Қазақ – қазақ болғалы, үздіксіз талқыланып келе жатқан ең басты екі үлкен мәселе бар. Оның біріншісі – Ел бірлігі болса, екіншісі – Жер бүтіндігі. Бүгінгі азат ел, тәуелсіз мемлекет жағдайында да бұл өте өзекті болып тұр. Бірнеше ғасыр бойғы бодандықтың салдарынан халқымыздың болмыс-бітімі мүлде өзгеріп, ұлттық санамыз әбден уланса, соңғы отыз жылда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қорғап, бүгінгі ұрпаққа қалдырған баға жетпес байлық – ұлан-ғайыр жерді ел игілігі үшін күтімді ұстап, нәтижелі пайдаланып, кұнарлы күйінде жеткізіп отырудың орнына, оны сату туралы заң қабылдап, қиқа-қиқа қылып, көз-көрекі талан-таражға салдық. Осындай ұлт мүддесіне мүлдем қарсы, опасыз саясаттың кесірінен не астықтан дұрыс өнім ала алмай, не мыңдаған жылдар бойы халқымыздың тіршілік көзі саналып келген төрт түлік мал үшін жайылым таппай отырмыз! Бәрін қанша жесе де, жемсауы толмайтын, қарны тоймайтын, азды қанағат қылмайтын ашкөз басшылар мен жемқор жандайшаптар иемденіп алған! Бұл – ел бірлігіне, жер бүтіндігіне төнген үлкен қауіп!
Естеріңізде болса, бұрын Ақмола облысының әкімі болған Сергей Кулагин жеке меншігінде 80 мың гектар жері барын өз аузымен айтқан еді. Ал кезінде президент сайлауына түсіп, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болған Ерасыл Әбілқасымов 2003 жылы ҚР премьер-министрі, Бас прокурор және Әділет министріне жолдаған депутаттық сауалдарында елімізде 21 миллион 120 мың гектар (!) ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді иемденіп отырған 660 ірі шаруашылық бар екенін, әр гектар үшін 70 (!) теңге ғана салық төлейтінін айтқан болатын.
Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысында «Golden Grain» агроөндірістік корпорациясы» ЖШС – 144 мың гектар, «Golden Grain Group» ЖАҚ ЖШС – 135 мың гектар, жеке тұлға И.Сауэр «Ялтинский‑2» ЖШС арқылы – 30,3 мың гектар, ал Ақмола облысында «Бектау» ЖШС арқылы – 45,2 мың гектар, осы облыста С.Терещенко мен Г. Кулагина «Целина-Агро» және «Целина-Агро‑2» ЖШС арқылы – 50,4 мың гектар, «Новомарковка-Агро» ЖШС арқылы – 50 мың гектар, Е.Искаков «Агрофирма Аймақ» ЖШС арқылы – 57,5 мың гектар, С.Ахметов пен Г.Фаст «Золотой колос» ЖШС арқылы – 210 мың гектар, Қостанай облысында А.Емельянов «Гранд»ЖШС арқылы – 35 мың гектар, Маңғыстау облысында Т.Жолдыбаев «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС арқылы – 463,4 мың гектар жергілікті шаруалардың ауыл шаруашылық мақсатындағы пайларын қалай иемденіп алғанын, шетелдік атаулармен құрылған бұл ЖШС, ЖАҚ-тардың артында кімдер тұр, жерлер мақсатқа сай пайдаланылып, салық төленіп жатыр ма, аядай жерсіз қалған қарапайым халық бұған қалай қарайды, неге бұрынғы кеңшар мен ұжымшарларға сырттағы қалталылар үкімін жүргізеді деген сұрақтарға жауап берулерін өтінген еді. Бұдан жерді тек алпауыттар иемденіп алғаны, ауылдағы қарапайым халықтың көпшілігі агрокәсіпкерлікпен айналысудан мақрұм қалғаны анық көрінеді. Басқа өңірлердегі ахуал да дәл осындай. Ауылдар азып-тозып, ауыл шаруашылығы тұралап қалуының басты себептерінің бірі осы екені күмәнсіз!
Бұл – бүгінгі ахуал. Егер келешекте де Сауэр, Жолдыбаев, Искаков, Емельянов, Ахметов, Фаст, Терещенко, Кулагин сияқты бірнеше жүз адам шығып, әрқайсысы 100–500 мың гектарлап құнарлы жерлерді жеке меншігіне сатып ала берсе және олар бір-бірімен тұтасып жатса, одан миллиардтаған теңге пайда тауып, қазынаға болмашы ғана салық төлейтін болса, жағдай қандай орын алмақ?! Елдің бірлігіне, Жердің бүтіндігіне, Ұлттық қауіпсіздігімізге сызат түспей ме?!
Ұлттық мүддеден алыс болса да, бұлар әлі өз еліміздің азаматтары. Желсіз шөптің басы қимылдамайтыны рас болса, Қазақстанда бұрынғы Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың әйелі Елена Батуринаның 2 мың гектар жері бар деп естиміз. Одан бері де солтүстіктегі көршінің қаншама бай-бағланы отандық активтерді, тіпті уран кеніші сияқты стратегиялық нысандарды сатып алып жатыр. Айдаһар елінің инвесторлары да жыл өткен сайын дендеп еніп келеді. Олардың Азия, Африка құрлығында қаншама елді қарызға батырып, ақыр соңында оның өтеуіне жерлерін алып жатқанын біреу білсе, біреу білмейді! Жаман айтпай, жақсы жоқ, бұлардың ниеті басқа болша ше?!
Қазақ тарихында жер ешқашан жеке адамның иелігінде болмаған, ол бір бай емес, бүкіл рудың меншігінде болды десек, қате болмас. Демек ол – жеке адамның емес, үлкен бір қауымның, сол қауымда қанша адам болса, солардың барлығының ортақ мүлкі болып келді.
Қазақстан Республикасы Ата заңының 6‑бап, 3‑тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан Жердің халыққа тиесілі екенін және ол шекті деңгейде ғана жеке меншікке берілуі мүмкін екенін ұғамыз. Ал «мүмкін» деген тұжырым жерді сатуға міндеттемейді. Жер сатылған жағдайда да, шекті мөлшерде ғана сатылуы мүмкін.
Сондықтан мемлекет мұны – Ел бірлігі, Жер бүтіндігі, тәуелсіздіктің негізі саналатын – экономикалық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыруы тиіс! Менің жеке ұстанымым – Жерді ешқашан, ешкімге көп мөлшерде жеке меншікке сатуға болмайды! Тек зауыт, фабрика, өңдеу кәсіпорындарын, қызмет көрсету нысандарын, әлеуметтік нысандар саламын дейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана шекті мөлшерде, онда да жерді емес, тек белгілі бір мерзімге оның белгілі бір көлемін пайдалану құқығын ғана сатуға болады деп есептеймін.
Ал жайылым, шабындық жерлерді, су қоймалары орналасқан аумақтарды, қазба байлық кеніштерін сатуға мүлде тыйым салу керек! Сондай-ақ жерді сатып алған жеке адамдар немесе жалға алған ұжымдар осы ұстаным негізінде Ата заңның 6‑бап, 2‑тармағында айқындалған: «Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс» деген конституциялық талап негізінде белгілі мөлшердегі адамды жұмыспен, сол арқылы табыспен қамтамасыз етіп, қазынаға тиісті төлемдер төлеуі керек.
Ал азып-тозып бара жатқан жерімізді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін, меніңше, жерді сатпай-ақ шешуге болады. Ол үшін:
1. Мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік негізінде жерді жалға беру арқылы ұсақ жеке және шаруа қожалықтарын ірілендіріп, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін ұйымдастыру, ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібін дамыту, соның ішінде экспортқа бағытталған өнім өндіруді қолға алу арқылы жұмыс орындарын еселеп көбейту;
2. Ауыл шаруашылығына жеңілдікпен бөлініп жатқан миллиардтаған қаржының диқан-шаруаларға толық жетуін цифрландыру арқылы қатаң қамтамасыз етіп, тиімді игерілуін, жаңадан құрылып жатқан кооперативтердің жедел аяққа тұруына мемлекеттік ықпал ету, ауыл шаруашылығында өндірілетін азық-түлік өнімдерін тиімді бағада, делдалдарсыз тұрақты өткізу жүйесін құру;
3. Ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлердің кадастрлық құнын бірнеше есе, ал суармалы және басқа да егістік жерлерден алынатын салық көлемін кемінде он есе көтеріп, қазынаға түсетін кірісті күрт көбейту;
4. Ауыл тұрғындарын, басқа да азаматтарды егін салу, көкөніс өсіру, мал шаруашылығымен, өңдеу өнеркәсібімен айналысып, агрокәсіпкерлікке құлшындыратын пәрменді ақпараттық насихат жүргізу, ұзақмерзімді, 5–6 пайыздан аспайтын жеңіл несие, тиімді демеу қаржымен қамтамасыз ету;
5. Ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды колледждерде тегін оқытып, жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттарды көбейту, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің еңбек отрядтарын ұйымдастыру арқылы өскелең ұрпақты еңбекке баулу, ауылдық жерлерде жасап, еңбек етуге, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіруге ынталандыру тетіктерін жедел қолға алып, нақты жұмыс істеу қажет.
Әрине, онсыз да «айыппұлстан» деп салық саясатына наразы болып отырған көптеген адам ауыл шаруашылығындағы жердің кадастрлық құны мен салықты көтеру қажеттігін толық мақұлдамауы мүмкін. Бірақ, біріншіден, дәл осы жағдай жекелеген адамдардың бірнеше жүз мыңдаған гектар жерді иемденіп, миллиондаған гектар жердің азып-тозып бара жатқанына негізгі себеп болып отырғанын түсінулері керек. Екіншіден, бұрын гектарына болмашы теңге төлеп, миллиондап табыс тауып отырған жер пайдаланушы үшін гектарына 1000 теңге төлейтін болса да, бұл онша көп емес және ол енді жерді тиімдірек пайдалануға мүдделі болады. Оның үстіне жақында ғана қосымша құн салығы туралы жаңа заң қабылданды. Осылай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі, өндіріс көлемі артатын болады. Қазір орта есеппен 50–60 пайыз азық-түлік өнімдері импортталатынын ескерсек, оларды сатып алу үшін сыртқа кетіп жатқан ақшаның бәрі ел ішінде қалып, қаржы тапшылығы азаяды, инфляция төмендейді, ұлттық валютамыздың құны артады.
Соңғы жылдары жалпы ел көлемінде бірнеше миллион гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер мемлекет меншігіне өтті. Пайдаланылмай жатқан, кезінде олигархтар заңсыз иемденіп алған жерлерді қайтарып алу жөнінде біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған халық қалаулылары, әсіресе Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің үлесі ерекше. Жуырда ғана Алматы қаласында атышулы генералға тиесілі 848 гектар жер қайтарылды. Енді бұрынғы президенттің Әбіқаев, Терещенко сияқты басқа да жақын серіктеріне кезек жақындап келеді. Соған қарамастан, шаруалар үшін жайылым жер әлі күнге жетіспейді! Бұл мәселе өте өзекті және жақында ғана Парламент Мәжілісінде кезекті рет көтерілді.
Қазақстан Парламенті үлкен қыспақпен 2002 жылы жердің сатылатындығы жөнінде заң қабылдаған кезде, Үкімет мұны – онсыз Батыс бізді нарықтық экономикалы ел деп танымайтындығымен түсіндірді. Бірақ олар осындай шешімді не үшін қабылдағанының төркініне ешкім үңілмеді. Үңілсе де, оның мәні мен маңызын түсінсе де, ел мүддесін ысырып қойып, өз мүдделерін – барынша байып қалуды ойлағандары қатты қынжылтады.
Менің ойымша, мұндай заң Еуропадан барып, Америка құрлығын отарлаған басқыншыларға жергілікті халықтың жерін тартып алу үшін өте-мөте қажет болды. Онсыз бұл құрлықты отарлау мүмкін емес еді. Ал біз өз жерімізде отырмыз ғой! Ата заңға сәйкес, Қазақстанның бүкіл аумағы – оның халқына тиесілі! Ал қарапайым халық Жерді сатуды мақұлдамайтынына кәміл сенемін!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ата-бабаларымыздың қаны төгілген қасиетті жерді, қойнауы толы кенді ешқашан ешкімге сатуға болмайды! Сондықтан халықтың санасына «жерді сатып ал» дегенді күштеп сіңірмеген жөн. Оның қасиеттілігі – жыл сайын мамыр-маусым айларында кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде қып-қызыл шоқтай болып, қанқызыл қызғалдақтар құлпырады. Ол неге жасыл, сары немесе басқа түсті болмайды? Себебі сайын даланы емін кезіп, еркін өскен, Көктегі Құдіреттен басқа ешкімге бағынбаған, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, өмір бойы ұрпағының келешегін ойлап, Жері – бүтін, Елі тыныш, Ұрпағы – уайым-қайғысыз болуы үшін күресіп өткен бабаларымыздың төккен қаны қызыл! Әр жылы аз уақыт болса да, шоқтай жанып, көздің жауын алатын сол әр түп қызғалдақ – бір атамыздың бүгінгі бостандық үшін төккен қанынан өсіп шығатын және бабалардың осы ерлігін, олардың асыл мұратын тұрақты түрде есімізге салып отыратын мұғжиза! Ал қасиетті нәрсеге күмән келтіруге, қорлауға, зиян келтіруге болмайды! Осы тұрғыдан қызғалдықты жұлуға тыйым салынғаны өте дұрыс болды!
Жердің қасиеттілігі жөнінде аты аңызға айналған Алаша ханның шөбересі Оғыз ханның: «Жер – жалғыз біздің мүлкіміз емес, мазарларда жатқан аталарымыздың да, қиямет-қайымға дейін туылатын әулеттеріміздің де бұл мүбәрәк топырақ үстінде хақылары бар», – деген өсиетін ешқашан естен шығармауымыз керек!
Мүмкін, баяғы кеңес кезіндегі сияқты «бөліп ал да билей бер» деген ұстаныммен бұл мәселені күн тәртібіне шығартқан, жерді сату жөнінде күшпен заң қабылдатқандар да әлгі алпауыттар шығар, кім білсін! Ал олардың арасында қандастарға қарағанда қаны басқалар, халықтың қамын ойлайтындардан гөрі қара басының қамын күйттейтіндер көп болғаны анық.
«Жер – адамның бесігі, Ел – бақыттың есігі» дейді дана халқымыз. Бесігімізді бөлшектеп, бақытымыздың есігін өз қолымызбен жауып алмайық, ағайын!Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ