
Нұржан Әлтаев:
- 20 қарашада өткен сайлау «сарсаңына» ілінбей қалған, анығы нақақ кедергілер кесірінен үміткерлер тізімінен шығарылған тәуелсіз кандидат – Нұржан Әлтаев еді. Соңғы жылдары саясат сахнасына шыққан саясаткер жігіт құрып жатқан «Ел тірегі» партиясы мемлекеттік тіркеуге де ілінбей жатқанын еске салып, төменде газет тілшісі жүргізген сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Енді сіз қайтадан сайланған президент Тоқаевтан не күтесіз?
– Қазақстан халқы бұл сайлаудан аты ғана өзгерген Қазақстанды көріп отыр. Биліктің өз халқынан, тәуелсіз кандидаттан жүрексінгені соншалық, өзінің ықпалынан тыс бірде-бір кандидатты өткізбегендігі – бұл биліктің бұрынғыдан ешқандай өзгермегендігін білдіреді. Сондықтан президент Тоқаевтың инаугурациялық мәлімдемесін күтейік: тағы да уәдеге толы көп сөз бола ма екен, жоқ әлде нақты іске көше ме – әліптің артын бағайық.
– Дегенмен, бірқатар сарапшылардың пікіріне қарағанда, экс-президент Назарбаевтың ықпалынан толық құтылған мемлекет басшысы Тоқаев билік жүйесін саяси реформалауға батыл кіріседі деп ойламайсыз ба?
– Сіздің сұрағыңыздың төркінінен Тоқаев мырза экс-президент Назарбаевтың ықпалынан шықты деген ишара сезіледі. Бірақ көз алдымызда біреуді түрмеге жауып, біреудің қоғамдық қызмет-қарымынан қолын қысқартып жатқандығы Назарбаевтың ықпалынсыз болып жатыр деп айту қиын. «Жұмыртқа тауықты үйретпейді» деген сөз бар. Халық арасында «жиһаз билік» бір-бірінің айтқанынан шықпайды деген пікір жоқ емес. Сондықтан атойлап, думандатып, сайлауда жеңдік деп, көзіне жас алғандай қуанып жатқан жағымпаздарды көргенде, еріксіз күлкің келеді.
Міне, сондықтан билікті жағымпаздардан тазартып, өткір пікір айта алатын, ел ішінен, оппозициядан шыққан адамдарды билікке – мемлекет басқару ісіне тарту керек. Әрине, өз қолымен мұны жасау қиынға соқса да, түрмеге тоғытып, елдің сөзін сөйлеп жүрген белсенділерді қудалауды тоқтату қажет. Олар да халықтың бір өкілі, жақсылықты, өзгерісті қалайтын адамдар айтпаса, кім айтады? Ертелі-кеш елімізде өзгеріс болатын күн туса, қан төгіс болмай тұрғанда, халықтың үніне құлақ түрілуі керек.
– Бәлкім, билігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін, қысымды күшейтетін шығар?..
– Қысымды күшейткеннен билік ештеңе ұтпайды. Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, халық биліктің әр қадамын екшеп, текшелеп, көріп отыр. Елдің қазба байлығына басқалар алтынға шомылып, ал қарапайым халық титықтап, бір айдан екінші айға қарызбен күн кешетін болса, елімізде әлеуметтік теңдік болмайды.
«Жаңа Қазақстан» деп жаңа айдар тағып, көзбояушылық жасағанша, айталық, ел үшін қазынадан әлеуметтік көмек берілу бағдарламасын дайындаса, әрбір қазақстандық үйлі болатындай қолжетімді шын бағдарламалар жасалса, пайызы аспандаған несиені тек байлар ғана алатын мүмкіндік жойылса, елге еркіндік енер еді. Қарапайым өрт сөндіруші, әлде айына тек 60 мың теңге айлықпен күн көріп жүрген күзетші үй сатып алуға болатындай шын бағдарламалар жасалсын. Міне, сонда «Жаңа Қазақстан» деген ұранға сенуге болар еді.
– Ел экономикасын толыққанды реформалау үшін, үкіметті және облыс әкімдері корпусын отставкаға жіберіп, кризистік менеджерлер кабинетін жасақтау мүмкіндігін пайдаланады деп ойлайсыз ба?
– Өкіметте 30 жылда ешқашан өзгеріс болмаған, «баяғы жартас – сол жартас», бірі түшкірсе, екіншісі саулық тілеп отырған жағымпаздардан не күтеміз? Шын өзгеріс болғанын қаласақ, 1993 жылдағы Конституцияны, яғни биліктің үш тармағын қайтарсақ қана өкімет халықпен санасар еді.
– Деолигархизация саясатын жалғастырып, ел мүддесіне сәйкес келмейтін жекешелендіру келісімшарттарын қайта қарау тұрғысында не айтар едіңіз?
– Деолигархизация саясаты қазір елдің қытығына тиіп жүргені өтірік емес, еліміздің үсті де, асты да қазба байлықтарға толы болғанмен, одан түсіп жатқан көк қағаздар байшекештердің, яғни Тоқаев мырзаның өзі айтқан «162 адамның» қолында жүргендігі бесенеден белгілі. Бұл байлықты елге қайтармайынша, елдің жағдайы оң алады деп айту қиын.
– Ал шетелге заңсыз және ұрлық жолымен кеткен капиталды қайтару үрдісі жалғасын таба ма?
– Сіз айтып отырған заңсыздық шешілуі үшін, біздің елімізде соттарымыз тәуелсіз болуы керек. Халқымыз «тура биде туған жоқ» деп неге айтқан? Қазір туған болмақ түгілі, билікке балаша жалтақтап отыратын соттарымыз өзіндік шешім шығара алмай жүргені шындық.
Ең қарапайым мысал – біздің партиямыздың тіркеле алмай жүргеніне биыл 2 жыл толды. Ең алғашқы сотта біз жеңіп, тізімде өлген тұлғалардың қайсылар екенін олар көрсетуі тиіс деп, шешім айтқан сотымыз үзіліс жариялап кетіп, біраздан кейін сол шешімінен жалтарып кетті. Бізді дұрыс емес деп, шешімді өзгертіп жатқанын көз көріп жүр, біз оны тіпті видеоға да жазып алғанбыз. Біздің «Ел тірегі» партиясы тіркелсе, одан қорқатын не бар, барлығымыз осы ел қамы үшін жүрген адамдармыз ғой?!
Билікке айтарым: жағымпаз, қолшақпар партиялардан бөлек, билікке ащы шындықты айтып, өзгеріске бірге қадам жасайтын саяси партияларды тіркеуден қорықпасын. «Жаңа Қазақстан» шын өзгергенін қаласақ, саяси өзгерістер де болуы керек.
– Жаңа сенім мандатын иеленген президенттің ендігі құзыр-қызметіне байланысты өз тарапыңыздан қандай азаматтық ұсыныс, пікір білдірер едіңіз?
– Халықтың сенім мандаты беріле ме, жоқ па – ол биліктің ендігі қадамына байланысты. Себебі 30 жыл құрғақ уәдеге тойған елдің үміті үзілуге шақ тұр. Осыны дер кезінде өзгертіп, халыққа шын әлеуметтік көмек беріліп, қарапайым 60–70 мың айлықпен титықтап өмір сүріп жүрген халыққа үй сатып алатындай жағдай жасалса, ел жетім бұрыш жастанып жүрмесе, бір айдан екінші айға жету үшін қарыз алмайтындай, завод, фабрикалар ашылып, елдің ахуалы шын жақсарса, саяси партиялар тіркеліп, билік халықпен санасса ғана «Жаңа Қазақстан» орнады дер едік.
Менің ұсынысым – 30 жыл бір жақты көзқараста келген билік Қазақстан халқының да үніне құлақ асса, елдің қазба, кен байлықтарынан халыққа әлеуметтік көмек берілсе, саяси партиялар тіркелсе, шын демократиялық, байлығы өзіне бұйырған елге айналар ма едік?!
Уақытқа еншіледік, жаңа Қазақстан ел үніне құлақ асса, қанекей?! Біз биліктен диалог боларын күтеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Іске сәт!
Айсұлу ОСПАН,
«D»