– Есенғазы мырза, жасақталып жатқан Демократиялық партияның бастамасымен Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты құрылған Қоғамдық комиссияның мүшесі ретінде қайғылы оқиға өткен ортаға барып қайтқан екенсіз. Бірақ әлеуметтік желілерде жазылғандай, азаматтық қоғам өкілдерінің комиссиясын Қордай оқиғасы ошағына кіргізбеген екен. Бұның себебін сіз қалай қабылдадыңыз, сіздерге төтенше жағдай жарияланған аймаққа кіруге неге тыйым салды деп ойлайсыз?
– Ия, 7 ақпанда болған Қордайдағы ұлт араздығының анық-қанығын азаматтық қоғамға көлеңкесіз жеткізу мақсатымен осы мемлекеттің азаматы ретінде барған едім. Алайда ақпарат құралдарында жарияланбаса да, биліктөтенше жағдай ошағы деп дәлелдейтін ресми құжаттарын көрсетпей, жалған айтып, «басшылар рұқсатсыз кіргізбе деген, сол бұйрықты орындап тұрмыз деп», арнаулы жасақ оқиға болған ауылдарға кіргізбеді. Аудан басшыларынан рұқсат алып келіңіздер деп қайтарды. Аудан басшылары әкімшіліктің есігін тарс жауып алып, жұмыс күні болса да, ешкім жоқ деп жолатпады. Аппарат қызметкерлері сенбі күні жұмыс орындарында болатыны айдан анық еді, онымен қоса осындай төтенше жағдай орын алып жатқанда, әкімшілік қызметкерлерінің қызмет орындарында болмауы абсурд жағдай.
Бізді оқиға ошағына жолатпау себептерінің бірі – қақтығыста шейіт болған адамдардың санын жасыру. Қақтығыстың ішінде болған, оны көзбен көрген жергілікті тұрғындар дүнгендердің қазақ ауылдарына шабуылға топтасып шығып, мылтық қолданғандарын айтуда…
– Дегенмен, дәл сол күні астанадан сіздермен қатарлас барған тағы бір екінші комиссия Қордайды тегіс аралап, тіпті жергілікті билік иелерімен, екі тараптың ақсақалдар алқасымен кездесу өткізіп қайтты. Олар мұндай төтенше жағдай аймағына қалай тап болды?
– Бұл – Масаншы ауылында болған шындықты наразы халықтан жасыру айласымен жіберілген комиссия. Ертеңгі күні «міне, билік тарапынан емес, халықтың өз ішінен сайланған патриоттар тексеруінің нәтижесі осындай екен» деп, халықты кезекті рет алдап, болған сұмдық қылмысты жасыру үшін арнайы тапсырмамен барған сайқал комиссия.
Жалпы, осы комиссияның құрамында болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне менің сенімім жоқ. ҰҚСК-тің өзі де легитимсіз, жасанды, алдамшы құрылым. Легитимді – заңды болу үшін, оның мүшелерін халық өздері ұсынулары керек болатын. Оған биліктің «жемсауынан жем жеп үйренген», «дәрет бұзбайтын» жандайшаптарды дәріптеп, мадақтап, халық атынан сайланған мүше ретінде кіргізіп, өздерінше «әділдік» орнатып, өздерінің халыққа жат саясаттарын (жерді сату, қытай заводтарын көшіру мәселелері, т.б.), өз мүдделерін жалғастыру екенін жасырмақ.
Міне, комиссия мүшесі болып, Қордайға барған биліктің осындай жандайшаптарынан ақиқат күтуге бола ма? Әрине, жоқ. Неге Демократиялық партия жасақтаған азаматтық қоғам өкілдерін оқиға орны – Масаншы ауылына кіргізбеді? Ал жоғарыдағы комиссия неге ол жерлерді еркін аралап, адамдармен кездеседі? Осы сұрақтардың өзінен ҰҚСК комиссиясы туралы мәлімет алуға болады.
– Әйтсе де, сіздер блок-посттың бергі жағынан Қордай аймағындағы біраз мәселеге қаныққан шығарсыздар?..
– Біз болған оқиғаны өз көздерімізбен көрмесек те, бірнеше жергілікті адамдармен әңгіме кезінде бірінің айтқанын қалғаны қайталап нақтылай түсті. Айтқандарының барлығының қисыны келіп, болған оқиғаны көргендерден естігендерін айтулары шындық екендігіне күмән келтіре алмадық. Шындыққа жанасатындай дәлелдермен айтты.
Біз сол Қордайдан 7 шақырым жердегі Әлжан-ана ауылының тұрғыны, сол қақтығыс болған түні денесіне үш жерден оқ тиген Дархан Асқарбайұлы Абдырахим деген 25 жастағы қыршын кеткен азаматтың ата-анасына барып, ата-баба дәстүрімен көңіл айтып, қайғысымен бөлістік. Дарханның артында 3 кішкентай баласы жетім, 21 жастағы жұбайы жесір қалды. Осы азаматтың ата-анасын, туыстарын күйзелтіп, жылатып отырған – биліктің көпе-көрінеу темірмен ұрып өлтірді деген өтірігі екен. Оның бүйірінде аңшы мылтығынан атылған бытыраның ізі, аяғындағы оқтың ізі, басынан тиген мылтықтың оғының орнын тергеушілер темірмен ұрғаннан болған жарақат деп, бетпақтанып, биліктерін асыра пайдаланып, жалған қортынды шығарған. Дарханның денесіндегі оқ тиген жерді туыстары суретке түсіріп алған, тіпті жақындарының арасында сарапшы дәрігер болып істейтін азаматқа да көрсетіп, оқтан болған жарақат екендіктеріне көздерін жеткізіпті. Дарханды дүнгендер қуып жүріп атқанын «заправка» күзетшісі көрген, бірақ сол жердегі бейнежазбаны белгісіз біреулер алып кеткен. Оны билігі жоқ адам ала алмайды ғой. Ал Дарханның өзі ол төбелеске қатыспаған, автокөлігімен жолаушылар тасуды кәсіп етеді екен, бір адамдарды Қордайға апарғалы тұрғанда дүнгендер кездескен.
Тұрғындардың айтуынша, өртенген 26 автокөліктің түгеліне жуығы қазақтардыкі екен. Сол оқиға ошағына келген жігіттер мылтықтың атылған оқтарынан қашып, көліктерін ала алмай кеткенде, арттарынан қуып келген дүнгендер өртеген деген ақпараттар айтылуда.
Масаншы, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар-батыр, Қаракемер ауылдары бір-біріне жақын орналасқан. Масаншыда 95 пайыз дүнген ұлтының азаматтары, ал Ауқатты тұрғындарының жартысы дүнген ұлтының адамдары екен. Сол оқиғаның арасында болғандар дүнгендердің қолдарында өрт салғыш «молотов коктейлі» болған дейді. Байқасаңыздар, осы ауылдар Қырғызстан мен шекаралас Қазақстанның түпкірінде орналасқан, қақтығыс күні олар оп-оңай жаппай ауа көшкендері де шекараның осалдығы. Жергілікті халықтың айтуынша, дүнгендердің көбінде Қазақстан азаматтығы жоқ екен. Мұндай сорақы заңсыздыққа кім жауап береді?
– Саясаттану ілімін зерттеп жүрген ғалым ретінде Қордай қақтығысына қатысты өз тарапыңыздан қандай тұжырым жасай алдыңыз? Бұл дүрдараздықтың түп-төркіні тек қана ұлтаралық кикілжіңде жатыр деп ойлайсыз ба?
– Дүркін-дүркін қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, жергілікті халықты ашындырып қоятын осындай қанды қақтығыстардың негізі – ол титульды ұлттың өз жерінде табиғи мәртебесінен айырылып, Кеңестер ойлап тапқан «интернационалистік» саясаттың құрбаны болуында. Бұл «интернационалист» қағидасы қоғам талабына сай келмесе де, әлі де болса қазақ қоғамынан арылмай, олардың санасын улауда.
Қордай оқиғасы биліктің ұлттық мүддемен санаспай, немқұрайдылық танытқан жат саясатының қоқсығын шығарды.
Қазіргі биліктің мемлекеттің шекарасы, жер, тіл, қазақтың тарихы, т.б. маңызды мәселелер төңірегінде қабылдаған шешімдері сол халықтың ұлттық мүддесіне қарсы болып, 30 жыл бойы қордаланып, сұранысқа ұсыныс қызмет ете алмағандықтан, осындай қақтығыс туындап, ол уақытында шешуін таппай, осы қанды оқиғаға ұласты. Тәуелсіздіктің 30 жылында қоғамның бет-бейнесі түбірімен өзгерді, тұтастай қоғамдық құрылыстың орнына отбасылық немесе рулық сипаттағы басым түсетін сыбайласқан топтар келді. Халық жікке бөлінді. Кедейшілік кең өріс алды. Зорлық-зомбылық, жұмыссыздық пен шарасыздық, кісі өлтіру мен өзіне-өзі қол салу, маскүнемдік пен нашақорлық және т.б. адамдардың еңсесін езіп тастады. Болып жатқан қақтығыстар –биліктің ұлттық мүддеге қарсы осындай опасыздығынан болған жағдай.
– Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар арасындағы қарым-қатынас саясатын тәуелсіз елдің мұраты тұрғысында қайта қарау үшін нендей өзгерістер жасау керек деп топшылайсыз?
– Қазіргі билік кеңестік жүйеден қалған жасанды интернационалистік қағидалармен қаруланып, осы саясатты жүргізуге лайықты, өздерін қолдап-қолпаштайтын жасанды идеологияның қызметіне сүйеніп, жұртты алдап отырған жағдайды бұзып, өзгерту қажет. Осы сайқал саясаттың барысында халықтың тәуелсіздік жылдары билік басындағыларға мұңын жеткізу мүмкіндігі болмады. Шындық бұрмаланды. «Бостандық», «теңдік» ұғымдары жай жалаң ұрандар күйінде қалды. Осындай жалғандық аясында өмір сүрген қазақ елінің өз билігі өзінде болмауынан және құлдық санадан арыла алмаушылығы, сыбайлас жемқорлықтың асқынуы оның ұлттық келбетіне дақ түсірді.
Мемлекетімізде қоғамдық сана қалыптасу үшін, мемлекетқұрушы қазақ халқының ұлттық өзіндік сана-сезімін ғылыми негізде дамытуға күш салу керек, өйткені өркениет төрінен орын алу тікелей осы жағдайға байланысты. Өкініштісі, біздің егеменді еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде ширек ғасырдан астам уақыт өмір сүріп отырса да, әлі күнге дейін біздің орта өткен бодандық дәуіріндегі қалыптасып қалған қоғамдық санадағы құлдық мінезінен арыла алмай отыр.
Яғни, біз еліміздің келешегінің фундаменті, халық пен биліктің біртұтастығына кепіл болатын қоғамдық сана қалыптастыруымыз керек. Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттердің тәжірибесінде қоғамдық сананың қалыптасуына негіз болатын – ұлттық сана екені белгілі. Ұлттық санасы жетілмеген елдің болашағы жоқ.
– Солтүстік облыстардағы орыс-қазақ қатынасына путиндік Ресейдің тарапынан жасалатын алауыздықты өршітпеудің қандай мемлекеттік амалдары болу керек?
– Қазақ-орыс ұлттарының өзара қатынасы оңай шешіле қоймайтын күрделі құбылыс. Мына билік арадағы кикілжіңге толы ол түйінді шеше алмайды. Мұндағы орыстар Қазақстанды отаным деп санамайды. Қазақ жерінде жүздеген жыл бойы мекендеп, барлық байлықтарын пайдаланып жатса да, Қытай экспансиясына қарсы, жерді шетелдіктерге сатпау туралы наразылықтарға, шерулерге қатысқан емес. Титулды ұлттан басқалар осы сатқындық пиғылдарын әлі күнге жалғастыруда. Олар «біз Қазақстанның патриотымыз, осы жерде туғанбыз» дейді де, жалпы мемлекеттік мейрам Тәуелсіздік күндері алаңға шықпайды, жер қорғау шерулеріне жоламайды. Келімсек ұлыстарда қалыптасқан осы кері көзқарасты тұтасымен өзгертуге әсер ететін мемлекеттік саясат қажет.
– Сізді қоғамды демократияландыру, халықтық билікті мемлекеттік басқару саясатына сіңіру мәселесін жиі айтып, біраз еңбектер жазып жүрген ғалым-азаматтардың бірі ретінде білеміз. Осы тұрғыда билік пен қоғам жіберген кемшіліктерге тоқталсаңыз?
– Қазақ халқының қазіргі тағдыры өзге ұлттың қолында тұрған кеңес дәуірі кезіндегі әміршіл-әкімшіл жүйе секілді саясат жүргізіп отырған режимнің уысында тұншығуда. Бұл режим ойлы, зерделі, пікірлі азаматтарды билік басына жолатпайтын «ереже» жасап алған. Қазіргі билікке олардың өздеріне қажетті қарабайыр идеологиясын мойындайтын және оны шексіз марапаттайтын можантопай пысықсымақтар ғана керек.
Қазақ қоғамы ұлттық сипатты, әдетті жоғалтуына байланысты жекелеген адамдар тарапынан да, сол сияқты әлеуметтік топтар тарапынан да ұлттық нигилизм байқалуда. Ана тілін білмеу, өзінің туған ортасынан алшақтау, өз халқының түбегейлі проблемасына қалай болса солай, немқұрайдылықпен қарап, менсінбеушілік таныту, өз ұлтына деген жиіркеніш сезімнің пайда болуы – ұлттық нигилизмге тән қасиет.
Қазақ қоғамындағы билікке бүгінде халықтың көпшілігінің сенімі мүлдем жоғалды, алайда билік ел басқару қабілетін халық сеніміне емес, қорқытып-үркіту, зорлық арқылы басқаруға мәжбүр болып отыр.
– Жас саясаткер Жанболат Мамай құрайын деп жатқан партияны қолдаушылардың қатарында сіз де үн қатып жүрсіз. Бұл партияны қоғамдық қолдау қажеттігінің негізгі үш шартын атап бере аласыз ба?
– Біріншіден, бұл партияның, Римнің атақты ойшылы Марк Тули Цицеронның «Адамдар заңның құлы болғанда ғана, нағыз бостандыққа ие болады» деген қағидасын басшылыққа алып, тек заңға бағынатын құқықтық мемлекетті орнату үшін күресетіндігі.
Екіншіден, 30 жыл бойы халықтың құқығын шектеген, сыбайлас жемқор билікке қарсы күреске шақыруы мен халыққа қарсы оқ атқан диктаторлық режимді жанталаса қорғағандарды жазалайтын партия тарапынан люстрация тізімінің жасалуы.
Үшіншіден, мемлекетіміздің алқымына жабысқан кеселден арылу үшін, ұлттық рухты жандандыратын қазақи кейіптегі дәстүрге негізделген идеология «туын» көтеруі .
– Демократиялық партия жаппай қоғамдық қолдауға ие болу үшін, қандай сипатымен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз?
– Қоғамның қолдауына ие болудың бірінші ерекшелігі – Жанболат Мамай құрып жатқан партияның төменнен жасақталуы. Бұған дейінгі Қазақстандағы 30 шақты саяси партиялар жоғарыдан биліктің сценарийлері бойынша қолдан жасалған «қуыршақ» жасанды партиялар болатын. Оның ішінде «Нұр Отан» да бар.
Екінші ерекшелігі – партия лидері Жанболат жас болса да, саясат сахнасында ұзақ жылдар ысылған, мол тәжірибесі бар, унитарлы мемлекетке қажетті қазақи ұлттық тәрбие алған, 3 тілде еркін сөйлеп, жаза алатын қабілетінің болуы.
Үшіншісі – Жанболаттың лидерлік харизмасының, яғни адуынының болуы. Харизма – адуындық лидердің бойында жаратылысынан бар ерекше, өзгеше қасиеттерден құралады. Көбінесе лидердің жеке басының жұртшылыққа ұнайтын жақтары, әрекеттері оның харизмалық тұлғасын қалыптастыруда қосымша рөл атқарады.
Төртіншіден, егер құрылтай қабылдаса, «Дала демократиясы» деген жаңа атаудың өзі титулды ұлттың аталған партияға деген қызығушылығын тудырып, рухтарын көтеретіндігі сөзсіз. Өйткені бұл атаудың астарында халық билігі деген бабаларымыздан қалған қасиетті ұғым жатыр.
– Тәуелсіз елде әр кезде болған қанды оқиғаларға жол берген мемлекеттің басындағы саяси «элитаның» жемқорлығы мен шынайы демократиялық құндылықтардың дамуына жасаған кедергілерінің кесірін пайымдап көрсеңіз…
– Біздің елдегі саяси жүйе өзінің маңайына әлемдік тәжірибеден тыс, демократиялық емес, мүлдем халықтың қолдауынсыз, жымысқы жолмен әкелінген «саяси элитаны» топтастырып отыр. Ол топқа кірудің басты принципі немесе көрсеткіші – ол биліктегі «жүздің» тумасы болуы шарт. Ал бұл ерекше «обоймаға» жағымпаздықты әбден меңгерген, өз қарақан басын ғана ойлайтын, намыссыз «қайраткерсымақтар» ғана кіре алды. Сөйтіп бұлар кезінде қоғам дамуына кедергі жасап, алапатқа, рухани құлдырауға душар еткен «жеке басқа табынушылық» құбылысын жандандырып, соны дәріптеумен бүгінгі таңда айналысты. Аталған саяси элита осы жылдары қоғамдағы билік басына «крыша» деген жаңа термин-ұғымды бірге ала келді.
Бұл саяси элита кезінде әлемге зұлмат әкелген фашизмнің идеологы Гитлер секілді, авантюристік әрекеттерге барып, қоғамды әртүрлі топқа, кландарға бөліп, аздырып отыр. Ондай топтардың басында отырып алып, билікке лоббистік ықпал жасаушы «клан жетекшісі – крыша» деген «статусқа» ие болғандар бар. «Крыша» – XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың бас кезінде, яғни тәуелсіздікпен бірге келген, бірақ шынайы тәуелсіздіктің антиподы, ол ұғымға қарама-қарсы болып саналатын халық арасына кең тараған, «өлара кезеңімен» бірге келген жаңа ұғым-термин.
Бүгінде қазақ мемлекетінің саяси элитасы әлемдік тәжірибедегідей білімі мен қабілетіне қарай емес, жерлестік, сыбайластық «заңдылығымен» жасақталған. Оның ішінде мемлекеттегі үш биліктің бір тармағын – құқық саласын тұтасымен ұлы жүз тумалары, көбінесе жамбылдықтар иемденген.Биліктің шешуші буыны – заң шығарушы органның басында да ұлы жүз өкілі ұзақ жыл бойы отырды.
Ал қазақтардың өзге бөлігі ел басқаруға қабілетсіз, екінші сорттылардай күй кешуде. Билік басындағылар қазақтар руға, жүзге бөлінбеңдер деп айтып алып, бөлінуді өздері бастап, заңға бағынбайтын «ерекше команда» жасақтап алған.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы мемлекеттегі барлық салаға үстемдік жүргізіп, бағыт беріп отыр, тіпті қоғамның жаңа адамын «жағымпаздар мен жандайшаптарды» тәрбиелеуден де алда келеді. Ол партияның саяси элитаны жасақтауы рулық, жүздік принцип бойынша таңдалып, өте қатал иерархиялық сатылардан өтті. Ал шынайы тұтас билік бір адамның, яғни елбасының қолында болды. Осылай жасақталған элита қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ұйымдарды танып білуі жолында өздері қолдан жасаған утопиялық көзқарасқа сүйенді. Ал басқаруда күштік құрылымдарға сүйеніп, мәжбүрлеу, зорлық жасау әрекетін қолданып отырды.
– Өзіңіз айтып отырған қазақ истеблишменті «өз туыстарын, руластарын маңайына топтастырып, Қазақ қоғамында 30 жыл бойы «демократия» ойынын ойнап келе жатқанына қосар ойыңыз қандай?
– Бүгінде кейбір рулар ерекше статусқа-мәртебеге ие болып, «ақсүйектер», «элита» атанып, ел басқаруға жаратылған «асыл тұқымдылар» ретінде танылып отыр. Ол рудың өкілдері жоғары лауазымды қызметтерге ғана жаратылғандай. Әкелерінің орнын балалары басып, неопотизм дертімен ауыруда. Жұрт бұл аңызға да лажсыз мәжбүрлі сенетін ниет танытуда. Оның дәлелі – өмірде орын алып отырған «жолы болғыштарды» көріп өсіп келе жатқан ұрпақ, осындай тәрбие алған жас қыздар сол рудың өкіліне күйеуге шығуды армандаса, ұлдары сол рудан қыз алуды мақсат тұтқан сорақы заман.
«Жершілдік пен рушылдық дерті» қоғамда әбден асқынып кеткендігін, ол дерттің мемлекеттің қауіпсіздік таянышына қатер төндіретіндігін мойындай отырып, қазіргі ХХІ ғасырда осы рушылдық пен жершілдікті биліктегілер өздерінің лауазымды құзыреттерін ұзарту мақсатына пайдаланып, рулардың басты функциясы бірігіп, туыстық негізде өмір сүру қағидасын бұрмалап, олардың арасына қолдан жасалған жік туғызып, өз мүдделеріне пайдалануда. Мысалы, тәуелсіздік жылдарында ғана жемқорлықпен сотталған жоғары шенді лауазымдылар арасында Шапырашты руынан шыққан шенеунік табылмайды. Өйткені олар «ерекше жаратылған», олар күштік құрылымдардың басшылығына сыбайластықпен шығып алған аталған рудың өз өкілдері –Қауіпсіздік кеңесінің орынбасары, ішкі істер министрі, Алматы және басқа қалалардың ішкі істерін басқаратындар, әртүрлі айла-тәсілдермен олардың лауазымды биліктерін пайдаланып, кейін «жемқорлар» қатарынан шығарып тастап отырады.
Әлімсақтан белгілі жағдай – өз қабілетіне сенбейтін басшы адам қашан да әлсіздігін білдірмес үшін, айналасына туыстарын жинайды. Әлемдік тәжірибе де оны растап отыр.
Қоғам қажетсініп отырған, элитаға лайықты тұлғаларды билік басына жолатпау, тіпті оларды жою, халықпен санаспай, әлеуметтік және саяси өзгерістер енгізуге тырысу қатыгездік болып табылады және оның ақыры халыққа орны толмас зардап әкелетін, нәтижесі жоқ элитаның ауысуына жағдай жасайды.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»