Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи өзінің депутаттық сауалын қазақстандық қоғамға арнап жолдады. Жалпыхалықтық референдумға ұсынылған Конституцияның жаңа жобасына азаматтық жауапкершілікпен дауыс беруді ұсынған депутат сөзі пленарлық отырыстың регламентіне сыймай қалғандықтан, біз депутаттық сауалдың толық нұсқасын жариялап отырмыз
Бүгін мен Парламент мінберінен өкілетті органның депутаты ғана емес, қазақ қоғамының белсенді азаматы, тәжірибелі журналист ретінде сөз сөйлеп, қоғам жұртшылығына үндеу жасағым келеді. Оның үстіне жер шарының үлкен ауқымын соғыс өрті шарпып, бізге тақау Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдері соғыс аймағына айналған кезде мен бұл сөзімді елдің ертеңі мен қауіпсіздігіне деген азаматтық жанашырлықпен және саясаткерлік жауапкершілікпен арнаймын.
Ескерте кетейін: әлдекімдер әлеуметтік желілерде айтып жүргендей, мен биліктің насихатшысы емес, мемлекеттілік пен мемлекетшілдіктің, тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен елдің тұтастығын сақтаудың насихатшысымын. Менің бұл ұстанымымда жаңылыс жоқ екенін сырттан сөз айтушылардың қаперіне саламын.
Біз қазір әлем елдері арасындағы қарым-қатынас тәртібі күрт өзгеріп, күрделі саяси тәуекелдер қарқын алған, экономикалық тұрақтылық теңселіске тап болған, алмағайып әрі өліара кезеңде тұрмыз. Бүкіл әлемнен тыныштық кетіп, дүние отқа оранып жатқанын көріп отырмыз.
Кейінгі жылдары орын алған қақтығыстар мен түрлі «сауда соғыстары», пошлина шоқпарын шошаңдату, санкциялық қақтығыстар мемлекеттер арасындағы ұзақ жылдық байланыстарға да нұқсан келтірді. Бұл әлем елдерін саяси және моральдық дағдарысқа тіреп отыр.
Біз бұған дейін талай сындарлы кезеңнен өтіп, бірлік пен берекенің қажеттігін терең түсіндік. Қазіргі сәт – қателікті кешірмейтін, парасат пен пайымды шешімді қажет ететін кезең. Осындай аумалы-төкпелі уақытта Қазақстан өзі таңдаған жолынан таймай, ел қауіпсіздігі үшін батыл бастамаларға бет бұруға тиіс еді.
Осы бағыттағы біз үшін ең маңызды бастама – жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасы. Алайда біз көптен күткен нақты саяси өзгерістер бастамасының маңызын түсінбей, қоғамда қиямпұрыс қылық танытып жүрген жекелеген азаматтар бар.
Осы ретте бірден сұрайын: жаңа Конституцияның жобасын оңды-солды, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп сынаушылар ескі жүйенің «диірменіне су құйып» жүргендерін біле ме екен? Жалпы, елдің іші мен сыртындағы нақты саяси реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі жағдайда тап-таза популизмнің үлгісі болмақ.
Иә, Ата заңның жобасындағы жекелеген баптарда сыртқы тәуекелдерді өз қолымызбен тудырмас үшін, сабырға дес берудің сақтық қажеттілігі жасалғанын жасыруға болмайды. Бұл әсіресе тілдер төңірегендегі текетірестен туды. Бірақ елдегі үлес салмағы 70 пайыздан асқан халықтың тілі табиғи тұрғыда үстем дамуын тоқтатпайтыны ешқандай күрделі дәлелді қажет етпесе керек. Бұл – жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде мемлекеттің ішкі бірлігін, басқару тиімділігін және елдік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шарасы еді.
Қоғамдағы екінші бір түсініспеушілік «Жаңа Конституция суперпрезиденттік жүйені қайтадан қалпына келтіреді» деген қаңқу сөзге байланысты тарап жүр. Жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалар Сенаттың келісімімен тағайындалатын бұрыннан бар процессуалдық тәртіп ендігі кезекте бір палаталы Құрылтайдың құзіретіне ауысқаны болмаса, басқа қосымша пәрмен бермейтіні Президенттің құзіретін күшейтуі мүмкін бе?
Бұл – салауатты санаға сыймайтын, негізі жоқ жаңсақ пікір. Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз! 2022 жылғы конституциялық реформалар кезінде біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, бір рет сайланатын жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көштік. Мемлекеттік саяси қызметтегі туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық негізде жойылды.
Сондықтан ескі жүйенің етжақын «өкілі билікке қайтып келеді» деген қауесеттің ешқандай негізі жоқ. Жаңа Конституция Қазақстанды меншік мүлкіне айналдырған экс-президент түгілі, бүгінгі президенттің туған-туыстарының билікке келуіне мүмкіндік бермейді. Жаңа Ата заң жекелеген тұлғалардың немесе белгілі бір топтардың ықпалын күшейтуге емес, керісінше, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және туыстық, жеке сыбайластық арқылы саяси үстемдік орнату мүмкіндігін шектейді. Бұл – жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаты, өзгермес нормасына айналады.
Әлдебіреуге құрғақ фраза сияқты болып естілетін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы басшылыққа алынды. Бірақ бұл қағида бір демде жөңки жөнелмегенін тағы да жасыруға болмайды, «көш жүре түзеліп» келе жатыр.
Мемлекет басқару жүйесінде тежеу мен тепе-теңдік принципін бекіткен нақты, стратегиялық бұл қадам қадау-қадау даму үстінде. Қазақстанның жаңа тарихында бұл даму жолы кейіннен тарихи шешім болды деп бағаланары кәдік.
Қадірлі әріптестер!
Біз жаңа Конституция арқылы Қазақстанды тұрақты, әділ және заманауи мемлекетке айналдыруымыз керек. Біз регресске емес, жасампаз прогресске қызмет етейік! Біз азаматтардың сенімін басты орынға қойып, бірінші кезекте мемлекет мүддесін қорғауымыз қажет. Бұл – біздің тарихи миссиямыз, стратегиялық бағытымыз, азаматтық парызымыз болуы тиіс.
Ендеше преамбуласы мен жеті бірдей бабында тәуелсіздік пен егемендікті, елдің тұтастығы мен мемлекеттілікті қорғау маңыздылығы күйттелген жаңа Конституцияның шұғыл қажеттілігін енді түйсіне алдық па? Дабылы дүлей тәуекел туған шақта қоғамның онлайн-протестік бөлігі қоздырып жатқан ішкі толқу мен тұрақсыздық қандай қатер тудырарын бағамдай аламыз ба?
Әлбетте, референдумда Ата заңды қолдау немесе оған қарсы дауыс беру қақысы әркімнің азаматтық ерік-жігеріне байланысты шешім болмақ. Сайлау бюллетеніне түсетін «иә» немесе «жоқ» деген шешімге ешкімнің араласу құқы жоқ.
Бірақ жер-дүние соғыс дүмпуімен теңселіп тұрған кезде бізге бітіспес текетірес қажет пе, жоқ әлде елдің ертеңі мен тәуелсіздіктің тұрақтылығына жандәрмен азаматтық жауапкершілік артық па? Біз елдік және территориялық тұтастыққа тәнтіміз бе, әлде бізді іштен ірітуге әуес әлдекімдердің әупіліне желігіп, тоз-тоз боп жүре берейік пе?
Осы сұрақтардың сұлбасы тұрғысынан айтар болсам, мен 15 наурызда баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс – Қазақстанның орнықты дамуының кепілі, әрбір азамат – еліміздің болашағының кепілі болуы тиіс деп санаймын!
Ендеше бірге шешім қабылдайық, келешекте ұрпағымыз баға беретін, кеше қайда болдың деп сұрау қойылуы мүмкін жаңа тарихты бірге жазайық!