
- «Халық сайламаған президент, халық сайламаған парламент халықтың мүддесіне, елдің бүгіні мен ертеңіне қызмет жасамайды. «Жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талапты бес жылда орындамаған, жерді жеке меншікке беруден бас тартпаған билікке сенбейміз. Сондықтан да ЖЕР тағдырын халықтың өзі басқаша шешуі қажет.
Балташ Тұрсымбаев, мемлекет және қоғам қайраткері,
Рысбек Сәрсенбай, қоғам қайраткері, журналист
- Бейқам жатқан халайық! Ұйықтап жата бергенді қойып, қозғалатын кезің келді! Көтер басты, тұр орныңнан! Саудагер билігің жеріңнен айырып қаңғытып жібергенше қалғып-мүлгіп отырма! Отанымызға қатердің қара бұлты төнді!
Отан жерден басталады. Жері жоқтың – Отаны жоқ. Мемлекеті де болмайды. Жер – тіршіліктің негізі, мекенің. Одан айырылған халық – қаңғыған тобыр. Осыны сезінетін, селк ететін тұста бұл не қылған марғаулық?
Бүгін көшеге шығып, қараны көбейтіп, араша түспесең, ертең ұрпағыңа не айтасың? Мыңдап митингіге қатысып, үніңді естіртпей, бойыңды көрсетпей, бұға берсең – опасыз билікке керегі сол. Әлеуметтік желілерде, еркін сайттарда митингінің өтетін жері мен уақыты туралы жеткілікті хабарланды. Біз де үндеу тастадық, шақырдық. Бірнеше жүз мың адам сөзбен қолдап, қуаттады. Алаңдарға жиналғандары мыңға толмады.
Күресті тоқтатпай жалғастыру – басты шарт. Бұл үндеу мақаланың соңында біз өз ұсынысымызды орталарыңызға салдық.
Қасиетті жерімізді сыртқы жаудан бұрын, биліктің опасыздығынан қорғауға тура келеді. Назарбаев құрған отбасылық, олигархиялық, авторитарлық жүйенің мүддесі халықтың мүддесіне қарсы шықты. Жер туралы дені дұрыс заңның қабылданбай, көп жылдық көкпарға түсуінің себебі сонда.
2003 жылғы 20 маусымда ҚР Жер кодексі қабылданды. Оның 3-бабында: «Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болады. Жер учаскелері осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» екендігі жазылды. Сол арқылы жерді жеке меншіктің нысаны етуге жол ашты. Ол жердің иесі болуға қазақстандықтармен бірге шетелдіктердің де құқығы болатындығын Кодекстің 6-бабында былай көрсетті: « …шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай міндеттер атқарады».
Мұның астарында шетел азаматтарының да жерді жеке меншігіне сатып алуына, басқаларға сатуына, жалға беруіне болады дейтін түсініктің жатқандығын көпшілік ескермеді. Бұл арамзалық 2015 жылғы 2 қарашада президент Н.Назарбаев қол қойған Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қолданысқа енер шақта әшкереленіп қалды. 24-баптағы: «…сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар мен оралмандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деген тұжырымдама күдік туғызды.
Біріншіден, шетелдіктерге 25 жылға жалға беру – ұзақ мерзім, екіншіден, үлесі елу пайыздан аспайтын шетелдіктер қатысқан заңды тұлғаларға жерді жекешелендіруге, яғни сатуға мүмкіндік туғызды. Бұл заң бойынша жерді 25 жылға жалға алған шетелдік 5 жылдан соң Қазақстанның азаматы болып шыға келеді. Өйткені заң бойынша, Қазақстанда бес жыл тұрақты тұрған шетелдіктерге азаматтық беріледі. Егер ол қазақстандық азаматшамен некелессе, бұл мәртебеге үш-ақ жылда қол жеткізеді. Азаматтық алған шетелдік (мысалға – қытайлық) жалдаған жерін конкурсқа қатысып, ақшасын төлеп, жерді бұрыннан пайдаланушы ретіндегі жеңілдікпен жеке меншігіне ауыстыруға құқылы. Осылайша кез келген шетелдің қалталы адамы 5-10 жылдың ішінде әрі Қазақстан азаматы, әрі жер иесі атанады.
Олардың да азамат ретінде сайлауға, сайлануға, мемлекеттік қызмет атқаруына құқығы болады. Қазақстанда Қытайдағыдай шектеу жоқ – топырлатып туа береді. Олар Назарбаевтың көп балалы аналарға қарата айтқан «төсекке жатарда үкіметтен сұрап па едіңдер» деген қорлау сөзін құлақтарына да қыстырмайды. 55 зауытпен еріп келетіндердің, жүгері, рапс, соя егіп, шошқа бағу үшін ауыл шаруашылығы жерлеріне, тал, терек өсіру үшін орманды алқапқа жетуді армандап отырғандар ертең-ақ елімізді соғыссыз жаулайды. Миллиардтаған қарыздар, жерді, оның байлығын игеруге деген сылтаумен салынған инвестиция, көшіріліп әкелінген зауыт-фабрикалардың отандық кәсіпорындарды банкроттыққа ұшыратуы, стратегиялық маңызды нысандардың шетелдік алпауыттардың меншігіне өтуі – үлкен қатер.
Экономикалық тәуелділіктің ақыры мемлекеттілікті жойып тынады. Соны біле тұра, биліктегілердің – президенттердің, үкіметтегілердің, парламенттегілердің ұстанған бағыты, дәрменсіздіктері – барып тұрған сатқындық, отанға опасыздық! Бұлардың бәрі билік пен байлықты уысында ұстаған назарбаевтардың мүддесіне, саясатын іске асыруға қызмет жасайтындар. Оларға айтарымыз: ойланыңдар! Қызметке тағайындалдық, депутаттық тізімге іліндік, президенттерге борыштармыз деп жерді сатқызбаңдар!
Қазақстанда 1995 жылғы Конституцияға дейін жер тек мемлекет меншігінде болды. Коммунистік партиядан мемлекет басшылығына келген Н.Назарбаев нарықтық экономика заңдылықтарын жеке басы үшін де асқан әккілікпен пайдаланды. Кен өндірілетін қойнауларды, ірі кәсіпорындарды отбасы мүшелерінің, айналасындағылардың басы бүтін меншіктеп алуына, мемлекет қазынасына қалағандарынша қол салуына жағдай туғызды. Жасаған ұрлықтары, қылмыстары үшін жазаға тартқызбайтын заңдарды ойлап тапты. Оның өзі сайлауларда халықтың дауысын ұрлап президент болды, сондай жолмен парламентін жасақтады. Қабылданатын заңдарды жеке басының шексіз билік құруына, орасан зор байлыққа кенелуіне мүмкіндік беретін бағытта жасатты. Елімізді билеп-төстеушілер жердің асты-үстіндегі бағалы қазба байлықты ашкөздікпен сатты. Елдің ішін кедейшілік, тақыр кедейшілік жайлады. (БҰҰ-ның стандарттары бойынша күнкөрістің кедейшілік шегі бір күнге – 5 доллар, Бүкіләлемдік банктің белгілеуі – $1,9. Қазақстанның көрсеткіші – күніне $1,8).
2009 жылы желтоқсанда Н.Назарбаев теледидардан Қытай рапс, соя өсіруге 1 миллион гектар жерді жалға сұрады деді. Бұл сөз ашу-ыза туғызды. Белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен жастар оған қарсылық білдірді. Кейін анықталғанындай, қазақ басшысы өтірік айтыпты. Премьер-министр К.Мәсімов екеуі Қытайға барған сапарында 1 миллион гектар жерді жалға беруге ұсынысты өздері жасапты. Осындай масқарадан кейін өркениетті елдерде мұндай басшыны қуып жібереді. Отанына опасыздық жасағандарға кешірім жасамайды. Ал бізде саяси белсенділіктің төмендігінен жаппай қарсылық таныту болмады.
2015 жылғы 2 қарашадағы Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңнан шыққан шатақ билікті қатты састырды. Атыраудан басталып, Алматыда, Астанада, Семейде, Қызылордада, басқа да қалаларда жалғасқан мыңдаған адам қатысқан митингілерде «Жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талап қойылды. Халық қаһарынан сескенген Назарбаев 2016 жылғы 6 мамырда «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» жарлық шығаруға мәжбүр болды. 30 маусымда 2015 жылғы даулы заңның қолданысқа енгізілуін бес жыл мерзімге тоқтата тұратын басқа заң қабылдады. Құрылған қоғамдық комиссиясы биліктің ықпалынан шықпады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның құрған қоғамдық комиссиясы, қазіргі парламенті жерді қалайда сатудың, шетелдіктерге жалға берудің қитұрқы тәсілін ойластырып әлек. Халық талабын толық орындауға құлықсыз. Өйткені мыңдаған гектар жерді мәңгіге иеленіп, бар байлықтың атасын қолына түсіргісі келетіндер – лоббистер – бүгінгі биліктегілер және солардың айналасындағылар.
Олжалы кландар – назарбаевтар, құлыбаевтар, есімовтер, шүкеевтер, терешенколар, кулагиндер, нығматуллиндер, ахметовтер, маминдер сияқты қазанның құлағын ұстағандар мен солардың төңірегіндегі мүдделілер жерге меншікті орнату қажеттігін былайша әспеттейді:
– жерді жеке меншікке алған адам жерге жауапкершілікпен қарайды, оны іске қосып, пайда табуды мақсат етеді, күтіп ұстайды, тоздырмайды;
– жерді банкке кепілдікке қойып, несие алуға болады;
– инвестиция тартуға сенімділік туғызады;
– жерді нарық айналымына кіргізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді орынды және тиімді пайдаланудың мүмкіндігі артады;
– шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшін жағдай жасалады;
– жер сатудан түскен қаражат Ұлттық қорды толықтыруға жұмсалады;
– жердің сапасы азайды, құнарсызданып барады, соған тосқауыл қойылады, т.б.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру арқылы мұндай мәселелерді жүзеге асырамыз деу – халықты алдау. Бұған мынандай қарсы дәлелдер бар:
– жерді жекеге шығарып алғандардың бәрі бірдей оны егін салып, бау-бақша өсіріп жатқан жоқ. Әкімдердің, жер басқармаларындағы бастықтардың, тіпті прокурорлар мен соттардың әйелдері мен балаларының, жекжаттарының, т.б. атына жазылған, жекеге өткен жерлердің көбі игерілмей босқа жатыр. Есесіне нағыз малшы, диқан жер жоқтығынан жұмыссыз жүнжіп жүр;
– қалалар төңірегіндегі бағасы татырлық жерлер болмаса, шалғайдағы шаруалардың жерін кепілдікке қойғызып, несие беретін банк жоқ!
– инвестор, әсіресе шетелдіктер өнім өндірушінің жері жеке меншігі ме, жалға пайдаланғаны ма, оған қарамайды. Олар жердің құнарлылығына, күтіміне, сапалы, таза өнім беру мүмкіндігіне, диханның, малшының келісімшартты орындау қабілетіне, техникалық жағдайына назар аударады. Бастапқы келісілген бағаның, валюта бағамының тұрақтылығына көңіл бөледі. Көлік, логистика, сақтандыру жүйесіне зерттеу жасайды, т.б.;
– жерді тікелей сауда нысанына айналдырмай-ақ, оның қандай салаға қолайлы екендігіне қарап орнымен, тиімді пайдалануға болады;
– жеке меншік жердің қожасы мен жалдаушының арасында ешқандай тең құқықтық болмайды;
– Ұлттық қорды жер сатумен толықтыруға дәмеленгенше, қорға жиналған қаражаттың дұрыс сақталуы мен ұқыпты жұмсалуын, жемқорлардың жемтігі етпеуін қадағаласын!
– жердің пайдаланылуын, құнарлы болуын мемлекеттік органдардың қадағалауы, жәрдемдесуі дұрыс жолға қойылмаса, меншік иесіне сенуге болмайды. Адам факторы әрқилы.
Жерді жеке меншікке беруді халық сұраған жоқ. Ондай бастама көтермеген. Жерді жекенің иелігі жасау – өндіріс және кен орындарын жекешелендіріп, арзанға алып, шалқып жүрген биліктегі шенеуніктердің мақсаты. Олар халық ішінен шыққан пысықтарды жұмсап, сыбаға ұстатып, әлдеқандай тұлға сияқты көтермелеп, сөздерін сөйлетеді.
Тойымсыз, бәрін де меншіктеп, бәрінің қожасы болуды көксеген Н.Назарбаевтың тобыры қасиетті жерімізді саудаға салу бағытынан қайтпайтынын аңғартты. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың «Өзінің бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақ марзімге жалға алумен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігі болуы керек» дегені соны білдіреді. Қысқасы, «ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жеке меншік және оны сатып алу, сату бойынша еркін нарық пайда болуы үшін», «жалға алуды да, сатуды да сақтап қалу қажет». Демек, қоғамның «Жер ешкімге сатылмасын!» деген талабына құлақ аспайды.
Мұндай «еркін нарық» кім үшін керек? Әрине, ірі көлемді жер иеленушілер, биліктегі, айналасындағы шонжарлар, келімсектерді жарылқаушылар үшін. Көп көлемде жерге иелік жасап алғандардың тізімді жариялаттырмай отырғандарына қарап, оның ұрлық екенін түсінеміз. Жерді ақша табудың көзі ретінде қарайтын алпауыттар үшін жерді кімнің сатып алатындығы маңызды емес. Олар «тауарын», яғни жерді ақшаға айналдырса – болғаны. Мәселен, қазақстандық жер иеленуші «жеке меншік құқығын» пайдаланып, Ресей, Қытай банкілеріне кепілдікке жерін берсе, борышкер болған жағдайда жерден айырылады. Ол жерлер банкке өтеді. Халықаралық сотқа жүгінсе де, шетелдік қаржыгерлердің жерді қайтармауға хақысы бар. Ал жерді кепілдікке қойып, ақша алған меншік иесінің түгі де кетпейді. Өйткені ол несиелік қаражатты қалтасына салып, мақсатына жетті. Оған енді жер қажет болмайды. Мұндай жер сатудың қитұрқы тәсілі – «еркін нарық» дегеннің жемісі.
Қысқасы, жер азық-түлік өндірудің негізгі көзі болудан гөрі, оңай пайдаға кенелудің құралы болып шығады. Жерді сату туралы заң сол үшін де керек. Шетелдіктердің алдындағы борышкерліктен құтылу үшін де керек. Омаров – сол тапсырысты орындаушы. Оның артындағылардың ұстанған саясаты – сатқындардың саясаты. Бұл – мемлекетке, халыққа қастандық!
Біздің айтарымыз: Жерді жеке меншікке беруге болмайды! Қазақ Жері назарбаев – тоқаев – әшімбаев – нығматуллин – мамин – омаров тәріздес акционерлер компаниясы жасап шығарған дүние емес. Ол Жаратушының туындысы. Ешбір адам, қандай құдіретті болса да, жерді жасаған жоқ!
Жерлерін жеке меншікке берген елдерге қарап, еліктеудің зардабын тартамыз. Жері мемлекет меншігінде сақталған Қытай, Израиль, Жапония, Индия кімнен кем? Жерге мемлекеттік меншік құқығын қалайтын Канада, Австрия азық-түлікті Қазақстан секілді өзгелерден сұрамайды.
Халық сайламаған президент, халық сайламаған парламент халықтың мүддесіне, елдің бүгіні мен ертеңіне қызмет жасамайды. «Жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талапты бес жылда орындамаған, жерді жеке меншікке беруден бас тартпаған билікке сенбейміз. Сондықтан да ЖЕР тағдырын халықтың өзі басқаша шешуі қажет.
Біз қоғамдағы көптеген салауатты, жанашыр, патриот азаматтардың пікірлерімен үндесетін өз ұсынысымызды ортаға салдық. Біздің талабымыз:
- Парламенттегі Жер туралы заңды қарау тоқтатылсын. Оған президент Тоқаев қол қоймасын. Жерге жеке меншіктікке жол бермейтін жаңа заң жасалсын. Жылдың соңына дейін мемлекеттің, тәуелсіздіктің, халықтың тағдырына тікелей қатысы бар Жер туралы заңдар тұтасымен жаңартылсын және бір заңға топтастырылып, халық қолдаған соң ғана қабылдансын.
- «Жер учаскелері жеке меншікте де болуы мүмкін» деген аса қауіпті қағида Конституциядан, Жер кодексінен мүлде алынып тасталсын! Жаңадан «Жерді пайдалану, күту туралы» заң жобасы жасалсын және қоғамның талқылауына берілсін!
Жаңадан жасалатын заңға төмендегідей ұсыныстар айтамыз.
Жерді пайдаланудың нысаналы мақсаттары:
- ауыл шаруашылығы саласында;
- қазба байлықты игеруде;
- жай, құрылыс салуда;
- өндіріс саласында.
Жерді пайдалану мерзімі:
- тұрақты және уақытша; тұрақты – тұрғын үйлерге, ғимараттарға, әлеуметтік нысандарға; уақытша – 1 жылдан 49 жылға дейін.
Жерге жеке меншік құқығы мынандай себептерден болмауы керек:
- Ол Жаратқанның адамдарға тіршілік етуге, өмір сүруге тартқан сыйы;
- жерге меншіктің болуы – оның сатылатындығын көрсетеді; меншік иесі оны кімге сатса да, көп ақша төлеген шетелдікке берсе де өз еркі;
- жерді сату – халықтың әлеуметтік араздығын тудырды;
- шетелдіктердің иемденуіне мүмкіндік береді; ол түбінде сепаратизмнің шығуына, республика аумағының тұтастығын бұзуға ұрындыруы мүмкін;
- кейінгі ұрпақтың игілігіне жер қалмайды; жер тауар ретінде бағаланған соң, оның бағасы сұранысқа қарай өсе береді; адамдардың оны сатып алуға қауқары жетпесе, өзіне баспана тұрғызу немесе бау-бақша өсіру, мал ұстау мүмкіндігінен айырылады;
- жердің сатылуына байланысты қалалардағы тұрғын үйлердің бағасы күрт өсті; халықты пәтермен, баспанамен қамтамасыз ету қиындады; соның салдарынан жастардың үйленбеуі, ажырасудың көрсеткіші көбейді;
- сырттағы қандастарымыз елге келгенде, ауыл шаруашылығы саласында кәсіп етуіне мүмкіндік болмайды;
- жердің қожайындары жерсіз, жалданып жұмыс істейтіндердің еңбегін қанауды бастайды; әлеуметтік теңсіздік, жер тапшылығы қақтығыстардың, наразылықтардың, көтерілістердің шығуына түрткі болады.
Осындай жаңа заң бойынша жер қатынастарын реттеу төнген қатерді келмеске кетіреді. Бұрын сатылған 1,2 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарту керек. Заңды түрде алған, тиімді, дұрыс жұмыс істеген бұрынғы меншік иесі сол жерді одан әрі пайдаланғысы келсе, өзінде қалдырады. Сатып алу бағасы бойынша төленген ақшасы қайтарылады. Жерді жалға алғандардың бәрі мемлекеттік органдармен қайтадан жер телімдерін пайдалану туралы келісімшартқа отырады. Заңсыз, артық алған жерлерді басқа пайдаланушыларға береді. Қалалар маңындағы жеке меншіктегі жерлер мемлекетке өткен соң, тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандарға 10 сотықтан жер тегін беріледі.
Сан рет түзетілген, қосымшалар енгізілген, кезінде шикі дайындалған Жерге қатысты заңдар мен Кодекстің қателіктерін қайталамай, олардың орнына Жерді пайдалану және күту туралы жаңа заң жасау қажет деп есептейміз.
Алып-сатар биліктің – легитимді емес президенттің, парламенттің, қауқарсыз үкіметтің, жемқор жүйенің ақыры таянып келеді. Жерге қатысты заң олардың тағдырын шешетін ең басты себепке айналады. Екінің бірі – не халықтың қалаған заңы қабылданады, не қазақстандықтарды қажытқан отбасының, олигархтардың, солардың айналасындағылардың күні тезірек батады.