Суббота , 19 апреля 2025

ЖАНЫМНЫҢ бір бөлшегі ҮЗІЛІП ТҮСТІ…

  • Өмір – жақсы адамдармен өмір. Тіпті тіршіліктің тұтқасы солардың қолында. Егер пенде біткеннің бәрінің пиғылы теріс, ниеті арам болса, дүние бір күнде-ақ төңкеріліп кетер еді. Жақсы адамдар жаныңа шуақ құяды… Жақсы адамдар – жақсылықтың ұйытқысы… Жақсы адамдар ізгілікке баулиды… Өкініштісі, олар өмірден өткенде, жаныңның бір бұрышын үңірейтіп кетеді. Алыстау жүрсең де, өзің жақын тұтатын жанды жоғалтқаныңды қан жылаған жүрегіңнің дүрсілі айтып тұрады. Көпке дейін. Тоқтаусыз.

Мен «Дат» газетіне 2010 жылы келіппін. Ол кезде редакция Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысына жақындау тұстағы үш бөлмелі пәтерде еді. Рас, алғашында көңілімде қомсынғандай әлдене пайда болды, «анадай газетті мынадай жерде қалай шығарып жатыр» деймін ғой енді. Оның үстіне журналистері де санаулы: Жарас Кемелжан, Меруерт Хусаинова, Ардақ Қасымбекқызы, Динар Камилова. Орыс тілінде түскен материалдарға Алмат Азади қарайтын. Бас редактор – Бақытгүл апай мен бас оқырман – Ерағам басшылық жасайды. 

​Үйдің аты – үй екен шынымен, өзіңді үйде жүргендей сезінесің. Түннен қалған үйқының есесін қонақ бөлмедегі диванда жатып қайтаруға болады. Әрине, ол «бас оқырман» жоқ кезде ғана. Өйткені Ерағам «оқып» қана қоймайды, оқытады. Талап етеді. Тапсырмасы орындалмай қалса, тас-талқан ашуланады. Басу айтатын – Бәкең – Бақытгүл апай. Ашу мен басудың арасында отыра қалып, тамақ ішеміз. Шыны-аяқ ауыса береді. Өзің кеше шай ішкен гүлді кесеңді бүгін басқа адамның қолынан көресің. Газет шығатын күнгі қарбаласта қол созым жердегі ыдыссалғышқа баруға ерініп, екеуара бір қасықпен ұра бересің, кәдімгі бір үйдің балалары секілді. 

​Қазір ойласам, Бақытгүл апай бас редактор ғана емес, керемет ұйымдастырушы, бесаспап аспаз болған екен. Адамды өзіне ғана баурап алмайды, бір-біріне жақындатады. Мақала жазу, оқырман хатын өңдеу, тілшілерге тапсырма беру секілді қат-қабат жұмыстардың арасында «Дат» шаңырағындағы жүгірмектердің жүрек жалғарын да әзірлеп қояды. Әлдеқандай шұғыл жұмыспен кетпесе, ас-ауқатты өзі жасайды. Шаруасы болса, қыздардың біріне тапсырады. Ал ертеңгілік асты (каша) міндетті түрде өзі әзірлейді. (Өйткені бұл уақытта ешкім жұмысқа келмейді ғой). Сегізде дайын болған ботқаны кейде күн көтеріле, кейде түс ауа қаужаңдап отыратынбыз. Арасында тоңазытылған қазы-қарта, қуырылған тауық, жеміс-жидек пен кәмпит-сәмпитті үйінен де көтере келеді. Әйтеуір ойлағаны – жұрттың қамы. Бірақ бас редактордың міндет-парызына кірмейтін бұл қызметіне алғыс айтқанымыз есімде жоқ. Қандай өкінішті! Адамдар, біз осы қатігез шығармыз, ә?!

– Әй маңқа, желкеңдегі терезені жап!

Осы сөзді алғаш естігенде, бет-аузыма әлдене жағылып қалған жоқ па екен деген күдікпен аузы-мұрнымның айналасын бір сипап шыққаным есімде. Сөйтсем, бұл Бәкеңнің «айналайын» деген сөзі екен. Кейде: «Әй маңқа, кел бері, иығымды уқалап жібер!» – дейді. Мониторға үңіліп, үстелде тапжылмай отыратын адамдар жақсы біледі, мойын құрысып, иық тырысқанда, қолы қарулырақ адам табылса, жаның кіреді. «Болды, рахмет, көп жаса! Енді қолыңды әнеу қабырғаға сипап-сипап жібер, жаман энергияның бәрі сонда қалсын», – дейді. Ал кейде компьютерге басымен кіріп кете жаздап, жазу жазып отырған журналисті «қазір, бір сәт тұра тұр» деп тоқтатып қойып, иығын өзі уқалап береді. 

– Ой, осы кожам сондай жаман менің… – Бұл сөзді Бәкең мен иығын уқалап жатқан сәттің бірінде айтып қалды. Бұл – редакцияға кәдімгідей бой үйретіп, орайы келгенде бастықтармен қалжыңдасуға жарап қалған кезім. 

– Қойыңыз, Бәке, кожаңыз керемет! Жалғыз міні – өмірі жіпсімеген кожа екен. Елдер мұндай кожаға жете алмай жүр, ал сіз қадірін білмейсіз!

Деуін десем де, көңіліне тиіп қалдым ба деген қауіппен тілімді тістеп қалдым. Бірер секунд өтті ме, өтпеді ме, Бәкең ішек-сілесі қата күлді де: «Өй, мына маңқаның сөзін қара!» деп, қара санымнан түйіп жіберді…

Бәкең шынайы күлетін адам еді. Әсіресе тапқыр сөз, орынды әзілді бағалайтын. Риясыз күлкісі жанының тазалығын әйгілеп тұратын.

2012 жылы болуы керек, жылдағы дәстүр бойынша «Алтекеңнің соқпағымен» Көкжайлауға көтерілдік. Бәкең күні бұрын редакцияға ескертіп, шараға бір кісідей қатысу керек екенімізді қадап тапсырды. Таудың жіңішке сүрлеуінде екіден-үштен бөлінген жұртпен бірге Бәкең екеуміз де жоғары өрледік. Балтыр талып, алқынған тұстарда отыра қалып, әңгіме соғамыз. Сондағы бір сөзі ойыма енді оралып отыр. Нобайы былай: «Өмір бұлай тұрмайды. Бәрі өзгереді. Алтынбек армандаған күнге де жетеді қазақ, бұйырса. Бірақ сол күнді көре алам ба, көре алмаймын ба, кім білген?! Жассыңдар ғой, сендер көресіңдер. Халық әділеттілік үшін күрескен перзенттерін ұмытпауы керек… ұмытпайтын шығар». 

– О не дегеніңіз, сол заманды көруі керек екі адам болса, соның бірі – сізсіз. Әрі міндетті түрде көресіз. Әне-міне, ол күн де жақындап келеді, – деп едім. Қайран Бәке, қайдан білейін!!!

Бәкеңнің тағы бір қасиеті – тағдыр өзіне бұйыртпаған бақты өзгенің басынан көрсе, шын қуанатын. Арсыз ажал оны сан рет жақынынан айырды. Қара жамылдырды. Көңілі жарым кезінде «Датта» істеген талай қыз-жігіт бас құрады. Балалар өмірге келіп жатты. Сол жақсылыққа жайылған қуаныштарда қонақтың алды болып, Бәкең жететін. Аңқылдап жетіп, жарқылдап жүретін. Редакциядағы әрбір қуанышты ол өз қуанышым деп қабылдады. Жан-жүрегімен қуанды. Әсіресе өмірге келген әр сәбиге сыйлық апаруды жақсы көретін. Және балалардың ешбірінің атын ұмытпайтын. Ауырып қалды, ауруханаға түсті дегенді естісе, әке-шешесінен әрмен әбігерге түсетін.

Тағдырдың аяусыз тепкісін көріп жүріп, соған төзіп жүріп, осынша күш-қуатты қайдан алады екен осы кісі деп, сан рет ойландым. Таппадым. Әйтеуір бір байқағаным – өзі құрметтейтін, күрескерлік жолда қатарлас жүрген ағаларына еркелейтін. Балташ Тұрсымбаев, Тоқтар Әубәкіров, Жармахан Тұяқбай, марқұм Серікболсын Әбділдин, т.б. ағаларымен телефон арқылы тілдескенде, әзілдеп сөйлесетін. Еркелеп отырып, айтқанын орындататын. Тіпті тапсырма да беріп жіберетін. 

Бәкең қайтқан күнгі қонақасында қаралы жұрт марқұмды еске алып, естеліктер айтты. Жақындарына басу айтты. Осы жиында Рысбек Сәрсенбайұлы «Ертең айтармын, бүгін сөйлемей-ақ қояйыншы. Жаным ауырып, қатты толқып тұрмын» деді микрофон кезегі келе жатқанда. Иә, Бәкеңнің қазасы қазақ үшін қаншалықты ауыр соққанын ағалары анық біледі. Өйткені олардың да жанының бір бөлшегі үзіліп түсті.

Ең үлкен өкініш сол – Бәкең 23 жылдық ғұмырын сарп еткен күрескерлік жолының нәтижесін көре алмай кетті. Бірақ оны жұрт көреді. Өзі айтпақшы, заман міндетті түрде өзгереді. Қара халықты таскенеше сорған ынсапсыз биліктің құлайтын, құрдымға кететін күні алыс емес. Міне, сол кезде қазақтың батыр қызының рухы да шат болатын шығар! 

Бақұл болыңыз, әпке! Сізді халқыңыз ешқашан ұмытпайды! Ұмытса, бұл халық емес!

Сансызбай ӨКЕНҰЛЫ, журналист

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн