- «Нақақ ұйымдастырылған қылмыстық іс біздің бейбіт отбасымызды тас-талқын қылды, отағасын бас бостандығынан айырды, денсаулығы сыр берді, бүкіл бизнесіміз құрдымға кетті, бала-шағамыз зардап шекті, бөтен елде тұруға мәжбүр болдық, біздің беделімізді түсірді. Мұның бәрі менің күйеуім ешқашан көрмеген М.Әбілязов пен Н.Назарбаевтың арасындағы текетірестің кесірінен болды!
Белгілі кәсіпкер, спортшы, қоғам қайраткері, менің жұбайым Мұратхан Тоқмәди Еркін Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен өлтіргені үшін заңсыз сотталған. Бастапқыда бәрі бұл «саяси тапсырыс» екенін түсінді, оның мақсаты – ҚР бұрынғы президенті Н.Назарбаевтың бас қарсыласы Мұхтар Әбілязовты /Қазақстанға/ экстрадициялау еді. ҰҚК БП-мен бірлесіп, істі өрескел бұрмалап, оны баршаға жария етті!
5 жылдан астам уақыт бойы біздің отбасымыз шындық үшін күресіп келеді. Енді өткен жылы біз «туннельдің соңында жарық пайда болды» деп ойладық: 2022 жылғы 2 маусымда Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі біздің көптеген хаттарымыздан кейін, «ТұранӘлем Банк» АҚ Басқарма төрағасы Е. Тәтішевті «өлтіргені» үшін мойындау айғақтарын алу мақсатында ҰҚК қызметкерлеріне Мұратханды азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу 2,5 айға созылды, біз 4 шағым мен 4 өтініш жаздық, бірақ олардың көпшілігі қаралмады және 29 желтоқсанда (2022 ж.) іс 35-бап бойынша, қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Алайда біз бұл туралы тек 6 қаңтарда ғана білдік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеушісі Н. Құрманбай, содан кейін Алматы қаласы прокурорының орынбасары Ауғанбаев жәбірленушілердің құқығын өрескел бұзып, бізге /істі/ тоқтату туралы хабарламай, тіпті оның материалдарымен танысуға да жол бермей, шағымдану мүмкіндігінен айырды!
Сонымен, 2004 жылдың 19 желтоқсанында күйеуім досы Ержан Тәтішевтің шақыруымен Қордай ауданына аң аулауға барды, сол жақта Ержан қайғылы қаза тапты. Олармен бірге болған 2 полиция күзетшісінен басқа, екінші көлікте жеке күзетші Сергей Козликин /Алматы шекара училищесінің, РФ Әскери барлау академиясының түлегі/ болды. Менің күйеуім бірден басты күдікті болды, өйткені ол артқы орындықта, джип люгінде тұрды.
Бір жылға жуық тергеуден, бірнеше тергеу эксперименттерінен, сараптамалардан кейін, 21.11.2005 жылы Жамбыл облысы Қордай сотының төрағасы Шолпанқұлов оны «іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмағаны үшін» ақтады. 20.01.2006 ж. апелляциялық алқа ағайынды Тәтішевтерге бірнеше миллион доллар төлеуден бас тартып, ақтау үкімін күшінде қалдырды.
ҚР ҚІЖК 459-бабына сәйкес, жеңіл қылмыстар бойынша үкімнің күші /кейіннен/ жойылмайды және ол жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Алайда соған қарамастан, Жамбыл облыстық сотының сол кездегі төрағасы Иовов күшіне енген үкімді заңсыз жойып, істі жаңадан қарауға жіберді. Соған қарамастан, 7.12.2006 ж. Қордай аудандық соты Мұратханның іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты тағы да ақтады.
Сонымен қатар ҚР ІІМ атына «ІІМ капитаны С.Козликиннің жасалған қылмысқа қатыстылығын тексеру туралы» жеке қаулы шығарады. Ол сол кезде де, одан кейін де өз жауаптарын бірнеше рет өзгерткен. Үшінші ақтау үкімін Иовов қадағалау тәртібімен күшін жойып, Тараз қалалық сотына жібереді. Сот 3.07.2007 ж. Тоқмәдиді «Тәтішевті абайсызда өлтіргені үшін» кінәлі деп танып, 1 жылға шартты түрде рақымшылық қолдану арқылы үкім шығарады.
Сол қайғылы аңшылықтан 13 жыл өткен соң, Тәтішевтер 2017 жылдың наурызында Мұратхан қамауға алынғанға дейін, 3 ай бұрын, осы жылдар бойы олардың үйінде сақталған мылтыққа сараптама жүргізеді және мылтық механизміне араласудың іздерін табады. Үш айдан кейін, 12 маусымда Мұратхан менің және біздің 10 жасар қызымыздың көз алдында қамауға алынды.
Айыптау – болжам бойынша, 2005 жылы Мұратхан осы жылдар бойы досы болған және /бірге/ жұмыс істеген өзінің серіктесі С.Непропекиннің бірлескен кәсіпорнындағы «үлесін сатуға мәжбүр етті». Кейінірек белгілі болғандай, бұл «серіктес» ҰҚК төрағасы К. Мәсімовтің атына арыз жазды және бір күннен кейін (!) ҰҚК және ІІМ жоғары шендерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар біздің кеңселерімізде, үлкен балалардың пәтерлерінде «тінтулер» өткізілді, ал кешке барлық теледидар арналары арқылы «ҰҚТ басшысы» Мұратхан Тоқмәдиді қамауға алу туралы сюжеттер өтті (бұл ешқашан дәлелденбеген).
Қамаудың және тағылған айыптың бір-біріне сәйкестігі бізді және бүкіл қоғамды бұл іс қандай да бір түрде М.Әбілязовпен байланысты деген ойға бірден итермеледі. Оның бұрынғы ҚР президенті Н.Назарбаевпен көпжылдық қарсыласуы, оған жұмсалған мемлекеттік ресурстардың орасан зор мөлшері және жүздеген зардап шеккен адам тағдыры баршаға белгілі. Дәл солай болды – сол күні менің жұбайыма, ал екі күннен кейін маған жауап алу кезінде ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов (қазір қамауға алынған) былай мәлімдеді: «Күйеуіңе барып, Әбілязовтың бұйрығымен Ержан Тәтішевті өлтірген қылмысын мойындасын деп айт, әйтпесе бәріңді тұқымыңмен қоса құртамыз». Әрине, мен мұндай талапты орындай алмадым…
Билікке Мұратханның істемеген қылмысын «мойындауы» қажет болды. Мен «КНБ» талаптарын орындаудан бас тартқан кезде және тінту барысында маған тапанша қару «ұстаған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Тапаншаның ресми рұқсаты болған, «қаруды заңсыз сақтау» фактісі бойынша кейінірек Мұратханға да іс қозғалды. Мұны білгеннен кейін, мен кәмелетке толмаған екі баламмен елден шұғыл түрде кетуге мәжбүр болдым. Ал Мұратханды түрмеде және ҰҚК ауруханасында азаптай бастады….
Мен Польшаға барып, біздің және Мұратханның қауіпсіздігін сақтау үшін, халықаралық құқық қорғау ұйымынан көмек сұрадым, ЕҚЫҰ-да сөз сөйледім, Европарламент депутаттарының қолдауына ие болдым. 13 жылдан кейін адам кенеттен ҰҚК түрмесінде отырып, кісі өлтіруді «өз еркімен» мойындай алмайтыны бәріне түсінікті. (Сол кезде маған тағы 2 қылмыстық іс қозғалды және 15 жылға түрмеге қамап, балаларымызды балалар үйіне жібереміз деп қорқытты).
5 жылдан астам уақыт ішінде біз Мұратханды алғаш рет 2021 жылдың қарашасында көрдік. Ол тек моральдық және физикалық тұрғыда ғана азапталған жоқ, осы жылдар ішінде ол толығымен оқшауланған, хат алмасу құқығынсыз қалды. ҰҚК қызметкерлері бүкіл ел мен халықаралық қауымдастыққа мәлім болған осы қорқынышты іс туралы барлық шындықты айтады деп қорықты!
Осы жылдың қаңтар айында осы істі ұйымдастырушылар – К. Мәсімов пен Р. Ысқақов мемлекеттік төңкеріс жасағаны үшін қамауға алынды. Наурыз айында біз Мұратханның ҚР президенті Қ.-Ж. Тоқаевқа ашық хатын жарияладық, Бас прокуратураға, «Антикорға» азаптау фактісі бойынша көптеген хаттар жібердік. Алайда «бұл іс толық көлемде тергелді» деген ресми жалтарма жауаптар алдық.
Біздің «ісімізге» қатысы бар барлық /жауапты/ адамдар әлі де билікте екендігі және істің барлық фактілері белгілі болуына жол бергісі келмейтіні белгілі болды. Тек 2022 жылдың қазан айында ғана Мұратханның ісі Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қарауына түсті. Онда Мұратханды ҰҚК қызметкерлері тарапынан азаптау көрген жәбірленуші деп таныды. Алайда бұл тергеу толық қаралмады және заңсыз аяқталды.
Осылайша менің күйеуім Мұратхан Тоқмәди бір іс бойынша 10 рет сотталды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабы бойынша, «ешкімді бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін қайта қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды… Қылмыстық заңды ұқсастық бойынша қолдануға жол берілмейді».
Бірақ соған қарамастан, біз Мұратхан Тоқмәди – ірі шыны зауыттарының негізін қалаушы; энергия үнемдеу технологиялары қауымдастығының, әуесқой триатлон федерациясының президенті; «Алтын Сапа» сыйлығының, «Құрмет» және «Бауыржан Момышұлы» ордендерінің, басқа да көптеген марапаттар мен медальдардың иегері; бокстан КСРО спорт шебері, ҚР жаттықтырушысы ретінде құрметтейміз. Оның 5 баласы, 4 немересі, сүйікті жары, туған-туысы, достары – Мұратхан жақын арада бостандыққа шығып қана қоймай, өзінің адал есімін қалпына келтіреді деп үміттенеміз!
Нақақ ұйымдастырылған қылмыстық іс біздің бейбіт отбасымызды тас-талқын қылды, отағасын бас бостандығынан айырды, денсаулығы сыр берді, бүкіл бизнесіміз құрдымға кетті, бала-шағамыз зардап шекті, бөтен елде тұруға мәжбүр болдық, біздің беделімізді түсірді. Мұның бәрі менің күйеуім ешқашан көрмеген М.Әбілязов пен Н.Назарбаевтың арасындағы текетірестің кесірінен болды!
Мұны мен тағдырдың жазуы деп түсінемін! Сондықтан біздің отбасымыздың атынан мен Қазақстан билігіне, журналистік қауымдастыққа, осы жылдар бойы бізді қолдаған барлық адамдарға – әділдікті қалпына келтіруге ықпал етіңіздер деп жүгінемін!