түсіру туралы кезекті уәдесін үйіп-төгуіне қарағанда, не кезектен тыс президенттік сайлауға, не биліктің транзитіне дайындалып жатқан сыңайлы. Мұндай саяси кампанияға бәрін сақадай-сай етіп қойды.

Қазақтың бір қушыкеш келіні айтқан екен: «Ауырып жатқан енем алай-бұлай боп кете ме деп, ақыретін дайындап, қабырын қазып қойдық, біз дайынбыз, тек енем ғана дайын болмай тұр» деп. Сол сияқты сайлаудың барлық алғышарты мен асай-мүсейі дайын болса да, Назарбаевтың өзі дайын болмай тұр. Онда дәл қазір екі түрлі уайым бар: біріншісі – президенттік тақта мейілінше, Құдай денсаулық берсе, мүмкіндігінше ұзақ отыра тұру; екіншісі – аяқ астынан «алай-бұлай боп кетсем, билікті кімге қалдырам»? Орыстар айтпақшы, «и хочется, и колится».

Бірақ уақыт деген ұлы құдірет оның арқаны кеңге салып, әліптің артын бағып, әлі де жүре тұруына қарамайды: секундтар тықылы оған қатты сезіле бастады. Сондықтан тарихта жақсы атпен қалғысы келсе, халықпен келісе отырып, қоғамдық диалог жасап, билікті өз еркімен және дау-дамайсыз тапсыруы керек. Тіпті өзі қалаған мұрагеріне де беріп кетуіне болады. Біз ол мұрагерді бірер жылдың ішінде не халықтық билікке көндіреміз, не бұтар-бұтар қыламыз. Назарбаевтан кейін тағы бір дүлейдің тағы да 30 жылғы билігіне көне алмайды екенбіз!

– Осыдан бірнеше апта бұрын биліктегі атқамінерлерден бастап, оппозицияда жүрген аға-көкелерге дейін «комсомолдың 100 жылдығын» тойлады. Бұл олардың қоғамның көңіл-күйі мен бүгінгі күн трендтерінен бейхабарлығының көрінісі ме, жоқ әлде ел тұтқасын ұстаған алдыңғы буын сол заманды аңсап жүр ме?

– Бұл – елде нақты бір прогрессшіл даму идеологиясының жоқтығынан туған әумесірлік әрекет. Президенті «рухани жаңғыру» керек деп жатыр, ал кешегі комсомолдың көсемдері өткен күнін аңсауда – бұл нағыз керітартпалық кесірліктің кебі! Дәл осы комсомолдың дөңгелек датасын атап өтуге Назарбаев ишара білдірмегенде, Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов, Бірғаным Әйтімова сияқты биліктің жандайшаптары мұндай күйреген империяның күресініндегі жиынына бас сұғудан тышадай болар еді.

– «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі екендігіңіз белгілі. Жалпы, қазір форум немен айналысып жатыр?

– Форум әзірге мемлекеттік тіркеуден өтуге әрекет жасап жатыр. Тіркеусіз ұйымды «экстремистік» деп тану – біздің билік пен сот үшін шырт түкіруге тұрмайды: ертеңгі күні форум мүшелері «саяси лаңкес» бола қалуы ғажап емес. Оның үстіне прокуратура ескерту жасап қойды: тіркелмеген ұйымның саяси кампаниясын жүргізуге болмайды деп.

– Ұзақ жылдан бері «Дат» жобасымен бірге биліктің оппоненті болып келесіз. Егер президентпен кездесетін мүмкіндік болса, айтар қандай датыңыз бар?

– Президентпен кездесудің және оған сұрақ қоюдың сәті туса: «Көке, шаршамадыңыз ба? Халық сізден әбден қажып бітті. Есіңіздің барында еркіңізбен неге кетпейсіз?» – дейтін едім. Қайдам, өзін пайғамбарға, Қазақстанның ірге тасын қалаған жалғыз тұлғаға балап жүрген адам түсіне ме, жоқ па – оған күдігім көп: бірақ оның мұндай талапты естімей жүргені анық. Халықпен санасудан қалған автократтың меңіреу болатын әдеті бар…

Qazaqtimes.com

Республиканский еженедельник онлайн