Биыл еліміз тәуелсіздігін алғалы бері үшінші халық санағы өткелі отыр. Бұл шараға мемлекеттік бюджеттен 8,8 млрд теңге бөліну жоспарланған. 1999 жылғы ең алғашқы санағының қорытындысы бойынша, еліміздің халық саны 14 953 100 адам болған. Бұл 1989 жылғы санақпен салыстырғанда, 7,7% кем көрсеткіш. Ал 2009 жылы өткен санақта бұл көрсеткіш 16 004 800 адамға жеткен.
Жуықта «Наркескен» пікірсайыс клубында өткен кезекті отырыста осындай деректермен бірге мемлекет үшін және қазақтың ұлттық саясаты үшін бұл санақтың маңызы да айтылды. Пікірсайыстың тақырыбы да осы болды – «Ұлттық санақтың саяси, тарихи-әлеуметтік маңызы».
Әзімбай ҒАЛИ,
ғалым-демограф:
– Қазақ тарихында халық санағы аз болған жоқ. Халқымызды жайпап кеткен ашаршылық та болды. Зардап көрген ұлттар өздеріне қатысты жасалған зұлматты мойындатуға тырысып бағуда. Олардың ішінде біз де бармыз. Қазақтың қырылғаны ешқандай күмән туғызбайды. Ол қолдан жасалған Голощекин саясаты болды. Жалпы патша үкіметі де қазақты аяған емес. Осы қаскөй саясаттың нәтижесінде ең азайтылған дерек бойынша, 1 млн 750 мың қазақ қырылған (бейресми балама деректер бойынша, қырылған қазақтың саны 3 миллионнан астам деген деректер де бар – Ред.).
1926 жылғы санақ кезінде рулы тайпалық құрам болған. Сонымен іздеп жүріп тапқан. Қазіргі санақта, әрине, мұндай мәлімет жинаудың еш қажеті жоқ, бірақ көңіл аударатын мәселелер бар. Ол миграция, ассимиляция мәселелері. Соңғы онжылдықта 26,3% өссек, бұл өте жақсы өсім. Келесі онжылдықта 23% өсеміз деген болжам бар. Ол да тәуір үрдіс.
Дегенмен, мынандай кең байтақ елде біздің санымыз көп деп айта алмаймыз. Мысалы, көршілес өзбек ағайындарды қараңыз, олар 33 млн. Қытай көршіміз 1 млрд 200 млн. Ресейдің халқы жылдан жылға азайғанмен, 147 млн адам болып тұр. Осы елдердің басқаға шамасы келмесе де, бізге шамасы келеді.
Бізде бәрі жаман деуге де келмейді. Миллиондық қалалар деген жақсы үрдісіміз бар. Олар: Алматы, Шымкент және Астана. Қолға алатын тағы бір мәселе, ол – шеттегі қазақты елге көшіру. Қытай қандастарымызды бізге қимай, жібермей ұстап отыр. Біздің билік оның жолын таба алмай отыр. Олардың көшіп келуден бетін қайтарып отырған бір жайт – біздердің орыстанып кеткеніміз. Сондықтан бізге 1954, 1962 жылдардағыдай немесе егемендік алған кездегі басталған көш сияқты үлкен бір импульс керек болып тұр.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Ресейдің 1911 жылғы мәліметі бойынша, революцияға дейін қазақтың саны 8 миллион дегені рас болса, онда азамат соғысы кезінде қырғын болған. 1921 жылы үлкен ашаршылық болды. «Алаш орда» үкіметі сол ашаршылықтың зардабына қатысты үлкен жиын өткізіп, сол жиында 1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеді. 1937 жылы санақшыларды аттырған Сталин, санақтың нәтижесін де бұрмаламағанына кім кепіл? Мен совет заманында 1939 жылғы шыққан бір кітапта қазақтардың саны 1 млн 900 мың болды дегенді көзбен көргенмін. Ал 1939 жылғы ресми санақта қазақтың саны 2 млн 300 мың деп келтірілген. Сондықтан мен сол заманның санақтарына сенбеймін. Ондағы мәліметтер көбейтіліп көрсетілген. Өйткені санақ деген – саясат.
Ал 1932–1933 жылғы ашаршылықа қатысты Ресей ғалымдарының көзқарасына сену қиын. Ол кезде партияның сөзі жүріп тұрған шақ, өздері қалаған сандарды жазып отырған. Шын мәнінде, 1932 жылы қазақ қырылып жатқан кезде Орталық комитет мыңдаған тонна астық өткізіңдер деп Қазақстанды төмпештеп жатқан болатын. Өйткені Мәскеу мен Ленинград тікелей Қазақстанның мойнына ілулі тұрды. Постышев деген секретары тура сол 1932 жылы ет жетпей жатыр, астық жетпей жатыр деп телеграмма салып, Қазақстанды тонаумен айналысқан. Ол құжатты мен архивтен алынған Кемерон деген американдық тарихшының қолынан алдым. Санақ саясат болғаннан кейін, оған сену қиын. Тек қана Қазақстанның тарихшылары мен өзіміздің елдің жүргізген санағына ғана сенуге болады.
«D»