Оның қарайған халқымен емес, ең алдымен ақылдасқан адамы – Путин патша болғаны көңілге күлбілте ой салады. Ақорданың ауласынан шықпайтын айналсоқ ақсақалдарды да көзіне ілмепті. Қандай уәж Путиннің «пойдет» деген пәрменіне сай келді екен? Оған не айтуы мүмкін?
Әрине, қаншалықты «тырнақ астынан кір іздегіш» болсақ та, мұндайда ел қамына қарайлас қамды дәтке қуат дейсің. Бәлкім, орыстың оғыланын осқыртып алмайтын айла тапты ма екен? (Айлаға аяр адам емес еді…). Мүмкін, транзиттің көшіне Кремльді киліктірмеудің амалын ойлаған шығар? Әлде Ресейге берер кепілдігін өз елінен жасырып, астыртын ымыраның ыңғайын ықшамдады ма?
Қалай болғанда да, президенттік билікті «өткізіп берген» бір аптадан бері ивандардың истеблишменті үн-түнсіз жатқаны тегін емес. Әйтпегенде, оған деген талай жылдар жиналған, әлдеқашан таспаға тартылған том-том копраматты Ресей телеарналарының оқпанына оқтап қойған орыстың арт-атқылауы ендігі басталып кетуі керек еді. Керісінше, өрістегі өгіздің жүре сигеніндей ирек-сирек болса да, «Қазақстанның өз еркі – өзінде» деген Кремль жақтың жақтау сөзі ара-тұра естіліп қалды. «Жынды» Жириновскийдің «келесі президент орыс болуы керек» деген делқұлы сөзі де Путинмен арада болған уағданың уытын сездірсе де, бұл жолы бір түрлі жылы естілді.
Сонда бұл оған не деді? Отыз жылдық «опыты» бар, саясаттағы интриганы иіріп те, шиырып та шырық үйіріп жүрген айлакердің қай айтқаны Путиннің пайымына пара-пар келді? Неге ол өзінің нөкерлеріне «үндемеңдер» деген команда берді?
Бұл сұрақтарға сайма-сай жауап Назарбаевтың 14 наурызда Араб Әмірліктеріне барған сапарымен саралас келетін сияқты. Ақорданың ресми сайты «жұмыс бабымен барды», «арнайы олимпиаданың ашылуына қатысты» деп, астарын бүккен хабардың қалқасында бұл сапардың негізі мақсаты жасырынып тұрған еді. Әлбетте, Абу-Дабидың тақ мұрагері шейх Мұхаммед Наһаянмен кездескені де, олимпиаданың ашылуына қатысқаны да рас, бұл – жария ақпарат.
Ал жария емесі – оның Абу-Дабидағы Жумейраның пальма желегіне оранған америкалық клиникаға барғаны; ол жерде оның батыстық профи-дәрігерлерге қаралғаны. Дәу де болса, осы жерде оған жайсыз бір хабар айтылды: «Буынып-түйіне беріңіз, уақыт болып қалды…» деді ме екен – әйтеуір бір тықырдың таянғанын өз құлағымен естіген болуы керек. Анығында, америкалық профилар оған Астанадағы президент клиникасы қойған диагнозды дәлдеп берді: «Бұдан арыға сізді сүйреу мүмкін емес»…
Бұдан кейін Абу-Дабидағы жайсыз хабарға даярлықтың жалғасы ол оралған соң, наурыздың 18-інде Астанада жалғасты. Келе салып, Орталық Азияда теңдесі жоқ үлкен мешіт салатынын хабарлады. 2011 жылы салынған, сыйымдылығы 5000 адамдық «Хазірет Сұлтан» мешіті де, қызметінен кетер алдында Әділбек Жақсыбеков салып берген заманауи үлгідегі мешіт те аяқ астынан таршылық етіпті. Енді кенеттен ғаламдық ғибадатхана қажет болыпты.
Алақандай Астанаға 30 мың адамдық алып мешіт неге ғана қажет бола қалды? Жауап – «жайсыз хабардың» жалғасы: буынып-түйінетін кез келді… Отыз жылғы билікке бас ұрған халықтан 30 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас ұратын мешіт керек. Бірақ ол жамағат сапқа тұрып, бір мезгілде басты сәждеге қашан ұрады? Оны да өзі айтып берді: «Екі жылдың ішінде салынып бітуі тиіс мешіттің құрылысын өзім бақылаймын», – деді.
Бұл енді өзінің қамы ма, жоқ әлде профилар айтқан кесімді уақыт па – оның мөлшерін мешітті мекен тұтар құдіреттен басқа тірі пенде білмесе керек. Белгілісі бір жәйт: қапыға қазір даяр болсын деп, қызын үкілеп қойды; елдегі барлық заң-зәкүн уысымда болсын деп, етжақын шапырашты бауырын бас прокурор етті… Билікті де бұрынғыдай бұтына бастырып қалғаны – басқа әңгіме.
…«Сонда бізге не қалады?» деп, Аягөздегі Аман ағамнан ақыл сұрамаққа телефон шалдым. Қырсық шал қай түзуін айтсын: «Тоқаев бірінші сапарын Мәскеуге емес, қасиетті Түркістанға жасағанын дәтке қуат етіп отырмын…» – дейді, әлгінде ғана жеген қазы-қартасының иісін телефонның трубкасынан сездіргендей кекіріп…