Воскресенье , 20 апреля 2025

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН: Саяси айлакер «мәңгілік елбасы» ӨЗІН-ӨЗІ АЛДАП СОҚТЫ

Көктем айы келгеннен бері жоғарғы биліктің мазасы кетіп, ауыс-түйіс жасаған сыңай танытып, кезектен тыс сайлау мерзімін де жариялап үлгерді.

Ақордаға қарап бой түзейтін саясаттанушылар мен саясаткерлер биліктегі өзгерісті мақтап-жақтап, баға беруде. Ал көзі қарақты азаматтар әлеуметтік желіде «қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейтінін» жазуда. Бір адамның уысында болған отыз жылдық билікті аямай сынап келе жатқан қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлинмен сұхбаттың сәті 70 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келді.

– Жасарал аға, 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рахмет!..

– Дегенмен, бұл сұхбатты күні кеше ғана 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс сайлауға қатысты сіздің ой-пікіріңізді білуден бастайық…

– Бұл – Назарбаевтың «президенттіктен кету» сценариі шеңберінде одан кейінгі, яғни екінші «президентті» тағайындау мақсатында алдын ала өте мұқият ойластырылып, дайындалған қитұрқы шара. Оның басты мақсаты – «Қараорда» бұрын да талай рет сынақтан өткізген «мерзімінен бұрын сайлау өткізу дәстүріне» сәйкес өрт сөндірген жағдайда, яғни Жаңаөзен қырғынынан кейін онсыз да толық «тазартылған» оппозицияға оған қатысудың ешқандай мүмкіндігін қалдырмайтын арсыз ойын ережелері арқылы әрі қарай да диктаторлық жүйені сары майдай сақтап, консервациялау. Демек, уақытша президент Тоқаевтың «сайлаудың адал өтетіндігіне кепілдік беруінің» құны көк тиын екені өзінен-өзі белгілі.

Мұндай жағдайда шын оппозиция не істей алады? Меніңше, бұл тұрғыда тек екі амал бар: бірі – қолдан келсе, жалған «сайлауға» бойкот жариялау қажет, екіншісі – «елім, жерім, ұлтым, мемлекетім» дейтін азаматтар аталмыш науқанға кандидаттар ретінде қатысып, тағы да қолдан келгенше оның «шырқын бұзуға» күш салуы керек. Ал бұл әрекеттер нәтиже бере ме, жоқ па – оны уақыт көрсетеді…

– Ал енді өткен өміріңізге көз жүгірткен кезде қазақ елінің бүгінгі күніне баға беріп, ертеңі қалай боларын болжауға бола ма?

– Бұл әңгімені мен мынадан бастағым келеді: кез келген білімді адам тәрізді, менің де жоғары оқу орнында алған мамандығым бар және де бір емес, екі мамандық. Атап айтқанда, 1978 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінде «орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы», 1998 ж. – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде «заңгер-құқықтанушы» мамандықтарын алдым. Алайда менің тағдырыма бұл мамандықтар емес, жасөспірім кезімнен саясатқа айрықша қызығуым үлкен әсер етті. Ал бұған, өз кезегінде, 1963 жылы, яғни 14 жасымда өзім туып-өскен Ақтөбе облысындағы аудан орталығы Қарабұтақ поселкесінің кітап дүкенінен «Итоги переписи населения СССР 1959 года» атты статистикалық жинақты кездейсоқ сатып алуым себеп болды. Одан да гөрі нақтылай түссем – сонда жарияланған мәліметтерге сәйкес, 15 одақтас республика тұрғындарының ұлттық құрамында сан жағынан олардың барлығының байырғы халықтары басым болса, тек жалғыз Қазақстанда ғана қазақтардың бар болғаны 30%-ын құрап, үлес салмағы 43% жат халық – орыстардан соң екінші орында тұруы мені қатты таңдандырды!

Міне, сол кезден осы жұмбақтың шешімін іздеуге кіріскен менің зерттеулерім бірте-бірте Ресей империясы мен оның тікелей мұрагері – КСРО-ның Қазақ еліне қатысты жүргізген отаршылдық-ұлыорыстық шовинистік идеологиясы, ашаршылық зұлматы (геноциді) тақырыптарына алып шықты да, бейнелей айтқанда, мені «ұлтшылдық дертіне» шалдықтырды. Соның нәтижесінде саясатшылық пен саясаттанушылық менің негізгі мамандығыма айналып, ал аталмыш екі мамандық оған қосымша, көмекші мамандықтар рөлін атқарды деуге болады.

– Дегенмен, сіздің елге танылуыңыз саясаттанушылықтан басталған жоқ па еді?

– Жалпы алғанда, өзімнің саясатшы ретінде жүріп өткен өмір жолымды көктей шолып өтсем, оны негізгі екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – Назарбаев Кремльдің тағайындауымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріскен 1989 жылға дейінгі кеңес заманындағы 40 жыл өмірімді, ал екіншісі – содан кейін, көп ұзамай ол қызметін «президент» қызметіне ауыстырған Нұрсұлтанмен және оның халық мүддесіне емес, түгелдей өз мүддесіне сай құрып алған жеке билік режимімен күні бүгінге дейін арпалысып келе жатқан 30 жыл өмірімді қамтиды.

Басқаша айтқанда, қамал бұзар қырқымның қырқасынан қазіргі шау тартқан жетпісімнің жотасына шыққан аралықтағы бүкіл алтын уақытым мен күш-қайратымды Қазақтың шынайы тәуелсіз ұлттық-демократиялық мемлекетін құру ісіне жұмсаудың орнына маған, өкінішке орай, бұл мақсатқа мүлде кереғар саясат пен идеология ұстанған Қазаққа қарсы диктаторлық билікпен күреске арнауға тура келді!

Ал 30 жыл бойы диктатура қыспағында өмір кешіп келе жатқан Қазақстанның болашағы жөнінде айтар болсам, меніңше, біздің еліміз қазір, Құдай қаласа, жеке билік режимінен құтылар шаққа жақындап келеді…

– Айтқаныңыз келсін! Өткен айда жоғарғы билікте ауыс-түйіс болып, елді басқару ісі екі басшының қолына көшті. «Тұңғыш президент» атанған Нұрсұлтан Назарбаев ол қызметтен «кеттім» деді, ал жаңасы – өз бетінше жарлықтар шығарып жатқан сияқты. Осының бәрін сіз шын мәніндегі саяси өзгерістер, өзіңіз айтқандай – жеке билік режимінен құтылу нышандары ретінде қабылдай аласыз ба?

– Ия, менің ойымша, солай. Рас, Назарбаевтың ойынша, алдын ала құрған «кету» сценариі бойынша, ол ешқайда кетпей, өз билігін бұдан әрі қарай да жалғастыра бермек. Бірақ «Адамның айтқаны емес, Алланың бұйырғаны болады» демекші, саяси айлакер «мәңгілік елбасы» бұл тұрғыда жұрттың бәрін алдап соқтым деп есептесе де, іс жүзінде оның өзін-өзі алдап соққанына менің күмәнім жоқ. Неге?

Өйткені, біріншіден, қалай болғанда да, ол президенттіктен кетті. Ал Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде ол қандай айрықша өкілеттіктерге ие болса да, оның бәрі, әсіресе халықаралық деңгейде президент өкілеттіктерімен пара-пар бола алмайды. Мәселен, оның қазіргі мәртебесі жекелеген мемлекет басшыларымен немесе жалпы мемлекет басшылары деңгейінде өтетін кездесулерге тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік бермейді.

Екіншіден, ендігі жерде ішкі саясатта да Нұрсұлтан өзі үшін үйреншікті көптеген еркіндіктерді еркін пайдалана алмайды. Айталық, егер бұрын ол президент ретінде елді тікелей басқаратын «өзі би, өзі қожа» болса, қазір ол қызметті басқалар арқылы атқаруға мәжбүр болады. Ал бұл, сөз жоқ, түрлі қолайсыздықтар тудырады.

Үшіншіден, «елбасы» түрлі рөлдерді бөліп берген жоғары дәрежелі шенеуніктер бүгін оның қаншалықты «құлдары» болса да, биліктің тәтті дәмін татқан олардың да әрқайсысының өз амбициялары бар, әлбетте. Сондықтан уақыт өте келе бұлар тек «газды» басып отыруға қанағаттанбай, «рульге» жармасуы тіпті де ғажап емес. Демек, бүгінгі малайдың ертең де малай болып қала беретіндігіне ешқандай кепілдік жоқ. Ал мұның бәрі – Назарбаевтың жеке билік режимі ыдырай бастағандығының және бұл процес уақыт өткен сайын күшейе түсетіндігінің айқын белгілері.

Ал жаңа «президентке» келсек, жоғарыда айтылған жағдай, әлбетте, оған да қатысты. Мысалы, егер қазіргі уақытша президент Тоқаев бір мерзімге болса да, тұрақты басшы болу мүмкіндігіне ие болса, одан әріде мұндай «жиһаздың» өзі биліктен айырылғысы келмейтін көңіл-күй жетегінде кетуі әбден мүмкін. Ал егер Нұрсұлтан осыны есепке ала отырып, оны әрі қарай жібермей, Дариғаға жол ашар болса, бұдан ол екі есе ұтылады: бір жағынан, Қасым-Жомарт оған қатысты кек сақтаған қарсыласына айналады, екінші жағынан, өзінің түрлі келеңсіздіктерімен (басқасын айтпағанда, оның жасырын миллиардтары бұғатталуының өзі неге тұрады!) әшкере болған «әнші қыздың» билікке келуінен – кетуі тез болуы бек мүмкін. Ал бұл Назарбаевтар әулеті түбегейлі күйрейді деген сөз.

– Ал Назарбаевтың өткен аптада «бірінші президент ретінде қызметіме кірістім» деген мәлімдемесінен не түйдіңіз? Ол сонда не атқарады, Тоқаевтың тындырып жатқаны не?

– Бастапқыда «кеткен» түр көрсеткен «елбасының» бұл мәлімдемесі оның енді өз айналасына да, халыққа да: «Шын мәнінде мен ешқайда кеткен жоқпын, әрі қарай да Қазақстанды билеп-төстей беремін, ал Тоқаев мен не айтсам, соны істейді» дегені. Деуін деді, әрине… Алайда бұған байланысты қағидасын және президент мәртебесінен айырылуына орай, Назарбаевтың алдынан қандай қауіптер күтіп тұрғанын тағы да еске салған артық болмас деп ойлаймын…

– Уақытша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астананың атын ауыстыру жөніндегі ұсынысы өзінің жеке идеясынан туған шешім деп қабылдадыңыз ба? Астана атауын Нұр-Сұлтан деп референдумсыз өзгерту қаншалықты заңды?

– Тоқаевтың осы және басқа да жарлықтары (Назарбаевқа көзі тірісінде монумент тұрғызу, облыс орталықтарының бас көшелеріне атын беру, барлық жерде портреттерін сақтау) – оның атаққұмар, даңққұмар «шефі» президент кезінде өзін-өзі өйтіп жарылқауды «ыңғайсыз» көргендіктен, дәл осы – президенттіктен «кеткен» кезінде жүзеге асыруды алдын ала жоспарлаған жеке басқа табыну шаралары. Бірақ «басқаның қолымен» жасалса да, түпкі мән-мағынасы есі дұрыс кез келген адамға бадырайып көрініп тұрған мұндай шаралар, әлбетте, «шефтің» әбден алжып кеткендігін ешкімнен жасыра алмайды.

Ал Астанаға Нұр-Сұлтан атын аяқ астынан, опыр-топыр жағдайда референдумсыз беру – 1994 жылы мен депутат болған парламент сол кездегі астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде шешім қабыдамаса да, Назарбаевтың ол парламентті 1995 жылы заңсыз, күшпен таратып жіберген соң, беті бүлк етпей, «шешім қабылданды» деп мәлімдеу арқылы заңды белден баса отырып, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген диктаторлық принципке сәйкес жүзеге асырған астананы көшіру шарасымен пара-пар келетін кезекті өрескел заңсыздық.

– Тоқаев мырзаның президент ретіндегі өкілеттіктерін түгел пайдалануына құзыреті жете ме?

– Қазіргі тағайындалған, бірақ сайланбаған, тек Назарбаевпен алдын ала келісім бойынша қызметке кіріскен президент дәрежесінде Тоқаевтың толыққанды ел басшысы ретінде жұмыс істей алмайтындығы анық. Оның қазір Назарбаевтың өзімен қосарлана, тіпті алдына түсіп жүруіне көнгендігі де осыны көрсетеді. Ал президент өкілеттіктерін толық пайдалану мүмкіндігіне ол тек алдағы сайлаудан өткен жағдайда ғана ие болады. Егер, әрине, өйтіп «сайлану» Нұрсұлтанмен келісіп жасалған сценарийде қарастырылған болса…

– Ал Назарбаевтың саяси биліктен қол үзгісі келмейтінінің басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Назарбаевты Мәскеу 1989 жылы Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы етіп тағайындағалы бері, сол қызметті асыра пайдаланған оның «тәуелсіз» Қазақстан билігін күшпен басып алып, «президент» болғаны, одан соң да заң атаулының барлығын, соның ішінде Ата Заңымыз – Конституцияны да пәленбай рет өрескел бұзуы нәтижесінде билік тізгінін ешкімге бермей, біздің елімізді 30 жыл бойы таза диктаторлық амал-тәсілдермен жеке-дара басқарғаны, өзінің жеке басына табынудың мүлде шектен шыққан жабайы «дәстүрін» орнатқаны, сөйтіп бүкіл әлем бойынша билікте ең ұзақ отырған диктаторлар «шеруінің» алдыңғы қатарында келе жатқаны белгілі.

Сондай-ақ осы 30 жыл ішінде жаңағыдай заңсыздықтармен қатар «елбасы» біздің елімізге, халқымызға, мемлекетімізге қарсы толып жатқан қылмыстар жасағаны да құпия емес. Оның билік «шыңына» көтерілу жолында Желтоқсан көтерілісін Кремльмен бірге қан жоса етіп басқанын айтпағанда, берідегі «Шаңырақ», «Бақай», Жаңаөзен–Шетпе қанды қасіреттері, Заманбек, Алтынбек және басқа арыстарымыздың «Қараорданың» қатысуымен қаза болуы, ел болашағы, демократия үшін бас көтерген Мұхтар Әбілязов, Ғалымжан Жақиянов, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев, Талғат Аян, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және басқа да күрескер азаматтарды түрмеге тоғытуы, Қазақстанды өзі ойлап тапқан Кедендік және Еуразиялық одақтар арқылы бұрынғы метрополия, қазіргі путлерлік-фашистік Ресейге қайтадан байлап-матап тастағаны, қазақты пәленбай миллиард қарыздар арқылы Қытай аждаһасына кіріптар етіп қойғаны, ұлтымыздың жер асты, жер үсті байлықтарын өзінің ұры-қары айналасы мен шетелдік сыбайластарымен бірге аяусыз талан-таражға салып, тонауы – осының барлығы, сайып келгенде, мерзімі шектеусіз өте ауыр қылмыстар болып табылады. Ал сол үшін заң алдында жауапқа тартылмаудың жалғыз амалы – өле-өлгенше биліктен айырылмау екенін жақсы білетін Назарбаевтың түрлі амал-шарғылармен билік тізгініне тас кенедей жабысып қалуының басты себебі, міне, осында.

– Қазақстанда келесі билікке келетін саясаткерлер Назарбаев құрған кадрлық жүйеден бірден сытылып шығып кете алмайды деген тәуелсіз сарапшылардың пікіріне нендей ой қосар едіңіз?

– Әлбетте, Нұрсұлтанның 30 жыл бойы өз қара басына бейімдеп құрған жеке билік режимінің диктаторлық ел басқару жүйесін, соның ішінде оның құрамды бөлігі – диктаторға жеке берілгендігі «принципіне» негізделген кадр таңдау саясатын да түбегейлі өзгертіп, оны өркениетті демократиялық жолға салу үшін бұл жүйе құлаған соң арнайы шаралар белгілеп, жүзеге асыру қажеттілігі күн тәртібіне қойылады. Ал ондай шаралар қатарында, сөз жоқ, қоғамды диктатура өкілдерінен тазартудың басты амалы – люстрация саясаты айрықша маңызға ие болады.

– Әлеуметтік желіде ұлт патриоттарының ерекше белсенділігі байқалады. Саяси партиялар мен қозғалыстарға қарағанда солардың сөзі, тастаған ұрандары, айтқан ұсыныстары қоғамға өтімдірек сияқты. Алайда олар белгілі бір саяси құрылым, ұйым төңірегінде топтаса алмай жүр? Себебі неде деп ойлайсыз?

– «Ұлт патриоттары» – жасанды термин, сондықтан мен өз басым оны ешқашан қолданбаймын. Өйткені ұлт мүддесі үшін шын күресушілерді қазақтар бұрын, сонау Алашорда кезінен қарапайым «ұлтшыл» сөзімен айқындаған. Мәселен, 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты (одан бұрын қазақ ешқашан мұндай мерейтой өткізбеген) Қазақстанның сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (қазіргіше – премьер-министрі) Сәкен Сейфуллин елдің ресми бас газеті «Еңбекші қазақта» (кейін – «Социалистік Қазақстан» және «Егемен Қазақстан») жариялаған бас мақаласында Ахаңды «нағыз ұлтшыл» деп дәріптеген. Яғни, о кезде бұл мақтау сөз болатын.

Ал бұл ұғымның мүлде бұрмаланып, теріс мағынаға ие болуы Сталиннің лениндік ұлт саясатынан бас тартып, оны ұлыорыстық шовинизм «рельсіне» салып жіберуімен тікелей байланысты орын алды. Содан бері «ұлтшыл» сөзі орыс емес халықтардың бас көтерген азаматтарын жаппай жазалау «құралына» айналды. Соның кесірінен тіпті күні бүгінге дейін, өкінішке орай, оған көптеген замандастарымыз жатырқай, үрке қарайды. Сол себептен де кейбір «жаңашылдар» «ұлтшыл» сөзінің орнына «ұлт патриоты», «ұлтжанды» сияқты жасанды сөздерді ойлап тауып, қолданысқа енгізіп жіберді.

Ал қазіргі ұлтшылдарға келер болсақ, оларды мен шын ұлтшылдар мен жалған ұлтшылдарға бөлем. Алғашқыларының басты белгісі – олардың қазаққа қарсы Назарбаев режимімен еш ымырасыз күресетіндігі болса, екіншілерінің басты белгісі – олардың аталмыш режиммен ауыз жаласып, тіпті «Қараорданың» жобалары болып табылатындығы. Сондықтан диктаторлық режимнің шын ұлтшылдарды үнемі қуғын-сүргін қыспағына салып, бүкіл іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюы, ал жалғандарға «жасыл жарық» жағып, жол ашып қоюы себепті тағайындалған «ұлтшылдардың» биліктің БАҚ-тарында өздерін «халық қамқоршылары» ретінде емін-еркін жарнамалау, халықты әсіреқызыл әдемі сөздерімен адастырып-шатастыру, биліктің ыңғайына қарай бұрып әкету мүмкіндіктері мол.

Міне, осыған орай соңғылардың тек әлеуметтік желілерде ғана емес, жалпы ақпараттық кеңістікте «ерекше белсенді» болуы да, шын ұлтшылдар мен жалған ұлтшылдардың не себептен біріге алмайтындығы да, меніңше, түсінікті болса керек.

– Елімізде ұлттық даму бағытындағы идеология мүлдем жоқ, сондықтан ұлттық намыс пен ұлттық рухтың өсуі тоқтап қалды деген қоғамдық пікірге алып-қосарыңыз бар ма?

– Қазақстанды халыққа, қазаққа қарсы диктаторлық режим билеп-төстеп тұрған кезде ұлттық идеологияның болмауы – табиғи заңдылық. Демек, ұлттық намыс пен ұлттық рухтың тоқырауға ұшырауы да – мұндай режим биліктен кетпейінше сақталатын, керек десеңіз, өкінішке орай, уақыт өткен сайын тереңдей түсетін сорақы құбылыс. Ал ел болашағы үшін өте-мөте қауіпті бұл қатерлі құбылыстан арылу үшін, Қазақстан ең алдымен оның «қайнар көзі» – Назарбаев режимінен арылуы керек.

– Ашық әңгімеңізге рахмет! Аман болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн