Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Qazaqstan» телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында соңғы жылдары кейбір елді мекендерде ескерткіштерді орнату бойынша «жарыс» өтетініне назар аударып, бұл жұмыстарды орталықтандыру қажет екендігіне тоқталды, деп жазады Dalanews.kz.
Мемкеңесшінің атап өткеніндей, соңғы жылдары бұл салада бір-бірімен жарысу, бей-берекет шешімдер қабылдау көбейген.
Ерлан Қарин бұл жағдайды тоқтату үшін, ескерткіштерді орнатуды министрлік деңгейіндегі комиссияның келісімімен және бекітілген стандарттарға сай жүргізу қажет екенін айтты.
«Кейбір ауылдарда, елді мекендерде тіпті бір-бірімен жарысатындар бар. Қайсысының ата-бабасына ескерткіш қалай қойылды, тіпті оның биіктігімен жарысатын үрдіс пайда болды. Бір жерде 4 метр ескерткіш тұрса, сол аудандағы екінші бір ескерткішті 5 метр қылып, жарысып қояды, тіпті бізге соңғы келген бір эскиздердің биіктігі 8 метрден асып кеткен. Мұны тоқтату керек», – деді ол «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қариннің айтуынша, соңғы кезде жергілікті атқарушы билік пен министрліктің комиссиясынан өтпей, мақұлдамай, ақылдаспай, бірден ескеркішті құрып қоятын жағдайлар жиілеп кеткен. Тіпті «ескерткіш дайын тұр, осыны орнату керек» деп талап қоятындар да бар.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 1000-нан аса ескерткіш орнатылған. Бұл Кеңес Одағы кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе артық. Ескерткіш орнату жарыс болып кетті. Егер мұны ретке келтірмесек, онда тағы да берекесіздік болады.
Осыған байланысты әр ескерткіштің көркемдік және мән-мағыналық жағы басты назарға алынады. Жақында орнатылған Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев ескерткіштері халықтың оң бағасын алғаны осы талаптардың нәтижесі деуге болады», – деді мемлекеттік кеңесші.
Көркем АЛДАБЕРГЕНОВА