Пятница , 18 апреля 2025

ЖАНБОЛАТТЫ ЖАЗҒЫРУ амалдары дәйексіз болып шықты

  • Халықаралық ұйымдар қысымының нəтижесінде 2 қарашадан бастап абақтыдан үйқамаққа ауыстырылған Жанболат Мамайдың соты жалғасып жатыр.

Жалғасып жатыр деген аты болмаса, екі аптада бір сағаттық процесс өткізіп, сот сағызша созылып, əбден сиырқұйымшақтанып барады. Оның себебі де түсінікті: сот созылса, Жанболаттың үйқамағы да ұзара түседі. Ал бұл жағдайда оған не қоғамдық қызметпен айналысуға, не баспасөзге сұхбат беруге, не интернет эфиріне шығып, өз пікірін білдіруге, не өз жақтастарымен кездесуге тыйым салынған. Яғни, билік Мамайды қамауды одан əрі соза түспек. Тыныштықта неғұрлым ұзақтау отырса, соғұрлым билікке тиімді деген сөз.

Ал енді соттың өзіне келсек, Жанболатты сегіз айдан астам тар қапаста ұстаған тергеушілер əлі күнге дейін оның бірде-бір қылмысын дəлелдейтін айғақ келтіре алмай, дал болып жатыр. 7 қарашадан бері жүріп жатқан сот процесіне айыптаушы тараптың куəгерлері мен жəбірленушілері түгелдей дерлік қатысып, жауаптарын беріп болды. Солардың бірі де оның «қылмысын» əшкерелеп, нақты «ұстап» бере алмады.

Жанболат Мамайға тағылған бірінші айып – полиция өкіліне тіл тигізу бабы. Прокурордың ойынша, Мамай өткен жылғы митингілердің бірінде полиция қызметкерлеріне «ұлтына опасыздық жасаған сатқындар» деген сынды пікір айтып, олардың ар-намысына тіл тигізген.

Бұл іс бойынша екі жəбірленуші келді: бірі – Медеу аудандық жергілікті полиция қызметінің сол кездегі басшысы Тоқсанбаев пен оның орынбасары Болатбаев. «Ар-намысым қорланды», «маған тіл тигізді» деп ренжіген полицейлер Мамайдың үстінен арыз жазған көрінеді. Бірақ көдедей көп полицияның арасында неге нақты осы екеуі «қорланғанын» түсіндіре алған жоқ. Себебі Жанболат дəл екеуіне қаратып, «Тоқсанбаев пен Болатбаев – сатқындар» деп айтқан жоқ. Айтса, өз халқына қарсы күш қолданып, бейбіт митингілерді күшпен таратып, бассыздық танытып жүрген полицейлерге қатысты сыни пікірін білдірді.

Ал бұл екеуі өзге полицайлардан ерекше неге «қорлана» қалды? Оны Тоқсанбаев та, Болатбаев та түсіндіре алмады. Оның үстіне дəл сол митинг тұсында алаңда жүзден астам полиция қызметкері болғанын əлгі екеуі де мойындап тұр. Сонда жүз полицейдің 98-нің шамына тимеген сөзді дəл осы екеуі неге «көңіліне алды»? Белгісіз.

Бірақ бір анығы – Жанболаттың үстінен арыз жазбастан бұрын Тоқсанбаев өз басшылығымен «ақылдастым» дегенді айтып қалды. Демек, «Мамайдың үстінен арыз жазу» бастамасы бұл екеуінікі емес, жоғарыдағы басшылардан болуы əбден ықтимал емес пе?

Жанболатқа тағылып отырған ең ауыр айып – ақпарат құралдарын пайдалану арқылы жалған ақпарат тарату. Көпшілікке мəлім, пандемиядан соң Демпартия жетекшісі халыққа бір реттік несиелік амнистия жариялау мəселесін көтерді. Яғни, қарыздың қамытына түскен елге билік жəрдем көрсетуі тиіс, жеке меншік банктерді «қорғауға» қаржыны үйіп-төкпей, халықтың мəселесін шешу керек дегенді айтты. Осы талаппен бүкіл Қазақстаннан жүз мыңға тарта қол жинап, оны Ақордаға да тапсырды.

Ал былтыр несие қыспағында қалған жүздеген адамды топтастырып, бұл талапты билік алдында көтеру үшін, Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігіне де барған болатын. Ол жерде бірнеше рет ел-жұртты мекеме басшыларымен кездестірді.

Міне, осы жағдайда билік «Жанболат жалған ақпарат таратып, жүздеген адамды агенттік алдына жинады» деп, саясаткерге қарсы пайдаланып отыр. Сонда ашық түрде талап қойып, мемлекеттік органға арыз жазудың қай жерінде қылмыс бар?

Сотта жауап берген жəбірленуші тарап шынында да агенттік халықтан арыз қабылдауға міндетті дегенді айтты. Ондай болса, елдің бұл мекемеге арыз жазуында не қылмыс бар? Ал сотқа куəгер ретінде келген дəл осы агенттіктің департамент басшысы Александр Терентьев Мамайдың тарапынан ешқандай заңбұзушылыққа үндеу болған жоқ, тікелей оның аузынан «несиелік амнистия жарияланды дегенді естімедім» деп жауап берді. Ондай болса, Жанболатты сотқа сүйреудің қандай астары бар? Əрине, бастан-аяқ саяси тапсырыс екені сөзсіз.

Жанболат Мамайға тағылған үшінші айып – Қаңтар оқиғасы тұсында Алматыда заңсыз митинг ұйымдастыру болып отыр. Сегіз ай қамауда отырған саяси тұтқын бұл айыппен де келіспейді. «Бүкіл Қазақстан бейбіт митингке шығып жатқан кезде үнсіз отыра алмадым, бұл менің азаматтық парызым болды»,– деді сотта. Расында да, ол күндері жалғыз Жанболат емес, бүкіл ел бейбіт наразылыққа көтерілді. Маңғыстаудан басталған қарсылық акциялары бүкіл елді шарпыды.

Олай болса, Жанболат Мамайды неге соттап жатыр? Сотқа куəгер ретінде тартылған Алатау аудандық прокуроры Мамайдың тəртіп бұзуға шақырмағанын, жолды жаппағанын айтып отыр. «Алматы-Аренаның» алдына жиналған Мамай бастаған бұқараны алғашқыда қуып таратпағанда, оларды ұстамағанда, кім біледі, мүмкін, Алматыда да наразылықты бейбіт түрде ұстап қалуға болар ма еді? Бірақ арандатуды көздеген билік бейбіт тұрған елді ұрып-соғып, оларды ұстап əкетті де, артынан бейберекетсіздікке өздері жол беруді көздегенге ұқсайды. Міне, сотта бұл да Жанболаттың қорғаушылары тарапынан айтылды.

Алдағы уақытта Жанболат Мамайдың өзі де сотта жауап бермек. Егер сот процестерін апталап шегермей, уақтылы өткізетін болса, алдағы күндері Демпартия жетекшісіне қатысты үкім шығуы əбден ықтимал. Бірақ биліктің ойында не бары беймəлім.

Сайлаудың алдында халықаралық ұйымдар мен Еуропарламент, Британ парламенті депутаттарының қысымымен Жанболатты бостандыққа шығарды да, енді оны қайта қамауды көздеп отыр ма – ол жағы тағы белгісіз. Бірақ ондай жағдай болса, Ақорда елдің алдында да, халықаралық қауымдастық алдында да нағыз суайт болары анық.

Оның үстіне сайлау алдында Астанаға келген Еуропа одағы Сыртқы істері мен қорғаныс саласы бойынша Жоғары Өкілі Жозеп Боррель де Жанболат Мамайдың ісін көтеріп, оның жағдайын ашық түрде сұраған. Оның бəріне қарамай, билік Жанболатты қайтадан түрмеге жабуға барса, бұл бассыздыққа Батыс саясаткерлері көніп отырмасы анық. Билік ол жағын да бағамдап отыр деп ойлаймыз.

Айсұлу ОСПАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн