Вторник , 1 июля 2025

ЖАҢА ЖЫЛ БАРШАҢЫЗҒА ЖАЙЛЫ БОЛСЫН !!!

Тағы бір жыл тарих жыл­на­ма­сы­на жазыл­ды. Қаза­қтан шыққан һас батыр, даңқты қол­бас­шы Бауы­р­жан Момы­шұ­лы ата­мыз үлгілі деп санаған Ұлу жылы аяқта­лып, жай­лы деп баға бер­ген Жылан жылы босаға­дан атта­ды. Күн­тіз­бе­де – 2025 жыл.

Күн­тіз­бе демек­ші, каза­қтың көне күн­тіз­бесінің біре­гей көрінісі – мүшел есебі. Халқы­мыз ежел­ден әрбір жыл­ды еті адам жеу­ге бола­тын және бол­май­тын деп есеп­теп, осы тұрғы­дан 6 адал және 6 арам – 12 хай­у­ан­ның аты­мен атап, соған сәй­кес 12 жыл­дан тұра­тын мүшел есебін жүр­гіз­ген. Мұны ата-әже­сі, әке-ана­сы жастай­ы­нан үйрет­кен кез кел­ген қазақ біледі. Бірақ 15 күн бұрын ғана туға­ны­на 110 жыл толған Бауы­р­жан ата­мы­здың неме­ресі Ержанға жыл ата­у­ла­рын қалай үйрет­кені ерекше маңы­зға ие. Батыр­лы­ғы, қол­бас­шы­лы­ғы, ұлт­шыл­ды­ғы­на қоса қаза­қтың тарихын, әдет-ғұр­пы мен салт-дәстүрін, ұлт­тық ере­шелік­терін де жақ­сы біл­ген ол әр жылға беріл­ген хай­у­ан атын ғана атап қой­май, сол хай­у­ан­ның табиға­ты­на бай­ла­ны­сты­рып, жақ­сы сипатта­ма да бер­ген. Халқы­мыз әлім­сақтан жақ­сы сөз, жақ­сы ниет – жарым ырыс дей­тінін ескер­сек, ата­мыз мұны асқан ақыл­ды­лы­қ­пен мей­лін­ше дәл айтқа­ны­на тән­ті боласың.

Мыса­лы:

1. Тышқан жылы –Тыны­штық,

2. Сиыр жылы – Сыйлық,

3. Барыс жылы – Бірлік,

4. Қоян жылы – Қамбалы,

5. Ұлу жылы – Үлгілі,

6. Жылан жылы – Жайлы,

7. Жылқы жылы – Жұтсыз,

8. Қой жылы – Құтты,

9. Мешін жылы – Мерейлі,

10. Тауық жылы – Табысты,

11. Ит жылы – Игілікті,

12. Доңыз жылы – Дүни­елі, деп сипаттап, әрқай­сысы­ның мағы­на­сын жік­теп түсін­дір­ген екен Бауы­р­жан бабамыз.

Бар­лық ойы, тілек-ниеті құт-бере­келі мол­шы­лы­ққа, бей­біт тыны­шты­ққа бағыт­талған мұн­дай жыл сипатта­ма­сын бала түгілі көп­те­ген ата-ана­лар да есті­ме­ген шығар. Қарап отыр­саңыз – жыл­дың жама­ны жоқ! Оны құт­ты ететін де, бүл­діретін де адам­дар­дың ниет-пиғы­лы мен іс-әре­кеті десек, аса жаңы­лы­са қоймаспыз.

Батыр баба әрі қарай неме­ресіне түй­енің бой­ы­на сеніп тұрған­да, тышқан оның басы­на шығып, алтын нұр – жыл­ды бірін­ші көріп, жыл басы дәре­же­сіне ие болға­ны жай­лы жал­пы қазақ білетін аңы­зды айтып береді. Сон­да Ержан: «Түйе мақтан­шақ! Түйе мақтан­шақ!» – деп бала­лы­ғы­на басып жібе­реді. Ата­сы оған қарап, басын шай­қай­ды да:

– Олай деме, түйе – қаси­ет­ті жану­ар! Түйе жыл­дың басы бол­маға­ны­мен, он екі жыл­ды түгел бой­ы­на сый­ғы­зып тұр. Өйт­кені түй­е­де он екі жыл­дың да нұсқа­сы бар:

1. Құлағы – Тышқан,

2. Бақайы – Сиыр,

3. Тір­се­гі – Барыс,

4. Ерні – Қоян,

5. Шөк­кені – Ұлу,

6. Қабағы – Жылан,

7. Төбеқа­рақұ­сы – Жылқы,

8. Тісі – Қой,

9. Жүні – Мешін,

10. Мой­ы­ны – Тауық,

11. Таба­ны – Ит,

12. Құй­ры­ғы – Доңыз, деп сурет­теп бер­ген екен жарықтық.

Тіп­ті неме­ресіне ұғы­ны­қты болуы үшін, дәлел ретін­де түй­енің суретін салып, бәрін тәп­ті­ш­теп, қай­та түсін­дір­ген. Мұны да біл­ген және бала­ларға тілі шығар-шық­пас­тан үйрет­кен абзал. Әйт­пе­се бұл түгілі, келе­шек­те қай жыл­дың қай хай­у­ан­ның аты­мен ата­ла­ты­нын біл­мей­тін ұрпақ дүни­е­ге келуі мүмкін.

Қазақ халқы «қыс шіл­десі» бола­ты­нын да айтқан. Ол – қаңтар айы­ның екін­ші жар­ты­сын­да екі жұма бойы бола­тын аяз­ды күн­дер. Бұл кез­де қыс күшіне еніп, түкірік жер­ге түс­пей­тін сақыл­даған сары аяз бола­ды. Қаза­қтар мұны «Қыс шіл­десі» деп бей­нелі түр­де атаған. Бұны Қыс шіл­десі – Қаңтар деп атай­ды, өйт­кені бәрін – мал­ды да, жан­ды да қыс аязы қаңта­рып қояды. Халық есеп­шілері бол­са, Үркер мен Ай ара­сын­дағы бұрыш тік­төрт­бұрыш жасап орна­лас­са, Қыс шіл­десі баста­ла­ды деп есептеген.

Қаңтар айын­да сон­дай-ақ ат құлағы көрін­бей­тін боран соғып, «Бөрі сырғақ» түні өте­ді. Осы айдың қат­ты аяз­ды – 18-нен 19-на қараған түні қасқыр­дың арла­ны мен қан­шы­ғы жұп­та­са­ды. Осы түн әлем­де­гі бар­лық заттың таза­ру түні, әсіре­се судың ең таза­ра­тын уақы­ты деп есеп­те­леді. Қасқыр­лар түн­гі 12.00-ден таңғы 6.00-ға дей­ін жұп­та­са­ды, ұйы­ға­ды. Біздің баба­ла­ры­мыз қасқыр­лар­дың жұп­та­суы­на орай қаңтар­дың осы түнін «Бөрі сырғақ» деп атаған. Сырғақ деудің себебі – қат­ты соққан боран­нан қар үстін­де ештеңе тұра алмай­ды, сырға­нап ұшып кете­ді. Ерте­де баба­ла­ры­мыз осы күн­гі сумен нәре­стені қырқы­нан шыға­рып, екі қабат әйел­дері жуын­ды­рған нәре­сте­лер қасқыр­дай батыр бола­ды деп сен­ген. Көшпен­ді халық болған соң, таңғы төрт-бес­тер­де бұлақтың таза суын ішкен қасқыр­дай жүрек­ті бола­ды деп санаған. Бұл біздің ата-баба­ла­ры­мы­здан қалған ырым-дәстүр.

Жуыр­да Еуро­па­да бір кино­фильм шықты. Онда қані­шер адам түн­гі он екі­ден кей­ін қасқы­рға айна­лып, таңғы алты­ға дей­ін қырып кете­ді. Бұл біздің Түр­кі – Қазақ халқы­нан қоры­ққа­ны­нан осы­лай аңы­зға айнал­ды­рған. Баба­ла­ры­мыз күні-түні ат үстін­де жүріп, бүкіл Еуро­па­ны жау­лап алған­ды­қтан, Кен­та­уыр деп ат қой­ып, аңы­зға айналдырған.

Басқа­лар­дан бұрын, біздің зама­ны­мы­зға дей­ін­гі 5–6 мың жыл алдын­да қазақ он екі жыл­дық мүшел­ді ғылы­ми негіз­де ойлап тапқан. Біз­ден Қытай­лар алып, Қазақ мүшел сана­уын­да көр­сетіл­ген КӨК БӨРІ-ні «Айдаһар» деп өзгер­тіп алған. Айдаһар­ды кей­ін­гі кез­де қазақ – Ұлу деп атайды.

Қаза­қтың бай­ы­рғы күн­тіз­бесін­де­гі ерте заман­нан келе жатқан мүшел жыл есебі көшпен­ділер өмірін­де зор мәні бар есеп болған. Мүшел­мен жас санау, жыл қай­ы­ру халық дана­лы­ғы­нан шыққан ұтым­ды да ыңғай­лы әдіс болға­нын қазір маман ғалым­дар бұл­тарт­пай мой­ын­дап отыр. Тіп­ті кеше­гі күн­ге дей­ін көнекөз ата-әже­лер жасын мүшел­мен айта­тын. 60-тан асса – «Бес мүшел­ден астым», 80-нен өтсе – «жеті мүшел­ге жет­тік қой» деп отыратын.

Жаңа жыл бар­шаңы­зға жай­лы бол­сын! Қоғам жаңа­рып, табыс молай­ып, әр отан­да­сы­мы­здың отба­сы­на құт-бере­ке, ырыс-несі­бе, шат­тық пен бақыт молы­нан келсін!

Құт­мағам­бет ТАЛАПБАЙҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн