Пятница , 18 апреля 2025

ЖАҢАӨЗЕНДІ КІМ АТТЫРДЫ?

Софы СМАТАЕВ

  • Ардақты ағайын! Қадірменді қазақстандықтар, бауырлар, қандастар! Мен бүгінде сіздерді «сырластарым, мұңдастарым, мүдделестерім!» деп атағым келіп тұр. Мен де сіздер тәрізді тәуелсіз ел аталғанымызға 28 жыл болса да, соның әлі күнге дейін жемісі мен жеңісін көре алмай, биіктегі биліктің ерік-ырқымен ғана бас көтеріп, кеуде тіктеместен қыбырлайтын ащы өзек, аш қарын қазақтың бірімін.

Мен де егемендігімізбен егіле жылап, еркіндігімізбен еңірей қоштаспайық деген зар тілегін мынау мылқау Жалғанға жариялай жеткізіп, Ресеймен Еуразиялық одаққа мүше болып кірсек, бұрынғы үш жүз жыл бойы төбемізден тоқпақтатқан отаршылдықтың темір бұғауына қайтадан бодан болып кіреміз-ау деген қорқынышымды кеудемнен сығып шығарып, кешегі елбасыға құлаққағыс етіп, ашық хат жазып, далбасалағанның бірімін.

Жоғары жақтан сонда жауап берердей тырс еткен үн, шылп еткен ерін болған жоқ. Қайта «Еуроодаққа кірген бойда қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болып, пайданың астында қалып, үлде мен бүлдеге оранар тұрмыс-тірлікке күмп етіп еніп кетерміз» дейтін өрекпулерін БАҚ-тың барлық түрінен бақылдап, тақылдап беріп жатқан басшыларды да, сол басшылардың тақылдауларын баршаға тақымдап отырып жеткізіп жатқан, ұятын ұрлатып алған жазушылар мен журналшыларды да тыңдаудан құлақ сарсылған-ды.

Мені біразыңыз қаламгер ретінде тануларыңыз мүмкін. Көпшілігіңіз танымайсыз да. Бірақ мен бүгін сіздерге өте жақынмын. Сіздермен бірмін. Себебі мен де дәл сіздер сияқты әр сайлауда өз даусын ұрлатқызатын шарасыз мұңдас пендемін. Мен де сіздер тәрізді сонау Жаңаөзендегі бейкүнә қырылған қыршындардың қазасын аза тұтқан, жүрегі қан жылаған қазақтың бірімін. Сондықтан да мен сіздердің сырлас, мұңдас, мүдделесіңізбін.

Жаңаөзен оқиғасына сегіз жыл толды. Осынау сегіз жылда 8 күндік теңдік таппаған қазағыңның, осы 8 жылда еркіндігінің аясын барынша тарылтып алып, жоғарыдағылардың заң-низамды белінен басып, байыған үстіне байып жатқанына аш-жалаңаш тірлігінің өзегіне ас, жыртығына жамау таба алмай жүрген төмендегі қандастарым мен сырттан келген әріптестерім, сіздердің естеріңізге биліктегілердің сол қылмысты әрекетін қайталап жеткізгім бар.

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақтың кеудесіне қадалған қанды жебе болатын;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақтың жүрегін қақ тілген жазылмас жара салған;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақты биліктегі, биіктегі басынған шағын топ пен төмендегі өксіген, ашынған қалың көпті екі бөлген қанды меже еді;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – мүлгіп, шұлғып мәңгүрттенген қазақты жұлқып оятып, шарпып ойлантып, есін жиғызып, ерік-ырқын босатып алуға итермелей жаздаған ғаламат оқиға еді;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – «Қазаққа қазақ неге оқ атты? Қазақты қазақ неге қырып салды? Қазақты қазақ атуға кім бұйрық берді?» деген қанжардай тілгілейтін сұрақтарды әрқайсымыздың кеудемізден айтқыза бастап еді-ау!

Қадірменді мұңдастар! Биіктегі биліктің жауапсыз немқұрайлығы барынша асқынғандықтан, ел ішіндегі төменгі мен жоғарғының бірін-бірі түсінуі мүлде жойылды. Барлық өңірде жұмыссыздық белең алып, ауылдық жерлерде қайыршылыққа жақын жұртшылық тіршілігі басталды. Жоғарының төменді менсінбеуі, төбесінен төніп дікілдеуі, өтірік ақпарды көрінеу көзге алға шығаруы, сайлау біткенді бірде-бір рет дұрыс өткізбеуі, дауыс ұрлауы, оппозицияны шеттетуі, қудалауы, азаматтарға өтірік пәле-жала жабуы көбейді. Осындай келеңсіз, қитұрқы әрекеттердің себеп-салдарынан тұтанған наразылық көріністері ел ішінде сол шақта-ақ бас көтере бастаған-ды.

Оларға бүкіл қоғамымыздың тірегінің сықырлап сызат түсіргенін байқататын жастардың өзіне-өзі қол жұмсаулары айғақ.

Оларға шарасыз үлескерлердің сандалтқан күрескерлігінен еш нәтиже шығара алмай, еріксіздік бұғауында қылғынып, өзін-өзі өртеудің көбеюі куә.

Оларға отанымыздың түкпір-түкпірінен діни экстремистердің оқты қардай боратып, қызыл қанды судай ағызуы дәлел.

Ол аздай-ақ, сегіз жыл бұрын халықтың келісімінсіз Кеден одағына күмп етіп қойып кеттік те, қомағай Ресейді тесік-жыртық қалтамызға бір түсіріп едік. Еуразия одағына сүмеңдеп кіріп, жиырма сегізінші жылдығын тойлайтын тәуелсіздігімізді, қыл мойнымызға қылбұрау боп түсетін ортақ валюташыл Путиннің қанды қанжығасына мықтап байлап беріп, батыстың Ресейге жасаған санкциясының құрбанына біз де еріксіз айналып, қайыршылық пен жоқшылықтың таз кепешін қайта кидік.

Тіршілігіміздің бадырайып тұрған осынау сұрқияларын көпсініп жүргенімізде, Жаңаөзендегі қанды қырғын ұлт трагедиясы, халық қасіреті болып тағы қосылып еді ғой.

Оған не себеп?

Ол – орталықтың, сол кездегі астаналық биліктің Маңғыстау өлкесінің аса қиын әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігінің күрделі мәселелеріне немкеттілікпен атүсті қараудан туындаған ұлттық трагедия болатын.

Ол – жеті ай бойы аптап пен аязда өз мұң-мұқтажын жоғарыға айтып жеткізе алмаған мұнайшыларды алыстан ызбар шаша қорқытып, үркітіп отырып, бұғалыққа басын сұғар үйіріне қайта қосам дейтін өктемшіл биліктің ұр да жық әрекетінен өрбіген халық қасіреті еді.

Төрдегілерден әділеттік күткен, ақиқатты аңсаған маңғыстаулықтарға кешегі президент түгілі, премьер-министр де, салалық министрлер де барған жоқ еді. Бару қайда, әлгілердің талап-тілектерін ескермек тұрмақ, елемеген де.

16 желтоқсан 2011 жыл. Бүкіл елдің тәуелсіздігімізді мерекелейтін қасиетті де, киелі той күні еді. Ал сол айтулы мейрам күніміз қасіретті күнге, қайғылы күнге айналды. Халық қара жамылды. Ұлтты үрей биледі. Ұлт кеудесін кек жайлады. Қазаққа қазақ оқ атты!.. Неге? Не үшін? Кім үшін? Кім атқызды? Кім бұйырды?

Халықтың жүрегіне сонда оқ қадалды. Бүкіл ұлт болып өкініштің жолына өксіп түстік. Өкіріп көр құштық. Бұрынғы бір арманымыз, бір тілегіміз, бір талабымыз бір-ақ сәтте быт-шыт боп ыдырады. Төбе – бір бөлек. Төмендегі – бір бөлек. Бір діндегі, бір ділдегі, бір тілдегі ұлт – екіұдай. Әкеге – бала, ініге – аға қарсы болғанымыз ба шынымен?.. Неге?

Өйткені зиялымыз дейтін жазушыларымыз тозды да азды. Олардағы жағымпаздық, жалтақтаушылық, сыбаға күтіп қол жаюшылық, азаматтық парыз бен қарызды, ар мен ұятты, қайырым мен мейірімді ұмыттырды. Күштінің әлсізді пісірмей-ақ жейтіні, мықтының нашарды ойыншық қып ойнауы, құрбандыққа шалуы – біздің әбден әдетке айналған тіршілігіміз ғана.

Құлдық күйдегі қоғамның, мүлгіген, шұлғыған қоғамның әр тұсынан биліктің қиянатына қарсы сол кезде қадау-қадау дауыс көтерген бес-алты қаламгер болмаса, тұтас зиялы қауым зиянды қауымға айналып кеткендей-ақ. Абыз ақсақалдарымыз, ұлағатты дейтін үлкендеріміз үнсіз қалса, биліктің маңайында жүрген қаламгерлер мұнайшыларды «Бұзақы! Наркоман! Басбұзар!» деп кінәлап, қара қарғысын құя салған-ды.

Ал еліміздегі басқа ұлт өкілдері, сондай-ақ православие, иудаизм төңірегіндегілердің бірде-бірі тіс жарған жоқ-тын. Соған қарағанда, оларға қазақтың бірін-бірі қырғаны қызық болатын сияқты-ау!

«Сияқты-ау!» деуім бер жағы ғана. Ресейдің тұтас елді тулақтай сілкіп, шүберектей жыртып, Украинадан Қырымды бас-көзге қарамай тартып алғанын көрмей отырған жоқ. Көрген соң, өз еліміздегі, өз ішіміздегі біраз орыс жұртының делебесі неге қозбасын. Күні ертең ел басына «Ұлтым!» дейтін ұлтжанды азаматтар келсе (мүмкін, келген де шығар), қазағымыздың қасиеті мен киесі өгей қалпынан озып, биік мәртебесін иеленсе, ана тіліміз босағадан сығалаған орнын төрге шығарса, ұлттық тіліміз бен қадір-қасиетімізді елемей, мұрын шүйіретін шүлдірлегіш жерлестеріміз (оған орыстілді өзіміздікі де қосылары сөзсіз) референдум дегенді әлден-ақ сылтауратып, солтүстік облыстарымызды бөліп әкетуге жанын саларына еш күмәніңіз болмасын, ағайын!

Өйткені дәл осы жымысқы әрекет Кремльден бастау алып, айтақтап қосар Проханов, Лимонов тәрізді жандайшаптарының дүбірлетуімен іргеміздің беріктігіне сына қағып, шаңырағымызды шайқалтпақ болып, ақ тер, көк терге бөгіп, әлекке түсуде. Ал осындай қаскөй тілекті, жауыздық ниетті тыю үшін ой тербеп, саусақ қимылдатқан биліктегілердің біреуі болды ма? Болған жоқ.

Сондай-ақ тарихтың көкшешек жетімегіндей, лениндік-сталиндік саясаттың мұрагеріндей болып, тіпті заң шығаруға да икемделген халықтар ассамблеясы да тырс етіп үндеуге жарамаған. Өйткені ол ұлтаралық достық, татуластыққа емес, билікке қызмет етіп, солардың шашбауын көтеретінін сол кезде де, бүгін де дәлелдеумен келеді.

Төрдегі топқа ойлы, милы бастың, зерделі зерек кеуденің, интеллектінің түкке де қажеті жоқ. Мықты болуың үшін, өсуің мен бөсуің үшін, төбеде отырған төре кланның өкілі болсаң, жетіп жатыр. Мектеп мұғалімінен тізім арқылы-ақ мәжіліске – депутат, колхоз агрономынан – облысқа әкім, гинекологтан – генерал, слесарь-сантехниктен – зауыт директоры, һәм қожасы болып шыға келу – түкіріп тастаудан да оңай.

Халқымыздың кемеңгерлігі, жанының кеңдігі, көнімпаз көнтерілігі – жоғарыдағылар үшін нашарлық, сорлылық, әлсіздік һәм бишаралық болып саналады. Сол себепті де олар өздерін Құдай немесе құдайдан былай еместей көреді. Сол себепті де мемлекетіміз бүгін ғана туа салғандай, ұлтымыз әлгінде ғана жаратылғандай сезінуіміз керек екен. Өйткені соның бәрін жасаушы мемлекеттің іргесін қалап, шекарасын бекіткен, «Кеттім!» деп айтып, тағында мызғымай отырған жалғыз ғана Құдірет иесі бізге ғана нұрын шашып отырғандай ғажайып мақтаныш сезімге бөленуге тиіс екенбіз.

Бірақ сезіне алмаймын. Мен де дәл сіздердей осыншама жер асты, жер үсті байлығымыздың тап ортасында отырып, қайыршының күйін кешетініме қатты қиналам. Мен де сіздер сияқты осынша ырыс-дәулеттің баршамызға түгел адалдықпен бөлінбей, төрдегі обыр тобырдың бір толмас құрдымдай өңешіне құйыла бере ме деп, өкінішімді өкпемнен төгем.

Ал өз кенімізді өзгелер қазып алып, байып жатқанында, бас қаламызды басқалардың алабажақ етіп салып жатқанында мүлде жұмысымыз жоқ. Дуылдап, шуылдап далиямыз, далақтаймыз кеп. Ал Жаңаөзендегідей қанды оқиғалар болғанда ғана есіміз шыға алақтаймыз кеп.

Өйткені біз «Хабарды» көріп, «Егеменді» оқып, байлықты белшесінен кешіп жүрген, «біздерде мынандай бар, мынандай бар!» деген биліктегілердің уағызнамасына күдікпен қарау түгілі, кілтипан келтіруді білмейтін, «жүндеуге жақсы жуас түйеге» айналған көнтері жұрт болып барамыз. Бұрынғы тегін білім алу, тегін медициналық емді пайдалану, тегін пәтерге ие болып, отанымыздың шын мағынасындағы толық құқылы азаматы деген ардақты атағымызды қалпына келтіруді жоғарыдағылардан өңешін жұлып алардай қайсар табандылықпен талап етуді әлдеқашан ұмытқанбыз.

Құдай-ау дейікші: «Қан не үшін төгілді? Қыршын ұлдардың қаны! Елді жаудан, ерді даудан қорғауда төгілді ме? Жоқ! Ақша үшін. Өзгелердің ертең қоржынына миллиардтап құйылар оңай олжа үшін!

Анау «Қазақмыстың» жартысы өзгенікі. Анау «Қаражанбасмұнайдың» тоқсан пайызы өзгенікі. Жеті жыл бұрын соның он пайызын өзімізге қайтарып алдық деп, үкімет шәпкісін аспанға атып қуанды ғой. «Қаражанбасмұнайдың» неге тоқсан пайызын қайтарып алмайды? Сөйтіп бүкіл елді, баршамызды неге қуантпайды?

 «Бәріне, бар келеңсіздікке оралмандар кінәлі» – деген-ді Ахметов (Даниал) те, Шүкеев те, Мәсімов те. Оралмандар отанына оралғаны үшін кінәлі ме? Жұмыссыз, үйсіз, күйсіз болғаны үшін кінәлі ме? Ондай жоқтарды үкімет неге бар қылмайды?

Оу, жарандар! Кіндік жұртынан кеңестік кезеңнің ұр да жыққа бағышталған зорлығынан бас сауғалап, ауып кеткен міскіндерді неге кінәлаймыз? Туған жердің түтінін аңсап, сүйегіміз байырғы атамекеннің топырағында қалсын деп, жүрегін қолына ұстап, елін, жерін сағынып жеткен бауырларымызды неге күстаналаймыз? Отанымыздың ары мен барын жоқтар төлтумаларымыз көбейсе, көз алартатын қос көршімізге кәдімгідей сес емес пе?! Сырттағы 6 миллион қандасымызды түгел көшіріп әкеліп, сонау «құриды, өшеді, қирайды!» дейтін Арқалық, Жаңатас, Ақсүйек сияқты босап қалған қалаларға неге орналастырмаймыз? Сонда олар жұмыссыз, үйсіз, күйсіз болмай, өздері-ақ өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылық ұжымдарын көбейтіп, тасқындаған еңбектің үлгісін танытар еді-ау! Оларды «оралман» деп кеудеден түйрер оқшаулауды жойып, «өзім, өзектесім!» деп, президент Тоқаевтың «қандастар!» деген атауын қабылдап, қағаз-құжаттарын еш созбастан келген бойда қолдарына ұстатып, Алаштың ақжүрек адалдығын неге танытпаймыз? Әйтпесе билікті өңкей өгей ұл басқарып отырғанда, өз қандасымызды өңменінен итерер кісәпірліктен құтылуымыз қиын.

Қымбатты мүдделестерім! Мен де сіздер сияқты «Сайлау неге дұрыс өтпейді? Даусымыз неге ұрланады? Оппозиция серкелері тізімнен неге түсіп қалады?» дейтін көп сұрақтың қамауында қалдым. Оларға жауап жоқ. Болмайды да. Өйткені бұл билікке, бұрынғыдан келе жатқан билікке өзіне қарсы сөйлер ауыз қажет емес. Одаға, мақтау-мадақтауға үйренген құлақ сын мен мінді тыңдамайды.

Ал зиялы қауым, яғни қаламгерлер – зиянды қауымға айналып барады деуіміз жалған емес. Өйткені біз жоғарыдағыларға батырып айта алмаймыз. Жалтақтап күн көріп, жалпақтап етек сүйіп, жалпылдап ода жазып, тірлік кешеміз. Құнымыз – президент Назарбаев стипендиясы дейтін құнсыз теңгенің төңірегі ғана. Өзімізге тиесі жүздеген миллион долларға татитын қаламақымызды – қаламгерлік еңбегіміздің өтеуін жиырма сегіз жылдан бері ала алмай жүргенімізбен мүлде ісіміз жоқ. Сол қаламақымызды ұрлап, тығып отырған билікке қарсы мыңқ етіп те көрген емеспіз. Зиялы деп атансақ та, өзімізді-өзіміз кемітіп, өзімізді-өзіміз қорғай алмай, өзімізге-өзіміз зияндық жасап жүрміз.

Көздің қарашығындай сақталуға тиісті ұлттық һәм Зейнеткерлік қорларымыздан сауылдатып құйып ала бастауымыз – шарасыздықтың анық белгісі емес пе.?!

Қымбатты мұңдастарым, үзеңгілестерім менің! Жаңаөзендегі қанды қырғын билікке ғаламат қорқыныш туғызғанын менен артық білесіздер. Биліктің ой-бойын құрсаулап, үлкен үрейдің билеп алғанын сол биліктің сол кездегі солақай әрекетінен-ақ көре бастадыңыздар ғой.

Ол қандай әрекет?

Күндіз күлкісін ұрлап, түнде ұйқысын бұзып, қарадай қалшылдатып бара жатқан өз кеудесіндегі сұмдық үрейді билік көпке, халыққа аудара салмақ болып, жанталаса далбасалай бастады. Билік баршамызды үркітпек боп әлек. Бәрімізді қорқыныштың қоршауына түсірмек боп әбігер. Жалған айыптауларды жабудай қылып жапсырып, жазықсыз жазалауларды өздерінің мызғымас тәсіл-құралына айналдырып алды.

Өйткені үрей билеген кеудеде өжеттік түнемейтінін, қорқақ жаннан күрескер шықпайтынын төрдегілер де, түйсіксіз емес, сезеді. Сондықтан да олар әділет іздеп, шырылдаған батыл да қайтпас, жеріне жеткізіп айтатындарды темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығарады.

Осындай заңсыздыққа қарсы бас көтерген украиндықтар өз елінде демократияның салтанат құруына жол ашты. Ресейлік БАҚ-тардың Украинаны жерден алып, жерге салып жамандауы – өз қылмысын бүркеудің жалған әрекеті. Ал бір пұшпағында соғыс өрті тұтанған Укринаның жағдайы көп қиындыққа қарамастан жақсарып келе жатқанынан хабардармыз.

Ал біз ше?.. Аузымызға құлып салып, көзімізге шүберек байлауымыз ғана қалғанын байқаймыз ба, ақылдас, мақұлдастарым?!

Бір, он, жүз, тіпті мың адамды үркітіп, қорқытуға болар. Бірақ миллиондарды сескенту мүмкін емес қой. Ендеше бүгінгі тіктелер еңсемізді, жазылар белімізді, көтерілер иінімізді, жаңғырар жігерімізді кеудемізде сақтай білейік. Сонда ғана Карл шалдың (Маркс): «Бүкіл байлығын аздаған топ иемденген мемлекетті отаным деп атауға болмайды!» деген пайымдауына сүйеніп, өз отанымыздың бар игілігін, әділетін, шындығын, барлық заңын пайдамызға асыра алатын азаматы атанарымыз хақ.

Сол күнге қол ұстасып, қатарымызды түзеп, тезірек жетейік, мүдделестерім менің!

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн