Наурыздың 1-і күнгі митингіде менің қамауға алынуым – көз үйренген, ет өлген «қалыпты» мәселе. Соңғы ширек ғасырдан бергі құқайдың статистикасынан жаңылып қалдық.
Қалыпсызы – президенттік сайлаудан кейінгі Тоқаев мырзаның «еститін үкімет» боламыз деген сөзіне саяды. Оның «естиміз» дегеніне де жылға тақап қалды. Бірақ таскерең болып қалмаса, алаңға шығып жатқан, әлі де шыға беретін халықтың наразылығын естімек түгілі, құлағы сасып кететін уақыт болды.
Соған қарағанда, Қасекең Тоқаев президенттік постпен бірге Назарбаевтың құлағын қоса алған сияқты. Оның қасақана қақа құлағы арғы Алтынбектердің атылуын айтпағанда, бергі Қордай қырғынын үш күннен кейін еститін әдеті еді. Обалы нешік, естіген күннің ертеңінде шыт жаңа болып: «С кем не бывает?» дейтін.
Міне, Тоқаевтың сол «еститін үкіметі» наурыз наразылығы кезінде митингіге бет алған жұрттың алдын үйінің есігінен күтіп алды, артын – алаңнан алыс көшелердің бойында қуып жүріп ұстады. Сол қамалғандардың арасында біз де болдық.
Айтпақшы, назарбаевтық нұсқада «ұсталу» мен «қамалудың» арасында қандай айырмашылық болуы мүмкін? Бүгінгі жағдайда «ұстау», «ұсталу» – мәдениетті мәндегі естістік екен: мән-жайың анықталған соң, жөніңе кетуге болады. Ал «қамау» мен «қамалу» – қолды қайырып, бұттан алып, борбайды бажылдатып, алдымен – «автозакқа», кейіннен – топырлатып кабинетке тығу. Біз екінші кепке тап болған соң, оны қамау демеске лаж таппадық. Оның үстіне заң бойынша ұстау мерзімі үш сағаттан аспауы тиіс болса, қазіргі қамау сағат-мағатыңды ұрмайды: біз полицияның қамауында бес сағат тапжылмай отырдық.
Әлбетте, бұл қамауларға Қасекеңнің қатысы жоқ, бар пәле – Назарбаевта дегенді естіп жүрміз. Оған сөз жоқ: біреудің қолымен құзырын созған бұрынғы президент бұтына бар билікті басып алғаны бесіктегі балаға мәлім. Бірақ «естиміз» деп елді еліктіріп, артынша есерге ерікті беріп қойғаны – тағы да көпе-көрнеу.
Осы қамауда сол «еститін үкіметтің» біраз жаңалығына қанықтық. Біріншіден, митингінің алдында полиция әлдебір, әлдекім/дерге қатысты іс қозғап қоятын болған сияқты. Оған тергеушімен болған мына диалог куә бола алады. Алмалы аудандық полициясының мұрнындағы боғы кеппеген тергеушісі Тимур Қартбердиев:
– Нөмір пәленбайыншы қылмыстық іс қозғалды, сізден сол іске куәгер ретінде жауап алам, – дейді.
– Ол қандай баппен, кімге қатысты қозғалған іс?
– Оны сізге айта алмаймын…
– Мен кімге немесе қандай іске қатысты куәгерлік жауап берерімді білуім керек қой!..
– Қозғалған істің жай-жапсарын жария етпеуге қақым бар!
– Ендеше сіздің сұрақтарыңызға жауап бермеуге менің де қақым бар!
Екіншіден, «ішкі саясатшылар» елдегі қарсылық қозғалысының тамырын басып көруді мақсат еткен болуы керек, митингіде ұсталғандар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізу әдеті пайда болыпты. Бірнеше сағат қамауда отырған адамға оның әлеуметтік жағдайы туралы, банкілік несиесінің бар-жоқтығы жөнінде, мемлекет тарапынан әлдебір көмек алған-алмағанын сұрап, бірнеше парақ қағаздан тұратын «опросникті» толтырып отырған қызды көз алдыңызға елестетіп көріңіз: онсыз да қаны қайнап отырған лажсыз тұтқын оған жауап бере ме, жоқ па?
Қамалғандар бастан кешкен ең қызық жәйт – азаматтық киімдегі «кісімен» болған әңгімеге қатысты. Корридорда өріп жүрген «маңқа» лейтенанттар қамалғандарды бір-бірлеп әлгі «кісі» отырған кабинетке ертіп апарады. Мені де алып келді. Есіктегі жазуы – «Криминалдық істер жөніндегі бөлімнің бастығы». Бірақ, шамасы, «контор» деген аты бар «КНБ» жақтан болуы керек, аты-жөні мен лауазымын айтпаған «кісі» қандай себеппен митингіге шыққанымды сұрады.
– Мен – журналистпін, митинг бола ма, жоқ әлде өрт немесе жер сілкініп жата ма – оқиға ортасында болу және ол жөнінде ақпар тарату менің кәсіптік парызым!
– Біз «при исполненииде» жүрген қызметкерміз, жағдайды анықтау біздің де парызымыз.
– Менің парызым – қоғамға және халыққа қызмет қылу, ал сіздікі – назарбаевтық режимге итаршы болу!
Байқаймын, менімен әңгімеден әсер алмасын білді ме:
– Көрші бөлмеге барып, бір қағаз жазып кетіңіз… – деді.
Бардым. Есіктің маңдайшасында «Криминалдық істер жөніндегі бөлім бастығының орынбасары» деген жазуы бар екен. «Қылмыскерді іздеушілер митингімен айналысса, оңған екенбіз! Бұлар бізбен айналысып жатқанда, ұры-қарылар да «при исполненииде» жүрген шығар…» – деп ойладым.
Бұл кабинетте де креслоға шалқалап отырған тағы бір «кісі» бар. Алдында қолмен жазылған қобыраған көп қағаз. Менен бұрын кіргендер жазып кеткен болуы керек. Шекесіне «міндеттеме» деп жазылған біреуін менің алдыма қойды да:
– Мынаған ұқсатып жазыңыз… – деді.
Оқып шықтым. «Ендігәрі митингіге бармаймын, осы жерден шыға сала, үйіме қайтамын…» деген сыңайдағы «міндеттеме» екен. Наразы жұртшылықтың зәресін алудың кәсіптік-технологиялық амалы: келесі жолы тағы да митингіге шықсам, осы міндеттеме алдымнан шығуы мүмкін деген адам наразылық ниетін жоғалтып алуы тиіс.
– Мен мұндай міндеттеме ала алмаймын!
– Неге?
– Керісінше, қанша митингі болады, соның барлығына барам. Бұл жөнінде әлдеқашан журналистік міндеттеме қабылдап қойған едім…
– Ендеше солай деп жазып беріңіз!
Жазып бердім.
Сонымен не керек, түскі 12 жарымда қамалып, кешкі 5 жарымда полициядан шықтық. Есік алдындағы қамалғандарға «жанкүйер» болып, еркін-режиссер Еркін Рақышев пен азат-бақылаушы Ақмарал Қамбарқызы жүр екен. Жамырасып, жай-күйімді сұрап жатыр.
– Е-е, жігіттер, Тоқаевтың «еститін үкіметі» түгілі өзінің құлағында проблема бар сияқты!.. – дедім оларға өзімнің емес, президенттің қазіргі жай-күйінен хабар беріп…
Күлдік. Басқа қылар қайла қайсы?
Қамалғандар арасында Ақтаудан келген жігіттің сөзі есіме түсті (жаңылмасам, аты-жөні Бекзат Достанов болуы керек): «Аға, егер алаңға 10 мың адам шықсақ, мыналар бұттарына ты…ып қояр еді».
Шіркін-ай, Бекзаттың бұл сөзі «естимін» деген Тоқаевқа емес, естімей жатқан 10 мың адамға жетсе ғой!..
Ермұрат БАПИ