
Мен мұны еріккеннен жазып отырған жоқпын, сан қиындықтан өтіп, елге келген қандастардың 33 жыл бойы болмаған жаңа кедергілерге тап болып, Қазақстан азаматтығын ала алмай, зар илеп отырған жағдайына күйініп жазып отырмын.
2024 жылдан бастап шетелден келген қандастардың Қазақстан азаматтығын алуына бұрын-соңды болмаған жаңа талаптар енгізіліп, мынадай екі заң қабылданған екен.
Бірінші: Шетелдерден көшіп келген қандастар азаматтық алу үшін алдымен «Қандас» деген куәлік алулары керек. Бірақ 2024 жылдан бастап шетелден көшіп келген қандастар «Қандас» куәлігін алу үшін, «Қазақстанда тіке туысы бар болуы керек» деген жаңа талап шығыпты және оған онлайн өтініш беріп, тек бір айдан кейін ғана ала алады екен. Ал бұдан бұрын қандас куәлікті бір аптада жергілікті жұмыспен қамту мекемесінен, Қазақстанда ешқандай тіке туысы болмаса да, ұлты қазақ болса болды, офлайн түрде алатын.
Екінші: 2024 жылдан бастап қандастар азаматтық алу үшін, қолындағы төлқұжат, жеке куәлік, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, диплом, тағы басқа құжаттарын өзі келген елдің Сыртқы істер министрлігінен немесе Қазақстандағы сол елдің елшілігінен АПОСТИЛЬ (Растату) жасатулары керек. Өздері сан тесіктен өтіп, әрең елге келгенде, келген еліне қайта телмірту – опасыздық қой. Ешбір ел өзінің азаматтарына өзге мемлекеттің азаматтығын алсын деп «ия, бара ғой, біздің азаматтықты лақтырып, Қазақстанның азаматтығын ала ғой», – деп маңдайынан сипамайды.
Ал кейбір билік өкілдері «Егер қандастар солтүстік өңірлерге көшіп барса, қандас куәлігін тіке туысы болмаса да ала алады, азаматтықты да тез алады», – деп соғыпты. Соған сенген біраз қандастар солтүстікке көшіп барса, қандас куәлігін алғанымен, құжаттарын өзі келген елдің сыртқы істер министрінен немесе Қазақстандағы өз елінің елшілігінен АПОСТИЛЬ жасатулары керек деген талаппен тағы тосылып, азаматтық ала алмай, қаңғып жүр.
Елге көшіп келген қандастарға «Солтүстікке барсаң ғана қандас куәлігін береміз, әйтпесе бермейміз» деу – біріншіден, Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан қол қойған «Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын» өрескел бұзады. Екіншіден, сонау шетелден тоқсан тесіктен өтіп, арып-ашып, елге көшіп келіп, елге қазақтың санын қосқан қандастарымызды кеудеден итеріп, өзекке тебу.
Қысқасы, қандас куәлігін Қазақстанда тіке туысы бар қандастар ғана ала алады деген жаңа талап – қандастардың Қазақстанға келуін шектеудің төте жолы. Себебі шетелдегі 5 миллионнан аса қазақтардың бәрінің Қазақстанда тіке туысы болуы мүмкін емес қой.
Ал азаматтық алу үшін қолындағы заңды құжаттарына өз елінен немесе елшіліктен апостиль жасатуды талап ету – Қазақстан қол қойған БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау туралы декларациясын өрескел бұзу болып табылады. Бұл – қандастардың құқығын таптап, өз еліне келгенде өзекке теуіп, өзгенің есігіне телмірткен опасыздық.
Осындай кедергілерді қолдан жасап отырған жаңа Қазақстан билігінің мақсатын қалай түсінуге болады? Егер бұл талаптарды алып тастап, қандастарға қысқа мерзімде, аз құжаттармен азаматтық беруді қолға алмаса, мына биліктен тек қандастарға ғана емес, күллі қазаққа жақсылық келеді деп айту ақымақтық. Бұл мәселе ушықпай тұрып, депутат мырзалар дереу қолға алулары керек.
Қыдырәлі ОРАЗҰЛЫ
Фото: abai.kz