Суббота , 19 апреля 2025

ЖЫЛҚЫ КІСІНІСКЕНШЕ…

  • Абыз ақсақал Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдығының тұсаукесеріне келген, осы жинақтың демеушісі болған Бекет Тұрғараев ақсақалмен Алматыда жүздестім. Әз-ағамыздың Бекет ағамыз туралы жан тебірентерлік мақаласын да оқыдым.

Бекең бұрын білмегендіктен, өзінің қазақ руханиятына атсалысып істеген көптеген жұмыстарымен кеңірек таныстырды. Биылғы жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы ұсынылғаны туралы және Мемлекеттік сыйлық жөнінде біраз әңгіме-дүкен құрдық.

Бұрындары Бекет аға туралы БАҚ пен ғаламтор желісінде және теледидарда «экс-судья өзіне алдын ала кесене тұрғызыпты» деген ақпараттар қаптап шыққан болатын. Осының негізінде 2022 жылғы 6 қазанда «Мемлекеттік сыйлықты мазақ қылмайық» деген тақырыппен мақала жариялағанбыз.

Бекет аға оның себебін, кімдер ұйытқы болғанын да, оны жазған журналистердің кешірім сұрап, татуласқан видео-жазбаларын да көрсетті. «Тірі кезінде өзіне о дүниелік орын дайындаудың «Мәңгілік елге» қандай байланысы бар?» деп, біз де аң-таң қалғанбыз.

Тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағында орналасқан «Киелілер кесенесі» туралы жазылған БАҚ бетіндегі ақпараттар жалған болғандықтан, мен де сол ашық ақпаратқа алданып, мақалада жаңсақтық жібергенім үшін Бекет аға Тұрғараевтан кешірім сұраймын. Түркістан облысының туризм басқармасы бұл саябақты «Түркістан – Самарқанд» туристтік бағытына енгізіп, бүгінгі таңда аталған саябақ туристтер мен жергілікті халық жиі шоғырланатын нысанға айналған екен.

Кезінде Франциядағы инженер Эйфельдің «ЭКСПО»-ға жасаған мұнарасы осындайда еске түседі екен. Оны алғашында ешкім аса назарға да алмаған. «ЭКСПО» біткен соң, алып тастаймыз деп жатқанда, Дүниежүзілік соғыс басталып, радиотолқындарды ұстайтын биік жер керек болған соң, Эйфель мұнарасы белгісіз уақытқа тұрып қалған болатын. Ақыры жұрттың көзі үйреніп, Париждің символына айналды.

Сол сияқты, сын этикасына сай пікір алуандығы бола береді, барлық кез келген шығарманың кереметтілігін тек уақыт қана екшейді. Ол әлеуметтік нәрсе екенін тарих дәлелдеген.

Жанарбек БЕРІСТЕН,

арт-сыншы, профессор,

философия ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн